Жемқорлық, АЭС салу, олигархтардың проблемасы: Еділ Жаңбыршин елдегі түйткілді проблемалар туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Ол көңілі толмайтын ведомстволарды да атап өтті

Президенттің пәрменімен таратылған Мәжілістің VII шақырылымында белсенді депутаттар қатары аз болған жоқ. Солардың бірі – Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі болған – Еділ Жаңбыршин. Экс-депутат Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында «AMANAT» партиясымен атқарған шаруалары, Мәжілістің VII шақырылымы аясында қабылданған қандай заңдарға үлес қосқаны, Әділетті Қазақстанды құруға қатысты ойымен бөлісті.

– Еділ Терекбайұлы, 2021 жылдың қаңтарынан бастап Мәжілістің VII шақырылымы өз жұмысын бастады. Діттеген мерзімін аяқтамаса да бірқатар заң қабылданды. Осы аралықта қай заңдарды ерекше атап өтер едіңіз?

– Мәжілістің VII шақырылымы өте белсенді жұмыс атқарды. Елдегі реформаларға байланысты халық арасына барып, депутаттар түсіндірме жұмысын жүргізді. Конституциялық реформаға және өзгеріп жатқан заңдарға байланысты, Президент сайлауына қатысты түрлі шараларға араластық. Ал заң шығару жұмысына келер болсақ, 2 жылдың ішінде Мәжілісте 264 заң жобасы қаралды, оның ішінде 66-сы депутаттардың бастамасымен жасақталған, ал 191-і қабылданып, Сенатқа жіберілді. Жеке өз тарапымнан және әріптестеріммен бірлесіп, заң жобаларына 200-ге жуық жаңа норма ұсындық.

Конституцияға өзгеріс енгеннен кейін, Мәжілісте бірнеше Конституциялық заңға тиісті өзгерістер еніп, қабылданды. Олар «Республикалық референдум туралы», «Сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының Президенту туралы», «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы», «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы».

Жыл басында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның күші жойылды. Сонымен қатар, бұрын болмаған: «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Өсімдіктер дүниесі туралы» жаңа заңдар қабылданды. Бұдан бөлек, өзім төрт заң жобасына қатысты жұмыс тобын басқардым. Оның ішінде, тіпті әлемдік тәжірибеде болмаған ерекше заң жобасы бар. Нақтырақ айтқанда, Семей ядролық полигонына қатысты заң жобасымен жұмыс жүргіздік. Яғни, бұл заң жобасы бойынша Семей ядролық қауіпсіз аймағы құрылады және оны мемлекет тарапынан арнайы оператор басқарады. Заң жобасында қаралған негізгі мақсаттар: таза жерлерді шаруашылық айналымға шығару, радиациямен ластанған жерлерді реабилитация жасау және бақылау, мемлекетіміздің ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімдерді іске асыру, ядролық энергияны бейбітшілік бағытта пайдалануға қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу. Әзірленген бұл заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті.

Бұдан басқа, «Қазақы тұқымдас иттер туралы» заңға да өзгерістер енгізуге ықпал еттік. Ол жерде тіпті заңның атауын да өзгертуге тура келді. Бұған дейін заң жобасының атауы «Ұлттық тұқымдас иттер» деп келген. Соны бастамамызбен «Қазақы тұқымдас иттер» деп ауыстырдық. Одан басқа, қоғамдық бақылауға қатысты, көші-қон мәселесі, салық кодексіне байланысты көптеген өзгерістер заң жобаларына енгізілді.

Қаралып жатқан көлікке қатысты заң жобасының ішіне ерекше енгізілген бір заң нормасы – уақытында ұшпай қалған әуе ұшақтарының жолаушыларға компенсация төлеуі. Өздеріңіз білесіздер, біздегі әуекомпанияларымыз жиі кешігіп ұшуды әдетке айналдырған. Меніңше, бұл біздің халыққа керек заң нормасы.

Мәжіліске енгізіп үлгермей қалған бір заң жобасы бар. Ол құмар ойынға қатысты. Бұл қазіргі қоғамның дерті. Бәс тігу көбейіп кетті. Бұл көптеген адамдардың тұрмыс-тіршілігін қиындатып жіберді. Тіпті кейбір азаматтарымыз өздерінің жеке үйлерін ойынға салып жіберуде. Осы мәселені біз заң жүзінде реттеуіміз керек. Құмар ойындарды 100 пайыз тыйып тастауды қолдаймын. Бұл саладан пайдадан көрі, қоғамға зиян көп.

– Мәжіліс отырысында депутаттық сауал жолдауда белсенділігіңіз басым. Осы ретте жолданған депутаттық сауалдардың жауаптары қаншалықты тұшымды болды?

– Ең алғашқы депутаттық сауалым 2021 жылдың 12 ақпанында Үкімет басшысына жолданды. Ол импорт алмастыруға қатысты болды. Өйткені бізде сырттан келетін тауарлар өте көп, жылына 41 млрд АҚШ долларындай қаржы сырт елдерге кетіп жатыр. Бұл ретте мұнай-газ секторындағы мәселелерді көтердік. Себебі кейбір ірі компаниялардың импорты 80-90 пайызға дейін жетеді. Ал егер біз сол қажетті тауарларды өзімізде шығаратын болсақ, ең бірінші жұмыссыздықты азайтымыз. Жаңа технологиялар әкелінеді. Инвестиция құйылады. Біздің инженерлер мен жұмысшылардың біліктіліктері көтеріледі. Бюджетке түсетін салық мөлшері артады. Сондай-ақ теңгенің бағамы да тұрақталады. Міне осындай көптеген мультипликативті әсері бар мәселені көтерген едік. Бірақ Үкіметтің жауабына көңіліміз толмады. Сауалды қайтадан жібердік. Бірақ сонда да әлі күнге дейін осы мәселе кенже қалып қойып отыр. Менің ойымша, экономикада Үкіметтің бірінші кезекте айналысатын шаруасы осы – импортты алмастыру болуы керек.

Біз көтерген резонансты мәселенің тағы бірі ол қуаңшылыққа қатысты болды. Ол депутаттық сауал көп жерлерге тарады. Себебі космосқа ұшып, цифрландыру заманында тұрып жатқан ел үшін малға азық тауып бере алмау – өте ұят. Біз өндірістік-аграрлық мемлекетпіз. Бізде ауыл шаруашылығын игеру дәстүрі бұрыннан бар, мамандар да жеткілікті. Кеңестік кезеңде агросектор саласы мықты дамыған болатын. Соның бәрін біз құртып алдық. Ауыл шаруашылығы министрлігі сол жағдайда өзінің қауқарсыз екенін көрсетті. Жергілікті билік те бұл проблеманың алдын алған жоқ, тіпті реттей де алмады. Өлген малдың санын да дұрыс шығара алмады. Көптеген жеке кәсіпкерлер, жалпы халық малынан айырылып қалды. Осы мәселені көтергеннен кейін Үкімет өз қорынан 1,9 млрд теңге қарастырды, Маңғыстау облысына біраз қаржы жіберілді. Осылайша біз депутаттық сауал арқылы Үкіметтің назарын қуаңшылық мәселесіне аударта білдік.

Бұдан бөлек, көңіліңіз толмайтын, Үкіметтің тиісті деңгейде атқармай отырған қандай шаруаларын атап өтер едіңіз?

– Кезекті депутаттық сауалымыз Ұлы Отан соғысында із-түссіз жоғалып кеткен, тұтқынға түскен, өзге елде жерленген ардагерлерге қатысты болды. Ол мұрағаттың барлығы қазір Ресейде және Германияда сақталған. Бүгінде Ресей өз ардагерлерінің тізімін цифрландырып жатыр, біздікі өкінішке қарай тасада қалып қойып отыр. Біз де соны цифрландырып алмасақ, ертеңгі күні барлығы ескіреді, жойылады. Маған осы мәселемен айналысып жүрген үкіметтік емес ұйымдар шықты. Сол базаны реттеу бойынша Үкімет басшысына депутаттық сауал жібердік. Өкінішке қарай келген жауап тұшымды болмады. Бұл мәселемен өзіміздің министрліктер айналысады деп мәселені жаба салды. Меніңше, бұл мәселемен үкіметтік емес ұйымның жігіттері айналысқанда жақсы нәтиже болар еді.  Себебі оларда тәжірибе және қалыптасқан жүйе бар.

Елімізде жұмыссыздық мәселесі әлі де тиісті шешімін таппай келеді. Қарайған қазба байлықтың үстінде отырып, 19 млн халықты асырай алмай отырғанымыздың өзі миға қонымсыз нәрсе. Елімізде жалақысы жақсы жұмыс орындарын көптеп ашуға болады. Бізде байлықтың үстінде отырған олигархтар өздерінің ғана қалтасын ойлайды. Көбірек пайда табуды көздейді. Бұл мәселеде Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалымыздың тақырыбы болды.

– Президент 2021 жылы елордада өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда Қазақстан 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа көшетінін айтты. Бұл мәселе Мәжілістің жалпы отырысында да сөз болды. Сіздің ойыңызша Үкіметтің бұл мәселеге қатысты дайындығы қалай?

– Қазақстан 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа көшуі тиіс. Ол қалай жүзеге асырылады? Бұл ретте бізде әлі шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Қай жерге қандай қуаттылық орналастырамыз? Біз көмірмен жұмыс істейтін генерациялардың санын азайтуымыз керек. 2060 жылдарға дейін оны 0 пайызға жеткізу жоспары бар. Ал біздегі генерациялардың 70 пайызы көмірмен жұмыс істеп тұр. Алдағы 40 жылға жетпейтін уақыт ішінде біз оны немен алмастырамыз? Бір станцияны салудың өзі қомақты қаржыны және уақытты қажет етеді. АЭС саламыз деген жоспарлар бар. Оны салуға кемі 10 жыл кетеді. Ал бір ғана АЭС бізге қажетті қуатымызды қамтамасыз ете алмайды. Өйткені бүкіл көмірмен жұмыс істейтін генерацияны ауыстыру үшін, он шақты АЭС салу керек. Оған тағы қаржы қажет, маман керек. Сондай-ақ оны көрінген жерге салуға тағы болмайды. Оны су қоры мол жерге тұрғызу керек. Сейсмикалық жағдайды ескерген жөн. Бұдан бөлек, қауіпсіздік мәселесі мен экологияға әсері тағы бар.

Бұл мәселеде шешімнен көрі, сұрақ көп. Жалпы елімізде энергетикалық карта бар ма? Сондай-ақ ертең біз көмір секторын жапсақ, онда жұмыс істеп жатқан 60 мың адамды жұмыспен қамти аламыз ба? Бір ғана Екібастұздың тұрғындары сонымен күн көріп отыр. Ертеңгі күні олардың тағдыры не болмақ? Қарап тұрсақ, сұрақ өте көп. Біз осының бәрін депутаттық сауал жолдап, Үкіметтің алдына қойдық.

– Үкіметтің атқарып жатқан шаруасына қандай баға берер едіңіз? Қандай кем-кетік тұстарын әлі күнге дейін түзей алмай келеді?

– Шыны керек, көптеген министрліктер мен ведомстволардың жұмысына көңілім толмайды. Ал енді жеке-жеке айтар болсам, ең бірінші Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысы көңілден шықпайды. Министр бұл саланың маманы емес. Ол жерге ауыл шаруашылығының жағдайын білетін, соның ортасында өскен адам болғаны дұрыс болар еді. Вице-министрлер де саланың маманы болуы тиіс.

Екінші, менің көңілім толмайтын ведомство – Энергетика министрлігі. Ол жерде энергетиктер жоқ. Бұл деген нонсенс. Қазір елдегі энергетика саласындағы проблемаларды көріп отырмыз. Жүйелі жұмыс жоқ. Бұлардан бөлек, өз басым Сауда және интеграция министрлігінің жұмысын түсінбеймін. Бұл министрлік жалпы бізге қажет пе? Бағаны тұрақтандыра алмайды. Меніңше, бағамен алыса бермей, одан да кәсіпкерлікке жағдай жасағанымыз жөн. Бағаны ұстап тұру үшін сатылатын заттың көлемі көп болуы керек. Ал дефицит заттардың бағасын ұстап тұру мүмкін емес. Бізде Үкімет пен жергілікті билік бағаны қолдан реттегісі келеді. Ол үшін мемлекет өнімді көбейтумен айналысуы керек. Өкінішке қарай, Үкімет онымен жүйелі айналысып жатқан жоқ, тек әзірше кәсіпкерлерге барып, бағаны төмендетуді талап етумен шектелуде. Елдегі азық-түлік балансын шығарып, импортты алмастырып, нарыққа өнімді көптеп шығарып, интервенция жасағаны жөн. Артық өнімді сақтауды қашан жүйелейді? Шикізатты қашан толық өңдеуге көшеміз?

Монополияға қарсы агенттіктің де жұмысына көңілім толмайды. Сұйытылған газдың бағасы шарықтаған кезде олардың бірде-біреуі жауапкершілікті мойындарына алып, бағаны тежей алмады.

– Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз» деген ұраны көпшіліктің жарқын болашаққа деген сенімін қайта оятты. Осы орайда билік алдымен нендей мәселелерге баса көңіл бөлуі керек?

– Еліміздегі ең күрделі мәселе ол – жемқорлық. Бұл проблема тіпті балабақшаны да жайлап кеткен. Баланы балабақшаға орналастыру үшін ақша талап ететінін халық айтып жүр. Сол жемқорлықты құртпай Әділетті Қазақстанды құра алмаймыз. Оны құрту үшін билікке таза адамдарды қою керек. Ондай адамдар елі ішінде бар. Оларды билікке жібермегендіктен, халықтың арасында наразылық туады. Президенттің ескерткеніне қарамастан әлі де командасымен жұмыс істейтін басшылар кездеседі. Өз адамдарын «майлы» қызметтерге қою, ірі қаржы бөлінген мекемелерге басшы қылып өз адамдарын тағайындау, мемлекеттен бөлінген қаражатты жемқорлық схемамен ұрлау... Ал осындай солақай шешімдер халықтың билікке деген сенімін азайтады. Мүмкін олар әдейі жасап отырған болар?

– Жемқорлық өз алдына жеке проблема, бұдан бөлек лауазымды қызметке тағайындалған шенеуніктің командасымен жүруі, олигархтардың өз қалтасын ғана ойлауы үлкен проблемаға айналып отыр. Ал олигархтардың зиянын әсіресе биыл қыста көп көрдік.

– Иә, ол рас. Қазір еліміз жаңа дәуірге аяқ басты, бұрынғы жемқорлыққа ыңғайланған жүйенің мемлекетті құртатынын бәрі біліп отыр. Басшыларға ескі басқару әдістерінен арылатын уақыт келді! Биліктегі, әсіресе саяси лауазымдағы басшылар жұмыс стильдерін өзгертіп, азаматтық қоғаммен серіктестікте жұмыс атқаратын уақыт келді. Тағы да қайталаймын, жемқорлықты тыймай «Әділ Қазақстан» болмайды. Жемқорлық жойылса, барлық проблема өзінен шешіледі. Ал ұрлықпен жиналған дүние, екі дүниеде де абырой алып бермейтінін қалай түсінбейді? Басым жетпейді. Өз халқын тонап, баю, адам баласының ақымақтығы, қасиетсіздігі, надандығы, азғындығы емес пе? Түбі ол адам қарабет болады. Сондай-ақ, бұл бизнестегі адамдарға да қатысты мәселе. Олигархтар елдің байлығынан пайда көріп отырғандықтан халықтың да жағдайын жасауы тиіс.

Арзан интригамен, ұрлықпен елдің жағдайын түзеу мүмкін емес. Нақты жобалар мен шешімдер керек. Халықтың да, Президенттің де барлық лауазымды тұлғаларға қойып отырған талабы таза, ашық, әділ жұмыс істеуді мақсат ету.

Парламентте қомақты қаржы бөлінген аймақтарды және қазба байлықтарымызды пайдаланып отырған ірі компанияларды қатаң бақылауға алып, қажет болса арнайы комиссия құрып, тексертіп, ашық есеп алуы керек.

– Мәжілістің VII шақырылымының басым бөлігін «AMANAT» фракциясының мүшелері құрады. Сұхбатымыздың бағытын фракция мүшелерінің атқарған жұмысына бұрсақ.

Партия – саяси күш. Партяның негізгі мақсаты – билікке келу. Сол арқылы өзінің саяси бағдарламасын іске асыру. «AMANAT» партиясын еліміздегі ең үлкен саяси күш деп айтуға болады. Себебі оның 800 мыңдай мүшесі бар. Әр өңірде, тіпті аудандарда да оның филиалдары бар. Парламентте де «AMANAT» партиясы ең үлкен фракция болды. Қабылданған көптеген заңдар, өзгерістер осы «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен жүзеге асырылды.  Өңірлердегі көптеген резонансты мәселелерге партия мүшелері белсенді түрде атсалысып келді. Мәселен фракция мүшелері былтырғы қаңтар оқиғасы кезінде арнайы қоғамдық штаб құрып, алаңға шыққан халықтың бейбіт тарауына үлес қосты.

Күні кеше Екібастұзда болған төтенше жағдай кезінде де халықпен кездесіп, сол жердегі жұмыстарға араласып, волонтерлік жұмыстарды ұйымдастырды. Қостанайдағы өрт кезінде де біздің фракцияның өкілдері бірінші болып көмек қолын созды. Өткен жылы Шығыс Қазақстандағы, Қарағандыдағы, Ақтөбедегі, Павлодардағы су тасқыны қаупі туындаған кезде де біз сол өңірлерге барып, жағдаймен танысып, аталған мәселелер төңірегінде жергілікті билікпен және Төтенше жағдай министрлігімен бірлесіп жұмыс істедік.

Былтыр жазда Мәжілістің VII шақырылымының депутаттары-партиямыздың фракция мүшелері белсенді ат салысып, Қазақстандағы су мәселесіне қатысты Парламенттік тыңдау өткізді. Оған Сенаттың да депутаттары қатысты. Жиында су қорының тапшылығы, трансшекаралық және ауыз су тапшылығы, ауыл шаруашылығына суландыру мәселелері талқыланды. Жалпы су ресурстарына қатысты сұрақтарды анықтау үшін бірнеше өңірді аралап қайттық. Соның нәтижесінде үлкен проблемалар көтерілді. Негізі бұл біздің еліміз үшін өте өзекті мәселе, өйткені судың 48-50 пайызға жуығы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Соған байланысты Үкіметке ұсынымдарды бердік.

– Наурыз айында жаңа форматта өтетін сайлау тартысты болатындай. Бүгінде саяси додаға мажоритарлық жүйе бойынша түскісі келетін үміткерлер саны күн санап көбеюде. Сіздіңше, кімдердің бағы жанып, бабы шабады?

– Халық кімнің кім екенін жақсы біледі. Біз халықтың да саяси сауатын көтеріп, сайлау процесіне, билікке белсенді араласқанын қалаймыз. Сол кезде билікке, оның ішінде Парламентке, мәслихаттарға лайықты тұлғалар келеді. Халықта депутаттыққа дұрыс азаматтарды сайласа, депутат та халық сенімінен шығады. Егер арасында ертең жұмыс істемейтін популистер өтіп кетсе, депутатты кері қайтарып алу механизмінің бар екенін де ұмытпаған жөн.

Қазір қоғам арасында «Әділетті Қазақстан жоқ, ешқандай өзгеріс жоқ» деген пікір бар. Ал енді қараңыз, бір ғана мысал. Қазір орташа есеппен бір округке Мәжілістің бір депутаттық орнына шамамен 20 адам өтініш білдірді. Тіпті кейбір округтерде 45-60 үміткер құжат тапсырған. Осының өзі өзгеріс қой. Тіпті бұрындары оппозицияда жүргендер де сайлауға түсуді көздеп отыр. Мемлекеттегі өзгеріс бір мезетте болатын құбылыс емес. Оған уақыт керек. Бір күнде өзгеріп кету ол тек ертегіде болады. Біз бұны бірте-бірте жасауымыз керек. Алдымен сайлау арқылы билікке дұрыс адамдарды әкелуіміз қажет. Иә, бәлкім популистер өтіп кетуі мүмкін. Бірақ ертеңгі күні халық кімнің шынайы жұмыс істейтінін, кімнің жай популист екенін өзі-ақ аңғарады.

Байқасаңыз, «AMANAT» партиясының кешегі тізімінде қазір жоғары саяси қызметте жүрген шенеуніктер жоқтың қасы. Бұрындары ол тізімде Үкімет басшысы, министрлер, облыс әкімдері жүретін. Қазіргі тізімде қоғам белсенділері, ақындар, ғалымдар, жастар, еріктілер, мамандар бар. Барлық саладан адамдар қатысып жатыр, бұл өте жақсы үрдіс. Меніңше, «Әділетті Қазақстан» осылай құрыла бастайды.

Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Айта кетейік, елімізде Парламент Мәжілісінің депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2023 жылдың 19 наурызы күні өтеді.