«Түтіннің ортасынан үш баласы бар әйелді құтқардық»: өрт сөндіруші ажалмен бетпе-бет келген оқиғалары туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Ол А.Забикулин атындағы алтыншы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді

Астана қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің біріне елордадағы тұрғын үй кешеніндегі өрттен үш адамды құтқарып, өзі ажал құшқан, I дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Асқар Забикулиннің есімі берілді. Алғыс айту күнінде Azattyq Ruhy тілшісі жұмыс бабында ажалмен бет-бет келетін, соған қарамастан, кез келген жағдайда қарапайым азаматтарды құтқаруға асығатын, Асқар Забикулиннің әріптесі болған өрт сөндіруші Абылай Өтегеновті әңгімеге тартқан едік.

– Абылай, әңгімені өзіңіз жайлы ақпараттан бастасақ. Неше жылдан бері құтқарушы болып жұмыс істейсіз?

– Астана қаласында Асқар Забикулин атындағы алтыншы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеп келе жатқаныма сегіз жылдан асты. Жалпы, мамандығымыз болған соң, ажал аузынан көп адамды құтқардық. Бірақ, жұмысымыз сол, біз оны ешкімге жария қылып, мақтанып айтпаймыз. Енді, өзімнің есімде қалған ең қиын бірнеше жағдайды айтып берейін.

Астана қаласындағы «Талан Тауэрс» тұрғын үй кешенінің 22-қабатынан бір отбасын құтқарғанымыз есімнен кетпейді. Өрт негізі 14-қабаттан басталған еді. Сол жерді өшіріп жүрген кезде бір кісі көмек сұрап, жүгіріп келді. Жоғарыдағы пәтерлердің бірінде бір отбасы түтіннен шыға алмай отыр екен. Сол кезде, балалы-шағалы бір үйді төмен алып түсу үшін, яғни өрт болып жатқан жерден аман алып шығу үшін біз өз аппараттарымызды оларға шешіп бердік. Өйткені, олар түтінге шыдамайтын еді. Әрине, басымызды қатерге тіктік, өзіміз өлім аузына түсуіміз мүмкін еді, бірақ біз үшін ең бірінші міндет адамдарды аман алып шығу ғой. Жанымда серігім болған. Осылайша, біз үш баланы есептегенде алты адамды құтқарған едік.

Өткен күзде Мәңгілік ел даңғылында орналасқан үйлердің бірінен қатты өрт шықты. Өрт болғанда, қарға адым жерде тұрған зат, адам көрінбейтін көк түтін болды. Сол түтіннің арасында үш баласымен бірге бір әйел қалған екен. Жапа-тармағай соларды алып шықтық. Басқа қабаттарда әрқайсысының бір-бір баласы бар екі әйел түтіннен шыға алмай қалған. Іздеп жүріп, соларды шығардық. Бұл мақтанғаным емес, қызмет барысындағы жағдай ғой.

– Абылай, құтқарушылардың шытырман оқиғалары еріксіз сүйсінтеді. Күнделікті тіршілікпен жүргенде қаланың екінші бір шетінде сіздер өз өмірлеріңізді тәуекелге тігіп, біреудің жанын арашалап жатады деген ойға да келмейді екен. Мәселен, дәл қазір сұхбат жазып отырғанда мына шаһардың іші де жанымдағыдай тып-тыныш сияқты көрінеді...

– Міне, сұхбаттың алдында ғана бір шақыртудан келіп отырмыз. Әрине, бейбіт күнде өмір сүріп жатқан халыққа біздің жұмыс білінбеуі де мүмкін. Астанада он әскери өрт сөндіру бөлімі бар болса, соның әрқайсысына күніне кемі 4-5 шақырту түседі. Тіпті, кемі 2-3 шақырту болды деген күннің өзінде бір тәулікте Астанада кемі 20-30 өрт тіркеледі деген сөз. Әрине, өрттердің ауқымы әртүрлі болады: бір шақыртуға барғанда жай қоқыс жанып жатады, біріне барсақ, адамның көлігі түгел өртеніп кетеді, енді біріне барғанда бір үйдің түгел жанып кеткенін көріп, қапаланамыз.

– Шақырту түскен кезде қандай өрт ошағына бара жатқандарыңызды білесіздер ме?

– Әрине. Шақырту түсе салысымен біз барлауды бастаймыз. Өрт сөндіру бөлімшесінен шықпай жатып-ақ өрт туралы ақпарат жинаймыз, жолдың қозғалысы туралы алдын ала болжап аламыз. Ең бастысы, шақыру жіберген адам байбаламға салынбай, жағдайды дұрыс хабарлауы керек. Сонда біз де дұрыс шешім қабылдаймыз.

– Бүгін алғыс айту күні. Талай адамды құтқарған соң, сізге алғысын айтатын адамдар да көп шығар. Сіз өмірін сақтап қалған адамдар хабарласып, алғысын айтып тұра ма?

– Негізі қызмет кезінде құтқарылған адамдарға байланыс нөмірімізді беріп, хабарлассын деп, өзіміз туралы айта алмаймыз. Өйткені болмайды. Көп адам өрт сөндіріп болғаннан кейін, оларды аман алып шығып, дәрігерлерге тапсырғанда қолымыздан ұстап, алғысын айтып жатады. Бізде өрт сөндірген соң ол жерде тұратын уақыт болмайды ғой, өйткені, келесі шақыртулар бар. Яғни, алғыстың көбін біз тіпті естімей де кетеді екенбіз. Рақмет айтып үлгерсе сол жерде үлгереді, болмаса, ол кісілерге саулық тілеп, ары қарай жұмысымызға аттанып кетеміз.

– Ал қызметтен тыс уақытта әлдекімді ажалдан аман алып қалған кезіңіз болды ма?

– Иә, ондай жағдайлар да болды. Жалпы, жұмысың аяқталғаннан соң да жан-жағыңа қарап, сақ жүресің. Өз басым адамдарға кез келген уақытта көмектесіп, құтқарғым келіп тұрады. Мәселен, бірде демалыс уақытында суға түсуге бардым. Демалыс кешенінде адам көп болды. Сол сәтте байқасам, ата-анасы үрленетін матрацқа баласын мінгізіп, суға жіберді. Әлгі бала өте кішкентай, оның үстіне, ата-анасы қараусыз қалдырды. Бір сәтте матрац аударылып, бала суға батып кетті, тұншығып жатты. Бірден суға сүңгіп баланы алып шығып, әке-шешесіне тапсырдық. Сол сәтте әрине, ата-анасы жылап, кешірім сұрап, алғыстарын білдірді.

– Абылай, өз отбасыңыз туралы айта кетіңізші?

– Жұбайым екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмын. Бір тәулік жұмыста, үш күн үйде демаламын. Демалыс уақытында барынша бала-шағама уақыт бөліп, әйеліме көмектесуге тырысамын. Өйткені, онсыз да жұмыс бабына байланысты түзде көп жүремін.

– Абылай, Алғыс айту күнінде өзіңіз кімге алғыс білдірер едіңіз?

– Әрине, ең алдымен ата-анама. Өкінішке қарай, әкем өмірден озды, анам қасымызда. Отбасыма, жан-жарыма, әріптестеріме, осы жолда кездескен ұстаздарыма алғыс айтамын!

– Ал біз өз тарапымыздан Сізге алғыс айтып үлгермеген, бірақ сіз құтқарып қалған барша азаматтың атынан алғыс айтамыз! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Сымбат Молдатай