«Жаһанды екіге бөлген Таяу Шығыстағы соғыс қандай келісіммен аяқталуы мүмкін»: шетелдік сарапшымен сұхбат

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Бақыт Бакетаевтың Таяу Шығыстағы елдердің шекарасына қатысты ешбір формуланың жоқтығын айтты

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Таяу Шығыстағы соғыстың тоқтайтын түрі көрінбейді. Израиль Газа секторын бомбалауды күшейтті. Олар ХАМАС ұйымы түгел жойылғанша шабуылды жалғастыра беретіндерін ашық жариялап келеді. ХАМАС саяси әскери ұйымы да айқасты жалғастырып жатыр. Қос тараптың соғысынан өлгендер саны бір аптаның ішінде үш мыңнан асып кетті. Израиль әскерінің шабуылына тап болған тұрғындар саны миллионнан асады. Қираған қимараттар мен қайтыс болғандар сәт сайын көбейіп жатыр. АҚШ-қа арқа сүйеген Израиль мен ашынған арабтардың айқасын тоқтатудың жолы бар ма? Боздаған ана, аңыраған бала, күйзелген, күңіренген араб даласындағы халықты тозақтан алып шығатын амал бар ма? Халықаралық қауымдастықтардың белсенділігі неге төмен? Отқа оранған өлке жайында Орта Азия елдерінің ұстанымы қандай? Жалпы бұл соғыстың астарында жерге таластан басқа тағы қандай күрес жүріп жатыр?  Azattyq Ruhy тілшісі Бішкектегі ТМД елдері Президенттерінің саммитіне қатысып жатқан қырғызстандық танымал саясаткер, Орта Азиядағы халықаралық шиеленістерде жұмыс тобын басқарған Бақыт Бакетаевтың пікірін білді. 

- Бақыт Кушбекұлы, Бішкекке ТМД елдеріне мүше болған 7 мемлекеттің президенттері келді. Саясаткерлер мен экономистер де жиналып жатыр. Қалай ойлайсыз, олар Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысты өткір пікір білдіре ала ма?

- Президенттердің жиі кездесуі «суық» жағдайды «жылыта» алады. Бұл соғысты бастаушылар Орта Азиядағы бізден оны қашан бастап, аяқтауын ешқашан сұрамайды. Шиеленіскен бұл жағдайды түсіне алатын Орталық Азиядағы дипломаттың бірі Қазақстанның Президенті. Сондықтан Астана тараптарға ұсыныс беріп, келісімге келудің жолын көрсете алады деп ойлаймын. Өйткені Астананың қақтығысқан елдердің басшыларын бір үстелге жинауда тәжірибесі бар. Саммитке жиналған Президенттер Таяу Шығыстағы қақтысысқа қатысты ресми мәлімдеме жасамайды, кулуарда талқылауы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі дипломат ретінде қақтығысты тоқтату жайында ой айтуы мүмкін. Лукашенко да бәлкім ойын айтар. Сосын Ресей президенті де үн қосуы мүмкін. Бірақ ресми ортақ мәлімдеме жасамайды, бұл өте күрделі тақырып. Басқалары бұл жағдайға қатысты ой айтуға саяси тәжірибелері келіңкіремейді.    

- Арабтар айырылып қалған жерлерін ұзақ жылдан бері қайтара алмай келеді. Таяу Шығыста соңғы өткен ғасырдың ортасынан бері тыныштық орнаған емес. Үнемі түрлі жарылыстармен, шабуылмен жаһанды дүрліктіріп жатады. Бұл соғыстың басталуы арабтардың кек алуы ма, әлде аумақты өздеріне қайтару ма? Әлде басқа да саяси астары бар деп болжауға бола ма?

- 70-ші жылдары Хантингтон әлемді өркениеттер қақтығысы күтіп тұр деп болжады. Болжам шындыққа айналып, өркениеттер арасындағы жағдай әскери қақтығыстарға ұласты. Әлем шығыс және батыс болып екі үлкен өркениетке бөлінген. Шығыстық құндылықтар мен қасиеттерді батыс түсінбейді. Ал Батыстың құндылықтарын шығыстағылар түсінбейді. Батыс бәрін бір өркениетке біріктіруге тырысып келеді. Сондықтан қазір әлем әскери күшке көшті және бұл қақтығыс қызу формада. Меніңше, әлем екі өркениетке бөліну керек, сол кезде екеуі бір бірімен соғыспайды. Көшеде тек күштілер әлсіздерге күш көрсетеді. Күштілер өздеріндей күштілерге қарсы төбелеспейді, әлсізді таңдайды. Немесе әлсіз күштіге қарсы күш көрсетпейді. Сол сияқты әлем екіге бөлініп жатыр. Бұл соғыс қарама-қайшылықтардың күресі. Сондықтан, тағы да айтам қазір жаһандық бөліну жүріп жатыр. Менің ойымша кейбір елдерге таңдау жасау керек болады.

- Орта Азия елдері ауыр ахуалға қатысты, өркениеттер қақтығысы жағдайында қандай да бір таңдау жасай ала ма?

- Өте қиын сұрақ. Шығысты таңдасақ, Батыс санкция салады. Батысқа қарай қадам бассақ Ресей мен Қытай тұр. Онда Ресей газ құбырын жауып тастайды. Сондықтан бұл жерде елімізге, халыққа қиындық туғызбайтын ұстанымды таңдау керек. Бізге тәжірибелі шахматшының рөлін сомдау керек. Конфигурацияны дұрыс таңдап, ыңғайлы сәтті күту және қатесіз жүру. Оның қанша уақытқа созылатыны белгісіз, бір жыл ма, екі жыл ма, қалайда күрделі қауіптің сейілер сәтін күту керек. Ежелгі қытай философы Лао Цзыдан қалған тәмсіл бар: «егер сізді біреу қорласа, жұдырық жұмсауға асықпаңыз. Өзеннің жағасына барып күтіңіз, жауыңыздың денесі ағып кетеді» деген. Дәл қазіргі сәтте болып жатқан соғыс жағдайында да Орта Азия елдері таңдау жасауға асықпау керек. Израиль жағдайында да осы ұстаным. Олардың тарихына қарасақ, өздеріне қарсы жауласқандарға үнемі соққымен жауап береді, қарап отырмаған. Бізге қателесуге болмайды.

- Араб даласындағы адамдар бомба мен оқтың астында, қорғанатын жер таппай жатыр. Бейбіт халықты тозақтан, тамұқтан шығаратын қалай да бір шешімді шұғыл қабылдауға не кедергі?

- Үстелдің ұзындығын, енін, жалпы ауданын анықтау үшін формула бар, соған сүйеніп жауабын табу оңай. Бірақ дәл осы Таяу Шығыстағы елдердің шекарасына қатысты формула жоқ. Сондықтан мұнда аймақтағы жағдайды, шекараны анықтау өте қиын. Бұл жағдайды реттеуге Еуро Одақ елдері ортақ келісім ұсына алады. Әрине, Орталық Азияда Қазақстан да келіссөздер үстеліне айналуы мүмкін. Дегенмен сұрақ өте күрделі. Шындығында бұл істі қалай тоқтату керектігін білмеймін, өйткені еврейлердің тарихына да және сол аймақтағы арабтардың тарихына да қатысты да талас көп. Еврейлер арабтардан жерді тартып алды. Бұл жағдайда араб елдері біріге алады. Менің ойымша, бұл жерде шешім жаһандық деңгейде қабылдануы керек. Мәселені қалай шешуге болатындығы туралы нақты формуланы айту қиын, әзірге оның формуласы жоқ. Егер біреу осы шиеленісті түбегейлі шешсе, оған ойланбастан бірден Нобель сыйлығын беру керек.

- Аймақта Израиль, оған қарсы Палестина, Сирия, Ливан, Иордания, Иран Египеттің мүдделері бар. Олардың бәрі кезінде бірнеше реттен соғысқан. Бірақ араб елдерінің әрекеттері үнемі жеңіліспен аяқталып отырды. Осы тартысқа қатысты әлем алпауыттары бөлінуі немесе бірігуі мүмкін бе?

- Израиль АҚШ-қа арқа сүйейді. Батыс та оларды қолдайды. Ресей, Иран, Қытай осы геосаяси жағдай да бір жақтан табылуы мүмкін, яғни Палестинаға жақтасады. Жапония мен Австралия да батысты таңдайды. Газа секторы анклав жағдайында тұрғандықтан мүдделер қақтығысына, алпауыт елдердің саяси ойын алаңына да айналып отыр.

- Қырым «отқа оранды», Украинадағы соғыс әлі жүріп жатыр. Таяу Шығыста оқ пен оттың астында қалды. Тайван-Қытай текетіресі де күннен күнге ушығып барады. Айналамыздың бәрі тарылып бара жатқандай. Орта Азия елдерінен от шығуы мүмкін бе, қақтығыстар алаңына айналып кететіндей қауіп бар ма?  

- Әрине, қауіп өте жоғары. Сіз айтқан мысалдардан бөлек Үндістан мен Пәкістан шиеленісі тұр. Ауғанстан мен Тәжікстан, Қырғызстан мен Тәжікстан проблемалары бар. ТМД-ға қатысты елдердің ішінде Қарабақ қақтығысын да толық тоқтады деуге ерте. Қырғызстанның Өзбекстанмен шекарасы да толық айқындалмаған. Шекара, жер дауы әлі шешілген жоқ. Әлбетте, қауіп Орта Азияда да бар. Сондықтан бүгінгідей президенттердің жиі жолығуы жақсы үрдіс.