«Өз ана тілімді білмейтініме ұялдым»: ресейлік қазақ ұлтына қызмет ету үшін елге оралды

Автор: Сымбат Ғалымжан

Мәди Мылтықбаев 1990 жылдары отбасымен Алматыдан Ресейге қоныс аударған

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Ресейде өскен қазақ жігіті есейгенде ана тілін үйреніп жүр. Жарты жылдың ішінде ана тілін үйреніп алған Мәди біржолата елде қалатын болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәди Мылтықбаев ана сүтімен даритын тілдің адам баласына өте жақын болатынын айтты. Әлемнің бірнеше тілінде еркін сөйлейтін жас жігіт қазақ тілін білмейтініне ұялған. 

«2020 жылы Коронавирус басталды. Бәріміз үйде отырдық. Мәскеуде мен де үйде отырдым. Ол жақта Қазақстанның бірнеше телеарналары көрсетіледі. Теледидарды көргенде, қазақ тілі маған өте жылы естілді. Сосын мен «Отандастар» қорының онлайн сабағына қатыса бастадым. Алты айда қазақ тілін үйрендім. Мені көп адам қолдады», - деді Мәди Мылтықбаев.

Мәди Мылтықбаев Алматыда дүниеге келген. Бірақ 1990 жылы отбасымен Ресейге көшті. Жас жігіт – Ресей елінің азаматы. Мәди ғылыми практикамен Алматыға келген, кейінірек Қазақстанда қалу туралы түбегейлі шешім қабылдапты. Қазіргі таңда ол ана тілін әлі үйреніп жүр.

«Иә, мен Алматыда тудым. Одан кейін менің отбасым Ресейге көшіп кетті. Орыс мектебінде оқыдым. Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар университетіне грант ұтып алдым. Бакалавриат, магистратура, аспирантурада шет тілдер және халықаралық құқық мамандықтарын үйрендім. Өте жоғары деңгейде оқуымды бітірдім. Француз, ағылшын және хинди тілдерін үйрендім. 2022 жылы ғылыми-практика аясында алғаш рет Алматыға келдім. Алматыға келгенде, көп адаммен таныстым. Әдеби сөзбен сөйлесуге тырысып жүрмін», - деді ол.

Ресейден елге оралған Мәди Алматының тауларына, Астананың әдемі ғимараттарына таң қалғанын айтады. Ағылшын, француз, хинди, орыс тілдерінде еркін сөйлетін ол, өзінің ана тілін білмейтініне ұялған.

«Сол кезде азаматтық жайлы анық түсінік те жоқ еді. Мен Ресейде тұрып, инерциямен сол елдің азаматы болып кеттім. Бүгінде Қазақстан республикасының Президенті жүргізіп отырған көпвекторлы дипломатиясының арқасында ҚР паспортын бүкіл әлемде құрмет тұтады. Бұл керемет! Қазақстан республикасының дамуы үшін жұмыс істеуге дайынмын. Өзім қазақпын, бірақ ана тілімді нашар білемін. Ең алғаш рет қазақ тілін білмейтінімді қашан сезіндім? Студент кезімде менің досым «француз, ағылшын, хинди тілін білесің» дегенде, ойландым. Өз ана тілімді білмеймін, тіпті, өзімнен ұялдым», - деді Мәди Мылтықбаев.