«Жастар арасындағы жұмыссыздық 10 %-ға дейін жетеді»: 100 мың жас қалай жұмыспен қамтылмақ?

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл жұмыссыз жастардың әлеуметтік картасы жасалады

«Жастар рухы» жастар қанаты трансформациядан өткеннен кейін, ұйым жастар арасындағы өзекті мәселе – жұмыссыздықпен күресу жолында ірі жобаны іске асыратын айтқан еді. Azattyq Ryhy тілшісі бұл көзделген мақсаттың қалай жүзеге асырылатынын және ұйымның өзге де жоспарлары туралы «Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтан сұрап білді.

- Нұржан Арғынұлы, еліміздегі саяси маңызды науқан аяқталғаннан кейін «Жастар рухы» жастар қанаты қазір немен айналысып жатыр?

- Жастар қанатының терең трансформациясын одан әрі қарай жалғастыру біз үшін өте маңызды. Себебі бұл бұл жай ғана жастар ұйымы емес, бұл саяси партияның бір бөлігі. Сәйкесінше, бір бағытты мақсат етіп, ту етіп ұстаған жастарды біріктірген ұйым болғандықтан мұнда ауқымды жоспарлар көп. Сондықтан да трансформацияны жүйелеп, тереңдетіп, әсіресе 20 аймақта өткізу біз үшін өте маңызды. 2023 жылы осы жұмыстарды жалғастырумен боламыз. Әлбетте біздің мақсатымыз бұл – Мемлекет басшысының біздің VI съезімізде айтылған үші бағытын  жастардың бойында дамыту, әрі дарыту. Ол – еңбексүйгіштік, отансүйгіштік және білімқұмарлық.

- Өткен жылы «Жастар рухы» ұйымы 100 мың жасты жұмыспен қамту мәселесін тілге тиек етті. Бұл мақсатта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Жастардың өзекті сұрақтарына жауап беру біз үшін өте маңызды. Мәселен жұмыссыздық мәселесіне байланысты біз жылдың басында «Жастарға жұмыс» жобасын іске қостық. Ол жерде бұған дейін  айтылғандай, биыл 100 мың жасты жұмыспен қамтамасыз ету – біздің негізгі мақсатымыз. Бұл ретте мамыр айынан бастап біз 20 аймақта заманауи жәрмеңкелерден бастап, азаматтардың нақты әлеуметтік картасын құра отырып, аудандардағы жұмыссыз жастардың жұмысқа орналастыруды қолға аламыз. Әлеуметтік карта жас азаматтың нақты тұрғылықты жерін, білімін, соңғы уақытта зейнетақы қорына қанша аударым жасағанын, қызығушылығын, соңғы рет қандай жұмыспен айналысқандығын, соныдай-ақ, оның өзге сұраныстарын қамтиды. Тағы бір айта кетерлік жайт, жастар ауылдан қалаға келген кезде базардың төңірегін жағалайды, таксист немесе жеткізіп беруші болып жұмысқа орналасады. Сондай азаматтардың кей кездері құжаттары дұрыс болмай жатады. Кейбіреуінің тұрғылықты мекенжайы жоқ болып шығады. Жалпы мұнда қарапайым қағаздан бастап, сотқа дейінгі мәселелер көптеп кедеседі. Міне, әлеуметтік карта осының бәрін айқын көрсететін құжат болып табылады.  Біріншіден, біздің есік оларға әрдайым ашық, біз олардан хабарламадарды күтеміз. Екіншіден біз өңірлердегі мәслихат депутаттарына жол картасы аясында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік картаны әзірлеуді тапсырып жатырмыз.

- 2022 жылдың қорытындысына сүйенсек, республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық шамамен 4 пайызды құрайды. Сіз мұндай көрсеткішпен келісесіз бе?

- Сайып келгенде бұл жастар арасындағы жұмыссыздықтың көрінісін толыққанды сипаттайды деп айта алмаймыз. Меніңше, шындап келгенде, бұл сандар одан да көп. Себебі жастардың көбі фриланс ретінде жұмыс істейді. Қазір көбі жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеле бермейді. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталықтары арнайы сауалнама жүргізеді, бірақ оған да көбі қатыса бермейді. Тағы бір өзекті мәселенің бірі – жастардың көбінде кредиттері бар. Бұл да жұмыссыздық деңгейінің шарықтап тұрғанын көрсетеді. Біздің есептеуіміз бойынша, оның ішіне өз-өзін жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде, жастар арасындағы жұмыссыздық 10 пайызға дейін жетіп тұр. Жалпы әрине, 100 мың деген бұл көп емес, дегенмен де бұл біздің алғашқы қадамдарымыздың бірі. Бұған дейін де «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві» деген сынды бірқатар жобалар да болды. Арнайы әлжуаз топтағы жастармен де жұмыс істеген кезеңдерді айта кеткен жөн. Осының барлығын қорытып, жаңа бағыттарды қоса отырып, жаңа нақты тетіктерді мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыруды қолға алдық. Бұл ретте елімізде болып жатқан соңғы саяси өзгерістер де жастардың мәселелерін шешуге және құқықтарын қорғауға ықпал ететініне мен сенімдімін. Бұл бағытта бізде нақты жұмыстар атқаратын боламыз.  

- 100 мың жұмыс орны қандай мамандықтарды және салаларды қамтиды?

- 100 мың жұмыс орны ол әртүрлі саланы қамтиды. Біз қазірдің өзінде тау-кен өндірісі бойынша 2 000 жұмыс орнын жұмысшылармен қамтамасыз ету бойынша келісімдер жүргіздік. Сондай-ақ, қазір бізде «Самғау» деген жоба қосылып жатыр. Бұл жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жасалған. Ол жоба Ұлттық компанияларда, ірі бизнес компанияларда тағылымдамадан өтіп,  жұмысқа орналасу мүмкіндігін беруді көздейді. Осыған қоса 2,5 пайыздық несие беру арқылы 1-2 жасты жұмыспен қамту мәселесі де қолға алынады.

- Сондай-ақ, қазіргі қоғамда саяси сауаттылық маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Бізде «Жас саясаткер мектебі» деген жобамыз бар. Алғашқыда біз 50 адамды қамтыдық. Осы жылдың соңына дейін 200 адамды қамтуды көздеп отырмыз. Бұл әрине, аз ғана сан. Десе де бұл өңірлердегі пікір қалыптастыратын азаматтарға жаңа білім көздерін, жаңаша біліктіліктерді бойына дарытуға ықпал жоба. Егер де жас азамат кішігірім қаладан келіп, осы біздің мектептен өтіп, содан соң өз аймағына барып, алған білімін сол жерде тарата алса, онда бұл жоба діттеген мақсатына жетті деген сөз.

- Қарап тұрсақ, өзге партияларда мұндай ықпалды жастар ұйымдары жоқ. Демек, бәсекелестік те жоқ деген сөз. Сіздіңше бұған не себеп?

- Біз партияның құрамдас бөлігіміз. Қазір елімізде 18-35 жас аралығында 6 млн-ға жуық азамат бар. Бұл аз емес. Оның экономикалық белсенділігі де маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Менің жеке субъективті пікірім бойынша, әрбір саяси партияның ішінде жастар қанаты міндетті түрде болуы керек. Алғаш рет біз алты париялық мәжілісті құрдық. Сол партиялардың жастар қанаты болса деген біздің тілегіміз бар. Себебі біз оларды іздеген кезде таба алмаймыз. Бәсекелестік болған жерде әрине, даму да болды. Өз кезегімізде біз халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Осы ретте айта кетейін, биыл «Жастар рухы» жастар қанаты Шанхай ынтымақтастық ұйымының жастар корпусында төрағалық ететін болады. Сондай-ақ, біз Ислам ынтымақтастық ұйымының да белсенді мүшесіміз. Біз өзімізді тек сондағы жастар ұйымдарымен ғана салыстыра аламыз, өйткені елімізегі өзге партияларда жастар ұйымы әзірге әлсіз.

- Ал «Жастар рухы» жастар қанатына жас буын өкілдері қалай тартылады? Бұл үшін арнайы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіле ме?

- Жастар рухының мүшелері бұл – отаншыл жастар. Елін, жерін сүйетін азаматтар бізді өздері іздеп тауып алады. Біз «қатарымызға қосылыңыздар» деп мектеп немесе жоғары оқу орындарын аралап, ондай кең көлемдегі шараларды өткізбейміз. Біз имидждік шараларды ұйымдастырамыз. Біздің жобаларымыз жастардың бойындағы қосымша қабілеттерді ашуға бағытталған. Мәселен былтыр біз «Qaisar» жобасын іске асырдық, ол Қазақстандағы алғашқы Ұлттық патриоттық ойындар жобасы. Соны біз тағы бір мәрте өткізуді жоспарлап жатырмыз. Ал Домбыра күнінде былтыр 2 мыңнан аса домбырашылар бір мезетте қазақтың 10 шақты күйін ойнады. Шахматтан ашық аспан астында «AMANAT CUP» турнирі өтті. Түрлі Open air шаралары да ұйымдастырылды. Осының барлығы жастардың бізге көңіл аударуына ықпал етеді.  Қазір 20 аймақтың барлығы жақсы жұмыс істеп жатыр. Біз еліміздегі өзгерістерді жаңа мүмкіндіктер ретінде қабылдадық. Өйткені бұл жастардың саясатқа және өзге де салаларға белсенді түрде қатысуына ықпал ететінін сөзсіз. Әсіресе соңғы үш жаңа облыстың жастары ерекше белсенді болып жатыр. Себебі ол жақтарда жаңадан филиалдар құрылды. Алдағы уақытта да біздің жұмыстарымызды көретін боласыздар.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Айжан Жанатқызы