«Стокгольм синдромы» – психолог зорлық-зомбылық көрген әйелдердің жан дүниесін сипаттап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Отбасылық психолог Ақгүл Құсайынның айтуынша, зорлық көрген әйелді қайта өмірге оралтып, отбасы құндылықтарын көрсете алатын тек жақындары ғана

фото: sputnik.kz

Ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап келе жатса да, үнсіздік танытатын, әділдік іздеудің орнына, мәселесін тығатын әйелдер бар. Психолог Ақгүл Құсайынның айтуынша, бұндай жағдайдағы әйелдер көбіне «Стокгольм синдромына» ұшыраған жандар болып келеді. Оларды осы тығырықтан алып шығуға бола ма, кәсіби психологқа баруға ұялған әйелдер «ешкім көріп отырған жоқ» деген жалаумен псевдопсихологтар өткізіп жүрген марафондарға неге әуес, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамды қалыпты өмірге, «жұдырықсыз» ортаға бейімдейтін кімдер? Azattyq Ruhy Ақгүл Құсайынға осы сауалдарды қойған еді. 

– Ақгүл ханым, әдетте, қазақтың тәрбиесі психолог ұғымын жатсынады деп жатамыз. Бірақ, қазір желіде псевдопсихологтар көбейіп кетті де кәсіби психологқа барудан ұялатын қыз-келіншектер онлайн-марафондарға қатысып, тыныш отыра беретін болды. Жалпы, псевдопсихологтарға сену және қиналған кезде, яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, болмаса, күйеуінен қолдау таппаған әйелдердің кәсіби маманға жүгінбеуінің себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазақ тәрбиесі психология ұғымын жатсынады дегенге қосыла қоймаймын. Себебі осы сұрақты тыңдап отырып, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабы есіме түсіп отыр. Қазақ әйелдерінің қазіргі күйі - өте бұрынғы, терең жарақаттардың салдары ме көрінісі деуге болады. Кітапта жастайынан жесір қалған, үш жетім баланы жетілдірсем деп жанталасқан қазақтың әйелінің өмірі баяндалады емес пе!? Біздің қоғамда әйелдер жүктің бәрін өзі көтеруге, шыдамдылыққа, төзуге үйренген.  Терапиялық кездесу барысында өзгеден сұрауға еті үйренбеген әйелдерді жиі кезіктіремін, сөзіме сол әйелдердің өмірі дәлел бола алады. Әрине, бұндай жағдайда қоғам «ол өте мықты әйел» деуі мүмкін, бірақ, шын мәнінде бұл әйелдің  өз бойындағы әлсіздікті мойындамауға апаратын аянышты хәл. Өкінішке қарай, жан дүниесінде болып жатқан қиындықтың қаншалықты ауыр жүк екенін сезбей, көрмей, ақыр соңында, сол қиындықтарға еті үйреніп, қалыпты жағдай деп қабылдайтын жандар жоқ емес, бар.

Екіншіден, психологиялық көмек алудан бейсаналы қашудың бір себебі, ішінде жабулы күйде тұрған қазанды ашса, шамасы келмейтіндей үлкен шындық шыға ма деп қорқады. Яғни, қоғам не жақындары әйелді күйеуінің ұрып-соғатыны үшін тіпті сөкпеуі мүмкін. Бірақ, әйел «халық не дейді?», «бізді танитын отбасылар не ойлайды», «ата-анама, туыстарыма не деймін?», «балаларым әкесіз өссе не болады?» деген ойлардан өзі қорқып, әрі ол қорқыныштарды ойша үлкейтіп алады. Ал, шын мәнінде, ол «тиран» жолдасынан құтылса, қарапайым адамдар сияқты өмір сүре алатынын, балалары күндегі ұрыс-керістің орнына тыныш отырып тамақтана алатынын, көзі көгеріп, беті ісігенде үйде отыратындай, қамалмайтынын толық мойындай алмайды, ерік-жігері жетпейді. Сондықтан кәсіби психологқа бару керек, сол себепті де көмек сұрай білу керек.

Сондықтан, бәрін сол ретпен қалдырып, проблеманы психологтың көмегімен шешуге жүрексінеді. Ал, зорлық-зомбылық көрген әйел неге психолог маманға жүгінбейді деген сұраққа келсек, оның әртүрлі себептері бар.  Көп жағдайда ондай әйелдер кәсіби маманның бар екенін, оның терапиясы арқылы емделуге болатынын білмейді де.  Екінші жағынан, ажырасудан қорқады. Жолдасы жайлы айтып, оның адам төзгісіз әрекеттерін жария етсем, одан ажырассам, «баламды қалай асыраймын, жұрт не дейді» деген сияқты шырмалаңға түседі. Осылайша, әйел үнсіздікті таңдайды. Сондай-ақ психологиядағы тағы бір синдром - жастайынан зорлық-зомбылық көрген қыз бала кейін күйеуінің зорлық-зомбылықтарына «шарасыздық сезімімен» жауап беруі мүмкін. Бұл біздің салада «Стокгольм синдромы» деп аталады. Бұл дегеніңіз травматикалық басыбайлылық деген сөз. Яғни, әйел өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен адамға одан ары байланады, ұрып-соқпаған күндерін «шуақты, жайлы күндер» сияқты сезінуі, соған риза болып өмірін кешуі десек те болады.

Меніңше, зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан ер адамнан кетпей, ол туралы үнсіз қалып жатқан әйелдердің проблемасы осында. Ал, онлайн марафондар дегеніміз - өзінің жан-дүниесінде болып жатқан қарама-қайшылықтардың ашылуына көмектесуі мүмкін, бірақ, нағыз өзекте жатқан мәселені түбегейлі шешпейді. Адам «тығылып», марафонға қатысар, іштегі жарасының беті ашылар, ал, ары қарай оны емдемесе, жарасынан ірің ағып, жағдай одан сайын қиындайды.  Міне, көптеген қыз-келіншектердің онлайн марафондардың осы тұсын көрмейтіні қорқыныш ұялатады.

– Қанша тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсе де жақ ашпайтын әйелдер бар: жалпы, неге әйелдің психологиясы осынша төзімді, іштен тынуға бейім келеді? Оны қалай өзгертуге болады?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніңіз - жай ғана бір адамның басынан кешіп жатқан «отбасылық мәселесі» емес.  Ол туралы үндемеудің өзі қылмыс. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп өз басыңызды күйттеу дұрыс емес, өйткені, сол «құпия» ашылмағандықтан, талай әйел зорлықтың құрбанына айналады. Сондықтан, адами тұрғыда сондай әлсіз жандарға қолдау көрсеткеніңіздің өзі олар үшін баға жетпес әрекет болар еді.  Әрине, ол дегеніміз, сіз әрбір отбасының ішкі жағдайына араласып, кикілжің тудырасыз деген сөз емес.  Қарапайым мысал ретінде, жаныңыздағы адамдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң бар екенін, қиянат көрсең, баратын орындардың ашылғанын, тиісті органдардың нөмірін айта жүрсеңіз де бұл тұрмыстық зорлыққа қарсы күреске қосқан үлесіңіз болады.

– Осындай психологиялық соққы алған әйелдерді кейін ортаға, қоғамға қалай тезірек бейімдеуге болады деп ойлайсыз?

– Жақындары арқылы, ортасы арқылы...Жалпы, біреуден зорлық-зомбылық көрген адамның бойында ашу-ыза, болашақ өмірге деген алаң күйдің болары анық. Дәл осы тұста ол адамға жүректен шыққан сөздер ғана көмектесе алады. Ал, адамның жүрегіне жол ашатын – ол мейірім. Сондықтан, жолдасынан соққы көріп, ажырасқан әпке-сіңілілеріңіз болса, ол адамнан жылулық аямау керек. Аға-бауырдың қолдауы тіпті маңызды. Яғни, «мені кім қабылдайды» немес «өмірде барлық ер адам бірдей» деген сияқты стереотипті жою үшін адамның ең жақындары қолдау танытуы керек. Мейлі ол қаржылай қолдау болсын, мейлі ол жай ғана бір жерге апарып, қыдырту болсын, болмаса, зорлық зомбылық құрбанымен басқа, көңілді тақырыптарда әңгіме құру болсын, сізге байқалмағанмен, талай уақыт қиындық көрген адам үшін осы әрекеттердің әрқайсысы өзінше маңызды, өзінше керек дүниелер. Осы арқылы сіз жақсылықтан күдерін үзе бастаған адамның бойынан мейірім мен өмірге деген махаббатты қайта оятасыз.

Отбасында балалар тәрбиесіне қатысты да солай: негізі балаға ең керегі қымбат ойыншық, әдемі киім емес, баланың ең бірінші іздейтіні – ата-анасының мейірі мен махаббаты. Сондықтан, айтарым, зорлық-зомбылық көрген адамды қайтадан дұрыс ортаға бейімдеу үшін, адамдар арасындағы мәселе жұдырықпен емес, кәдімгі сөйлесу арқылы шешілетінін дәлелдеу үшін оның жақындары үлгі бола алады, қолдау бола алады. Одан кейін әрине, психологтың, мүмкін кейде дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің көмегі маңызды рөл атқарады. Осы тепе-теңдік болғанда, кез келген адамды депрессиядан алып шығуға болады деп ойлаймын.

– Ақкүл ханым, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет! Оқырмандарымызға ақыл-кеңесіңіз жетеді деген үміттеміз, сау болыңыз!

Сымбат Молдатай