$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстанға Бельгияның тәжірибесін енгізу керек»: ғалым туризмді дамытудың қыр-сыры туралы

Пандемиядан кейін Қазақстанда ішкі туризмнің қарқыны ерекше артқаны анық

«Қазақстанға Бельгияның тәжірибесін енгізу керек»: ғалым туризмді дамытудың қыр-сыры туралы

Қазақстанда бүкіл әлем қызығатын, сұлулығы көз тартар көрікті орындар аз емес. Ал жер-жаһанды дүрліктірген пандемиядан кейін елімізде ішкі туризм ерекше дамып келеді. Бұл салада Қазақстанның тәжірибесі әлем елдерімен салыстыруға келмес. Дегенмен әлеуеті зор екені анық. Ал осы бағытты дамытып, ілгері жылжуы үшін ғылыми ізденіс жұмыстары ерекше қажет-ақ. Жас ғалым Жанна Асипова – Қазақстандағы туризмнің бірнеше бағытында ғылыми ізденіс жұмысын жүргізген мамандардың бірі. Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасқан ғалым Қазақстандағы туризм саласының дамуы барысы туралы ойымен бөлісті.

АГРОТУРИЗМНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

Жанна Медеуқызы бүгінге дейін бірнеше жобада еңбек еткенін, олардың алғашқыларының бірі – ауыл шаруашылығына қатысты агротуризм бағыты екенін айтты. Сөз басын осы бағыттың аяқалысынан бастады.

«2015-2017 жылдары түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асырдық. Олардың бірі – ауылды жерлерді агротуризм арқылы дамыту жөнінде болды. Бұл жобада кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. 2017 жылы Алматыда туристік ақпараттық орталық ашылып, оған Әсел Нұркебаева жетекшілік етті. Осы жобаға сарапшы ретінде шақырылдым. Міне осы ізденіс кезінде тобымызбен бірге үлкен шаруалар атқардық десем болады. Әлемдік ұйымдардан сарапшылар шақырып, нарықтың бәсекеге қабілеттілігіне талдау жүргіздік. Алматы қаласы мен Алматы облысының туризмін дамыту жұмысына сол жылдары ерекше күш бөлдік», - дейді жас ғалым.

Жанна Асипова сөзін жалғай отырып, агротуризм бағытының дамыту жұмысына кеңінен тоқталып өтті.

«Ауылды жерлерді агротуризм арқылы дамытудың әлеуеті өте жоғары. Ойымды арыдан қозғайын. Ғылым әдетте кез келген істі алыстан байқайды. Мысалға Еуропа елдерінің көбінде жерінің басым бөлігі урбанизацияланып кеткен. Халықтың көбі қалаларда тұрады. Соның әсерінен бүлдіршіндер қарапайым ғана сүт қайдан алынатынын, көкөністер қалай өсетінін білмейді. Міне осыған байланысты әлем елдерінде агротуризм бағыты өте қарқынды дамып келеді.

Алматы маңында соңғы жылдары агротуризм ерекше дамып жатыр деуге болады. Мысалға балалар құлпынай, таңқурай өсіретін фермаларға барып, өз қолымен піскен жеміс-жидекті теріп қана қоймай, оны өсіру, күту-баптау ісімен танысады. Алматының айналасында жекеменшік фермалар өте көп. Осыған орай экскурсия жұмысы кеңінен қанат жайып келеді», - деп өзі айналысқан агротуризм бағытының түп төркінін түсіндіріп өтті.

Әңгіме арасында бірер ай бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген еліміздегі эрозияға ұшыраған жерлердің ауқымы туралы мәселені қозғап өтті. Айта кетейік, ведомствоның хабарлауынша Қазақстанда эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы алаңы 90 миллион гектардан асады, оның ішінде 29,3 миллион гектар жер іс жүзінде толықтай эрозияға ұшыраған әрі ары қарай пайдалануға жарамсыз.

«Қазір территориямыз шөлдену процесіне ұшырап жатқаны жасырын емес. Ғылыми тілде бұл процесс топырақты босату деп те айтылып жатады. Шыны керек, бұл үлкен проблема. Бірақ оларды қалпына келтіру жұмысы да қолдан келетін шаруалардың бірі. Оған араб елдерін мысал етуге болады. Жаңа технологиялардың көмегімен шөлейт жерлерін гүлдендіріп, үлкен қалалар салып жатыр. Бізге де міне осындай тәжірибелерді қолданысқа енгізу керек», - деп ойын жеткізді.

ӘЛЕУМЕТТІК ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Жанна Медеуқызы бұл зерттеу жұмысы ғылыми жобалардағы айналысқан бағыты болғанын айта келе өзі әлеуметтік туризм жұмысымен де кеңінен айналысқанын тілге тиек етіп өтті. Әңгімесін жалғай отырып, осы ізденістеріне тоқталды.

«Әлеуметтік туризм бағытына тоқталайын. Әулетімізде ағайындас бауырым денсаулығына байланысты мүгедек болып дүниеге келген. Туысым өзгелер секілді Қазақстанды аралап, саяхаттағысы келеді. Бірақ оған мүмкіндігі жоқ. Ал бұл сала бізде кенжелеп тұр. Мүгедектерге арналған туризм бізде дамымаған. Қажетті ақпараттар мүлдем жоқ десем де болады. Сол себепті осы бағытта ізденуді жөн көрдім. Интернеттен осы салада ізденген ғалымдарды тауып, оларға хат жаздым. Сол кезде ғалым Линн Миннаерт (Lynn Minnaert) хатыма жауап қайтарды. Ол кісіге де Қазақстандағы бұл сала қызық болыпты. Себебі бұрынғы кеңес заманынан кейін егемендік алған елдердегі жағдай беймәлім күйде қалған. Ол кісі маған осы салаға қатысты біраз мәлімет берді. Бұл ізденісімді бакалаврда оқып жүрген кезімнен бастадым. Магистратурада да, докторантурада да осы бағытта іздендім», - дейді Жанна Медеуқызы.

Жас ғалым сөз арасында Қазақстандағы әлеуметтік туризмнің әлеуетін тілге тиек етіп өтті. Айтуынша Қазақстанның бұл саланы дамытудағы әлеуеті зор.

«Әлеуметтік туризмге мүгедек жандар ғана емес зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, жастар (жұмыссыз – авт.), жағдайы төмен отбасылар, т.б. кіреді. Олардың демалуына қажет жағдайлар жасалса әлеуметтік туризмнің дамығанын білдіреді. Ал бұл саланың әлі күнге дейін кенжелеп тұрғанының өзіндік себептері бар. Осы жоба бойынша ізденгенімде түрлі ведомстволармен байланыс орнаттым. Сонда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрімен байланысқа шығып, саланы дамыту туралы өз ұсыныстарымды білдірдім. Егер министрлік осы иделарымды жүзеге асырса әлеуметтік туризмнің дамуына серпін берер еді. Болашақта мемлекеттік органдар ғалымдармен бірлесе жұмыс істесе түйіні шешілмей тұрған біраз мәселенің шешімін табуға болады деген ойдамын. Өзім секілді ғалымдарға жекелеген тұстарда болатын кедергілер қиындық тудырмай, атқарушы органдармен жылдам байланыс орната алатын жағдай жасалса, ғылыми ізденістерімізге оң әсер етіп қоймай, саланың дамуына да серпін берер еді», - деп ойымен бөлісті.

Сол сияқты әлем елдеріндегі тәжірибелерді қозғай отырып, Қазақстанға енгізуге қолайлы нұсқасын түсіндіріп берді.

«Ғылыми ізденісімде әлем елдеріндегі әлеуметтік туризмнің жай-күйіне тоқталып өттім. Сонда Қазақстанға Бельгияның моделін енгізуге болатынына көзім жетті. Мынаны айтайын, әлеуметтік туризм – осы санатқа жататын адамның тегін саяхаттау мәселесін ғана қарастырмайды. Бұл жерде ол адамның арнайы жеңілдіктермен баруын да қарастырады. Міне Бельгиядағы тәжірибе осындай. Туристік ағын тоқтап, қонақүйлер босап қалған кезде 70-80 пайызға дейін жеңілдіктер жасайды. Бұл жеңілдіктер қарапайым адамдарға емес әлеуметтік топтарға жасайды. Бұл елде халық саны аз. Ал бұл салада небәрі бес-ақ адам жұмыс істейді екен. Олар үкіметтік емес ұйымдармен үнемі байланыста болады. Олар өз кезегінде жауапты органға әлеуметтік топтағы өздері қалаған санатқа жеңілдіктер жасайтынын жеткізеді. Мысалға олар мүгедектерге жеңілдік жасағысы келуі мүмкін. Ал осы салада жұмыс істейтін аталмыш бес адам (мемлекеттік мекеме қызметкерлері) мүгедектер ұйымына хабарласып, жеңілдіктер туралы хабарлайды. Бастапқыда бұл қолмен атқарылатын жұмыс болатын. Кейін автоматтандырылған жүйе арқылы іске асатын болды.

Міне Қазақстанға да осы тәжірибені енгізу керек. Туристік фирмалар туристік маусым аяқталғанда жеңілдіктерді кез келген адамға бере салмай, арнайы санаттарға таратса, бұл сала дамитын еді. Оны жасау сондай қиын шаруа емес», - дейді Жанна ханым.

Сөз арасында әлеуметтік топтар әлем елдерінде бөлінетінін айтып өтті. Мәселен Францияда бұл бағытқа мүгедектер мен қарттар ғана енсе, Бельгияда оның аясы кеңірек. Сол себепті жеңілдіктерді қай санатқа үлестіретінін бизнес иелері өздері шешеді.

«Қазақстанға да осыны қолдану қажет деп есептеймін. Былтыр мемлекет тарапынан балалардың ұшақпен ұшуы бойынша Kids Go Free жобасы жасалған. Осылайша балалардың тегін ұшуына мүмкіндік жасалды. Міне осыны әлеуметтік туризмнің бастамасы деп айтуға болады», - дейді ғалым.

ТУРИСТІК ДЕСТИНАЦИЯНЫ ДАМЫТУ

Жас ғалым туризм саласында ізденген бағыттарының тағы бірі – туристік дестинациялардың дамуы туралы екенін айтып өтті.

«Карантин кезінде Ақмола облысының Ерейментау жеріндегі Көбейтұз суын еске түсірейікші. Аяқастынан табиғаттың тылсым жолымен пайда болды. Жұрт сол орынға жаппай баратын болды. Артынша жұрт тұзын тасып, суының лайланғанын көрдік. Бұл халықтың бір орынға жаппай жиналуынан болған жағдай. Бұл туристердің өзіне ғана емес экологиялық жүйеге де кері әсер етті. Себебі экожүйе көп адамды бір мезетте шағын орында қабылдауға ешқашан дайын болмайды.

Сол сияқты Алматы облысында Түрген сарқырамасын мысалға алайық. Жаздыгүні бұл орынға 8-9 мың адам жиналады. Бұл бір күндік көрсеткіш. Оны өзіміз барып санап шықтық. Міне осы мәселені де түрлі тәсілдермен бақылауда ұстау керек. Рекреациялық сыйымдылықты бақылап, туристер ағынын ұйымдастыру керек. Мысалға демалыс күндері кіру құны қымбат, жұмыс күндері арзан деген секілді. Немесе осындай көрікті орындарға турист таситын компаниялар өзара келісіп жұмыс істеуі керек. Себебі бәрі бір уақытта келіп, бір уақытта кетеді. Тиісінше арттарынан қалдықтары қалып жатады. Бұл дұрыс емес. Меніңше олардың бірі сағат 10-да жетсе, екіншісі бір-екі сағат кешірек баруы керек. Немесе күндерін бөліп алуы қажет. Ал ұлттық парк туристердің ағынын бақылауда ұстауы керек», - деді Жанна.

Пандемиядан кейін Қазақстанда ішкі туризмнің қарқыны артқаны белгілі. Ал халықтың табиғат аясына шығып, артынан қоқыс қалдыруы – алдымен экологиялық білімінің аздығынан. Жанна Медеуқызы осы мәселені өз сөзінде ерекше қозғап өтті.

Сөз соңында жас ғалым өзі жайлы былайша қысқаша мәлімет беріп өтті. Ол Алматы қаласында туып, осы жерде өскен. Ғылыми жетекшілерінің бірі – Ұлыбритания елінің Surrey University оқу орнынан болыпты. 2014 жылы 25 жасымда докторлық жұмысын сәтті қорғап шыққан. Оқу барысында Ұлыбританиядағы аталмыш оқу орнынан екі рет тәжірибеден өтіпті. Бұдан бөлек Босния және Герцеговина, Испания, Венгрия, Ұлыбритания елдеріне барып, ғылыми конференцияларда ғылыми жұмысы жөнінде баяндама жасаған. Оқуын тәмамдағаннан кейін қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қауымдастырылған профессор болып жұмыс істейді. Ғылыми ізденісі мен ұстаздық жолын қатар алып жүр.

Қорытындылай келе айтар болсақ, туризмнің түрлері көп. Ал олардың дамуы ел экономикасына үлкен табыс әкелері сөзсіз. Ғылыми салада әр түрлі жобалар жасалып, зертеліп жатыр. Сөз басында айтқанымыздай, бұл бағытта ғылыми ізденістер ерекше қажет. Туризм саласына жауапты мекемелер мен осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе туризмнің дамуы ерекше қарқын алары анық.

Серіктес жаңалықтары