Ерлан Саиров: Депутат болсақ та, болмасақ та елді толғандыратын мәселелерді көтере береміз

Автор: Azattyq Rýhy

Ол өз сөзінде қазір қандай қоғамдық жұмыспен айналысып жүргенін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің VII шақырылымын тарату жөнінде Жарлыққа қол қойып, келесі сайлауды 19 наурызға белгілеген. «AMANAT» партиясының атынан VII шақырылымда сайланған депутаттар қоғамдық жұмыстарды әлі де тоқтатпай, жалғастырып келеді. Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі Мәжілістің өткен шақырылымының депутаты Ерлан Саировпен әңгімелесті.

«AMANAT» партиясының алдындағы ең негізгі мәселе – елдегі, қоғамдағы, мемлекеттік рухты, патриоттықты нығайту, қоғам мен халық арасындағы ынтымақты арттыру. Қазіргі уақытта ең негізгі мәселелердің бірі – олигархтарға қарсы күрес. Олигархияны экономикалық қоғамдық құбылыс ретінде жою мәселесі, шетке заңсыз кеткен капиталды қайтару мәселесі де тұр. Бүгінгі таңда 60 млрд долларды қайтарудың амалы мен нақты жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік теңдік, шекаралық аймақтық даму мәселесі партияның басымдылығы болып есептеледі. Осы мәселелер парламентте жан-жақты талқыланып, нақты шешімдер де болды», - деді Саиров.

Оның айтуынша, елдегі 80 шекаралық ауданның дамуының мәселесі де Парламентте көтерілді.

«Олигополиямен күрес, олигархтардың экономикаға тигізген зардабын қайта қалыпқа келтіру де маңызды. Елдегі балық өнеркәсібін дамыту, суицидтің алдын алу, ел жұмысшыларының еңбек құқықтарын қорғау мәселелерімен нақты айналыстық. Осы мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды», - деді ол.

Президенттің Мәжілісті тарату шешімін Ерлан Саиров толық қолдайтынын айрықша атап өтті.

«Саяси реформалар Мәжіліс пен мәслихаттарда жаңа лептің болуын талап етеді. Сондықтан Парламент Мәжілісінің VII шақырылымы өзінің жұмысын аяқтады. Мәжілістің болашақтағы жаңа құрамы Президент Тоқаевтың саяси трансформация бағдарламасының логикалық жалғасы болады. Заман өзгеріп келеді, соған қарай қоғам өзгеруі керек. Мәжіліс пен мәслихаттарға қосымша жаңа саяси леппен жаңа азаматтардың келуі қажет. «Ұрпақтар сабақтастығы» дегеніміз – осы. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы еліміздегі саяси реформалардың логикасына сәйкес келеді. Себебі саяси жүйеде үлкен трансформация болып жатыр. Трансформацияның бір бөлігі өкілетті органдарға, оның ішінде Парламентке жаңа күштер, жаңа азаматтар мен жаңа леп беруі керек. Сондықтан бұл – өте дұрыс шешім», - деді Ерлан Саиров.

Оның айтуынша, экономикалық жағдайды жақсарту үшін елімізге жаңа адамдар, жаңа әлеуметтік экономикалық шешімдер қажет.

«Жаңа экономикалық шешімдерді бойында тың күші бар, өзінің креативті ойы бар жаңа азаматтар жасайды. Сондықтан керісінше, экономикалық жағдайды түзеу үшін бізде осындай сайлаулар көп болуы тиіс. Бұл сайлаудың ерекшелігі – аудандық мәслихаттардың депутаттарын халық тікелей сайлайды. Сол сияқты облыстық депутаттардың жартысын тікелей халық сайлайды. Мәжіліске бір мандатты округтерден бір мандат келеді. Конституциядағы ең негізгі принцип – әр азаматтың сайлау және сайлануға қатысуы іске асады», - деді ол.

Саиров Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының арасындағы айырмашылық туралы да айтты.

«Мәжіліс депутаттары заң шығару құқығына ие, ал мәслихат депутаттары жергілікті жерде тиісінше жергілікті бюджеттің дұрыс атқарылуын, оны халықтың мүддесіне жұмсалуын қарастыруы керек. Мәжіліс те, мәслихат та Қазақстанның өкілетті органдарының негізін құрайды. Мәжіліске бір мандатты округтен, яғни 30 пайызын халық тікелей сайлайды. Бұл кандидаттар бір партияның мүшесі болуы, болмауы міндетті емес. Яғни олар бейресми, тәуелсіз кандидаттар болады деген сөз», - деді ол.

Ерлан Саиров Мәжіліс депутаты ретінде 2 жылдық қызметті еңсергенін айтады.

«Осы уақытта заң шығару саласына терең бойладық, азаматтардың талап-тілектерін жан-жақты қарастыру басты міндет болды. «АМАNAT» фракциясы депутаттарының басты мақсаты партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іс жүзіне асыруға бағытталды. VII шақырылымның I, II сессияларында және III сессиясының бірінші жарты жылдығында келесі жұмыс атқарылды», - деп экс-депутат тізбектеп шықты.

Өз сөзінде Мәжілістегі заң шығару қызметіне де тоқталып өтті. Ол Мәжілістің 85 жалпы отырысына қатысып, 603 сұрақ қарастырылғанын айтты.

«Соның ішінде тиісті мәселелер бойынша 2 баяндама жасадым, мемлекеттік органдарға 17 сұрақ қойдым, 6 пікірталасқа қатыстым. 39 заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін құрылған жұмыс топтарында мүше болып, оның ішінде 2 жұмыс тобында төрағалық еттім», - дейді ол.

Сондай-ақ Саиров халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жеңілдеуі үшін маңызы бар заңдарды атап өтті.

«ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында бір топ депутаттармен бірлесіп әзірленген «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы бойынша баяндама жасадым. Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың екінші сессияға арналған негізгі іс-шаралары жоспарына сәйкес 1 Парламенттік тыңдауға, 14 Үкімет сағатына қатысып, 3 сөз сөйледім, мемлекеттік органдарға 5 сұрақ қойдым. Мен мүше болған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген тақырыптық, көшпелі отырыстарға қатыстым. Менің бастамам бойынша «Шекаралық аймақтардың даму мәселелелері» атты отырыс ұйымдастырылды», - деді ол.

Мәжілісте депутаттар халықтың мұң-мұтажын билікке жеткізетін құзыреті болды. Әрине, ол - депутаттық сауал.

«Үкімет мүшелерінің атына түйткілді мәселелер туралы 27 депутаттық сауал жолдадым, оның ішінде 8 бірлескен және 19 бастамашылық депутаттық сауалдар. Олардың қатарында балалардың суициді проблемасына қатысты, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдық мекендердегі жол инфрақұрылымы, мемлекттік тіл туралы, кәсіпкерлердің мүдделері жөнінде, кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштері туралы мәселелер қамтылды», - деді Саиров.

Сондай-ақ ол «АМАNAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде қоғамдық қызмет атқарды.

Қоғамдық кеңестің қатысуымен 800 азаматтың, заңды тұлғалардың өтініш арыздары қарастырылған.

Сонымен қатар Ерлан Саиров ел үшін маңызды әрі өткір мәселе «Жер аманаты» комиссиясының құрамындағы қызметі жайлы айтып өтті.

«АМАNАТ» партиясы жанында құрылған «Жер аманаты» республикалық комиссиясының мүшесі ретінде аймақтарда жайылым жерлерді мемлекетке қайтару мәселесін жан-жақты көтердік. Осы ретте былтырғы маусым-қараша айлары аралығында еліміздің 11 өңіріне іс-сапармен барып, «АМАNАТ» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясының тікелей мұрындық болуымен 3 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруға атсалыстық. Республикалық комиссиямен 15 көшпелі кездесу өткізілді. Нәтижесінде 2 млн 834 мың га жайылымды жерлер, 46,03 мың га шабындық жерлер, 109 мың га егістік жерлер қайтарылды», - деді ол.

Ерлан Саиров қазір Шығыс қазақстан облысында депутат ретінде емес, ел азаматы ретінде халықтың әл-ауқатын арттыру, халықтың мәселесін көтеру мақсатында жүргенін айтты.

«Шекаралық аудандарда халықты тұрақтандыру үшін мемлекеттік органдар қандай нақты шешім қабылдауы керек деген сұрақтарға жауаптарды іздеп жүрміз. Бұл өңірде мектептерде, орман шаруашылығындағы мәселелерді қарастырып жатырмыз. Бұл жердегі жұртшылықтың ақсақалдарымен де кездестік. Қоғамдық жұмыстармен айналысу үшін міндетті түрде депутат болу міндет емес. Депутаттық – маңызды қоғамдық мәселелерді көтеретін қосымша трибуна. Сондықтан біз депутат болсақ та, болмасақ та, елді толғандыратын мәселелерді көтере береміз. Оның негізгісі олигополиямен күрес, яғни кезінде қолындағы билік ресурсын пайдалана отырып, халыққа тиесілі байлықты қалтасына «салғандармен» күресу. Аймақтық теңсіздікті жойып, ауыл халқының жағдайын реттеу керек. Ауылда халықтың 38 пайызы тұрады. Ауыл әлеуетін көтеру, жол салу мәселесі де өзекті. Осы мәселелерді жан-жақты зерттеп, шешуіміз керек», - деді Саиров.

Оның айтуынша, «АМАNАТ» партиясы – еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан экономикалық, саяси реформаларын іс жүзіне асыратын саяси күш.

«Біздің алдымызда тұрған ең маңызды мәселе – балалардың деңгейін көтеру, әлеуметтік теңдікті қалыпқа келтіру, аймақтарды дамытуға жаңа серпін беру. Ауыз сумен қамту мәселесін шешу сынды көптеген маңызды мәселелер бар. Біз осы маңызды сұрақтар бойынша «АМАNАТ» партиясы аясында еңбек ете береміз», - деп түйіндеді ол өз сөзін.