Израильдің ХАМАС ұйымын жойып жіберуі мүмкін емес – саясаттанушы
Нұркен Айтымбетовтың сөзінше, екі елдің арасындағы қақтығысты «ғасырға созылған текетірес» деуге болады
Таяу Шығыстағы қақтығыс күн өткен сайын шиеленісіп барады. Қаза тапқан бейбіт тұрғынардың саны да күн санап өсіп жатыр. Израиль жуырда Газа аймағына кең ауқымда шабуыл жасайтындарын әлі ескертіп келеді. Бомбалаудың астында қаламыз деп қорыққан ел қаланы тастап кетіп жатыр. Израиль тарапынан 7-ші қазаннан бері жасалған қастандықтан қала халқы қырылып жатыр. Батыс елдері әскери көмекті Жерорта теңізінің жағасы арқылы Израиль жаққа жақындатып қойды. Жуырда АҚШ президенті Израильге барды. Дүниені дүрбелеңге салған ХАМАС-ты осы жолы жою мүмкін бе? Араб түбегіндегі айқастың саяси сипаты қандай? Azattyq Ruhy тілшісі әлем жұртын алаңдатқан жағдайға қатысты саясаттанушы, философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, бүгінде АҚШ білімін жалғастырып жатқан PhD докторы Нұркен Айтымбетовпен сұхабаттасты.
- АҚШ-та жүрсіз. Батыс қоғамының бұл соғысқа деген ұстанымы, көзқарастары қандай? Осы соғыс алдағы уақытта өзге мемлекеттер арасындағы тартысқа ұласуы мүмкін бе?
- Америка қоғамы бұл қанды оқиғаға террорлық акт ретінде қарайды, олар адам құқығын бірінші орынға қоятын ел. Адамның бостандығына, өміріне жасалған қастандық деп бағалайды. АҚШ қоғамы, БАҚ бұл жағдайда өздерінің Израильмен бірге екендіктерін жасырмайды. ХАМАС-ты қолдамайды, мұсылман әлемін олар террорлық оқиғалрмен көп байланыстырады, оның шығу себебіне, байыбына бара бермейді.
Таяу Шығыстағы қазіргі соғысқа өзге мемлекеттер тікелей араласпайды. Қазіргідей қақтығыс тарихта бірнеше рет болған. Қақтығыстар кезінде Американың президенттері Билл Клинтон, кешегі Дональд Трамп та кезінде араласты. Барак, Обама, Джордж Уокер Буш та Израильге жақтасты. Ұлыбритания билігі де қақтығыстарды шешуге араласты. Олар араб мемлекеттері мен Израильді табыстыруға әрекет еткенмен, бәрі нәтижесіз аяқталды. Египет пен Сауд Арабиясы келісімге келгенмен, Ливан, Иордания, Палестина сынды көптеген араб елдері Израильмен әлі де дұшпандық көзқараста. Бұл қақтығыс «замороженный» қақтығыс деп аталады. Соғыс кез келген уақытта басталып кете береді. Себебі Палестина мен Израиль арасындағы жердің дауына байланысты статустары толық анықталмаған және ол бүгін-ертең шешіле қоятын жұмыс емес. Газа секторына Израиль бұған дейін де әскери операцияларды жүргізіп келді. Сондықтан екі елдің арасындағы қақтығысты ғасырға созылған текетірес деп бағалаймыз. Еуропа мемлекеттері, әсіресе АҚШ Израильді ашық қолдап келеді, қазір де арабатарға сес көрсететін әскерін жіберіп отыр. F-35, F-16 жойғыш ұшақтарын жіберді. Әскери кеме де Жерорта теңізінде тұр. Екінші соғыс кемесін тағы да жібермек. Жақында Байден Израильге келеді. Олардың мақсаттары қақтығысқа басқа араб елдерін араластырмау. Тіптен кезінде Обаманың өзі «Израильге шабуыл жасаған ел, міндетті түрде Америкамен қақтығысады» деп айтқан. Бұл жерде Американың мүддесі бар деп қарастырамыз. Ал Палестинаға Иран жақтасады. Оларға қару-жарақ арқылы Иран көмектесіп отыр. ХАМАС ұйымы Ираннан қаражат алып отыр. Өйткені, Иразиль мен Иранның арасы соңғы кезде мүлдем қиындады. Израиль бірнеше рет Иранға қарсы үндеу жариялады. Олар ядролық қаруға қарсы шығу арқылы бүкіл батыс елдерін Иранға қарсы қойып келеді. Ал Иран қазіргі соғысқа араласуға дайынбыз деп отыр. Сауда Арабиясы, Египет, Түркия мұсылман мемлекеттері болса да қақтығысқа араласа алмайды. Олардың батыс елдерімен байланысы жақсы, сол жағына келгенде олар қақтысықа араласа алмайды. Әрі Түркияданың өзінде күрдтер проблемасы бар. Оның сыртында Түркия НАТО-ның құрамында, әрі Еуроодаққа кіруге жанталасып жатыр. Ал Ресейдің бұл соғысқа араласуға шамасы жоқ, өздері Украинамен әуре болып жатыр. Тіптен Ресей Таулы Қарабах қақтығысына да араласа алмады, Әзербайжан-Армения соғысын шеше алмады. Ресей бар күшін Украинаға жұмсап, әлсіреп отыр. Сондықтан олар Израиль соғысына кедергі келтіре алмайды, сырттай ғана бақылаушы. Бұл жерде Иран ғана ашық айтып отыр.
- Шағын ғана қос мемлекет бүгінде әлемнің бас ауруына айналды. Кектенген қос тараптың әскері аяусыз қантөгіске барды. Қырғын ықпалды мүдделі мемлекеттердің айтақтауынан шыққан соғыс емес пе?
- Палестина мен Израиль арасындағы соғысты түсіну үшін міндетті түрде тарихқа үңілу керек. Негізінде қазір Ирзариль өзінің мемлекетін құрған аумақ арабтардың, Палестинаның жері. Өткен ғасырларда бұл жерде саны өте аз еврейлер де тұрған және олар өздерін палестиналықтармыз деп санаған. Кезінде еврейлер де Осман ипмериясының құрамына кірген. Алайда Осман империясы ыдырады да, қазіргі Израиль-Палестина жері Ұлыбританияның қол астына қарап кетті. Сол кезде ағылшындар еврейлердің осында көбірек келіп қоныстануына рұқсат берді. Бытырап жүрген еврейлер сол кезде күллі әлемнен жиналды. Олардың сөзінше, бұл аумақ өздерінің ата-бабаларының жері. Өйткені бұл жерде иудаизм ең алғаш пайда болып, күллі әлемге таралған орталығы деп санайды. Палестиндіктер үшінде бұл аумақ олардың тарихи территориясы. Осындай талай тартыс Жерорта теңізінің жағасында, араб түбегіндегі соғыстың, қақтығыстың шығуына түрткі болды. Кезінде палестиналықтармыз деп жүрген еврейлер 1948 жылы жеке мемлекет болып құрылды. Таяу Шығыстағы бұл соғысты Иран мен Американың арасында кикілжіңнің көрінісі деуге келмейді. Олар сырттай қолдағанмен, тікелей соғыстың шығуына мүдделі емес.
- XX ғасырдың ортасында басталған тартыс міне XXI ғасырға жетті. Араб елдерінің үнемі жеңіліс табуының себебі неде?
- Шын мәнінде араб елдері, палестиналықтар даму жағынан артта қалып қойды. Араб мемлекеттерінің басы ешқашан бірікпеген және бұл жолы да бірігеді дегенге сенбеймін. Палестиналықтарды астыртын қаржымен, қарумен қолдаушы Иран. Сириядағы әскери ұйымдарды да қолдаған Иран. Израильді жеңуге Палестинаның, тіпті кейбір араб мемлекеттерінің шамасы жетпейді. Әрі Израильдың қолдаушылары өте мықты. Иордания, Египет, Ливия сынды бірнеше мұсылман лигалары бірігіп қаншама рет осы Израильде соғыс ашты. Әр соғыс сайын Израиль өзінің территориясын үлкейтіп, Синай жарты түбегін, тағы да басқа территорияларды басып, өзінің құрамына кіргізіп алды. Сондықтан бұл арабтарға ұнамайды. Жалпы еврейлердің осы арабтардың ортасынан мемлекетін құрып алуы, территорияларын тартып, басып алуы ұнамайды. Бұл тартыс тағы ғасырларға созылуы мүмкін.
- Құмды далада орналасса да Израильдің жылдам күшейіп, әскери қуатты мықты мемлекетке айналуының ерекшелігі қандай?
- Өткен ғасырда еврейлер үдере көшіп келіп, араб түбегінде қазіргі Тель-Авив қаласын салды және мемлекет құрды. Ұлт ретінде толықтай жойылуға аз қалған халық еді. Жан-жаққа бытырап кеткен, бүкіл әлемге тарыдай шашылыпты. Бірақ өте ұйымшыл, ұлт болып қалу үшін қайтадан жиналып, бір-біріне көмек көрсетіп келеді. Жойылып, өліп бара жатқан өздерінің тілін, ділін, тарихын қайтадан қалпына келтіріп алды. Еврейлер өздерінің діні тұрмақ, тілін де жан-жақта шашырап жүріп ұмыта бастаған еді. Тек ағылшындардың арқасында мемлекет болып алды да, бір-бірлеріне жер жүзінің әр түкпірінде тұрып ақ экономикалық, мәдени жағынан көмектесті. Өте ұйымшыл. Аз ғана уақыттың ішінде күші мықты, экономикасы жоғары, мықты мемлекетке айналып шыға келді. Саны өте аз болған еврейлер көбейіп те үлгерді. Олардың соғыс қаруларының әлемде теңдесі жоқ. Әскери қарулардың көбін өздері шығарады. «Железный купол», дрондардың түр-түріп шығарып жатыр. Әскери жағынан да, экономикалық жағынан да, медициналық жағынан да, техникалық жағынан да, барлық жағынан да бұлар өте мықты мемлекетке айналды. Бірнеше араб мемлекеті бірігіп Израильге қанша мәрте тарихта шабуыл жасағанмен, жеңе алмады. Керісінше, араб мемлекеттері ойсырай жеңіліп, соғыс сайын өзінің территорияларынан айырылып отырды. Қортындылай айтқанда Израиль тәуелсіздігіне төніп тұрған қауіп жоқ.
- Израиль халыққа ескерту жасап, Газа аймағын тастап кетуді, жуырда ауқымды шабуыл жасайтындарын, ХАМАС ұйымын түгелдей жоймай тоқтамайтындарын айтты. Халық қаланы тастап көшіп, қашып жатыр. ХАМАС-ты жоямыз деген сылтау арқылы елсіз иен қалған аумақты тағы да басып алу жоспарлары жоқ па?
- Газаның территориясын Израиль тағы да басып алады деген болжамға келіспеймін. Неге десеңіз, халықаралық ұйымдар, келісімдер бар. НАТО-да олай жерді жаулап алуға мүмкіндік бермейді. Израильдың олай істеуге құқығы да жоқ. Тарихта алты күндік соғыста Египеттің жерін басып алған. Бұл территориялар әлі күнге дейін даулы күйінде отыр. Бұрын басып алған жерлерге бола араб елдерімен әлі күнге жауласып келеді, әрі соның зардабын да тартып отыр. Сондықтан Израиль осы жолы ондайға бармайды деп ойлаймын. Бұған дейін де Газа Секторында бірнеше рет әскери операциялар ұйымдастырған.
- ХАМАС-ты жойып жібергенше соғысты тоқтатпайтындарын айтып келеді. Батыс лаңкес деп тағынған әскери ұйымның соңғы күндері қалды деп айта аламыз ба?
- Жоқ, жоя алмайды, ол мүмкін емес. Басшылары, лидерлерінің көзін жойыса да, ХАМАС-ты жоқ қыла алмайды. Көзге көрінбейтін ұйымды қалай жояды және ұйымға адамдар кез келген уақытта бірігіп, топтаса алады. Америка террористік ұйымдарды жоямыз деп Ауғанстанға басып кірді, одан діни қарулы ұйымдар жойылып кеткен жоқ. Сол сияқты ол Израильдың қолынан келеді дегенге сенбеймін.
- Бұл аумақтағы соғыстар аяусыз басталып, бірақ қысқа уақытта аяқталып қалатын. Осы жолғы соғыс созылып барады. Украина-Ресей арасындағы соғыста қысқа уақытта бітеді деп болжанған еді, бірақ оның тоқтар түрі көрінбейді, екі жылға жуықтады. Таяу шығыстағы ушыққан жағдай қанша уақытқа созылуы мүмкін?
- НАТО, көптеген халықаралық ұйымдар араласып жатыр. Сондықтан бұл қақтығыс жақын арада шешіледі деп ойлаймын. Украинадағыдай ұзаққа созылмайды. Өйткені бұл лаңкестік әрекет деп бағаланғандықтан әскери операциядардан соң қысқа уақытта аяқталады.
- Қарапайым халықтың, бейкүнә балалар, жазықсыз аналар, жас пен кәрі қанға бөгіп жатқанда Қазақстанның ұстанымы қандай болу керек?
Біз араб елдерімен де, еврейлермен де жақсы қарым-қатынастамыз. Бізге бір мемлекетті қолдап немесе екіншісі жеңілсін деген пікір білдіруге болмайды. Қазақстан бұл шиеленіс тек бейбет жолмен, келіссөздер арқылы шешілу керек деп санайды. Соғыстың тез арада бейбіт түрде, қан төгіссіз шешілуін қолдайды. Қазақстан екі тараптың қатыгездікпен лаңкестік әрекеттерге барып жатқанын қолдамайды, қазақ елінің ұстанымы осындай.