«Кублей» дауы: белгілі заңгер судьяның жіберген өрескел қателіктерін тізбектеп шықты

Автор: Әйгерім Ердәулет

Даудың басы 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бергенінен басталған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Өткен жылдың 27 желтоқсанында «Кублей» ісіне қатысты судья Бақтияр Жорабаев сот шешімін шығарған болатын. Ол «Кублей» ЖШС-нің Орал қаласы әкімдігі мен оның басқармаларының үстінен түсірген шағымын толықтай қанағаттандырусыз қалдырған. Белгілі заңгер, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, жер кодексі бойынша толықтырулар мен түзетулерді енгізу бойынша сарапшы Бақытжан Базарбек «Кублей» дауына қатысты соттың өрескел қателіктерді жібергенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

13 томға жеткен сот ісінің 9 томы тек «Кублей» тарапынан түскен дәлелдемелік құжаттармен толыққан. Сотқа ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап жіберген. Министрліктің жолдаған қорытындысында әкімдік бас жоспарды қатаң түрде бұза отырып, ондағы талаптарды елемегені,  жергілікті биліктің тұрғын үй кешенін бас жоспарға қарамай өзінің қаулысымен бекітіп, салдырған деп ашық көрсеткен. Бірақ судья шешім қабылдарда бұл жауаптарды негізге алмаған болатын.

«27 желтоқсан 2022 жылы БҚО-ның мамандандырылған экономикалық сот судьясы Бақтияр Жорабаев заңды өрескел бұза отырып, сотың шешімін «Кублей» зауытының талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Бұл заңды өрескел ғана бұзу емес, заңды белшеден басу. Себебі судьяның соттың шешіміндегі уәжіне қарсы уәж келтіріп құжаттамаларды көрсете аламыз.

Судьяның басты мақсаты Орал қаласының шенеуніктерін ақтау және заңсыз соғылған үйлдерді заңдастыру болғандай. Оның уәждеріне жеке тоқталып кетейік:

Біріншіден, сот өзінің уәждеу бөлімінде нақты көрсетіп мойындап отыр, мынау Орал қаласының бас жоспарына сәйкес (Орал қаласының бас жоспары 19 желтоқсан 2014 жылы бекітілген) «Ирменова» жеке кәсіркерлігі салған тұрғын үйлері өндірістік аймақта орналасқан. Оны судья мойындап отыр», - дейді Бақытжан Базарбек.

Сөзін жалғай отырып, судьяның пікірімен келіспейтінін былайша түсіндіріп өтті.

«Соттың шешімінің 9-бетінде судья әкімдіктің бекіткен егжей-тегжейлі жобасы бас жоспарға қарама-қайшы екенін және оны ақтап шығару үшін судья былай дейді: «Ирменова» жеке кәсіпкерлігі жерді сатып алған кезде егжей-тегжей жобасы бекітіліп қойған дейді. Бірақ та, біз іс жүзінде оның жерді сатып алар алдында оның егжей-тегжей жобасы бектіліген бе, бекітілмеген бе оны біз даулап тұрған жоқпыз. Біз нақты бекітілген егжей-тегжей жобасы заңсыз деп отырмыз.

Міне осыған жауапты 16-бетте судья «мынау бас жоспардың концепциясына сәйкес егжей-тегжей жобасы қарама-қайшы емес» дейді. Сонда судья бас жоспарға емес, бас жоспардың концепциясына сүйеніп отыр. Ал негізге бас жоспардың концепциясы емес, өзі алынуы керек. Демек егжей-тегжей жобасы бас жоспарға қарама-қайшы, ал судья мына тығырықтан шығу үшін, әрі оларды ақтап шығару үшін бас жоспарға сәйкестігін емес, бас жоспардың концепциясының сәйкестігіне көңіл аударып отыр. Ал концепция бұл бас жоспардың болашақта қалай дамитыны туралы құжат, ол бас жоспардың бір бөлігі ғана», - дейді заңгер Бақытжан Базарбек.

Судьяның өз шешімінде «Кублей» зауытның санитарлық аймағына күмән келтіреді. Бірақ рұқсат берген ведомствоның жауабын негізге алмайды.

«Судьяның бір пікірі кейінгі өзінің пікіріне қарама-қайшы. Бұл жерде судья зауыттың санитарлық қорғау аймағы анықталмаған дейді. Сот шешімінің 10-бетінде зауыттың өзінің санитарлық қорғау қорытындысы бар. Ал ол қорытындыны ресми түрде уәкілетті орган ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өзінің қорытындысында нақты айтып отыр.

2015 жылы «Кублей» зауытына санитарлық қорытынды берілген. Ол қорытынды санитарлық талаптарға сай берілген. Соған сәйкес санитарлық қорғау аймағы кемінде 100 метр болуы керек. Болды, анықталған. Ол санитарлық талаптарды әзірлеген және бекіткен – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, судья Жорабаев емес», - дейді заңгер Бақытжан Базарбек.

Судья Бақтияр Жорабаев шешім шығарар күні: «Кублей» ЖШС мен шаруа қожалықтарына айтарым, зауыт жабылмайды, бұрын қалай жұмыс істесе, солай жұмысын жалғастырады. Кәсіпорынның 2024 жылы тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды ала алмай қалуы мүмкін деген ақпарат та болжам. Сот болжамдарға сүйеніп шешім шығара алмайды», - деген болатын.

Бірақ мұның болжам емес екенін зауыт тарапы сот процесі басталғалы бері дәлелдеп келгендерін айтып отыр.

«2024 жылы «Кублей» зауыты эпидемиологиялық қорытынды ала алмайды деген бұл біздің сөзіміз емес, бұл сотқа тартылған БҚО-ның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы өкілінің нақты соттың аудио/видео таспаға айтқан сөзі.

Сот процесі өтіп жатқан кезде судьяның: «егер де мен мынау соғылған үйлерді заңдастырсам, қандай құқықтық салдар орын алады» деген сұрағына БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілі нақты былай деп жауап берді: «біз тек санитарлық ережемен жұмыс істейміз. Онда қауіптілігі жағынан 4 класс зауыт пен тұрғын үйдің арасы кемінде 100 метр болуы деп нақты көрсетілген. Егер де соттың шешімімен мына үйлер заңдастырылса әрі қабылдау актісі бойынша бұл үйлер қабылданса зауыттың қорғау аймағы күрт азаяды. 2023 жылы зауыт жаңа эпидемиологиялық қорытындыны жаңартуы керек. Ол кезде 100 метр арақашықтықтың болмауынан санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны беруден бас тартады» деп анық айтты», - дейді Бақытжан Базарбек. 

Бұдан бөлек, судья сот шешімін шығарғанда зауыттың 600 жұмысшысы мен 3 мың шаруа қожалығы жұмыссыз қалады деген уәжі негізсіз деген. Өйткені зауыттың негізгі өндірісі даулы аймақтың жанында емес, қала сыртында орналасқан дегенді алға тартты. Бірақ «Кублей» тарапы судьяның уәкілетті орган берген құжатына негізсіз күмән келтіріп отыр деп айыптайды.

«Сот құжаттамаларында даулы аймақта консерві зауыты емес, конверстік цех орналасқан деп отыр. Осылайша судья «Кублей» зауытының құжаттамаларын жоққа шығарып отыр. Ал бұл қорытындыны орталық уәкілетті орган беріп отыр. Оны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық комитеті бостан-босқа бермейді. Оны санитарлық талаптарға сай береді. Сонда уәкілетті орган ақымақ, тек Орал қаласының әкімдігі ақылды ма?

Ал судьяның пайымдауынша, барлық құжаттамада консерві зауытын соғу үшін жердің нысаналы мақсаты да сондай болуы керек.  Бірақ, судья жер кодексінің талаптарына назар аудару керек қой. Мынау жер кодексінде «консерві зауыты» деген нысаналы мақсат жоқ.

Біз уәкілетті органға тиісті өтінімді бергенбіз. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл жалпы «өндірістік кешен» деп жауап берді. Бұл жауапты да біз соттың материалдарына қоса тіркегенбіз. Бірақ судья уәкілетті органның жауабы егер ол шенеуніктің пайдасына шықпаса қабылдамайды екен. Сөйтіп, судья өзінің шешімінде бұл құжатта зауыт көрсетілмеген, яғни бұл жерде зауыт жоқ деп отыр», - деді заңгер.

Соттың хабарлауынша даулы аймақта, яғни Потанина 13/3 мекенжайында зауыт кеңсесі, қоймалар, 1 өндірістік цех, теміржол төсемі бар. Ал зауыттың өзі басқа мекенжайда орналасқан деп айтады. Бірақ судьяның өзі ол нысанға барып көрмеген.

«Көшпелі сотта судья өз көзімен зауытты көрді. Мен 81 қазандық бар, соны біртіндеп есептейміз бе деп сұрадым. Судья жоқ, қажет емес, көзім жетіп отыр деп жауап берді. Ал соттың шешімін шығарған кезде онда тіпті консерві зауыты жоқ дейді. Соттың шешімін оқысаңыздар консерві зауыты Потанина 13/3 мекенжайында емес, Орал қаласының Рыбцех 55 мекенжайында орналасқан деп көрсетіп отыр. Менің таңқалғаным сот ол мекенжайға барған жоқ. Сот бармаса, көрмесе Рыбцех, 55-те консерві зауытының орналасқанын қайдан біледі? Болмаған жерді қалай көрдім деп айтады», - деп ашынды шағымданушы тарап.

Естеріңізге сала кетейік, даудың басы 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бергенінен басталған. Зауыт басшылығының айтуынша әкімдік 2014 жылы Үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, 2020 жылдың мамыр айында зауыттың санитарлық қорғау аймағынан көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беретін қаулыны шығарып жіберген. Яғни, өндірістік аймақты тұрғын үй салатын жер деп өзгертіп, өтіп кеткен уақытпен заңдастырмақ болған.

Заңсыздықтың болғанын дәлелдеу үшін «Кублей» ЖШС тарапы 5 ақпанға дейін аппеляциялық шағым түсірмекші.