Бейсаналы түрде ауру шақырмаған дұрыс
Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін әлемнің көптеген елдерінде карантин жарияланды. Жұмысқа, түрлі ойын-сауық орталықтарына күнделікті барып жүрген жандар үшін үйден шықпай отыру қиындық тудырып, кейбіреулер күйзеліске түсіп жатыр. Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан психоаналитик Жанар Оспанова көпшіліктің ойында жүрген сауалдарға жауап берді.
— Жанар ханым, қазір көпшілік коронавирус жайлы ақпараттарды жаппай оқып, тіпті, коронавирус симптомдарын өздерінен байқап жатқандарын айтып, үрейге бой алдыруда. Мұндай жағдайға ешкімнің алдын ала дайын бола алмайтыны анық. Жалпы, паника жағдайында халық өздерін қалай ұстағаны абзал?
— Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем дүрбелеңге салынып жатқан кезде, қорқу – қалыпты жағдай. Бірақ «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, мұндай кезде үрей екі-үш есеге үдей түседі. Ең бастысы, сақтық пен сыни ой керек. Мемлекет тарапынан айтылып жатқан кеңестерге, қойылған карантинге бағынған жөн. Қорқыныш – адам қалауының бір түрі. Сондықтан үйде отырып «Мен коронавирус жұқтырған сияқтымын» десе, демек, ол адамның өзі ауыруды қалап тұр. Яғни, ол өзі байқамастан, бейсаналы түрде ауруды шақырады. Мұндай кезде ол өзіне «Менің неліктен ауырғым келіп тұр?» деген сұрақты қоюы тиіс. Негізі, адамның кез келген қалауының ар жағында пайда тұрады. Демек, коронавирустың белгілерін өздерінен байқағандай болып, басы ауырып, тамағы жыбырлайтын адамдар «ауырып қалсам, адамдардың бәрінің назары менде болады» деген ойда болуы ғажап емес. Оны тіпті, сол адамның өзі де байқамайды, бірақ бейсаналы түрде ол жанға адамдар тарапынан «қамқорлық», «махаббат» жетпеуі мүмкін. Тағы бір атап өтетіні, паника кезінде адамда «психоз» пайда болуы мүмкін. Ол үлкен қорқыныштарға, тоқтамайтын үрейге ұласып кетіп те жататын сәттер болады.
— Психоз деп қалдыңыз, жалпы, психоз дегеніміз не, оған ұшырамаудың қандай да жолдары бар ма?
— Позитивті психологияда адам оптимист болып, үнемі жақсы нәрсені ғана ойлауы керек дейді. «Менің өмірім бүгін жақсы, ертең жақсы болады, арғы күні керемет» деп кісі үнемі жақсылық ойлап жүрсе, онда ол психозға ұшырайды. Өмірде бәрі үнемі жақсы бола бермейді ғой. Қорқынышқа да солай уақытша деп қараған жөн. Балансты ұстай білу қажет. Күнде-күнде қорқыныш дей берсе, ол үдей береді. Шегі табылмаған кезде адам «психоз» жағдайына түседі. Көп кісілер карантинге байланысты жұмыстарынан, кірістерінен уақытша болса да айрылып қалды. Қаржылай дағдарыстың әсерінен де отбасында ұрыс-керіс, болашаққа деген сенімсіздік орын алады. Сондықтан адам фантазияларының бәрін қағазға түсірулері керек немесе үйде біреуге айтуы қажет. Кейбір адамдар айтқан фантазиясын өзі орындай бастайды. Қорқыныштан арылу үшін «ол ауруды қайдан жұқтыруы мүмкін, ол оның үйіне қайдан келеді, неге ол ауруды қалап тұр?!» деген сұрақтарға жауап іздеп, қағазға түсіріп жазу қажет. Жазуға ерінсе, жанындағы адамға айтып, фантазиясын шығарып тастауға кеңес беремін.
— Елде карантин жарияланса да тойға барып, көшеде емін-еркін жүргендерді көзіміз көріп жүр. Адамдардың мұндай әрекеті қоғамға, тәртіпке деген қарсылық па, әлде, жауапкершіліктен қашу ма?
— Иә, кейбір адамдар коронавирус инфекциясын жоққа шығарып, «маған жұқпайды» деп жатқанын естіп жатырмыз. Мұндай әрекет – болып жатқан жағдайды жоққа шығару, ал мұны жоққа шығаруға болмайды. Қараңғы бөлмеге кіруге қорықсақ, жарық жағамыз ғой. Сол сияқты адам өзі қорқатын нәрседен саналы түре сақтанады. Содан кейін көбіне мұндай әрекетке жауапкершілігі төмен, сауаты жоқ адамдар барады. Бүтін әлем шулап, қалай осы вирустан адамзатты аман алып қаламыз деп жатқанда, көпшіліктің той-тойлап, сауық қуып жүруі – адамның өзінің алдында, туыстары мен қоғам алдында жауапкершілікті сезінбеуі. Тағы бір айта кететіні, балаларды қорқыта бермеңіздер. Әке-шеше қорқып отырған кезде, бала бірнеше есе қорқатын болады. Сондықтан ересектер балаларға бәрін түсіндіріп айтулары керек, бірақ паникасыз айтқан дұрыс. Әсіресе, балаларға көп көңіл бөліңіздер. Себебі, бала қазірден қорқып қалса, қорқыныш оның санасында өмір бойына бейсаналы түрде қалып қалатын болады. Сол себепті, әрбір ата-анаға балаларыңыздың психикасына сақ болыңыздар деп айтқым келеді.
— Бір кездері «үйдегі бала-шағамен ас ішетін, ойнап, сабақ оқитын уақытым жоқ, қашан үйде жатады екенмін» деп армандаған талай адам қазір депрессияға түсіп жатқанын айтуда. Бір шетінен алаңдаушылық, екінші жағынан барлық отбасы мүшелері үйде. Яғни, өзің үйренбеген режим деуге болады. Мұндай жағдайда күйзеліске түсіп кетпеу үшін не істеген жөн, психолог ретінде қандай кеңес бересіз?
— Психологиялық сауаттылық болуы тиіс. Сондай-ақ, адамдар бір-бірінің жағдайын сұрап тұрулары керек. «Көңіл күйің қалай, өзіңді қалай сезініп жатырсың?» деген сезімге құрылған сұрақтар қойғаны жөн. Ең бастысы – сезім. Қазір адамдар сезімдерін, жандарын өлтіріп тастаған. Бәлкім, осы кезде адамдар жаны, сезімі бар екенін еске түсіретін шығар. Жалпы, бәрімізде мұның бәрінің уақытша екенін түсінуіміз қажет. Қазір карантинде үйде жатырсыз ба, онда бала-шағаңызбен бірге сабақ оқыңыз, бұрын оларға бөле алмай жүрген уақытыңызды бөліңіз. Жарыңызға үй шаруасына көмектесіңіз, кітап оқыңыз. Әлеуметтік желі арқылы көптен хабарласпаған достарыңызға хабарласып, олардың жағдайын сұраңыз. Танымды фильмдер қарап, психологиялық сауаттылығыңызды арттырыңыз. Жаттығу жасап, спортпен айналысыңыз. Қалай да осы карантиннен өзіңіз үшін пайдалы дүние таба біліңіз. Бұл жағдай сіздің отбасыңызда немесе сіздің ғана жеке басыңызда орын алып жатқан жоқ. Сондықтан сабырлық танытып, бәріне сау ақылмен қараған абзал.
— Қытайда карантин кезінде бір-бірімен бір үйде отырып, ұрысқа бой алдырудың салдарынан жас жұбайлар арасына ажырасу көбейіп кетті дейді басылымдар. Отбасы беріктігін сақтау үшін мұндай жағдайда басты назарға нені алған дұрыс? Жалпы, бұл қалыпты жағдай ма?
— Жай күнде де ажырасып жатқан жастар көп қой. Ал үйде бетпе-бет отырғанда тіл табысуға, араларындағы дау-дамайды шешуге тура келеді. Ал қолдары босап жатса, бірін-бірі танып, сауатын арттыруға тырысулары тиіс. Мұның жақсы жағы да бар деп ойлаймын. Кейбір отбасы мүшелері бәлкім, бірін-бірі жақынырақ біліп, суып кеткен қарым-қатынастарын жаңадан жандандыруы да мүмкін. Кейбіреулер өмірдің уақытша екенін түсініп, керісінше, бір-бірін қадірлей бастайтын болар. Өйткені, көпшілігі қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанымызды түсініп отыр. Сол себепті, өзара тіл табысушылар көбейіп, карантиннен соң «baby boom» болады деп жақсыға үміттенейік.
Сұхбаттасқан Айжан Қалиева