«Соғыстан кейін көріністі еске түсірді»: Түркияға барған қазақстандық құтқарушымен сұхбат

Автор: Сағыныш Ибрагим

Астана қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы Айдын Қиынбаев 12 күн бойы құтқару жұмысының бел ортасында жүрді

Мемлекет басшысы Түркияда жер сілкінісі болған күннің ертеңінде құтқару жұмысын көрсету туралы шұғыл тапсырма берді. Қазақстандық құтқару тобының алғашқы эшалоны 7 ақпан күні аттанса, екінші топ 8 ақпан күні Түркияның Газиантеп қаласына барды. Құтқарушылар қираған қалаларда бас-аяғы 12 күн құтқару жұмыстарын жүргізді. Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстаннан кеткен екініші топтың құрамында болған Астана қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы Айдын Қиынбаевпен сұхбаттасты. Ол құтқару жұмысы қалай жүргенін кеңінен баяндап берді.

«Астана қаласының жедел құтқару жасағы және Көкшетау, Қарағанды қаласының құтқарушылары бірігіп, 2023 жылдың 8 ақпаны күні жедел Газиантеп қаласына аттандық. Түркия мемлекетінің уақытымен кешкі сағат 17:30 да Газиантептің әуежайына қондық. Біздің жасақта 56 құтқарушы және апатқа қарсы медицина қызметкерлері болды.

Бізден бір күн бұрын Түркияға Алматының құтқарушылары кеткен еді. Оны Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев бастап барды. Олар қасындағы көмекші, еріктілермен бірге бізді күтіп алды. Барлығы 12 күн құтқару жұмысын жүргіздік. Түркияда болған апатқа Алматы қаласының құтқарушыларын алғаш аттандырған сәтте бізде іштей кетуге дайындалып жүрдік. Сол күннің ертеңіне басшылық бізді көтеріп, құжаттарды дайындап, шұғыл қажетті құрал-жабдықтарды баратын техникаға тиедік. Осылайша, бір күннің ішінде жиналып, апат болған елге аттандық», - дейді құтқарушы.

«БІРІНШІ БАРҒАН КҮНІ 24 САҒАТ ЖҰМЫС ІСТЕДІК»...

Қазақстаннан барған құтқарушылардың екінші тобы барған күні өзара бөлініп, жер сілкінісінде түгелдей қираған қалалардың бірі – Нұрдағы қаласында жұмыс істеді.

«Газиантеп қаласына қонғаннан кейін ары қарай 50-60 км болатын сілкініс кезінде үлкен зардап шеккен Нұрдағы қаласына бардық. Астана мен Қарағандыдан жиналған құтқарушылар бірігіп, қалаға түнделетіп жеттік. Қалаға кіріп келген сәтте өз басым сау қалған үй немесе ғимаратты көрген жоқпын. Үйлердің көбісі жермен-жексен болған. Аман қалды деген ғимараттардың терезелері мен жарлары жарамсыз күйде құлаудың алдында тұрды. Қаланың сол кездегі бейнесі соғыстан кейінгі көріністі еске түсірді.

Қазақстаннан барған құтқарушылар бәріміз қаланың қауіпсіз деген аумағына орналасып, халыққа арнап тігілген шатырлардың ортасындағы штабқа келдік. Сол жерден бізге шатыр тігуге жер беріп, орналастырды. Бізбен бірге ерікті аудармашылар барды. Құрал-жабдықтарымызды түнде дайындап, ертеңіне тағы 6-дан бастап құтқару жұмысына кірістік. Бірінші барған күні 24 сағат жұмыс істедік», - дейді Айдын Қиынбаев.

Қазақстаннан барған құтқарушылар 3 адамды үйіндіден аман алып шығып, барлығы 11 адамның денесін шығарған.

«Бізге берілген нысанға алдымен барлау жұмысын жүргіздік. Арнайы құралғы арқылы тексеру барасында үйінді астында тірі адамдар бар екені анықталды. Құтқару тобының қатарында өзіміздің кинологтар да болды. Олардың көмегі аз болмады.  Тірі адам бар деген орын туралы ақпарат келген кезде сол жерді екі бүйірінен үңгіп, қаза бастадық. 24 сағаттық жұмыс барасында таңғы уақытқа қарай біз 3 адамды – 50 жас шамасындағы әйел, 24 жастағы қыз және ер адамды тірідей құтқарып алып шықтық. Үш күн үйіндінің астында жатып қалған олардың жағдайы ауыр болды. Десе де аман-есен алып шықтық. Кейін өзіміздің құтқарушылар болып, екіге бөлініп, 8 сағаттан жұмыс істедік. Осылайша, жұмыстан кейін құрған шатырымызға келіп, тамақ ішіп, демалып қайта шықтық.

Құтқарушылардың жұмысы топтық жұмыс екені белгілі. Сондықтан ол жерде бір-біріңді тыңдау өте маңызды. Бір-бірімізбен тек рация арқылы байланысқа шығып тұрдық. Басқа жақтан келген құтқарушылардың тілін түсінбейміз, сондықтан өзіміздің күшімізге сеніп, күндіз-түні жұмыс істеп, барлығы 11 адамның денесін шығардық. Біз іздеу жұмысын жүргізіп жатқан кезде түрік бауырларымыз от жағып, үйінді астында қалған туысқандарын, бірі анасын, бірі баласын қозғалмай күтіп отырумен болды. Жұмыс істеген нысанды қайта тексеру барасында ешқандай адамның денесі жоқ деген ақпарат алғаннан кейін құтқару жұмысын аяқтадық. Басшылықтың бұйрығымен, Газиантеп қаласына Қазақстаннан келген өзге де құтқарушылардың қатарына қосылдық», - дейді Астана қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы.

«ТҮРІК ХАЛҚЫНЫҢ САБЫРЛЫҒЫ ТАҢҒАЛДЫРДЫ»

Қазір қазақстандық құтқарушылардың ешқайсысы оқыс жағдайға ұшырамай аман-есен құтқару жұмысын аяқтап елге оралды. Оларға мемлекет трапынан еңбегі үшін сыйақы берілетін болады.

«Құтқару жұмыстары кезінде әрине түрлі жағдайлар болады. Үйінді астына кіріп-шығып жүрген сәтте жер тағы сілкініп кетсе өзі құлап тұрған үйлер, ауыр тастар басып қалуы мүмкін. Біз соның бәріне дайын болып келдік. Десе де, біздің жасақтың ешқайсысы оқыс оқиғаға тап болмады. Алланың қолдағаны шығар, аман-есен отбасымызға оралдық. Құтқару жұмысын жүргізу кезінде тамақ, жататын орын жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Бізге үш мезгіл тамағымызды нысан бойына әкеліп отырды. Ал киім-кешек, құралдарға келетін болсақ, ол өзімізде дайын тұрады.

Елге келген сәтте Төтенше жағдайлар министрі күтіп алып, марапатталатынымызды айтты. Біздің жұмысымыз осындай жағдайларға дайын болу, сондықтан, марапат алайық деп барған жоқпыз. Басшылықтан келген бұйрықты орындау – әрбір құтқарушының міндеті және ол үшін жүлде сұрамаймыз», - дейді құтқарушы.

Апат жағдайын көзімен көріп, ортасында болған Айдын Қиынбаев түрік халқының ерекше бауырмалдығы мен сабырлығына риза болғанын айтты. 

«Апат айтып келмейді. Сондықтан әр адам бірінші төлқұжатын, қажет деген дүниелерін оңай жерде ұстап, төтенше жағдайға әрдайым дайын болып жүруі керек. Ертең не боларын білмейміз, барынша сақтықта жүргеннің артықтығы жоқ.

Түркия халқының жағдайын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Адамдар қанша жыл еңбектеніп алған үйінен, дүниені былай қойғанда отбасы, жақындарынан айырылып қалды. Десе де мені халықтың мықтылығы сүйсіндірді. Сондай-ақ олардың бауырмалдығына таңғалдым. Біздің шатырдағы туымызды көріп, киімдеріміздегі жазуды оқыған әрбір түрік азаматы тоқтатып алып, алғысын жаудырды. Бізді бауыр санайтынын айтып, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Олардың осындай қолдауы демалмастан жұмыс істеп жүрген бізге дем бергендей болды.

Бізді елге келгеннен бастап құрметтеп, күтіп алып жатқан жандардың барлығына алғыс айтамын. Еліміздің басына апат пен нәубет келмесін. Ал түрік халқына сабырлық, бәрі басылып орнына келсін деген тілек білдіремін. Апаттан қираған қалаларды қалпына келтіру оңай жұмыс емес. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деп сөзін қорытындылады Астана қаласы жедел құтқару жасағының құтқарушысы Айдын Қиынбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.

Құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мыңнан астам текше астам метр үйінділерді бөлшектеді. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстар жүргізді.