Әли Жұбанышев Ақтөбе қаласы Ясный ауылындағы Ақтөбе орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді
Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғаннан бері ұстаздардың қызметі мен беделіне қатысты оң өзгерістер байқала бастады. Мұғалімдер арасында қиындық тудырған біраз мәселелер шешімін тапты. Заң аясында білікті мамандарды марапаттап, ішінен үздігін анықтау үшін жыл сайын Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Үздік Педагог» сайысы ұйымдастырылады.
Azattyq Ryhy тілшісі ұстаздардың бүгінгі жағдайы туралы педагог-шебер, Үздік педагог статусының 2022 жылғы жеңімпазы Әли Жұбанышевпен сұхбаттасты.
Әли Жұбанышев Ақтөбе қаласы Ясный ауылындағы Ақтөбе орта мектебінде Тарих пәнінен сабақ береді. 18 жыл еңбек өтілі бар білікті маман. Ұстаз әңгімесін педагог мәртебесінен бастады.
«Педагог мәртебесі туралы заң ұстаздардың беделін арттырды деп толықтай айта аламын. Аталған заң аясында ұстаздар қауымының, яғни біздің кәсіптік қызметіміз кезіндегі құқықтық нормалар нақтыланды. Лауазымды адамдар және басқа тұлғалардың педагогтердің қызметіне заңсыз араласуына немесе кедергі келтіруіне шектеу қойылды. Екіншіден, ұстаздарды материалдық жағынан қамтамасыз ету бір жүйеге келді. Адал еңбегі мен кәсіптік міндетін үздік орындаған педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын беру мәселесі де осы заң бойынша нақтыланды. Елімізде педагогика саласында 25 жыл еңбек өтілі бар жетістікке жеткен ұстаздар қауымы осы марапаттың игілігін алғашқылардың бірі болып көре бастады. Қабылданған заңның арқасында қоғам тарапынан ұстазға деген құрмет, ұстаздық мамандыққа деген сұраныс арта түсті», - дейді маман.
Ол қазір ұстаздар арасында ең маңызды болып тұрған мәселелерге тоқталды. Оның бірі – мұғалімдер арасындағы цифрлық сауаттылық.
«Қазір ұстаздар арасында цифрлық сауаттылықты арттыру мәселесі маңызды болып отыр. Ол үшін әрбір ұстаз өзінің жеке каналын ашып өз тыңдаушыларын тарту арқылы аудитория жинауы керек. Сондай-ақ, қашықтан оқыту мәселесінде де оқушыларға ыңғайлы оқу ортасын құру қазіргі ұстаздар үшін аса маңызды мәселе. Бір сөзбен айтқанда, заман талабына сай ыңғайланып жатырмыз. Себебі, қазіргі оқушылар ақпараттың көп бөлігін интернет желісі арқылы алады. Қазір ұстаздар электронды журналды «Kundelik.kz» арқылы жүргізіледі. Барлық қажет мәліметтерді электронды нұсқада сол жерден алуға мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, кейбір ауылдық өңірлерде интернет жылдамдығының төмен болуы қиындық тудырады. Бұл мәселе алдағы уақытта толық шешімін табады деп ойлаймын», - дейді Әли Тыныштықұлы.
Ұстаз оқушыларға сабақ беріп ғана қоймай, әріптестеріне тиімді сабақ өткізу жолдары туралы курс өткізеді.
«Өзім педагог-шебер санатын 2019 жылы алдым. Қазақстан тарихынан сабақ беремін. Оған қоса педагогикалық шеберлеік орталығының штаттан тыс тренері ретіндегі жұмыс атқарып келемін. Ұстаздың басты міндеті – білгенін өзгеге үйрету. Сондықтан оқушыларыма тарих пәнінен білім берсем өзге әріптестеріме сол білімді қалай тиімді меңгерту туралы тәжірибе бөлісіп курс өткіземін.
Қазір Ақтөбе өңірі бойынша 600-ден астам тарих пәні мұғалімдерінің білімін арттыру курстарын өткіздім. Жыл сайын оқушыларым қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанады. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Бұл менің, оқушыларымның үздіксіз ізденісі, дайындығы мен шығармашылығының арқасында. Осындай жүйелі жүргізілген жұмыстар 2022 жылы Үздік педагог 2022 сайысында жеңімпаз атануыма ықпал етті деп айта аламын», - дейді Әли Жұбанышев.
Ол Үздік ұстаз статусы мұғалімдерге қандай жеңілдіктер беретінін кеңінен айтып берді.
«Ең алдымен кез келген салада белгілі бір жетістікке жету үшін сіз сол саланы жақсы көруіңіз қажет. Егер кәсібіңіз сізге шабыт әкелмесе, мамандықтың шыңына шығу қиын болады. Менің де осы ұстаздық қызметте жетістікке жетуім кәсібімді жүрек қалауымен дұрыс таңдағанымнан деп ойлаймын. Әр жетістігім шығармашылық жұмысымның нәтижесі және осы бағытта ерінбей тер төгіп келемін. «Үздік педагог» сайысына 3 жыл қатарынан қатысып, нәтижесінде үздік атандым. Ал өз салаңда үздік болу үшін бірінші шыдамдылық, еңбекқорлық және үнемі шығармашылық ізденіс керек.
Үздік ұстаз статусы мұғалімдер үшін үлкен мәртебе. Үздік атанғаның үшін мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жылғы төлем беріледі және әрбір 5 жыл сайын өтетін аттестация кезінде өзіңіздің жұмысыңыздың нәтижелі екеніне аталған статус дәлел бола алады», - дейді педагог.
Сондай-ақ, маман мұғалімдердің негізгі қызметі мен оларға берілетін қосымша көмек түрлері туралы да айтты.
«Қазір педагогтердің негізі қызметі оқушылармен тиімді, нәтижелі жұмыс жүргізу. Оның ішінде 45 минуттық сабақты оқушылармен бірге оқып, талдап қорытынды ойды қалыптастыру маңызды. Себебі әрбір мектеп партасында отырған оқушы болашақ қоғам мүшесі. Азаматтық қоғамды қалыптастыруда олардың өз ойын ашық жеткізіп, пікіріне дәлел келтіре алатын тұлға болып қалыптасуы ұстаздардың міндеті. Өткен оқу жылдарында оқушылар кітаптағы мәліметтерді жатқа айтуымен шектелсе, қазір ол жеткіліксіз. Алған білімін оқушы күнделікті өмірде қалай қолданады, қабылданған шешімге пікірі мен көзқарасы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда оқушылардың білімі біршама жоғарлағанын байқауға болады. Ұстаздарға берілетін қосымша көмек жайлы педагог мәртебесі туралы заңда көрсетілген. Олардың қатарында тұрғын жайға, оның ішінде қызметтік тұрғын жай беру мәселесі мен жеке үй салу үшін жер учаскісін беру, жыл сайын еңбек демалысында бір лауазымдық айлық ақы мөлшеріндегі сауықтыруға арналған жәрдемақылар сияқты басқа да көптеген қосымша жәрдемақылар қарастырылған.
Қазіргі қоғам өте тез өзгеруде. Бұрын «50 жылда ел жаңа» деп айтушы еді. Қазір 10-20 жылда ел жаңа деп айтуға келеді. Бұрын әр мұғалім 5 жыл сайын өз біліктілігін арттырудан өтіп келсе, бүгінде 3 жыл сайын мұғалімдер біліктілігін арттыру курстарына барады. Біліктілікті арттыру курсы мемлекет тарапынан тегін ұйымдастырылады. Қазір педагогикалық шеберлік орталығы және өрлеу бұл салада көшбасшылық танытып тұр», - дейді Әли Жұбанышев.
Маман сөзін қорта келе білім саласындағы жаңа реформалардың тиімділігіне тоқталды.
«Бір қуантарлығы, білім саласында өткен кезеңдермен салыстырғанда үлкен жақсы өзгерістерді көруге, сезінуге болады. Қазіргі кезде мектеп оқушылары мемлекет тарапынан 100% оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Мектептердің материалдық базасы күн өткен сайын жаңартылып жатыр. Ең бастысы айта кететіні Мемлекет басшысының тапсырмасымен 4 жыл қатарынан 25 % ұстаздардың жалақысын арттыру, бұл мұғалімдердің біршама әлеуметтік мәселелерін шешуге көмегін тигізді деп айтуға болады.
Жүйелі білім беру үшін ұстаз үнемін өзін жетілдіріп, ізденісін тоқтатпау керек. Жалпы қоғам мүшелерінен білімі, біліктілігі мен тәрбиесі жағынан бір саты болсын жоғары тұруымыз қажет. Сонда ғана ұстазға деген сүйіспеншілік, құрмет қалыптасады. Осы арқылы ұстаздар мәртебесін арттыруға болады. Сондай-ақ, әр оқушының жүрегіне жол таба білу маңызды. Біздің алдымызда отырған оқушыларымыз әртүрлі жағдайда келіп отырғанын түсінуіміз керек. Оның тұрмыстық жағдайы, білім алуға деген ынтасы мен икемін жеке қарап соған сай білім беру қажетпіз», - дейді Үздік педагог.