Кітапты құр шығарып, жинап қоймай, қоғамға сіңіру керек – Ұлттық кітапхана директорымен сұхбат

«Жүз жаңа оқулық» атты Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жүзге жуық шығарма аударылды

Кітапты құр шығарып, жинап қоймай, қоғамға сіңіру керек – Ұлттық кітапхана директорымен сұхбат

Елімізде отбасылық кітап оқу кенжелеп қалған әдеттің бірі. Кітап оқу тәрбие, жақсы әдет қана емес, отбасы мүшелерінің танымдық деңгейін көтеріп, жақсы байланыс орнатуға, рухани өсу мен білімге ұмтылуға берілетін тегін мүмкіндіктер. Кітап оқу адам қабілетін ашатын, баланы да, ересектерді де ізгілікке баулитын құнды зат. Телефон мен компьютерге үңілген заманда балаларды кітап оқуға қалай үйретуге болады? Смартфонға тәуелділіктен оқушыны қалай арашалауға болады? Телефон көргеннен кітап оқу арқылы берілетін оқиғаның артықшылығы неде? Қазір қандай кітаптарды оқыған киімді? Кітап оқуға баулу жайында қандай жобалар қолға алынған? Azattyq Ruhy тілішісіне кітап төңірегіндегі осы және өзгеде сұрақтарға қатысты ойларын ҚР Астана қаласындағы ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева айтты.

- Ғазиза Құдайбергенқызы, кітап оқудың жақсы екенін барлығы білсе де, оны оқуға дағды жоқ. Сылтау да көп оған. Сіздіңше, кітапты тұрақты оқып тұруға дағдыны қалай қалыптастырған дұрыс?

- Ең бірінші, менің ойымша, кітап оқу қабілеті де адамның мінезі сияқты, сурет салу қабілеті сияқты қалыптасатын секілді. Екіншіден, бұл отбасында қалыптасуы керек. Кітап оқу мәдениеті әрбір отбасында қалыптасса, сонда оқитын ұлтқа айналар едік. Кітап оқуды әдет қылып қалыптастыру үшін күніне 10 минуттан 30 минутқа дейін, өзіңмен келісімшартқа отырып, «қазір смартфон бетіне қарамайын, мен жарты сағат миымды демалтамын, жарты сағат жан ләззатын аламын» деп кітап оқу керек. Одан кейін кітаптың пайдасын жиі айтатын орталарға бару керек. Олар: кітапхаларда өтетін мәдени шаралар, кітап клубтары. Кітап клубтарына барып жүріп-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға болады. 

- Баланы қанша жастан кітап оқуға баулыған жөн? Әсіресе, қазақшаға тілі шорқақ балаларды қалай кітапқа қызықтыра аламыз?

- Баланы кітап оқуға қанша жасынан бастап қалыптастыруға болады деген сұрақ жиі қойылады. Туғаннан бастап қалыптастыруға болады. Бізде ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған: жырлар, дастандар, жаңылтпаш, қисса, аңыз, хикаят, ана әлдиінің өзі. Халқымыз ауыз әдебиетіне қанығып өскен. Қазіргі таңда сол қисса, әңгімелерді кітаптан оқып беруге болады. Сондықтан перзентханадан шыққан күннен бастап, баланың құлағына ақырын-ақырын құя беру керек. Кейін бала белгілі бір жасқа жеткен кезде кітапты қолына алып оқи бастайды. Жалпы кішкентай күнінен дағдыландырған дұрыс. Шекспирдің бір сөзі бар ғой «мен бос уақытымда кітап оқымаймын, мен кітап оқуға арнайы уақыт бөлемін» дейді. Бізде «жапондар былай жасайды екен», «испандар олай жасайды екен» деп өзгенің салтына, өзге елдің дүниесіне көзіміз ашық, құлағымыз түрік болады. Бірақ қарапайым дүниелерге келген кезде, мысалы, кітап оқуға, оларда кітап оқу мәдениеті қалай қалыптасқан екен деп зерттемейміз. 

- Өзіңіз айына қанша кітап оқисыз?

- Мен айына кейде бір кітап, кейде төрт кітап оқимын. Қолыма алған кітапты, өзімнің талғамыма қарай, ұнатқан әнді тыңдап, не ұнатқан киноны көрген сияқты жан қалауымдағы кітапты оқығанды жақсы көремін. Кейде қай автор қандай кітап жазып жүргенінен хабардар болу үшін ақпараттық-танымдық дүниелерді де оқимын. Жалпы өзім 80 пайыз көркем әдебиет оқимын.

- Оқитын кітапты қалай таңдаған жөн?

- Оқырманның талғамы әртүрлі. Сондықтан кітап дүкендері, үлкен кітапханаларға келіп кітап таңдаған дұрыс болады. Жаңа айтқанымдай кітап оқу қабілет шығар. Сол қабілетіне қарай өзінің таңдап оқитын жанры болады. Мен мысалы, фантастика, детектив оқи алмайын, мен тек көркем дүние оқимын. Поэзия тілімен айтқанда лирика ұнайды. Кітап оқуды оқырманның талғамына салған жөн. Тек қана бір жанрға үйренген, соны оқитын адамдар болады. Мен кітапханашы ретінде, ата-ана, оқырман ретінде айтарым, ең бірінші көркем әдебиет оқу керек. Ауыз әдебиетімен сусындаған бала ертегі, дастан, аңыз, қиссаларды оқығаннан кейін бағыт-бағдар, талғам қалыптасады. Ауыз әдебиеті баланың қиялын дамытады. «Қыран жетпеген жерге қиял жетеді» дегендей, жалпы зерттеулер бойынша көркем әдебиет оқыған баладан креативті дүниелер шығады. Ғылыми-фантастика оқыған балалар ғылыми жаңалықтар ашады. 

- Қазір кітап оқығаннан телефонға телмірген адам көп. Осы ретте, кітапқа деген ынтаны қалай арттыра аламыз? Қандай өзгеріс жасау қажет?

- Қазір телефонға телмірген адам көп. Бірақ кезінде де барлық адам жүз пайыз кітап оқыды деп айта алмаймыз. Кітапты құр шығарып, жинап қоймай, қоғам болып айналысуымыз керек. Қызығушылық тудыру керек. Бізде кітапханада түрлі шаралар, конкурстар өтеді. Демеуші тауып конкурстар өткіземіз, кітап сыйлаймыз. Қазір әлеуметтік желіде блогерлер кітап оқығаны үшін ақша төлеп жатады. Бірақ ұлттық деңгейде өзгеріс жасау керек. Телефонға үңілген адамның көбеюін мектеп пен кітапханаға тіреп қоюға болмайды. Отбасында бір нәрсе өзгермей, қоғам өзгереді дей алмаймыз. Кітапханалар қарап отырмайды.

САЛАЛЫҚ ӘДЕБИЕТ ДАМУЫ КЕРЕК

- «100 жаңа оқулық» жобасы барысында еліміздегі оқу орындарынан ең қажетті деген 800 оқулықты аудару қажет деген өтініш түскен еді. Қазір қандай нәтиже беріп отыр деп айта алар едіңіз?

- Жүз жаңа оқулық деген Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жүзге жуық шығарма аударылды. Әсіресе студенттер тарапынан бұл оқулықтарға сұраныс көп. Бізде жалпы көркем әдебитетті насихаттау кеңес кезінде де одан бұрын да жақсы жүрді. Бірақ танымдық дүниелердің насихаты жай жетті. Ол бізге қажет. Салалық әдебиет дамуы керек. Мысалы, әлеуметтану саласын алайық. Әлеуметтанушыларға қоғамда аса бір сұраныс болмай жатады. Негізі әлеуметтанушылар сұранысқа ие болуы керек. Әлеуметтік зерттаулер жүргізу керек, осы кітап оқу ойынша да солар айналысуы керек. Республика бойынша институттармен бірлесіп жұмыс жүргізу керек. 

- Қазір күрделі салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдермен емес, қарапайым жеңіл жазылған кітапты таңдайтындар көп. Бұл тұспалдап, астарлап терең сөйлейтін қазақ халқын рухани жағынан әлсіретіп жібермей ме?

- Біздің алтын ғасырда жазылған қазақ әдебиетіне сұраныс әлі азайған жоқ. Әлі сол қалпында. Қазақ әдебиетінің классикалық шығармалары, орыс, шетел әдебиеті әлі де сұранысқа ие. Шетел әдебиеті қазір де аударылып жатыр. Сіздің айтып отырған, жеңіл жазылған қарапайым кітап дегеніңіз блогерлердің қарапайым халыққа қарапайым жеткізейік деп жазып жүрген бір-екілі дүниесі ғой. Оның ешқандай зияны жоқ деп ойлаймын. Тіпті кітап оқымайтын адам жеңіл жазылған дүниелерді оқыса жақсы. Ауыз әдебиетін, әдеби тілді барлығы түсініп, барлығы сөйлеп кету керек деген ұстаным болмау керек. Жеңіл-желпі жазылса да, сауатты жазуды сол кітаптан көріп алады деген деңгейге дейін жеттік қой. Жалпы тілімізді, рухымыздың негізі қазақ тілінде, ауыз әдебиетінде. Өте бай тіл, бірақ оны білгілі бір деңгейде түсінетін орта бар, жас бар. Сосын мынау мектеп бағдарламасына шұрайлы шығармаларды енгізуіміз керек.

- Миға трансформация жасағысы келетіндердің көбі психологиялық кітаптарды іздейді. Осы ретте қазақшаға тәржімалаған қандай кітаптарға сұраныс басым деп едіңіз?

- Оқырман нақты психолог маман жазған кітапты оқу керек. Қазір аудармалар да көбейіп кетті. Кітапханада сүзгіден өткен арнайы психологиялық кітаптар бөлімі бар. Менде ақпарат үшін осындай кітаптарды қараймын. Лабковский, Кови т.б. бұрынғы ағартушыларды қараймын. Бірақ қазақтың психологиясына, ұлттық кодымызға көп жағдайда сәйкес келмей жатады. Сондықтан нағыз маман жазған кітапты оқу керек. Миға трансформация жасау үшін Абай, Шәкәрімді оқу керек. Өзіміздің психологиямызға жақын дүниені оқығанымыз ұрыс деп ойламын.

СӘУІР АЙЫНДА TED-X ФОРМАТЫНДА КІТАП-TALK ӨТЕДІ

- Қазақ оқырманы алдағы уақытта тағы қандай тың жобаларыңыздың шарапатын көреді?

- Былтыр республика көлемінде үлкен кітап фестивалі өтті. Оқу жылымен қатар біз де оқушыларды қарсы алып, ашық есік күнін өткізу мақсатында кітап-тайм жыл сайын кітапхана алаңында, қаланың басқа жерінде өткіземіз. Сәуір айында ted-x форматында кітап-talk өткіземіз. Әр саладан мамандар шақырамыз. Олар кітап оқу, көркем әдебиетті балаларға, ересектерге қалай ұсыну керектігін айтып, тәжірибелерімен бөліседі. Ол жерге министрлерді де шақырдық. Осы үлкен шараны жоспарлап отырмыз. Кітапханада өтетін шара ретті шара болып есептеледі де, басқа алаңда өткізілетін шара қоғамда резонанс тудырады. Баспагерлерді кітапханашылармен, қор қалыптастыратын мамандармен осы шараның аясында жолықтырсақ, бұл оқырмандар үшін де, баспагер, кітапханашылар үшін де жақсы алаң болады. Одан кейін бізде кітапханада сирек қор бар ғой, ол жерде біз 4 жұмыс дайындап жатырмыз. «Азаттықтан сөйлеп тұрмыз» деген Хасан Оралтайдың сөздерін қағаз бетіне түсіріп, 90 жылдыққа орай соны кітап қылып дайындап отырмыз. 1828-1840 жылдары латын әліпбиінде шыққан екі библиографиялық көрсеткіш дайын тұр. Өзге елдерде библиографиялық көрсеткішке өте жақсы мән беріледі. Бұл құнды дүние, дайын шпаргалка. Сіз зерттеу жүргізсеңіз, диплом жазсаңыз сіздің алдыңызда кітаптар мен баспасөз материалдары 900 беттен дайын тұрады. Кітапхана қызметкерлерінің жасаған жұмысын 3 бөлімге бөліп шығарамыз ба деп отырмыз. Сосын, бізде эпистолярлық жанр аса дамымаған. Негізі жақсы жанр. Ғалымдар және хаттар деген тағы бір жобамыз дайын тұр. Жалпы Қазақстан бойынша, сирек кітаптар, қолжазбалардың библиографиялық катологын жасауды жоспарлап отырмыз. Сосын жылдың басында Түріксой халықаралық ұйымымен бірлесіп, түркітілдес кітапханалардың бірлестігін құру туралы ұсыныспен Анкараға президент кітапханасына барып қайттым. Сәуірдің соңы жаңалық күтіп отырмыз. Бірлестік құрып, соның аясында құнды дүниелерімізді бүкіл әлем бойынша жинақтасақ деген ойымыз бар.

- Кітап оқуды үйрету үшін оның әдісін, форматын да өзгерту керек шығар...

- Түрлі форматтағы әдеби кештер өткізу туралы оқырмандардан ұсыныс түскен. «Пароходтағы поэзия» кешін өткізсек пе деп отырмыз. Кітапханада өтетін әдеби кештердің форматы ауыстыруымыз қажет. Жиналыс сияқты болмауы керек. Сосын жаңадан шыққан кітапқа рецензия мамандандырылған түрде берілуі керек. Бізде көп әдеби кештерде баяндама жасалады, тілек айтады, мақтайды. Олай болмауы керек. Шығарма насихатталып, оқырман іздеп оқитындай кештерді өткізу керек. Біз ақырын осыны қолға алып, кештердің форматын өзгертіп өткізіп жатырмыз. Осы күзде кітапханаларда кино көрсетуді бастадық. Осы жоба екі рет өтті. Адамдар жақсы жиналады. Кітапханада қазіргі кезде өз тарапымыздан әлеуметтік зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Кітапханада ғылым жасалуы керек. Өйткені бүкіл дүние, алтын қор осы жерде. Бізде қазақстандық электрондық портал бар. Қазір 70 мыңға жуық құжаты бар. Жақында кітап палатасымен келісімге келдік. Ол жерден e-көшірмелерді алып, оқу-ағарту мен ғылым және жоғары білім министрлігімен келісіп, 200 мың дана казнет порталындағы e-көшірмелерді көбейтсек пе дейміз. Сосын тағы бір жоба бастап жатырмыз. Осы электронды порталға байланысты қазір 10 мемлекетте жұмыс істеп жатырмыз. 10 мемлекеттің каталогындағы Қазақстанның тарихына қатысты дүниелерді іздестіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. 500-ге жуық құжатты таптық. Енді оларды елге жеткізудің жолын шешуіміз керек. Жалпы біздің Ұлттық академиялық кітапхана электронды кітапхана болып ашылады деген кезінде. Басында қор дұрыс жиналмаған. Қазір енді кітапхана электронды құжат жинайды, әрі дәстүрлі қорын ретке келтіріп жатырмыз. Ол да казнетке салынады. Кітап оқыңыздар. «Кітаптар да жалғыз, олар да сіз секілді серік іздейді» деген даналардың айтып кеткен сөзі бар. «Жер бетіндегі жүрегі бар жалғыз үй – кітапхана», «Жердегі жұмақ та – кітапхана» дейді. Кітапхана адамның өз-өзіне иелік ететін жер. Кітапхана – еркіндік алаңы. Осыны ұмытпаған абзал.

- Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.