Ашаршылық, тіл, әлеумет мәселелері: «Sarap Times» бағдарламасы көтеретін негізгі тақырыптар

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Бағдарлама жүргізушісімен сұхбат

Фотолар ашық дереккөзден

«Астана» телеарнасы арқылы көрерменге жол тартқан «Sarap Times» апталық-сараптамалық бағдарламасының ашылғанына жылға жуықтап қалды.  Жобаның басты мақсаты – қоғамдық диалог, ашықтық, халықтың мұң-мұқтажына жергілікті билікті жедел назар аударту. Azattyq Ruhy тілшісі халықтың үніне құлақ асып, қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін табуға септесіп жүрген бағдарламаның жүргізушісі Дастан Сейілханұлымен сұхбат құрды.

– Бағдарламаның негізгі бағытына тоқталып өтсек, қандай түйткілді мәселелер жиі көтеріледі?

– Ақпарат кеңістігі қазір қыз-қыз қайнап жатқаны белгілі. Маңызды деген мәліметтер бірінен соң бірі шығады. Оны бірі оқып үлгерсе, енді бірі назардан тыс қалады. Сүзгіден өткізіп үлгермейді. Меніңше, телеарналардағы апталық-сараптамалық бағдарламалар осындайда керек. Тілшілер апта бойы айтылған ең маңызды, дүйім жұртқа пайдалы болады-ау деген деректерді сұрыптап, оны тереңірек зерттейді. Ізденеді. Сөйтіп, пісіп-жетілген материалды көзі қарақты көрерменнің назарына ұсынады.

«SarapTimes» бағдарламасы да осы міндетті орындап жүр. Ұжымда тіс қаққан тілшілер еңбек етеді. Жас демесеңіз, шетінен елгезек. Өзгелер білсін, хабардар болсын деп тынбай қызмет қылып жатыр. Әріптестерім саясатта, экономика мен әлеуметтік ортада жиі қозғалатын тақырыптарды тілге тиек етеді. Руханиятты да ұмыт қалдырып жатқан жоқ. Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде қолданған заттар музейдің жертөлесінде шаң басып, тоз-тозы шығып жатқанын айттық. Ақжем ашаршылық алқымнан алмағанда қазақ саны қанша болар еді деген материалды да көрерменге ұсындық. Елдегі заңдар неліктен қазақ тілінде жазылмайды деген даулы мәселені де көтердік. Қазақ әскерінің әлеуетін сөз етіп, бұл салаға реформа қажет екенін батырып айттық. Өңірлерден де біраз өткір материалдар болды. Қарағанды облысында ат шаптырым аумақты билеп-төстеп алған дөкейлерді көрсеттік. Сондағы аудан басшылығы қалтасы қалыңдардың сөзін сөйлеп, жергілікті шаруаларға қарайласпай жатқанын айттық. Осы тектес біраз сюжет жасалды. Бізді үзбей көретін көрермен бұл сөзімді растап береді ғой деп ойлаймын.

– Журналистің міндеті – проблемаларды жеткізу, хабарлау. Ал оның шешімі табылғаны – еңбегіңнің еш кетпегені. «Sarap Times» мәселе көтеріп, кейін шешімін тапқандары бар ма?

– Біз көтерген мәселе бірден шешімін тауып жатыр деп айтсам, өтірік болар. Қал-қадіріміз жеткенше жазып та, айтып та жатырмыз. Бірақ жауапты мекемелер мән бермейді немесе естігісі келмейді. Бірақ олар да «жауырды жаба тоқығанмен, жараның беті жазылмайтынын» білу керек. Біз айтқан проблема қазір жабулы күйінде қалатын шығар. Алайда кейін өзге әріптестерім оған сөзсіз оралады. Міне сол кезде қолында билігі барлар кезінде елемей жүрген мәселемен бетпе-бет келеді.

Осыдан екі апта бұрын ғана шетелге жұмыс іздеуге кетіп, ізінше із-түсіз кеткен отандастарымыз жайында материал әзірлеген едік. Олардың арасында Біріккен Араб Әмірліктеріне аттанғандар да болды. Баласынан айлап хабар ала алмай отырған аналардың көз жасын көргенде жүрегің сыздап қоя береді. Содан әріптестерім Сыртқы істер министрлігіне жүгінді, өзге де жауапты мамандарды сөзге тартты. Жұп-жұмыр материал әзірлеп берді. Бұл тақырыпты басқа да телеарналар көтерді. Сайттар да жазып жатты. Ақыры жоғалып кеткен екі жігіт Қазақстанға аман-есен оралды. Біраз уақыт құлдықта болған олардың жақындарымен қауышқан сәтін көргенде – еңбегіміз еш кетпепті ғой деп іштей марқайып қаласың. Бұл – тұтас журналистер қауымының жеңісі.

– «Sarap Times-тің» өзге жобалардан қандай ерекшелігі бар?

– «SarapTimes» – апталық-сараптамалық бағдарлама. Мұндай форматтағы жобаларды республикалық, тіпті өңірлік телеарналардан да көруге болады. Бірақ біз жеті күнмен ғана шектелмейміз. Өзектілігін жоймаған, естіген елдің есін – екеу, түсін – төртеу қылатын проблемаларды арасында қосып отыруға тырысамыз. Мейлі ол апта бойы айтылмасын, бірақ біз сонда да көтеріп жатырмыз. Сол сияқты сұхбат жанрында 15 минуттық айдарымыз бар. Оған да сақа сарапшылар келіп, ең өткір деген мәселелереге ой қосып жатыр. Біздегі өзгешелік осы шығар деп ойлаймын.

«Тың формат», «Бұрын-соңды болмаған бағдарлама» деп айдар тағып, аттан салғым келмейді. Телеарналардан шығып жатқан көп жобалардың бірі. Өзінің көрермені, айтары бар бағдарлама. Бірақ бір қуантарлығы – қап қаражат құйылатын, мамандары бізден әлдеқайда көп мемлекеттік телеарналарда көрсетіліп жатқан бағдарламалардан қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Техникамыз жұтаңдау болса да иық тірестіріп келеміз. Біздегі операторлардың, видеоинженелер мен режиссерлердің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Осы кісілердің арқасында «SarapTimes» шығып жатыр.

– Жүргізуші – көрерменге ақпарат береді. Ал осы бағдарламаны жүргізу арқылы өзіңізге пайдалы не алдыңыз?

– Бұрын-соңды апталық-сараптамалық бағдарламаны тізгіндеп көрген емеспін. Мен үшін үлкен тәжірибе болды. Біраз жыл жаңалық жүргіздім, деректі фильмдер әзірледім, арнайы репортаж жасадым, радио мен сайттарда да еңбек еттім. Бірақ апталық-сараптамалық бағдарламаны жүргізіп көрген емеспін. Әу баста абдырап, екіойлы болғаным рас. Бірақ арна басшылығы сенім артып тұрған соң, тәуекел дедім. Қазір еш өкінбеймін. Әлі де үйреніп жүрмін. Алда да үйренетін дүниелер көп екенін білемін. «SarapTimes» маған жауапкершілік жүктеді. Басшылық сенім артты. Енді сол сенімге селкеу түсірмеуге тырысып жатырмын. Ең бастысы – елдің сенімі. Бізді көрген адам бізге сенсе, бізді іздеп келсе, өздерінің мәселесін бізге аманаттаса – миссияның орындалғаны деп білемін. Жалпы кез келген журналистке елдің берген батасы қымбат. «Рақмет, айналайын!» деген бір ғана сөзді есту – барлық мадақ-марапаттан артық.

– Бағдарлама қандай аудиторияға арналған? Тақырып таңдауда қай бағытқа басымдық бересіздер?

– Елде болып жатқан жайттарға бей-жай қарамайтын әрбір адам бізді көру керек шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, біздің жоба тек осы санаттағы адамдарға арналған деп айта алмаймын. Бәлкім біреуге саяси тақырыптар қызық болар, енді бірі экономикадағы ахуалды білгісі келетін шығар, әлеуметтік проблемаларға бас қатырып жүргендер де жоқ емес. Кейбірі мәдени-рухани дүниелерді іздейді. Ол кісілердің ешбірін бөліп-жарғым келмейді. Айтпағым, бір адамның мәселесі – бүтін бір қоғамның мәселесі. Ал қоғам қаузап жатқан дүниелер – тұтас мемлекетке ортақ. Біздің міндет соларды уақытылы айтып, жеткізіп отыру. Бұқара базынасын билікке жеткізу, биліктегілердің маңызды мәлімдемелерін елге естірту. Журналистердің негізгі міндеті де осы ғой. Сол сияқты «AMANAT» партиясының атқарып жатқан шаруаларына тоқталып өтеміз. Қолдан келгенше қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысамыз. Бірақ ол өте – қиын шаруа. Әрине, рейтинг өскенін қалаймыз, көрермен бізге көбірек үңілсе екен дейміз. Бір адамға пайдамыз тисе – біз үшін ең басты жеңіс сол болмақ.

– Көрермен қауыммен өзара байланыс бар ма? Көбіне қандай пікір, тілек естисіздер?

– Біздің формат сәл бөлектеу. Ток-шоу немесе пікірсайыс бағытындағы жоба болса, көрерменнен хат қабылдап, қоңырау күтуге болар еді. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Есесіне, көшеде жүрген адамдардың пікірін әркез ескеруге тырысамыз. Тілшілеріміз блиц-сұхбат жинайды. Қандай да бір мәселеге қатысты адамдардың пікірін біледі. Жеке өзіме жазып жататын кісілер болады. Facebook желісін жиі қолданамын. Сол жақта сын-ескертпелерін айтып отырады. Осал болса «осал» дейді. Ұтымды шықса «жақсы жасапсыңдар!» деп арқадан қаққандай болады. Әркез елден алғыс естіп жүрміз десем, артық айтқандай болатын шығармын. Кейбір адам бізді жақтырмауы да мүмкін, бәлкім балағаттап жатқандар да бар шығар. Дегенмен ондайды көңілге алмау керек. Жеке өзім оны эмоция деп қабылдаймын. Қай маман өзі жасап жатқан жоба ел аузында жүргенін қаламайды? Іштей болса да соны тілеп тұратын шығар. Бізде де солай. Тек ол үшін талмай еңбектену керек.

– Бағдарламаның көрермені көп, рейтингі жоғары болсын! Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!