Сымбат Кәрімбекова бір жарым жылдан бері АҚШ-тың түкпір-түпкіріне жүк тасымалдайды
Жүк көлігінің машинисі мамандығы – АҚШ-та жақсы табыс әкелетін қызмет түріне жатады. Жалпы АҚШ-та жүктің 70 пайызы жүк көліктері арқылы тасымалданады. Елдегі көлік инфрақұрылымының дамуы мен осы салаға кіретін кірістің көптігі жүк тасымалдау қызметіне деген сұранысты арттырған. Штатқа жаңа қоныс аударған шетелдіктер үшін лайықты табыс көзі болғандықтан аталған салада жұмыс істейтін ерлермен қатар нәзік жандылар да көп. Осындай қызмет түрімен қазақстандық Сымбат Кәрімбекова бір жарым жылдан бері айналысады.
Оқу бітіріп Америкаға қоныс аударған қазақ қызы шетелдегі табыс көзі, америкалықтардың ерекше мәдениеті туралы Azattyq Ryhy тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Сымбат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылының тумасы. Ол Америкаға 2019 жылы қоныс аударған.
«Өзім Қаныш Сатпаев атындағы политехникалық университетті бітірдім. Мамандығым - Радиотехника, электроника және телекоммуникация маманы. АҚШ-қа алғаш үшінші курс оқып жүргенімде саяхаттап бардым. Кейін дипломымды алып, оқу бітіре салысымен көшіп кеттім. Америкаға алғаш келгенімде түрлі жұмыстар істедім. Біраз уақыт аспаз болдым. Кейін аспаздықтан өсу болмағандықтан оның үстіне жеке кәсібімді ашқым келіп жұмыстан шықтым. Сөйтіп жүргенде карантин басталып кетті. Шектеулерге байланысты Нью-Йоркта тұру қиындаған соң Лос Анджелеске көштім. Сол жерден үй тазалайтын компания аштым. Қол астымда 5 қыздай жұмыс істеді, бірақ қосымша жұмысым болғандықтан компанияға қарау қиын болды. Қыздар кей кездерде ауырып қалады олардың орнына жұмысқа шығып жүріп мүлде демалмайтын болдым. Осылайша, басқа табыс көзін іздей бастадым. Сол кезде менің Америкадағы құрбыларым жүк көлігін жүргізуге кетіп жатты. Менде мың ойланып жүк тасымалына баруға бел будым. Үлкен жүк көлігін басқару сыртынан қарағанда қиын көрінді. Қанша қорықсам да жұмыс істеу керек болды. Бір айдың ішінде жүк көлігін жүргізу талаптарын оқып, көліктің іші-сыртын бәрін үйрендім. Емтиханды сәтті тапсырып, қолыма жүк көлігін жүргізу құжатын алдым. Қазір жүк көлігін айдап жүргеніме бір жарым жылдай болып қалды», - дейді Сымбат.
Ол жүк тасу арқылы көпшілік ойлағандай жоғары табыс үнемі бола бермейтінін айтады. Оның үстіне соңғы бір жылда Америкада жүк тасымалынан табатын табыс айтарлықтай азайған.
«Жүк тасымалында табыс тұрақты деп айта алмаймын. Бір айда жоғары табыс тапсаң, екінші айда ақша аз болуы мүмкін. Аптасына 7 күн толық жұмыс істесеңіз жақсы ақша табуға болады. Ал бір аптада 3,4 күн жұмыс істесең қиындау. Себебі, көлікті жалға алғандықтан ақшасын төлеу керек. Айлық табысты жалпылай айтсақ, жүк көлігін жүргізіп 25 күн жұмыс істесең 6 мың доллардан жоғары ақша табуға болады. Аталған соманы шығару үшін күн-түн демей жұмыс істеу керек. Соңғы бір жылда Украинадағы жағдайға байланысты жүк көлігінде жұмыс істейтін адамдардың табысы азайды. Бензин бағасы 2 долларға қымбаттап, жүктің де бағасы біршама түсті. Сондықтан жүк көлігін жүргізіп үнемі көп ақша табуға болады деген қате пікір», - дейді жүргізуші қыз.
Жүк көлігін жүргізетіндерге қойылатын негізгі әрі басты талап – өзінің және өзгенің қауіпсіздігін қатаң сақтау және жолда аса мұқият болу.
«Жолда айлап-жылдап жүргендіктен жан-жағыңа мұқият болу өте маңызды. Біздің әр қателігіміз үлкен зардап әкелуі мүмкін. Жолдың өзіне сай қызығы мен шыжығы бар. Жақсы жағы ел-жер аралап, оқыс жағдайларда әрекет етуді үйренесің. Ал, басты қиындық жауапкершілік пен ауа райы. Әсіресе қыс мезгілінде ұзындығы 21 метр салмағы 40 мың тонна болатын үлкен көлікті басқару оңайға соқпайды. Жолда түрлі жағдайлар болады. Тежегіш істен шығып, кез-келген жері бұзылып қалуы мүмкін. Белгі бір жүкті қажетті жеріне жеткізу және көлікті тізгіндеу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сәйкесінше соған сай айлық төленеді», - дейді ол.
Сымбат қыз баласы сезімге берілгіш келетіндіктен үлкен жол көлігін басқару эмоционалды жағынан қиын екенін айтты.
«Жүк көлігін жүргізу қыз бала үшін эмоционалды тұрғыда қиын. Себебі, көлік бұзылған кезде қыздар байбалам салуы мүмкін. Көшеде немесе далада көлік бұзылып қалып қою деген дүниелерді түсіну, шешім қабылдау қиындау. Дегенмен әр нәрсенің өз қиындығы болады. Жолда жүре келе үйреніп кетесің», - дейді отандасымыз.
«Мені көргендер орамалымды сыйлап орын береді»
Қазақстандық қыз америкалықтардың орамалға деген ерекше құрметіне таң қалғанын жеткізді. Көшеде көргендер орын беріп, ерекше жанашырлық танытады дейді ол.
«Алғаш орамалды 2017 жылы таққанымда бізде көбі аса жақсы қабылдай қоймады. Өзге ағымға кіріп кеткен жан секілді үрейлене қарайтындарды көргенде өзімді жайсыз сезінетінмін. Ал, мұнда қай жағынан да бостандық бірінші сезіледі. Қандай адамды көрсем де, ол мейлі афроамерикдық болсын «мама» деп атайтын. Бұл жақта кіші үлкенге орын беру керек деген түсініктер жоқ. Жасым кіші болсада мені көрген жандар орамалымды сыйлап орын беретін кездер көп болды. Жұмыс жағына келсек, орамалыма қатысты аса қатты шектеу көрген жоқпын. Сенің дініңе, сеніміңе деген құрметті сезіну өте керемет сезім. Америкада тұрғандықтан менің жақындарыма ол жақтағы өмірім қызық. Не істеп, не қойып жүргенімді көбірек көрсе, анамның да жүрегі тыныш болады. Оның үстіне көргендерімді естелік ретінде сақтап қалғым келеді. Осы мақсатта қазір әлеуметтік желіні жүргізіп жүрмін», -дейді қазақстандық қыз.
Сөзін қорыта келе Сымбат болашақтағы жоспарымен бөлісіп, америкалықтардың мәдениетіне жеке тоқталды.
«Болашағымды Америкада жасау маған жеңілірек. Себебі, оқуды бітіргеннен кейінгі қалыптасу кезеңін осы елде өткіздім. Десе де, елге қайтуға түбегейлі қарсымын деп айтпаймын. Туған жер қашанда ыстық. Көбі Америкада өмір сүру қаншалықты қиын деп сұрап жатады. Өз басым Америкада өмір сүру сапасына баға бере алмаймын. Кез-келген елдің өзінің жақсы жақтары болады. Американың ерекшелігі шынымен бостандық сезіледі. Адам құқығы мен бостандық тұрғысынан Америка өзіме ұнайды. Үлкен компаниялардың көбі Америкада. Бұл жерде жұмыс істеймін, қолымнан келеді деген адамға қоғам да билік те сәйкесінше көмек көрсетеді. Көре алмаушылық, аяғынан тарту деген дүниелер жоқ. Бір сөзбен алғанда негатив өте аз ел. Америкаға әсіресе Нью-Йорк қаласына келгенде көбіне көзге бірінші қоқыс немесе үйсіз адамдар көрінуі мүмкін, бірақ бұл елде ары қарай жұмыс істеп, өмір сүруде өзіндік ерекшелік бар. Сондықтан, бастысы қорықпау керек», - дейді Сымбат Кәрімбекова.
Америкада жүк көлігін жүргізетін қыздарды кездестіру қалыпты жағдай. Бұған дейін дәл осы салада жүк көлігін жүргізетін ақтөбелік Ассоль Мұхамеджанова туралы жазған едік. Қазақстандық қыз сұхбатында жүк тасып, айына шамамен 10 мың доллар табатынын айтты. Бұл теңгеге шаққанда 5 млн теңгені құрайды. Десе де, жүк көлігін жүргізетін екі отандасымыз да жүк тасымалында жоғары табыс табу сәйкесінше үлкен күш пен еңбекті қажет ететінін қоса айтады. Қазір шетелге шығып табыс табатын қазақстандықтардың саны күннен-күнге артып келеді дейді олар.