«Зілзала бұрынғы апаттың зардабы ұмыт болған кезде келеді»: сейсмолог Алматыда жер сілкінісі болу қаупі туралы

Алматы қаласында 1887 жылы және 1911 жылы жер сілкінісі болған

«Зілзала бұрынғы апаттың зардабы ұмыт болған кезде келеді»: сейсмолог Алматыда жер сілкінісі болу қаупі туралы
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін дүмпулер бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Өйткені, жиналған энергия бірден шықпайды. Бірақ оның күші магнитудасы бастапқыдан төмен болады. Ал Алматыда құрылыс нысандары 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей талаппен салынса, зілзаладан үйлер қирап қалмауы тиіс. ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетов Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасып, жер сілкінісі мен оның әсері жайлы түсіндіріп берді.

– Түркиядағы болған жер сілкінісінің жойқын зардаптарға әкелуінің негізгі себебi неде? Табиғаттың зұлымдығынан ба немесе осы саладағы ғылыми зерттеулердің нашарлығы ма? Әлде жобалаушылар мен құрылысшылар жiберген қателіктің салдары ма?

– Сiлкiнiстiң мұндай деңгейде апатты жағдайға әкелуінің себебi алдағы түрік мамандарының жан-жақты зерттеулері нәтижесiнде белгілі болады деп ойлаймын. Дегенмен кейбір мәселелердің бетін ашуға тырысып көрейін. Апатты жер сілкіністердің жер бетіндегі зардабы бірнеше факторларға байланысты.

Бірінші фактор жер сілкінісінің жойқын күші, магнитудасы 7,8 балл, яғни жер бетіндегі сілкініс күші 9 балдан жоғары болуында (магнитуда – ғылыми өлшемсіз термин, ол жер сілкінісінің ошағынан таралған энергияның мөлшерін сипаттайды, ал балл – сілкіністің жер бетіндегі күші. Әрбір жер сілкінісінің бір магнитудасы және бірнеше балы болады). Қосымша халық тығыз қоныстанған аймақта, түнгі мезгілде болуында. Сілкініс ошағындағы жарылу жер бетіне шыққанын көрдік. Мұндай жойқын зілзалалар жер бетінің барлық тұсында бола бермейді. Олар белгілі бір сейсмикалық белдеулерге шоғырланған. Жер шарында мұндай екі ірі және бірнеше кішігірім белдеулер бар. 6 ақпанда болған жойқын жер сілкіністері Жерорта теңіздік сейсмикалық белдеуде орналасқан. Ол Жерорта теңізінен басталып, Еуропаның оңтүстігі, солтүстік Африка, Таяу және Орта Шығыс таулы аймақтары арқылы Гималай, Индонезия таулы аймақтарынан өтіп, Тынық мұхитының белдеуіне дейін жетеді. Бұл белдеудің сейсмиқалық белсенділігі өте жоғары, ең апатты саналатын тынықмұхиттық белдеуден кейінгі екінші орында.

Сонымен, бірінші фактор жер сілкінісінің жойқын күші мен халық тығыз қоныстанған және мезгілсіз уақытта болуына байланысты.

Екінші – адами фактор деп айтар едім. Жер бетіндегі құрылыстың опат болып қирауының бірнеше себебі бар, ал бұл фактор төрт буыннан тұратын өзінше бір тізбек.

Бірінші буын – сол аймақта болашақ ықтималды жер сілкінісінің максималды магнитудасын немесе жер бетіндегі күшін нақты бағалау немесе анықтау. Бұл сейсмолог мамандарының үлесіндегі мәселе. Бірнеше тіпті оншақты жылдар бойы жүргізілетін жан-жақты зерттеулер нәтижесінде сол аймақта болатын ықтималды жерсілкініс ошақтарының орналасу белдемдері анықталып, әрбір белдемде болатын жер сілкінісінің максималды магнитудасы немесе жер бетіндегі максималды күші есептелінеді. Бұл мағлұмат ресми бекітіліп, жобалаушыларға беріледі.

Екінші буын – жобалаушылар құрылысты осы сейсмикалық жүктемеге сәйкес жобалайды. Құрылыстың конструкциясы, биіктігі, грунт пен фундамент арасындағы байланыс, құрылыс материалдары және т.б.

Үшінші буын – құрылысты жүргізу, яғни құрылыстың сапасы, жобалаушылардың талаптарының толық және бұлжытпай орындалуы.

Төртінші буын – құрылысты дұрыс пайдалану, яғни тұрғындар тарапынан құрылыс конструкциясының беріктігін төмендететін іс-әрекеттер (қабырғаларды алып тастап, бөлмелерді кеңейту, қабырғаны тесіп есік жасау, балкондарды бөлмеге айналдыру және т.б.) жүргізбеу. Бұл құрылыстың беріктігін немесе төзімділігін төмендетеді. Егер, мұндай жұмыстар жүргізілсе, олар ресми құжаттарда көрсетілген талаптарға сай болуы керек.

Міне, осы айтылған тізбектің бір буынында қате кетсе, онда нәтиже қайғылы болады. Айта кететін жәйт, егер тұрғын үй немесе өнеркәсіптік ғимарат сол аймаққа тиесілі 9 балдық жер сілкінісіне дұрыс есептеліп жобаланса, ол құрылыс талаптарға сай сапалы салынса және тұрғындар тарапынан дұрыс пайдаланылса – ондай құрылыс 9 балдық сілкініске төтеп бере алады, яғни ішкі зақымдану деңгейі жоғары болғанмен қирамайды.

– Мұндай апатты жер сілкіністерінің қайталану заңдылығы бар ма? Түркияның Хатай жерінде бірер күн бұрын жер сілкінісі қайта тіркелді.

– Табиғи құбылыстар, яғни жер сілкінісі міндетті түрде сол аймақта қайталанады. Бұл көпшілікке белгілі қағида. Өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан бұл мерзімді нақты анықтау әзірше мүмкін емес. Белгілі заңдылықтар тек әлсіз немесе күші орташа жер сілкіністеріне ғана белгілі, ал күшті жер сілкіністері өте сирек болғандықтан, заңдылық әзірше белгісіз. Дегенмен көпшілікке белгілі статистикалық әдісті қолдануға болады. Ол үшін сол аймақта ертеден, тіпті ежелгі заманнан бері болған күшті жер сілкіністер жайлы нақты тарихи деректер болу керек. Ал мұндай деректер әрбір Жер бетіндегі сейсмикаық қауіпті аймақтар үшін жеткіліксіз. Мұндай деректер тек қана бүкіл Жер шары аумағы үшін белгілі. Осы деректерді талдай келе, мынандай қорытындыға келуге болады.  Магнитудасы 7-ден жоғары (эпицентрдегі күші 9 балдан жоғары) ірі немесе жойқын сілкіністер сол аймақта 80 жылдан 200 жылдар арасында қайталану ықтималдығы өте жоғары. Міне ақпарат құралдарында көптеп кездесетін 80, 100 жылдан кейін күшті жер сілкінісі қайталанады деген сөздер осыдан шыққан.


Фото: trthaber.com

Осы сұраққа байланысты тағы бір мәселеге тоқталайын. Ол Түркияда 6 ақпанда екі дүркін болған (магнитудасы 7,8 және 7,5) жойқын сілкінісінің арасында байланыс бар ма деген сауал туындайды. Табиғатта кездейсоқ құбылыстар болмайды, олар бір-бірімен тығыз байланысты. Жалпы алғанда, қандай да бір күшті жер сілкінісі болмасын одан кейін сол аймақта жүздеген жылдар бойы жиналған энергия немесе кернеу қайталап таралады. Мұндай өзгеріс, алдымен, сол жер сілкінісі болған жерге жақын аумақта болады. Магнитудасы 7,5-ке тең екінші жерасты дүмпу сол алғашқы апатты сілкіністің әсерінен болуы ықтимал. Басқа сөзбен айтқанда, жиналған кернеудің қайталанып таралуы кезінде тектоникалық блоктың осал бөлігінің «сынуы» ықтимал.

– Апат айтып келмейді дейміз, бірақ жер сілкінісі апатын қаншалықты дәл болжауға болады? Қазіргі сейсмология ғылымының шамасы жете ме?

– Күшті және жойқын жер сілкінісін алдын ала болжау екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – ғылыми ізденістер және екіншісі – практикалық немесе іс жүзінде болжау. Мәселенің күрделілігін еске алсақ, бірінші кезең бірнеше ондаған жылдарға созылуы ықтимал. Бұл келесі екі проблеманы шешумен байланысты.

Біріншісі – жер сілкінісінің ошағы көзден тыс, жер қойнауында орналасқан, оның тереңдігі ондаған тіпті жүздеген шақырымға жетеді. Сілкініс алдында болашақ ошақтың аумағында қандай физикалық-химиялақ өзгерістер болып жатқанын біз нақты білмейміз. Біз жер бетіне аспаптар қойып, соның көрсеткіштерін ғана талдаймыз, оның арасында бізге қажетті деректер бар ма әлде жоқ па, белгісіз. Олар тіпті әлсіз болуы немесе жер бетіне жетпеуі де мүмкін.

Екіншісі – жердің ішкі құрылысы жайлы тек жалпылама мағлұматтар ғана белгілі. Болашақ жер сілкінісі ошағының аумағында жердің құрылысы, құрамы, құрылымы қандай, бұл туралы да нақты деректер жоқ. Қазір ең терең ұңғыманың тереңдігі 12 км, ол тек қана жер бетінде бір жерде ғана бұрғыланған.

Міне, осы проблемалар толығымен шешілмей жер сілкінісін қысқа мерзімде нақты болжау мүмкін емес.

Тағы бір мәселе. Ол жер сілкінісін нақты болжауға аса жоғары талаптар қойылады. Іс жүзіндегі болжам болашақ жер сілкінісінің үш параметрін нақты анықтауды қажет етеді: орны, күші, уақыты. Егер олай болмаған жағдайда ел арасында үлкен проблемалар туындау қауіптілігі бар. Мысал ретінде алайық, радиодан немесе теледидардан ертең жаңбыр жауады деп болжам айтылса, өзіңмен бірге қолшатырыңды ала шығасың. Жаңбыр жаумай қалса, аса үлкен проблема жоқ, метеорология мамандарын бір ауыз сөзбен «мақтап» қоясың. Ал егер ертең жер сілкінеді деп хабарласа, онда сол аймақтағы елдің бәрі дүрлігіп, өнеркәсіп орындары, аса қауіпті объектілер тоқтатылады. Егер болмай қалған жағдайда, қаншама халық шаруашылығына шығын болатынын немесе халық арасында алып-қашпа сөздердің туындауын есептеу қиын.

– Сейсмикалық қауіп туралы айтылғанда ең бірінші Алматы қаласын еске аламыз. Алматыдағы ғимараттар қанша балға шыдас береді деп айта алар едіңіз?

– Алматы қаласы сейсмикалық тұрғыдан – өте ерекше қала. Оның ерекшелігі қандай? Қала өз тарихында екі рет, яғни 1887 жылы Верный және 1911 жылы Кемін апаттары салдарынан қираған.

Алматы бүкіл Орталық Азия елді мекендер арасында территориясында 10 балдық жер сілкінісінің қаупі бар жалғыз ғана қала. Жалпы алғанда, құрылыс нормалары мен ережелерінде 10 балға есептеу деген ұғым жоқ, 10 бал деген тек қана сейсмология саласында ғана бар. Күші 10 балл болатын жер сілкінісіне бірде бір жер үстіндегі адам қолымен тұрғызылған құрылыс төзе алмайды, сондықтан мұндай норма ережеде келтірілмейді. Біздің жобалаушы инженерлер 9-балдық жүктемені бірнеше рет өсіріп, проблеманы шешеді.

Алматы қаласы терең «шұңқырда» орналасқан, бұл шұңқыр Үлкен және Кіші Алматы өзендерінен ағып жиналған шөгінді тау жыныстарынан тұрады, оның қалыңдығы 3 км-ге дейін жетеді. Бұл деген, қала аумағында құрылыс орналасқан грунт өте әлсіз, ал мұндай әлсіз грунт сілкініс күшін 1-1,5 балға дейін жоғарылатады дегенді білдіреді.

Сондай-ақ, қала аумағында бірнеше жарылымдар анықталған, ол жарылымдар 1887, 1911 жылдары болған апатты сілкіністер кезінде білінген. Жарылым – жерасты блоктардың шекарасы, оның бойындағы сілкініс деңгейін жоғары болатынын айтпаса да белгілі.Бұл жарылымдарды біз алғашқы рет 1983 жылы жасалынған сейсмикалық микроаудандау картасында көрсеткенбіз. Өзім сол картаның авторларының бірі болатынмын. Ол кезде 10-15 жыл бойы жүргізілген ғылыми-практикалық зерттеулер нәтижесінде 3-4 жарылым нақты анықталған және толық анықталмаған 1-2 жарылым болатын.

– Демек Алматыда биік-биік үйлер, зәулім ғимараттар салуға болмайды...

– Иә, дәл солай. Кейінгі кезде қаланың әр бөлігінде белсенді құрылыстар жүріп жатыр, 20-40 қабатты үйлер салынуда, бұл деген әлсіз грунтқа салмақ түсіріп, әркелкі ауқымды деформациялар жүргізеді. Қалада салынған көпқабатты үйлер саны жылдан-жылға көбеюде, тіпті сол көпқабатты үйлер бір-бірімен иінтіресіп, былайша айтқанда «құшақтасып» тұрған орындар көп. Мұның келешекте егер апатты жер сілкінісі бола қалған жағдайда (апаттың беті әрі болсын!) зардабы қалай болатыны айтпаса да белгілі. Жалпы алғанда, екі көпқабатты үйлер арасындағы қашықтық олар құлаған кезде бір-бірін басып қалмауы керек (құтқарушы ірі техникалар, жедел жәрдем және басқа де техника өтетіндей болуы керек), бұл қашықтықты есептеу жобалаушыларға қиын емес сияқты.


Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Тұрғын үй салғанда грунт пен іргетастың арасында тығыз байланыс болуы керек. Тауға жақын жердің грунты жақсы. Бірақ, таудың өзінен болатын қауіпті де ұмытпаған жөн. Өйткені, Алматыда сілкініс ошағы Медеу мұз айдынынан әрі қарай 3-4 шақырым жерде. Қатты зілзала болған жағдайда бөлмелердің ішкі жобасын өз бетінше өзгерткен үйлер ең бірінші қирайды. Барлық үй мамандардың келтірген талаптарына сай болуы керек.

Алматыда 9 қабаттан жоғары үй салуға болмайды. 1970 жылдан бастап салынған панельді үйлердің сапасы едәуір жоғары деп айтар едім. Міне, Алматының қысқаша сейсмикалық сипаты осындай.

– Соңғы күндері ақпарат құралдарында Түркиядағы жер сілкінісі ядролық жарылыстың әсерінен болған деген пікірлер айтылып жүр.

– Әрине, жерасты ядролық жарылыстардың ауқымды күші сол ортаға әсер етіп, әлсіз тіпті күші орташа жер сілкінісін қоздыруы әбден мүмкін. Бұған мысал Невада (АҚШ), Семей және т.б. полигондарда қоздырылған жер сілкіністері. Мұндай деректерді ашық басылымнан табуға болады. Ал магнитудасы 7,8-ге тең жойқын жер сілкінісін қоздыру үшін, сол жер сілкінісінің ошағына тікелей қаншама жерасты ядролық жарылыстар жасалу керек екенін болжау да қиын. Сондықтан, менің ойымша бұл жәй алып-қашпа сөз деп ойлаймын.

– Кейінгі кезде Қазақстанның оңтүстігінде бірқатар кішігірім жер сілкінісі болғанын білеміз. Тіпті бұл Түркия жерінде болған зілзала апатымен байланысты болуы ықтимал деген сөздер де айтылып жүр.

– Түрік елінде болған зілзала апатынан кейін елең күйде жүрміз, япыр-ай мұндай қауіп біздің елге де төнбес пе екен, тіпті болып жатқан жер сілкіністері сол түрік еліндегі зілзала апатының әсері шығар деген сөздер де бар.

6 ақпандағы зілзала апатының әсері, алдымен сол аймаққтың сейсмикалық қауіптілігіне әсер етуі ықтимал. Ал мыңдаған км қашықта орналасқан және геодинамикалық құрылысы басқаша біздің аймаққа оның әсері айтарлықтай болады деп айту өте қиын.

Метеорология саласында климат және ауа райы деген ұғымдар бар. Климат ауа-райының көпжылдық режимін сипаттайды, ол ұзақ мерзімді уақытта ауқымды территорияға тиесілі сипаттама. Ал ауа райы бұл белгілі бір аймақтың белгілі бір уақытта болатын метеорологиялық ерекшеліктері. Сейсмикалық климат сол аймақтың орташа жалпылама сейсмикалық сипаты (жағдайы), ал сейсмикалық ауа райы – сол аймақта болып жатқан, жердің ішкі тектоникалық ерекшеліктеріне байланысты өзгерістер, олар ауа райы сияқты құбылмалы болады.

– Жер сілкінісінің зардабын барынша қалай азайтуға болады?

– Жер сілкінісін болжауға немесе оны болдырмауға мүмкіндік жоқ. Олай болса болашақ апаттың күні бұрын алдын алып, сақтану шараларын ұйымдастырып, оның жойқын күшіне мейлінше әзір болу – бұл зілзала зардабын барынша азайтудың тікелей жолы. Бұл проблеманы шешудің үш түрлі жолы бар:

- сейсмикалық қауіптілікті нақты анықтау;

- құрылыс сапасын арттыру, сейсмикалық берік, жер сілкінісіне төзімді құрылыс салу;

- халық арасында апаттан сақтану шаралары туралы сауаттылықты арттыру.

Сейсмикалық сауаттылықты арттыру – бұл халыққа тікелей байланысты. Зілзала апаты зардабының ауыртпалығы халықтың жаттығу дәрежесі мен әр адамның зілзала апатынан сақтану шараларын білу деңгейіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн. Көше толған автомашиналарлың адам өміріне қауіптілігі көпшілікке белгілі. Тек қана арнаулы ережелермен танысып, оларды сөзсіз орындау ғана сол қауіптілікті барынша азайтуға көмектеседі. Нақ осы сияқты, зілзала апатының зардабын неғұрлым азайту үшін, одан сақтану шаралымен толық таныс болу өте маңызды шарттардың бірі.

– Қазақстанда сейсмология ғылымының даму деңгейі қандай? Қазақ тілінде жазылған сейсмологияға қатысты ғылыми еңбектер бар ма?

– Кеңес Үкіметі кезінде «кадр бәрін шешеді» деген қанатты сөз болатын. Бұл қағида қазір де өзекті. Алматыдағы Сейсмология институтында қазір «кадрлық тапшылық», яғни білікті мамандардың аздығы, тіпті жоқтығы осы саланың негізін қалаушылардың бірі болғандықтан мені қатты ойландырады. 45 жыл тарихы бар Сейсмология институты бірнеше күйзелісті басынан өткізді. Осының салдары болуы керек, қазір де институттың жағдайы ғылыми тұрғыдан айтарлықтай мәз емес.

Өзім өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында Сейсмология институтынан Қ.Сәтбаев университетіне өзім бітірген «геофизика» кафедрасына ұстаздық жұмысқа ауыстым. Сол кезде кафедрада қосымша «сейсмология» мамандығын ашып, әріптестерімді жинап, екі жыл бойы студенттер қабылдап, дәріс бердік. Бұл тек қана Қазақстан бойынша емес, ТМД елдері арасында ең алғаш ашылып отырған мамандық болатын. Бітірген жас мамандар осы институтқа жолдама алып, жұмысқа тұрды. Қарбалас кезде институт сол жас мамандарды ұстап тұра алмады, көбі басқа мекемелерге ауысып кетті. Сол уақыттан бері бұл сала жас мамандарсыз қалды. Қазір сол саясаттың салдарынан мамандар жетіспейді. Бірнеше рет министрлікке хат та жаздық, бірақ нәтиже жоқ. Өкінішке қарай бұл салада дәріс оқитын қазір адам да қалмады. Міне, бұл саладағы жағдай өте қиын. Қазір сейсмология саласы Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді, мүмкін жағдай өзгереді деген үміт бар.

Сейсмология саласында алғашқы қазақ тілді ғалым-профессор болғандықтан қазақ тілінде профессор Сыдықовпен бірлесе оншақты оқулық, ғылыми-көпшілікке арналған бірнеше брошюра, монография, еліміздің әрбір сейсмикалық қауіпті аймақтарына арнап көпшілікке түсінікті қазақ-орыс тілінде брошюралар, кітапшалар шығардық. Осы басылымдар халық арасына кең таралған жағдайда қазіргі таралып жүрген алып-қашпа сөздер болмас еді. Өкінішке қарай, осы саладағы жауапты шенеуніктер (төтенше жағдайлар жөніндегі, білім мен ғылымды тарату мекемелері және т.б.) әлі де болса қарқынды жұмыс істемей отыр.

Мынандай қағиданы ұмытпаған жөн: «зілзала, табиғи апат бұрынғы апаттың зардабы ұмыт болған кезде келеді». Сондықтан, біздің жер сілкінуі қауіпті өлкеде тұратынымызды ұмытпағанымыз жөн.

– Әлқуат мырза, тұшымды мағлұматтарыңызға көп рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.