Тапсырманы оқушы мен мұғалім бірігіп орындайтын олимпиадалардың пайдасы жоқ - ардагер ұстаз
ҚР білім беру ісінің үздігі Әлия Ғалымқызымен сұхбат
Болашақ ұрпақ тәрбиесі – өзекті мәселелердің бірі. Жауапты істе білім беру саласының маңызы зор. Әсіресе, педагогтар қауымына ерекше міндет жүктеледі. Бүгінгі мұғалімнің келбеті қандай, балалар неге сөзге шорқақ, түрлі үйірмелердің пайдасы бар ма? Azattyq Ruhy тілшісі ардагер педагог, ҚР білім беру ісінің үздігі Әлия Ғалымқызы Малдыбаевамен сұхбаттасқан еді.
- Қазір педагогтардың біліктілігін арттыруға арналған түрлі курстар көбейіп кетті. Бір мұғалім кейде жылына осындай 3-4 курс оқып тастайды. Осының бәрі нәтиже беріп жатыр деп ойлайсыз ба? Мүмкін ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдаудың басқа да жолдары бар шығар?
- Мұғалімнің өмірі үш кезеңнен тұрады. Бірінші – мұғалім ізденуі керек. Екіншісі – сол ізденістің арқасында толығуы, толысуы керек. Үшінші кезеңде сол жинаған білімінің, тәжірибесінің арқасында үлкен табыстарға жетеді. Іздену, толысу, нәтиже беру – бұл мұғалімнің бүкіл ғұмырының жемісі. Қазір мұғалімдерге арналған түрлі курстар көбейіп кетті. Олардың мерзімдері де әртүрлі. Ұстаз оқу жылы кезінде өзінің сыныбын тастап, түрлі курстарға кетсе, оның соры қайнады. Оны алмастырған әріптесі оқушыларына дәл өзіндей білім бере алмайды. Өйткені, оған көбіне қосымша ақша төленбейді. Сондықтан да орнына келген адам салғырт қарайды. Өзіндік білім көтеру деген бар. Педагогикалық басылымдар көп. Жақсы тәжірибелер өте көп. Мұғалім әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Ол – кәсіби шеберлігін арттырады. Бұрын кәсіби шеберлікті арттыру деген жылына бір рет қана болатын. Сол жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекет ұйымдастырған дайын әдістемені үйреніп келіп, сабақ беру – міндет емес. Әр мұғалім – күнде өзіне бір жаңалық қосу керек. Ізденбеген мұғалім – ешқандай нәтиже бермейді. Ол қоғамда өз орны болса да, уақытын зая кетіріп жүрген адам деп ойлаймын.
- Бүгінгі ата-ана баласының қарым-қабілетіне, интеллектуалдық деңгейіне қарамай түрлі үйірмелерге беруге бейім. Уақыт пен ақша зая кетпес үшін балаларды үйірмеге бергенде нені ескеру керек, қалай дұрыс таңдау жасау керек? Бірнеше үйірмеге бару мектеп оқушысына зиянын тигізбей ме?
- Әркім өзінің баласының мектепте жақсы білім алғанын, нағыз азамат болып шыққанын қалайды. Әр ата-ана баласының сынып жетекшісімен тығыз байланыста болуы керек. Барлық пәнді жақсы көру мүмкін емес. Біреу матемитиканы жақсы көрсе, екіншілерінің жанына тарих, үшіншісіне дене шынықтыру сабағы жақын. Баланы жан-жақты дамытамыз деп, музыка, сурет салу, робототехника, менталды арифметика сынды тағы басқа үйірмелерге сүйреу міндет емес. Бала мұндайдан мезі болады. Әр баланы қарым-қабілетіне қарай, мұғалімдерімен ақылдаса отырып бір үйірмені таңдап, сол бағытта жұмыс істеу керек. Сол үйірме – оның болашақ мамандығы да болып қалуы мүмкін. Бірақ, әр баланың спортпен шұғылдануы қажет екендігін естен шығармау керек.
- Мұғалімдердің аузынан «қазіргі балалар сөзге шорқақ, өз ойын еркін жеткізе алмайды» деген пікірді жиі естимін. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
- Мен бұнымен келісемін. Әсіресе, қала балалары қотыстырып, екі тілді қосып сөйлейді, ойын еркін жеткізе алмайды. Бұл проблеманың негізі – бастауыш сыныпта жатыр. Алғашқы ұстаз баланы қалай үйретсе, оны қалай жетектесе солай болады. Тіл дамытуды үйретсе, ол алып кетеді. Бүгінгі педагогиканың үлкен трагедиясы – балалар кітап оқымайды. Бәріміздің шамамыз келмей, әлсіздік танытып жүрген дүние ол. Осыдан 15-20 жыл бұрын сабақ үстінде кітап оқып отырған балалардың қолынан кітапты жұлып алатынмын. Қазір соным ағаттық екен деп ойлаймын. Бертінде бұл үрдіс азайып кетті. Оған интернет те әсер етіп жатыр. Бастауышта сабақ беретін мұғалімнің ең басты мәселесі – шәкіртке кітап оқуды үйрету. Соған дағдыланса, 5-ші сыныптан балалар өздері ізденіп оқитын болады. Бұл ата-ана мен мектептің қосылып шешетін мәселесі. Қазіргі жаңалықтарға қарсылығым жоқ. Тек ескі педагогиканың ұтымды тұстарын да ұмытпауымыз керек. Кітап оқымаған, білімі таяз баладан болашақта мықты маман шығуы неғайбыл.
- Мектеп оқушыларына арналған түрлі конкурстар көбейіп кетті. Олардың бәріне қатысу үшін ақша төлеу керек. Тапсырмалары келген соң, оны оқушы ата-ана немесе мұғалімдерімен бірге орындайды. Оқушының шынайы білімі тексерілмейді. Ал мектеп басшылары мұғалімдерден оқушылардың осындай білім сайыстарына қатысуын қамтамасыз етуін талап етеді. Осындай білім сайыстарының балалар үшін пайдасы бар ма? Мұндай жағдайларға қалай тосқауыл қоюға болады?
- Әр баланың білімін тексеру мақсатында мектепішілік олимпиадалар тоқсан сайын ұйымдастырылуы керек. Бүгінгі күні қашықтық олимпиадалар көбейді. Мектепте жұмыс істеп жүрген кезде мен оған қарсы болдым. Бірақ ішімнен тынып жүретінмін. Оның тапсырмаларын пән мұғалімі мен оқушы қатар отырып істейді. Сосын табақтай диплом келеді. Оған мұғалім де, ата-ана да мәз. Білім бұлай сыналмайды. Оқушының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екенін көрсететін – облыстық, республикалық олимпиадалар. Ақша жинап, бәріне қатыстыра берудің қажеті шамалы. Саны көп, сапасы жоқ дипломдардың еш пайдасы жоқ. Ол тек босқа шығындалу. Бір балаға жылына бір жеңіс жетіп жатыр. Шәкірт соған жыл бойы дайындалса, қаншама рухани азық жинайды. Ғылыми жобалардың да уақыты өтіп бара жатыр. Оған барлық баланы тартудың қажет жоқ. Көбіне оқушылар мұғалімнің жетектеуімен жазады. Кез келген баланың ғылыммен айналысуға бейімі болмайды. 500 баланың арасынан 25-ін ғылымға баулыса, сол жеткілікті.
- Сіздің пікіріңізше бүгінде мұғалімнің келбеті қандай болуы керек?
- Мұғалім өзінің жүріс-тұрысы, келбеті, үстіне киген киімі, қимылына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Ұстаздың қасиеті – оның киімінен де көрінеді. Ұқыпты, қарапайым киінсе, мұғалімге сол жарасады. Бала күнімде тәлім берген керемет педагогтар сол келбетімен есімде қалды. Қазір кейбір жас мұғалімдерге қарап, қарным ашады. Мұғалім шешен болуы керек, өз пәнін терең білуі керек. Оның бойынан жақсы қасиеттер табылуы тиіс. Мұғалім – өз қадірін еш уақытта жоғалтпауы керек. Ол мамандық маңызын жоймайды. Соңғы кездері «Мұғалімнен бедел кетті» деген сөз жиі айтылады. Ол қалай кетеді? Мамандық таңдауда адам қателеспеуі керек. Мектепті аяқтаған кейбір жастар қайда барарын білмеген кезде жүрек қалауынсыз, ойланбастан мұғалімдікке барады. Қош, оқуын бітіріп шығады. Ісі өзіне ұнамағандықтан, жұмыс істеп жарытпайды. Жалқаулық та осыдан шығады. Он мұғалімнің ішінде осындай біреуі болса, басқаларының қадірін қашырады. Бұрын үлкендердің қолына су құйғанда «мұғалім бол» деп бата беретін. Мұғалімнің беделі – оның терең білімінде, өз қолында. Адам өзін тәрбиелеп, кемшілігін көріп, соны түзей білуі керек.
- Көпжылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде ізбасарларыңызға айтарыңыз?
- Бүгінгі педагогтарға айтарым – адам бірінші еңбекті сүюі керек. Ол – өз пәніңе деген құштарлығың. Сол пәнге деген құштарлық арқылы мұғалім көп нәтижеге жетеді. Уақытты тиімді пайдаланып, өз бетімен іздену керек. Адамның қолынан келмейтіні жоқ. Бүгінгі заман талабына сай терең білімді, ізденімпаз ұстаз – көп нәтижеге жетіп, мектебінің мәрсебесін көтереді. Қоғамда мұғалім тапшы болып қалмаса екен деп ойлаймын. Мұғалімдерді сырттай оқытуға қарсымын. Күнде жаңа бағдарламалар шығып жатыр. Оны сырттай оқыған адам ешқашан меңгере алмайды. Білімі төмен мұғалім - балалардың болашағына балта шабады.