Отандық жас ғалым физикадағы магниттік теңсіздіктерді шетелдіктермен бірге зерттеп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

2026 жылға дейін елімізде ҚР «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң әзірленеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында Ғылым және Жоғары білім министрлігінің алдына ғылым бойынша бірқатар міндеттер қойылды.

Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту бойынша ғылыми қызметкерлер санын 2025 жылға дейін 1,5 есеге, ал жас ғалымдар санын 50%-ға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Егер 2026 жылға дейін ғылымды дамытудың басым міндеттері бойынша ҚР «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң әзірленетін болады, ол ғылым саласындағы жаңа бағытқа көшуге негіз болмақ және сол арқылы ғылым мен технологияның жаңа моделін енгізуді қамтамасыз етеді.

Сулейман Демирель атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры және «Математика және математикалық модельдеу институтының» аға ғылыми қызметкері Нұрғиса Есіркегенов Azattyq Ruhy тілшісіне отандық ғылым саласының бүгінгі қарқынын айтып берді.

Жас ғалым өз әңгімесін ең алдымен қысқаша ғылым саласы туралы мағлұмат айтудан бастады.

«Жалпы ғылым екіге бөлінеді: іргелі және қолданбалы ғылым. Қысқаша айтқанда, іргелі ғылым қоғам мен табиғаттың заңдылықтарын түсіндіреді. Ал қолданбалы іргелі ғылым алған нәтижелерді қолданып өмірді жеңілдетеді. Сондықтан бірінші іргелі ғылым, содан соң қолданбалы ғылым жасалады. Мысалы, қазіргі компьютерлердің негізгі принципі неміс ғалымы Лейбництің 1703 жылдардағы екілік жүйесінен бастау алып, алғашқы лампалық компьютерлер 1940 жылдары пайда болды. Лейбниц екілік жүйені компьютер жасау үшін емес, бір философиялық концепцияны зерттеу үшін ойлап тапқан. Тағы бір мысал, ағылшын математигі Харди, тарихқа сенсек, қолданысы жоқ, тек таза математикалық нәтижелер алуға тырысқан. Харди неміс ғалымы Гильбердтің бір сандық қатардың жинақтылығы жөніндегі нәтижесін жақсартып, қазір Харди теңсіздігі атауымен белгілі «теңсіздікті» алған. Кейін осы Харди теңсіздігін қолданып, кванттық механиканың негізгі феномені Гейзенберг «анықталмағандық» принципін математикалық тұрғыдан дәлелдеуге болатыны белгілі болды. Ал кванттық механиканың арқасында бұрын ғимараттың ішін алып тұратын үлкен компьютерлерді қазіргі қолымыздағы телефондар ауыстырды. Сондықтан әдетте іргелі ғылыммен айналысатын ғалымдар ғылымды қолданысы үшін емес, жалпы қызық болғандықтан, жаңа білім әкелетіндіктен айналысады. Ал өмірдегі қолданыстары негізінен іргелі ғылымның жанама әсерлері. Сондықтан алғашында іргелі ғылым суретшілердің сурет салғаны, музыканттардың музыка шығарғаны сияқты шығармашылық жұмыс болған, бірақ кейін біраз уақыттан соң өмірде, технологияда қолданыстарын тапты», - деп түсіндірді Нұрғиса Есіркегенов.

Нұрғиса Есіркегеновтің сөзіне сенсек, әдетте, әлемде іргелі ғылымды мемлекет қаржыландырады. Ал қолданбалы ғылымды қандай да бір заттың қолданысына қызыққан адамдар қаржыландырады. Іргелі ғылым ең кемі жаңа білім әкеледі,  адамзаттың интеллектуалдық мүмкіндігін көтереді, мамандар дайындайды, тіпті біраз уақыттан соң өмірдегі қолданысын да беруі мүмкін.

«Маргарет Тэтчер «бәрі эверестке өзі үшін шығады, бірқ өз елінің туын іледі» демекші ғалымдар да өзі үшін зерттеулерін жасауы мүмкін. Бірақ мақалаларында еліміздің атын көрсетеді. Бұл елдің интеллектуалдық потенциалын есептеудегі маңызды факторлардың бірі. Мысалы, жоғары білікті мамандардың болуы және елдің интеллектуалдық потенциалының жоғары болуы шетелден келетін инвестицияны арттырады. Әсіресе, тау-кен, мұнай  өндірісінен басқа да технологиялық өнім жасайтын өндірістік компаниялар үшін елдегі осындай факторлар маңызды. «Егер отында өзің шапсаң, бір емес, екі рет жылынасың» демекші еліміздегі шикізаттарды да өзіміз алып өндіруде ғылымның рөлі маңызды», - дейді жас ғалым.

Сондай-ақ, ол елімізде іргелі ғылым жақсы дамығанын тілге тиек етті. Тіпті өзі айналысатын саланың үздіктерін де тізіп шықты.

«Өзім білетін математкадан анализ және дифференциалдық теңдеулерден академиктер Өтелбаев пен Қалменов, ал алгебрадан академиктер Жұмаділдаев пен Өмірбаев бастаған үлкен ғылыми мектептер бар. Академик Өмірбаевтың «Journal of American Mathematical Society» және профессор Дайырбековтың «Duke Mathematical Journal» деген математикадағы топ журналдарда еңбектері жарияланған. Ал теориялық физикадан жақында прфоессор Мырзақұлов Стэнфорд университеті жасаған рейтингте «ең беделді ғалымдардың 2 пайызының қатарына» кірді. Осындай ғалымдарды көбірек дәріптеу олардың статусын көтеруге жән еғылымның дамуына жақсы әсер береді деп ойлаймын», - дейді ол.

Нұрғиса Есіркегенов дәл осы іргелі ғылым ішіндегі коммутикативті емес гипоэллиптикалық анализ. Оның пайда болу тарихы кеңес математигі Колмогоровтың 1934 жылғы жұмысынан басталады.

«Көбіне табиғаттағы процесстер, мәселен жылудың таралуы, диффузия, жылу өткізгіштік дифференциалдық теңдеумен сипатталады. Дифференциалдық теңдеулер көбіне сызықты емес немесе коэффициенттері айнымалы болады. Колмогоров 1934 жылы ықтималдықтар теориясында кездесетін айнымалы коэффицентті бір дифференциалдық оператордың іргелі шешімін нақты түрде есептеп шығарды. Ол кезде айнымалы коэффициентті дифференциалдық операторлар теориясы жақсы дамымаған және белгілі Фурье әдісі әрқашан жүре бермейін еді. Кейін 1967 жылы швед ғалымы Хермандер Колгоморов идеясын дамытып, үлкенірек класты қамтитын 2-ретті гипоэллиптикалық операторлар теориясын жасап шығарды. Сол еңбегі үшін Филдс сыйлығын алды. Ал біз жоғарғы ретті гипоэллиптикалық операторлар теориясын зерттеп жатырмыз. Жоғарғы ретті жағдай 2-реттіден табиғаты басқаша болғандықтан жаңа теория жасауды қажет етеді. 2019 жылы Лондон халықаралық математикалық ұйымының грантын жеңіп алып, шетелдік ғылыми жетекшім Ружанскиймен бірге осы гипоэллиптикалық операторлар үшін тұрақты емес коэффициентті толқын теңдеулерін зерттедік. Қазіргі таңда еліміздің гранты аясына гипоэллиптикалық операторлар үшін магниттік теңсіздіктерді шетелдік ғалымдар Лаптев (Еуропа метаматикалық ұйымының экс президенті) және Ружанскиймен бірге зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар профессор Ружанскиймен бірге коммутативті емес гипоэллиптикалық анализ бойынша кітап жазып жатырмыз», - деп нақтылады Нұрғиса Есіркегенов.

Сонымен қатар, жас ғалым еліміздегі Үкімет тарапынан ғылым саласына көрсетіліп жатқан қолдаулардың маңыздылығына да тоқталып өтті.

«Елімізде соңғы кезде ғылымға мемлекет тарапынан жақсы қолдаулар көрсетілуде. Бұрын гранттық қаржыландыру конкурстары 3 жылда бір рет болса, қазір бір жылда бірнеше рет өткізіліп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек соңғы 3 жылда ғылымды қаржыландыру 70 пайызға өскенін айтты. Байқағаным, ғылымға жақсы қаржы бөлініп жатыр. Бұдан бөлек, жоба біткен соң ғалымдарға еңбектерін жақсы ғылыми журналдарда жариялауға қосымша уақыт берілсе жақсы болар еді. Себебі әдетте жақсы топ журналдарға жіберген мақаланың қабылданып, түзетіліп, басылып шығуына 1 жыл, не одан көп уақыт кетеді. Шетелде 7 жылдық, 15 жылдық жобалар бар. Егер ғалымдарға аз уақыт берілсе, олар асығып, тез қабылдайтын, төмен деңгейлі журналдарға еңбектерін жариялауына тура келеді. 

Англия мен Бельгида жұмыс істейтін профессор Ружанский бұрын елімізге 5-6 рет ғылыми дәрістер оқуға келіп, бүгінде математикада бағытында белсенді жұмыс істеп жүрген жас ғалымдардың қалыптасуына үлкен үлес қосты. Қазір сол кісінің қолдауымен Бельгидағы Гент университеті мен Қазақстандағы 3-4 университеттер арасында докторанттар үшін қос дипломдық бағдарламалар жасалып, осының аясында біраз жас ғалымдар зерттеулер жүргізіп жатыр. Сондықтан, елімізде ғылымның дамуында шетелден ғылыммен айналысатын жоғары деңгейлі ғалымдарды көбірек шақырған дұрыс болар еді деп ойлаймын», - деп қорытындылады өз сөзін Нұрғиса Есіркегенов.

Айжан Жанатқызы