Экономикалық ұтқырлық сертификаты: қандастардың көші-қон мәселесінде қандай жаңашылдықтар бар?

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлымен сұхбат

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Тәуелсіздік алғанан бері елімізге 1,1 млн қандасымыз оралған. Ресми мәсілемттерге сүйенсек, алыс-жақын шет мемлекеттерде 3,5 млн қазақ тұрып жатыр. Ал бейресми мәліметке сәйкес аталған көрсеткіш екі есе көп. Атамекеніне оралғысы келетіндерге қолдау бар ма? Солтүстік өңірлерге қоныстанатындарға неге басымдық беріледі? Көш қашанға дейін жалғасады? Azattyq Ruhy тілшісі «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлымен сұхбаттасқан еді.

- Биыл көш жалғасады ма? Қанша адамды көшіру жоспарланған? Қай мемлекеттерде тұратын қандастарымыз елге оралмақ?

- Жалпы, 1991 жылдан бері этникалық көш тоқтаған емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандастарды шетелден атамекенге көшіру тікелей мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылды. Қазір олар өз ерікімен көшіп келуде. Солтүстік аймақтарға баратындарға арнайы мемлекеттік қолдау қарастырылған. Жоспарланған көшіру туралы айтатын болсақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 2023 жылы қандастарға арналған 1925 өңірлік квота бекітілді. Олар еңбек күші аз өңірлерге қоныс аударуды ынталандырудың Жол картасы бойынша Ақмола, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО, Абай, Ұлытау облыстарына жайғаса алады.  Дегенмен, көшіп келуші қандастардың қатары бұл межеден бірнеше есеге асып түседі. Мәселен, 2022 жылы қандастар квотасы - 1499 болса, нақты көшіп келгендердің ұзын-саны 18 мыңнан асты. Сондықтан, биыл да тарихи Отанына оралатын қандастардың қарасы қалың болады деген сенімдеміз. Қандастар көбіне Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Түркіменстан, Ресей, Иран елдерінен көшіп келіп жатыр.

- Оларға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?

- ҚР Үкіметімен белгіленген Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныстанған жағдайда өңірлік квота аясында мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндігі бар. Қандастарға квота аясында отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды жабу үшін бір отбасына 12 ай ішінде ай сайын 15-30 АЕК аралығында өтемақы төленеді. Бұдан бөлек, әр облыстың жергілікті атқарушы органдарында, яғни әкімдіктерінде, қоныс аударушыларға басқа да қосымша көмектер көрсетуге мүмкіндік бар. Жалпы, бұл қолдау тек шетелден келген қандастарға ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен жоғары аталған аймақтарға көшіп барамын деген Қазақстан азаматтарына да арналған. Сондай-ақ, шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін бизнес және мәдени гранттар енгізу де қарастырылады. Бұл шара мәдениет, білім беру және бірлескен бизнес саласында қолдау шараларын алу бойынша қазақтарды ынталандыру есебінен олардың тарихи Отанымен байланысын нығайтуға және қазақстандық құндылықтарды кеңінен танытуға серпін береді.

- Көш механизмі қалай жүзеге асырылады? Шет елдердегі қазақтарды сіздер шақырасыздар ма, әлде олар өздері бірінші болып көшуге ниет білдіре ме?

- Әрине, әрбір адамның көшіп-қонуы оның табиғи құқықтары қатарына жататынын ескеруміз керек. Жалпы, алыс-жақын шет елдердегі қазақтардың репатриация мәселелерімен айналысуда ҚР Конституциялық заңы негізге алынады. Онда «Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ, бұрынғы одақтас елдерде тұратын қазақтардың өз Атамекеніне қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды» деп нақты көрсетілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында да «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарды атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру - біздің парызымыз» деп айрықша атап өтіп, ұлтты ұйыстыру мәселесі ұдайы биліктің назарында тұратынын аңғартты.

Заңды негізде, кез-келген шетелдегі қазақ бауырларымыз өзінің этникалық тұрғыда ұлты қазақ екенін дәлелдей алса, Қазақстан азаматтығын алуға құқылы. «Отандастар қоры» шетелдегі қазақтармен мәдени-іскерлік байланыстарды дамыту арқылы олардың Қазақстанға деген қызығушылықтарын арттыруда ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын қолға алуда. Сәйкесінше, тарихи отанына оралуға ниет білдірген қандастарға тиісті ақпараттық және консультациялық көмектер көрсетіледі.

- Елге оралғысы келетіндер көп пе?

- Ресми ақпараттарға сәйкес, шетелдерде 3,5 миллионға жуық этникалық қазақ тұрады. Кейбір тәуелсіз сарапшылардың пікірлері мен бейресми деректерге сүйенсек, шетелде 6-7 млн қазақ тұрады деген мәлімет бар.

Оның ішінде Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түркіменстан елдерінен Қазақстанға көшуге ынталы қандастар көп. Көрші елде қалыптасқан жағдайға байланысты соңғы уақытта Ресей тарапынан да қызығушылық артуда.

«Отандастар қоры» тапсырысы негізінде «Қоғамдық пікір» Зерттеу институты 2019 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне сәйкес, Қазақстанға кемінде 1,5 млн этникалық қазақ тұрақты тұруға қоныс аударғысы келеді деген болжам бар. Әрине, бұл сандық деректерді нақты әрі түпкілікті көрсеткіш деп қабылдауға болмайды. Жалпы халықтың бұл мәселеге деген көзқарасы құбылмалы. Дегенмен, сауалнама нәтижелері репатриация әлеуетіне қатысты болжамды пікір қалыптастыруға шартты түрде негіз бола алады.

- Шетелден көшіп келіп, Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосып жүрген азаматтар жайында мысал ретінде айтып өтсеңіз.

- Тарихи Отанымен қайта қауышқан қандастарымыз Қазақстанның мәдени өміріне, рухани ортасына белсене араласып, экономиканың әр түрлі салаларында шама-шарқынша адал қызмет атқарып жүр. Еліміздің өсіп-өркендеуіне және қоғамның дамуына қомақты үлес қосып, ұдайы көш басынан көрініп келе жатқан белсенділер де аз емес. Олардың қатарында білім-ғылым, өнер, әдебиет пен мәдениет, спорт, кәсіпкерлік және денсаулық сақтау салаларында аянбай еңбек етіп, халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген бауырларымыз баршылық. Ұлтымызды ұлықтап, қазақтың атын жер-жаһанға танытып жүрген талантты қандастарымызды біз әркез зор мақтаныш тұтамыз.

Атап айтар болсақ, мемлекеттік рәміздің бірі - Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков, әлемге әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы, атақты балетмейстер, биші-хореограф Шұғыла Сапарғалиқызы, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, кәсіпкер-меценат Сырымбек Тау, Рахым Айыпұлы, атақты дәрігер, иммунолог-ғалым Қанатжан Байзақұлы - «Кен Әлібек», медицина саласының саңлақ маманы Мақсат Әбдіқадыр, кәсіпкер-аудиолог Айнұр Жәкейқызы, «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығының жетекшісі Рысбек Мәуіт, танымал тарихшы, ғұлама ғалымдар Қаржаубай Сартқожаұлы. Айта берсек, бұл тізімді ұзақ жалғастыра беруге болады. Ат байлап, тарихи мекеніне табан тіреген танымал тұлғалар мен қайраткер қандастарды кейінгі толқын жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында «Отандастар қорының» қолдауымен «Қандастар үлесі» атты көркем суретті көлемді жинақтың жарыққа шыққанын айтсақ, асылық бола қоймас. Лайықты тұлғаларды үлгі тұтар үрдіс үзілмей, әлі де жалғасын табады.

- Неге солтүстік өңірлерге баратындарға басымдық беріліп отыр?

- Бұл - еліміздегі еңбек ұтқырлығын тиімді ұйымдастыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар. Өзіңізге белгілі, солтүстік өңірлердегі халық саны аз, туу көрсеткіші өте төмен, өзге өңірлерге қарағанда табиғаты қатал, ауа райы қолайсыз болғандықтан миграциялық үдерісі төмен. Соның салдарынан елдімекендер қаңырап қалуда, ауылшаруашылық жерлері игерлімеуде, жұмыс күшінің тапшылығы сезілуде, кейбір елдімекендерде балалардың азаюы себебінен мектептер мен балабақшалар жабылуда, өңірдің инвестициялық тартымдылығы төмендеп жатыр.

Есесіне, еліміздің оңтүстік өңірлерде халық көп әрі тығыз қоныстанған, жұмыс күшінің артықшылығы айқын сезіледі, суармалы ауылшарушылық және жайылымдық жерлер жетіспейді. Мысалы, оңтүстік жақта халықтың орналасу тығыздығы бойынша 1 шаршы километрге 20 адамнан келсе, солтүстікте бұл көрсеткіш небәрі 5-6 адам ғана. Салдарынан әлеуметтік кернеулік жағдайлар орын алуы ықтимал.

Осыған орай, ҚР Үкіметі қалыптасқан жағдайды түзеу мақсатында солтүстік өңірлерге шетелден келген қандастарға және ел ішіндегі қоныс аударушыларға басымдық беріп, тиісті қолдау шараларын қабылдауда.

- Биыл көші-қон мәселесінде қандай жаңашылдықтар бар?

- Өткен жылы «ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген болатын. Онда Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған, тұрақты жұмысы бар қоныс аударушыларға сатып алатын тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаржылай көмек ретінде экономикалық ұтқырлық сертификатын беру қарастырылған. Аталған қаражат құрылысқа, тұрғын үй сатып алуға немесе «Отбасы банк» АҚ-ға бастапқы жарна құюға бағытталуы мүмкін. Бұл бойынша ресми заңнамалық құжаттар қабылданған кезде қандастарға дереу хабарлайтын боламыз.

Сонымен қатар, ҚР Үкіметі айқындаған қоныстандыру өңірлеріне көшуге ниет білдірген этникалық қазақтар «Бір терезе» қағидаты бойынша шетелдегі ҚР елшіліктері және консулдықтары арқылы қандас куәлігін алуға және өңірлік квотаға енгізуге өтініш беріп, құжаттарын алдын ала рәсімдеу  мүмкіндігіне ие болады.

Қазіргі кезеңде, жыл сайынғы әлемдік көрсеткіш бойынша миграциялық процестерге тартылған адамдардың саны бірнеше жүз миллионға жетіп отыр. Жаһандық экономикада да олардың алатын орны жылдан жылға артып келеді. Сәйкесінше, болашағын ойлаған елдер тек арзан жұмыс қолдарын ғана емес, қоныс аударушылардың сапалық деңгейіне де баса назар аударуда. Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында да осындай өзекті мәселелер қамтылған.

Мысалы, Қазақстан экономикасына инвестиция, озық технологиялар мен білікті мамандар тарту үшін Тұжырымдама жобасында жетекші ғалымдар, оқытушылар, шығармашылық өкілдері мен отандық нарыққа аса қажетті мамандық иелері үшін визаның жаңа түрлерін енгізу де көзделіп отыр.

Осы негізде, Тұжырымдаманың 13-бастамасында «Ата жолы» картасын енгізу көзделген. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады.

Карта иесі, саяси құқықтарды есепке алмағанда, бизнесті тіркей алады, мүлікке, оның ішінде тұрғын үйге иелік ете алады, қаржылық операцияларды жүргізе алады, сондай-ақ тұруға рұқсат ала алады.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!