Көлік, массаж шапаны, 800 млн теңге: тұтынушылар ең көп қайтаратын өнімдер жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасарымен сұхбат

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Жыл басынан бері тұтынушыларға 800 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 149,2%-ға өскен. Тұтынушылар, әдетте, қандай өнімдерді қайта өткізеді және оның себебі қандай? Халық тарапынан көбіне қандай өтініштер келіп түседі? Azattyq Ruhy тілшісі осы сауалдардың жауабын іздеп, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Болат Танабергеновпен сұхбаттасқан болатын.

33 МЫҢ ШАҒЫМ. 4 МЛН ТГ АЙЫППҰЛ

Тұтынушылардың өтініштері жыл сайын 20%-ға артып келеді.

«Биыл Комитетке өтініштердің өсу қарқыны 159%-ға артып, 33 мыңға жуық өтінішке жетті. Оның ішінде 15 мыңы бойынша тұтынушыларға құқықтық көмек көрсетілді, 11 мың өтініш бойынша тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылды, 403 өтініш бойынша бизнес субъектілеріне қатысты тексерулер жүргізілді, нәтижесінде 4 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды», - дейді Болат Амангелдіұлы.

Атап айтқанда, ең көп өтініш Алматы (5 мыңнан аса), Астана (3 мыңнан аса), Шымкент (2 мыңнан аса) қалаларынан және Қарағанды облысынан (2 256) түссе, ең аз өтініш Ұлытау облысына (147) тиесілі.

  • Бөлшек сауда – 36,7%;
  • Электрондық сауда – 19,6%;
  • Тұрмыстық қызметтер – 10,2%;
  • ТҮКШ қызметтері – 6,9%;
  • Байланыс қызметтері – 4,7%.

САПАСЫЗ КӨЛІККЕ АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ!

Тәуелсіз социологиялық зерттеудің нәтижесі бойынша 10 мың респонденттің 31% көлік қызметіне көңілі толмайтынын білдірген.

«Астана, Алматы және Шымкент қалаларында және Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды облыстарында автосалондардың тұтынушыларға сапасыз көліктерді сату дерегі жиілеп кеткені анықталды. Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі аумақтық департаменттердің көмегімен 168 млн теңгеден аса қаражат қазақстандықтарға қайтарылды», - дейді спикер.

Көлік саласына қатысты шағымдардың саны 2,5 есеге өсіп, медицина және қаржы саласына түскен шағымдардан асып түсті.

Сонымен қатар шағымда қоғамдық тамақтану орындарында қызмет көрсету саласында – 2,8 есе, көлік және байланыс қызметтерінде – 2,5 есе, медициналық қызмет көрсету саласында екі өскені байқалады.

Маман бұл экономиканың жекелеген салаларында тұтынушы құқығын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды көрсетеді дейді.

«Мәселен, массаж шапандарын несиеге сатуды тоқтату жалғасуда. Мұндай жағдайлар Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Абай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында байқалды. Департаменттерге жүгінген кезде тұтынушыларға шамамен 191 млн теңге қайтарылды», - деді Болат Амангелдіұлы.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БОЙЫНША ШАҒЫМ

Мемлекет басшысы ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді. Осы мақсаттар үшін министрлік «Сапалы өнім» тұжырымдамасына сәйкес келетін жаһандық проблемаларды шешу бойынша жаңа әлеуметтік жобаны пысықтады. Бұл жоба сапалы және қауіпсіз өнімге құқықтарды іске асыру бойынша тұтынушылар мен қоғамдық институттарды тарту бойынша кеңінен жариялауға мүмкіндік береді.

«Бұл шараларды іске асыру тұтыну нарығындағы құқықтық реттеудің тиімділігіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және азаматтардың әлеуметтік қорғалуының өсуіне ықпал етеді», - дейді маман.

Спикердің айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін жақсарту мақсатында уәкілетті орган алдағы кезеңге келесі міндеттерді қойды:

  • «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа редакцияда қабылдануы;
  • Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің ықпалын кеңейту және үкіметтік емес секторға қауіпті, бұрмаланған және сапасыз өнімдердің ішкі нарыққа енуіне және ішкі сауда мәселелеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық қор құруға жәрдемдесу;
  • «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске асыру, стратегиялық әріптестік және оларға мемлекеттік гранттар беру үшін үкіметтік емес сектордың әлеуетін тарту;
  • уәкілетті, мемлекеттік органдар мен мүдделі тұлғалардың халықтың, оның ішінде бизнес-қоғамдастықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және ағарту жөніндегі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер жөніндегі жұмысын жалғастыру;
  • салалық мемлекеттік органдардың қолданыстағы ұлттық стандарттарын кеңінен қолдану, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын жаңа ұлттық стандарттарды әзірлеу бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ету.

Ең басты мәселенің бірі – тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық тұтынушылар бірлестіктеріне дер кезінде жүгінуі.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН