Құрсағымнан бала болмаса да, өзімді толыққанды ана сезінемін – SOS Балалар ауылының тәрбиешісі

Автор: Azattyq Rýhy

Балалар ауылының тыныс-тіршілігі туралы тәрбиеші-ана айтып берді

Бүгінде елордадағы SOS Балалар ауылында әр түрлі жастағы 69 бала тұрады. Орталықта барлығы 16 үй бар. Әр шаңырақта 5-6 баладан тәрбиеленеді. Әзірге бұл мекеме мемлекеттік емес, бірақ алдағы уақытта осы мақсатта Үкіметке ұсыныс әзірленіп жатыр. Балалар ауылының тыныс-тіршілігі туралы Azattyq Ruhy тілішісіне орталықтағы тәрбиеші-ата-ананың бірі айтып берді.

Бұрындары орталыққа тәрбиеші-ата-ана қызметіне тек жалғызбасты әйелдер ғана қабылданатын. Бүгінде өз баласы бар келіншектер де бұл жерге жұмысқа орналаса алады. Басты талап – баланы бауырына басатын әйелдің жасы 35-тен кем болмауы тиіс, мүмкіндігінше өз балаларын тәрбиелеген тәжірибесі де болуы қажет. Тәрбиеші-ата-ананың жоғары немесе орта арнайы педагогикалық білімі болуы да маңызды рөл атқарады. Ал ең бастысы ол балаларды жақсы көретін адам болуы шарт.

Сонымен қатар, орталық ашылған жылдары бұл жерге тек 3 пен 10 жас аралығындағы балалар қабылданса, қазіргі уақытта Астанадағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының да тәрбиленушелері қабылдана алады.

Жанар Рахымбаева орталық ашылған күннен бері осында жұмыс істейді. Ол бұл жерге келгенде жасы 28-де болған, содан бері 23 жыл өткен.

«Қазір жасым 51-де. Жетім, оның ішінде тастанды балаларды асырап отырған жайым бар. Өзімді көпбалалы ана деп санаймын. Өйткені бүгінде 18 балам бар. Оның ішінде тұрмысқа шығып, үйленгендері де бар. Қазір қолымда 6-уы тұрады. Өзімнің құрсағымнан бала болмаса да, осы асыранды балаларымның барлығы мені «ана» деп атайды, сол үшін өзімді толыққанды ана сезінемін. Балаларды пәтуәсіз, тексіз деп айтуға болмайды. Негізі бұл жерге ерте жастан түскен балалар өте жақсы тәрбие алып шығады. Олардың кейбір істері, әрекеттері, ойы өзіме ұқсайды. Балаларымның бірі өз хатында «Тапқан ана емес, баққан ана! Мен үйленгеннен кейін немерелеріңіздің есімін сіз қоясыз» деп жазғаны бар. Бүгінде ол бала 26 жаста, зауытта жұмыс істейді, үнемі хабарласып, қал-жағдайымды сұрап тұрады. Мен ер бала анасын іздемейді деп ойлайтынмын, бірақ жақсы тәрбие алған ұл «анам» деп санаған адамын әрдайым  іздеп тұрады екен. Келе алмаса да, хабарласып, хат жазысып тұрады», - дейді Жанар Рахымбаева.

Балалар ауылында тәрбиеленушілер жаман, не жақсы деп бөлінбейді. Мұндағы мамандар оларды тәрбиесіне қарап сөкпейді. Өйткені әр баланың тағдыры әртүрлі.

Бүгінде Жанар Рахымбаеваның тәрбиесін көрген үлкен ұл-қыздары жан-жақта. Әр қайсысының өз тұрмыс-тіршілігі бар.

«Осы Астанада тұратын бір қызыма анда-санда барып тұрамын. Ол сұлулық салонында маникюр жасаумен айналысады. Жалпы кез келген адамның қателігі болады. Балалардың шалыс басатын кездері болады. Бес саусақ бірдей емес. Бірақ дұрыс тәрбие алған бала ол қателігін жуып-шаюға тырысады», - дейді ол.

SOS балалар ауылына келмес бұрын, Жанар Рахымбаева 10 жылдай балабақшада қызмет еткен. Жоғары оқу орнында психолог-педагог мамандығы бойынша білім алған.

«Мен бала күнімде әртіс болуды армандадым. Бірақ оған әкем қарсылық білдірді. Сол үшін осы мамандыққа түсуіме тура келді. Оның үстіне маған балабақшада жұмыс істеген қызықты болып көрінді. Мен бүлдіршіндерді бала күнімнен жақсы көріп өстіп. Бұл жерден менің кетіп қалуыма да болатын еді. Өйткені жұмыссыз қалмайтыным анық. Бірақ бұл жер өзіме ұнайды. Әрине, мұндай балалармен жұмыс істеу өте күрделі. Бірақ егер адам «мен осы жұмысты істеймін, менің қолымнан келеді» деп өзіне нақты мақсат қойып, шынайы еңбек етсе, оның сапалы нәтижесі болады. Мәселен менің балаларымның бәрі оқыған. Жоғары білім ала алмағандары колледжді тәмамдады. Тіпті дұрыс оқи алмаған балаларым да бизнестің көзін тапты. Олар «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорының» курстарын оқып алды», - дейді Жанар Рахымбаева.

Жетімдерді жебеген Жанар Рахымбаеваны балалары әрдайым қуантып тұруға тырысады. Бірі мереке сайын тортымен келсе, өзгесі саяхатқа жолдама сыйлағанын айтады.

«50 жасқа толғанымда қыздарымның бірі мені 7 күнге Аланья апарып, қыдыртып қайтты. Мен өз балаларымнан түрлі бағалы сыйлықтарды да алдым, сақина да салды, сырға да тақты. Олар мұндай сыйлықтарды бермесе де ренжімеймін. Бірақ бала кезден өсіргендегі бір қағидам бар «оң қолым алса, сол қолым беру керек, сол қолым алса, оң қолым беру керек» деген. Яғни өмірдің бәрі ала беруден тұрмайды. Мен әрдайым балалардың санасына осыны құюға тырысамын. Өйткені тастанды балаларда осы жерге келіп өскеннен кейін баршылықты көріп, эгоистік сезім қалыптасуы мүмкін. Қайырымдылық жасайтын жандар мұндағыларға жанаршырлық көзбен қарап, көп нәрсені беріп жатады. Сол үшін балада эгоистік көзқарас қалыптасын деп, айтылған қағида бойынша тәрбиелеуге тырысамын. Себебі бұл жерден кеткеннен кейін бала тек тұтынушы болып қалмауы керек. Оның арты жақсылыққа апармайды. Төмен түсіп кету оп-оңай, ал құздан шығу ол үлкен еңбек», - дейді ол.

Жетім қалған балаларға тәрбие тегін берілгенімен, болашақтың қамы өз қолдарында. Сондықтан да Жанар Рахымбаева өзінің іштей уайымын балаларының келешегімен ұштастырады.

«Қорқыныш деген үнемі болады. Балаларым үшін қорқамын, солар жаман жолға түсіп кетпесе екен деп алаңдаймын. Кейбір балаларды қара ойлы адамдар жағалайды екен. Мен оның бәрін естіп жүремін. Жағамды ұстап, таң қаламын. Өмір бойы біреудің бағып-қаққан баласын, біреу шалып жібергісі келеді. Саналы ұрпақты өсіргісі келетін әрбір адамда мұндай қорқыныш болады деп ойлаймын. Балаларым ұзақ уақыт бойы хабарласпай кетсе уайымдаймын», - дейді Жанар Рахымбаева.

Өз өмірін балаларсыз елестете алмайтын Жанар Рахымбаева әлі де біраз жылдар осы орталықта жұмыс істеуді қалайды.

«Өз өмірімді осы балалармен ұштастырғандықтан, өмір бойы соларды зерттеп, сырттан болса да соларды қадағалап жүргім келеді. Егер жасаған қателіктерім болса, солардың бойынан көретін шығармын деген ойдамын. Пендеміз ғой, бәріміз қателік жасауымыз мүмкін. Десе де мен мінсіз болуға тырыстым. Барлығын мінсіз жасауға тырыстым», - дейді ол.

Айжан Жанатқызы