Робототехникадан әлем олимпиадасының жүлдегерлері. Бөлелер жайлы не білеміз?

Автор: Azattyq Rýhy

Олар әлемдік олимпиадада 2-орын алды

Шымкент қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №26 мемлекеттік мектеп пен №9 IT-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш робототехника бойынша өткен әлем олимпиадасында жүлделі орындарға ие болған еді. Бұл ақжолтай жаңалықты Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жеткізген болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жарыс Германияның Дортмунд қаласында өтті. Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаштар әлемнің 73 елінен келген командалар арасында жеңіске бір табан жақындап, екінші орынға ие болған. Ең қызығы бұл екі оқушының туыстығы бар. Екеуі апалы-сіңлінің балалары, яғни бөлелер.

World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері өтіп келеді. Қазақстан бұл олимпиадаға тек 2014 жылдан бері қатысып келеді. Оған 18 жасқа дейінгі оқушылар қатыса алады. Биыл 73 елдің 365 командасы финалда үздік атаққа таласты. Ал іріктеу кезеңіне бүкіл әлем бойынша 15 000 команда қатысқан. 

«Балалардың әлемдік аренадағы жеңістері ерекше мақтаныш сезімін тудырады.Жас және дарынды жеңімпаздарымызды осындай жоғары нәтижемен құттықтаймын! Сондай-ақ олардың тәлімгерлері мен ата-аналарын да құттықтаймын! Балаларға биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспін», - деген еді Асхат Аймағамбетов. 

Бибарыс Михаш Шымкент қаласында дүниеге келген. Отбасында 4 адам екенін айтты.

«Шымкент қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №26 мемлекеттік мектепте оқимын. Мен мектептен тыс RoboPark робототехника және бағдарламалау мектебінде білімімді жетілдірдім. RoboPark  оқу орталығында   3,5 жылдай білім алдым. Роботехниканың барлық қыр-сырын,бағдарламалауды сол жерден  үйрендім», - дейді Бибарыс.

Олар робототехника бойынша әлем олимпиадасында ауруханадағы пациенттерге көмек беретін роботты таныстырған.

«Ол робот пациенттің барлық жағдайын жасайды, бұл ереже барлық қатысушыларға бірдей. Яғни, ешкімді алаламайды. Біз бұл олимпиадаға 7 ай уақыт дайындылдық, жарыстың әр кезеңінен өттік. Мысалы, бізде бірінші қалалық кезең болды, одан кейін республикалық, сосын барып әлемдік дейгейге бардық», - дейді оқушы.

Олимпиада кезінде ол басқа елдің оқушыларымен танысып, тәжірибе алмасқанын айтты.

«Болашақтағы мақсатым- Қазақстандағы  IT бағытын дамытып, еліміздің дамыған елдер арасынан көру. Бұл жарыста ереже болды.Сол ережеге байланысты робот жасалды. Ол робот миссияларды орындауы керек. Миссиялар алдын ала беріледі. Жарысқа программасы дайын роботты апарады», - дейді ол.

Бибарыс Михаш бұл бағытқа қалай келгенін айтып берді.

«Мен карантин уақытында уақытымды босқа өткізуім дұрыс болмас деп ойлап, курстар іздей бастадым. Менің қазіргі кездегі командаласым, бөлем Иманғали роботехника және бағдарламалау мектебіне  баратыны есіме түсіп кетті. Сосын сол курс жайлы барлық ақпаратты сұрап, қатысуды жөн көрдім.Сол кезден бері үзіксіз қатысып келемін», - дейді ол.

Бибарыстың бөлесі Иманғали Мыңжасармен де әңгімелестік.

«Мен Шымкент қаласында дүниеге келдім. Отбасым бес адамнан тұрады. Әкем, шешем және екі әпкем бар. Шымкенттегі IT лицейдің 11-сынып оқушысымын. Мектепте оқу жаратылыстану-математика бағытында өтеді. Жай мектептерден айырмашылығы: мектеп жақсы жабдықтандырылған. Мысалы әр сыныпта компьютер және электрондық тақта бар.Мектепте мен робототехниканың базасын ғана үйрендім. Ал қыр-сырларын мен RoboPark оқу орталығында таныстым», - дейді Иманғали.

Ол атағандай, науқастарға көмектесетін робот жасаған.

«Мысалы, ол пациентке суын апарып береді, егер адам зеріксе, онымен ойнап кетеді.Біз бұл жұмысты сәуір айынан бері жасап келе жатырмыз. Дүниежүзілік кезеңнен орын аламыз деп ойламадық. Бірақ қолымыздан келгенін жасадық.Олардың роботтары мықты және жылдам болды. Бірақ біздің робот олардыкінен кем емес. Болашаққа жоспарым - осы Қазақстанның IT саласын дамыту», - деді Иманғали Мыңжасар.

Жалпы робототехниканың даму тарихына келетін болсақ, 1969 жылы  Жапониядағы Yaskawa Electric Heavy Industries, Ltd атты компания ең алғашқы өндірістік роботты жинап шығарған.

2004-2005 жылдары Жапонияда жылдық өндіріс көлемі 60 мың роботты құрады, соның ішінде жартысына жуығы экспортқа шығарылады. Бұл салада 130−дан астам компания мен фирма, соның ішінде ең ірі қаржы – өндірістік холдингтер  жұмыс істейді.

Жапондық робот  жасаушылар өздерінің техникасын жаңа салаларда қолдануды үйренуде, әсіресе  әр түрлі қызмет көрсету түрлерінде қолдану мысалы, офистардағы хатшы ретінде, ауруханадағы күтуші ретінде, анықтамаларды беру және үй жұмысын орындау. Жапондық компаниялар Humanoid Robotic Project (HRP) программасын орындауда, қаржыландыру көлемі $37 млн құрайды. Осы жоба бойынша адам келбетіндегі роботтар жасалды. Робототехника басқа салаларда өте қарқынды дамып жатыр.  

 Робототехника – автоматтандырылған техникалық жүйелерді құрастырумен айналысатын ғылым түрі. Робототехника- зерттеу обьектісі робот болып табылатын ғылым. Робот – бұл индустрия. Роботтарды көп жағдайда эксприментті мысалы; аз санды және практикада аз қолданылатын деп қарастыруға болады. Бірақ робот жасау және роботтарды қолдану аса ірі сала. 

 Робототехника екіге бөлінеді өдірістік және арнайы. Өнеркәсіптік робот дегеніміз ойлау қабілеті жоқ, қозғалмалы автоматикалық машина, ол бірнеше қозғалыс дәрежелері бар манипулятор түріндегі артқару құрылғысынан және өндірістік үрдісте қозғалу және басқару функциясын орындауға арналған қайта бағдарламаланатын құрылғысынан тұрады.

Кеңес Одағы кезінде робототехниканың мүмкіндіктерін пайдалана отырып неше түрлі роботтар құрастырылған болатын. Сол жасалынған роботтар өндірістік кәсіпорындарында, әртүрлі заводтарда ғана пайдаланып қоймай, әр түрлі апатты жағдайларда қолданылған болатын.

Мысалы, Чернобыль апатында адамдардың өміріне өте қауіпті реактивті жерлерді зерттеуге арнап жасалынған роботтар да болды. Ол роботтар сол апат болған аймақты толық зерттеп, мүмкін болатын деректерді жинап, сол жердің қаншалықты зақымданғандығын және адам тұруға келу келместігіне дейін анықтаған.

Техника ғылымының докторы, профессор Жұмаділ Байғұншеков Қазақстанда робототехниканың негізін қалаған ғалым ретінде академик Өмірбек Жолдасбеков екенін айтады.

«Академик Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбековтың еліміздің жоғарғы білім беру саласына, парламентариясына, Ұлттық Инженерлік академиясының қалыптасып, оның дамуына сіңірген ерен еңбегі баспасөз бетінде кеңінен жариялануда, жариялана да береді.Дегенмен де сан қырлы, сом тұлғалы мемлекет және қоғам қайраткерінің әлемге әйгілі болуында академиктің ғылым саласындағы соның ішіндегі машина жасау және робототехника салаларындағы еңбектерінің орны ерекше», - деген еді ол.

Машина жасау саласының теориялық негізі - машиналар және механизмдер теориясы ғылымы.

«Академик Жолдасбеков – осы машиналар және механизмдер теориясын Қазақстанда қалыптастырып дамытқан ғұлама ғалым. Машиналар және механизмдер теориясы ғылымының негізгі мақсаты механизмдер мен машиналардың құрылымдық, кинематикалық, динамикалық талдауы мен синтезі болса, қазіргі машиналардың электроникамен, басқару жүйелерімен жетілдіруіне байланысты осы ғылымның «өрісі» кеңейіп, ол әлемде қарқынды дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мехатроника және робототехника ғылымдарымен жалғасып жатыр.  Мехатроника – механика, электроника, ақпаратты технология салаларын түйістіретін ғылым болса, робототехника осы мехатроника ғылымының өндіріске қажетті негізгі саласы болып табылады. Сондықтан академик Жолдасбеков – Қазақстанда мехатроника және робототехника ғылымдарының негізін қалаушы», - дейді профессор.

Былтырдың өзінде елімізде үш мыңға жуық мектепте робототехника кабинеті ашылды. Бұл жерде осы бағыт бойынша қызығушылық танытатын оқушылар үшін арнайы үйірмелер өткізіледі. Барлық кабинет қажетті компьютерлік жабдықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Мектептерде оқушылар үшін арнайы үйірмелер де ұйымдастырылған

«Робототехника — бұл арнайы конструкторлардың көмегімен робот жасау дегенді білдіреді. Әрбір оқушы тек дәріс тыңдап қана қоймай, роботты өз бетінше жинай алады. Мұғалімдер балаларды механиканың негіздерімен таныстырып, олардың практикалық дағдыларын дамытады. Балалар бұл процеске қатысу барысында асқан қызығушылық танытып, жобаларын өз бетінше құруды үйренеді. Бұл балалардың бойындағы жауапкершілік, тәртіп және зейінді дамытады. Сонымен қатар робототехника балалардың физика, математика және ақпараттық технологиялар саласындағы білімін жетілдіреді»,- деген еді сол кезде Гүлмира Кәрімова.

Роботтардың Дүниежүзілік олимпиадасына (World Robot Olympiad) келетін болсақ, халықаралық роботтар сайысы - 10 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға арналған жарыс. Бірінші фестиваль 2004 жылы Сингапурда өтті, қазір оған 54 елден 1500-ден астам талантты бала қатысады.

Олимпиада үш түрлі санаттағы LEGO роботтарының жарысы болып табылады. Роботтың өлшемдері стандартты түрде шектелген: 25x25x25 см, шығармашылық санатқа қатысушылар берілген тақырыпқа жоба дайындайды. Негізгі және шығармашылық санатқа арналған тапсырмалар жыл сайын әртүрлі болады, әдетте жылдан жылға күрделене түседі.

Марья Айдарбаева