Жеткіншектен ересек адамға айналу: психолог балалардың өтпелі кезеңі туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл кезеңде жеткіншектердің мінез-құлқы өзгереді

Жеткіншектік – адамның баладан ересектікке өтетін ауыр кезеңдердің бірі. Психолог Райгүл Жеңісқызы жасөспірім кезде балалардың мінез-құлқы мен психологиясында қандай өзгерістер болатынын айтып берді. Ата-ананың осындай өтпелі кезеңде тұрған балаларды дұрыс қолдауы аса маңызды, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy.

 «Жеткіншектік – өтпелі, күрделі жас ерекшелігі. Балалардың ересектікке өтуіндегі проблемалар осы кезеңде көрініс табады. Бұл проблеманың барлығы осы жас кезеңінде өтетін психо-физиологиялық өзгерістер, жыныстық жетілу процесімен тікелей байланысты болады. Өсіп келе жатқан бала өмірінде жеткіншектік қиын әрі өте маңызды болып есептеледі. Бұл кезеңде баланың ағзасындағы өзгерістерге мән беру керек. Осы уақытта көптеген салалық  өзгерістер болады. Оның өзі қысқамерзімде өтіп, даму процесі қауырт сипат алады. Айналасында болып жатқан жағдайларға да байланысты болады. Психологияда адамның жеткіншектік даму кезеңінде қарым-қатынасты дұрыс орнату маңызды. Яғни, нағыз дос болуды бағалауға, айналасындағы адамдармен тіл табысып, үйлесімді өмір сүру, өз пікірін дәлелдей білу сынды әрекеттер осы кезеңде жүзеге асырылады», - дейді маман.

Райгүл Жеңісқызының айтуынша, болып жатқан өзгерістер жеткіншектің өзінде әртүрлі елеулі субъективті қиыншылықтар болуымен қабаттасады.

«Бала шешуін талап ететін қиыншылықтармен ұштасады. Жеткіншектер ересектердің ықпалына көне қоймайды. Олар тіл алмау, қарсылық көрсетіп, наразылық тудыру сынды әртүрлі қылықтар шығарады. Мінез-құлқында өзгешеліктер байқалады. Қиқарлық, дөрекілік, қарсылық, тұйықтық, тентектік баланың дамуындағы қарқынды өзгерістерге әкеліп соқтырады. Жеткіншектіктің шегі шамамен 5-8-сыныптарда оқитын кезеңіне сәйкес келіп, 11-12 жастан 14-15 жасты қамтиды. Жеткіншектік кезеңнің басталуы 5-сыныпқа көшумен тура келмей, бір жыл кеш не ерте басталуы да мүмкін. Бұл баланың дамуына байланысты болады», - дейді психолог-педагог.

Оның айтуынша, жеткіншектік кезең психологияда өтпелі, бетбұрыс болып саналуы өмірдің бір дәуірінен екінші дәуіріне өтуімен байланысты.

«Балалық шақтан ересектікке өту кезеңіндегі дене, ақыл-ой, адамгершілік, әлеуметтік дамудың барлық бағыты бойынша сапалық жаңа құрылымдар қалыптасады. Қарым-қатынастардың қайта құрылуына ересектік модель пайда болады. Осы жеткіншектік шақтағы балаларға қолдау көрсету өте маңызды. Олар ақпарат  ағынына еріп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей жатады. Оларға талап та күшеюі мүмкін. Бұрын үй шаруасына көмектеспей жүрген балаға қазір есейгеніне қатысты талаптар қойыла бастауы мүмкін. «Болашақта мамандық таңдауың керек» деген сынды таңдау да ересектер тарапынан сұрала бастайды. Мұндай кездері олар өздерін шарасыз сезінуі мүмкін.  Физиологиялық тұрғыдан да қарқынды даму болып, өзгеріс болады. Бойы ұзарып, денесі толықсып, жыныстық органдарының өсіп жетілуі байқала бастағанда олардың өздерін қабылдауы қиындауы мүмкін. Сондықтан оларға бұл қалыпты жағдай екенін айтып, ағартушылық ақпаратты ұсыну арқылы қолдау көрсету керек», - дейді Райгүл Жеңісқызы.

Маманның айтуынша, жеткіншек  жастар өздеріне ерекше назарды аударғысы келуі мүмкін.

«Сондықтан олар осы кезеңде шашының түсін өзгертіп, киім киісін ауыстыруы мүмкін. Сол кезде жанындағы ересек адамдар қолдау көрсетуі керек. «Саған қажет дүние, бірақ қазір сондай кезең» екенін айту керек. Жас жеткіншектің айналасындағы достары, мектептегі жағдайы, отбасындағы ахуалы айналасындағы дүние айтарлықтай әсер етеді. Одан қашып құтыла алмайды. Бірақ соның дұрыс және бұрыс жақтарын көрсетіп, түсіндіріп, бірден тыйым салмай, оның себеп-салдарын анықтау керек. Оның болашағы, қауіпсіздігі, қызығушылығы сынды дүниелерін сұрап білу керек. Барлық бағыттағы жағдайын сұрап, зерделеп қолдайтын бағытқа түсіп алған жөн», - дейді ол.

Психолог жеткіншек балалармен жұмыс істеу үшін ата-аналарға бірқатар кеңес берді.  

«Жасөспірімдік - баланың үлкен өмірге дайындығын шыңдайтын психологиялық және физикалық дамуындағы өтпелі кезең. Бұл уақытта баланың мінез-құлқы өзгеріп, көңіл күйі жиі ауытқиды. Мұндай кезде ата-ана жасөпірімге кішкентай бала ретінде емес, сенімді дос, ой-пікірін ашық айта алатын, санаса алатын адам ретінде қарауы керек. Жасөспірімдер әлі ересек емес, ересектер үшін жауапкершілік те ала алмайды. Сондықтан үлкен адам емес, өзінің шамасына қарай орындай алатын тапсырмаларды беруге тырысыңыз. Жеткіншектер болып жатқан жағдайды ата-анасына ашық айта алса, ол – жақсы»,- деді ол.

Психологтың айтуынша, бұл ата-анаға деген сенімділік бар екенін көрсетеді.

«Жасөспірім бала қайта-қайта қателесіп, сіз ойлағандай әрекет жасамай жатса, оған түсінушілікпен қарап, жанашырлық таныту керек. Қандай көмек керек болып жатқанын сұрап, қызығушылығын таңдауға бағыт берген абзал. Баланы  өзінің әлсіз жақтары мен сәтсіздікке ұшырайтын тұстарын аңғаратын жағдайға бағыттау керек. «Мынандай жағдайда сенің қолыңнан келмей жатыр, бірақ осылай істесең қауқарың жетеді» деп қолдаған абзал. Ынталандыратын, мотивация беретін сөздерді жиі айту керек. Жаңалыққа қол жеткізу арқылы үйренуі мүмкін, жағымсыз оқиғалардан сабақ алуы мүмкін. Ата-аналар бостандықтарына икемді болуы керек. Егер жасөспірім өз міндеттерін орындауға тырысса, оған көбірек еркіндік беру керек. Егер ол дұрыс шешім қабылдамай жатса, түсінушілікпен қабылдап, қателіктерін айту керек. Мінез-құлқындағы өзгерістерді талқылап, көзбе-көз қарап, дұрыс шешім қабылдауға бағыттау керек», - дейді ол.

Маман ата-аналар баланың бойындағы сенімсіздікке емес, сенімге назар аударуы керек.

«Жасөспірімдерде осы кезеңде көп қиындық болуы мүмкін. Бірақ олардың бұрын жасаған өткен істеріне емес, енді бастаған істеріне демеу көрсету аса маңызды. Бұрынғы қателігін, бетіне баспай, шұғыл қорытынды шығаруға да болмайды. Оның шешімін қабылдай отыра дұрыс шешім шығаруға бағыттаған абзал. Ең қажет деген дүниелерге көңіл аударуға, жауапкершілікпен қарауды үйрету керек. Оны ата-ана тек сөзбен ғана емес, іс-әрекетімен дәлелдеуі керек. Жеткіншектер оларды ешкім түсінбей жатқандай көреді. Сондықтан сабырлы болу аса маңызды. Тағы бір маңызды мәселе ата-ана мен бала арасындағы шекараны белгілеудің маңыздылығы. Себебі ата-ана ересек позициясында, бала өз позициясында қалуы керек. «Үлкенге құрмет -кішіге ізет» деген ұстаным болуы керек. Осылай болса, жеткіншек ата-ананы құрметтей біледі. Жасөспірімнен не күтуге болатыны, қандай талаптарға өзі жауап бере алатынын ата-ана болжап отыруы керек. Осылардың барлығына дағдыланған бала ата-анасымен достық қарым-қатынаста болады», - дейді ОРайгүл Жеңісқызы.

Оның айтуынша, ата-ана ашық қарым-қатынасты сақтай отырып, оң және дұрыс шешімді қабылдауға дұрыс бағыт беруге болады.

«Жеткіншек бала өзінің ата-анасынан ештеңе жасырмауы керек. Ол қателік жасаған жағдайда ата-анасы сөкпей, оны қолдайтын білуі керек. Қазір баласын түсіне алмайтын,түсінгісі келмейтін ата-аналар ортамызда жүр. Себебі әке мен баланың таным-түсінігі, өмірге деген көзқарасы екітүрлі. Әкелерді әр буынға байланысты бөліп қарастыруға болады. Әр буында жаңа көзқарас болады. Мысалы, соғыс уақытындағы адамдарды жеңімпаз ұрпақ деп атайды. Олардың ең басты құндылығы жеңіс болды. 25-45 жылдары аралығындағы ұрпақтарды үнсіз деп атайды. Бұл буынның құндылығы 20 ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргінді көргеннен кейін  заңға бағыну, шыдамды төзімді болу болды», - деді ол.

Маман атағандай, 1995-2010 жылдары аралығындағы ұрпақтар енді қалыптасып келеді.

«Бірақ олар виртуалды өмірдің құндылығына басымдық береді. Ақпарат көп, желі мен өмір арасындағы айырмашылықтар бар. Интернеттегі ойында қанша жетістікке жетіп жүрген бала шынайы өмірде ешкіммен тіл табыса алмайтын, достары аз адам болуы мүмкін. Ал виртуалды өмірде өзін мықты сезінеді. Осыдан проблемалар көбейеді. Сондықтан ата-ана осындай балалармен бірге дамып, олармен бір деңгейде жаңа технологиялар жайлы әңгімелесуге қауқарлы болғаны абзал», - деп есептейді.

Марья Айдарбаева