Сайлауалды науқан бір ай бойы жүреді
20 қарашада кезектен тыс өтетін президент сайлауына әзірге төрт кандидаттың аты ұсынылды. Бірі қазіргі Президент болса, одан кейінгілері «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жигули Дайрабаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығының атынан сайлауға түскісі келетін Мейрам Қажыкен және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған Нұрлан Әуесбаев.
61 жастағы Мейрам Қажыкен де, 68 жастағы Дайрабаев та, 65-ке толған Әуесбаев та қазақ қоғамына бұрын аса танымал болмаған, саяси қайраткерлігімен көзге түспеген.
Елімізде президенттікке кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталса да, әзірге осы үш адам ғана қазіргі Президентке бәсекелес болатынын жарияланды. Саяси науқан кезінде кандидаттар саны әлі де көбеюі мүмкін.
Қазақстан Президентінің орынтағына биыл қанша кандидат таласуы мүмкін? Халық бұған дейін тілек білдірген үміткерлерді қалай қабылдады? Елге танымал тұлғалар арасынан өзінің кандидатурасын кім ұсынуы мүмкін? Бұл сұрақтардың жауабын саясаттанушы Жомарт Симтиковтен сұрап көрдік.
- Жомарт Құдайбергенұлы, Президентті 7 жылға бір рет сайлау жүйесі туралы өзгерісті қалай қабылдадыңыз? Бұл шынымен де демократияның белгісі ме?
- 7 жыл мерзімге бір рет қана сайлану туралы өзгеріс жаңалық емес. Бұл әлемдік үрдісте бұрыннан бар. Ал, өз елімізге келетін болсақ, ең бірінші пайдасы – бір адамның ұзақ мерзім бойы президенттікте отырып алуына жол бермейді. Мұндай тәжірибе біздің 30 жылдық тарихта бар. Бір рет сайланған президентке екінші рет мүмкіндік бермеуі Қазақстандағы демократиялық процесстің бір қадам болса да алға басқанының белгісі. Бұл елдегі саяси күштердің бәсекелесін арттырады. Уақытша алдаусырату емес, халыққа үміт беретін оң өзгеріс деп қабылдау керек.
- Олай болса президенттік сайлауға алғашқылардың бірі болып кандидатурасын ұсынған азаматтардың әрекеттерін де демократиялық процестің алға жылжуы деп бағалауға болады ғой?
- Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкендердің жеке тұғалық қасиетін қоя тұрып, олардың кандидат ретінде ұсынылуы қазіргі қоғамда демократияға деген талпыныстың бар екенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, бұл кандидаттарды қоғам қабылдап жатқан жоқ. 30 жылдық тәуелсіздіктегі демократиялық көріністің кері кеткенін көрсетеді. Қоғамда мықты, әрі ресми оппозициялық ұйымның, шыншыл, батыл топтардың бомағанын көрсетеді. Билікпен шынайы бәсекелесетін партиялардың, топтардың жоғын көрсетеді. Президенттік сайлауға түсетін Тоқаевқа пара пар, тым болмағанда ол адамға жетеқабыл бәсекелес болатындай бірде бір тұлға көрініп тұрған жоқ. Бұндай адамдардың сайлауға түсуге үміткер болуының өзі – емократияны күлкіге айналдыру деп білемін.
- Қазақ қоғамы белгілі, танымал тұлғалардың қыр астындағы тұрған сайлауға түскенін қалайды және бұндай әңгімелер ашық айтылып жүр. Бірақ саяси оппозициялық күштерде жүрген адамдар да, танымал қайраткерлер де үнсіз. Тыныштықтың астарынан нені байқауға болады?
- Рас қоғам елге белгілі тұлғаларды кандидат ретінде көруді күтіп отыр. Аймақтық деңгейде, әлемдік деңгейде түрлі саяси жағдайларға араласа алатындай мықты, түрлі саяси ресурстарды пайдалана алатындай тұлғалардың сайлауға түскенін қалайды. Үміткерлер арасында саяси, экономикалық қабілеті мықты, харизмаға бай қайраткерлердің болғаны дұрыс. Ал мынадай белгісіз адамдардың президенттік сайлауға үміткер ретінде келуі мен үшін күлкілі жағдай.
- Осыдан 1,5 жыл бұрын Қырғызстандағы президенттік сайлауға алпысқа жуық адам ұсынылса, олардың 18-і үміткер болды. Оның несі күлкілі?
- Иә, Қырғызстанның қазіргі басшысын сайлайтын кезде үміткерлердің атынан сайлаушылар шатасты, өте көп адам тіркелді. Қырғыз Республикасындағы жағдай сырттай қарағанда демократияның белгілері сияқты көрінгенмен, ішкі және сыртқы күштердің араласуымен түрлі заңсыздықтарға жол берілді. Бұған демократияның жабайыланған формасы ретінде қарау керек. Қазақ қоғамын әлем алдында күлкіге айналдырмас үшін нақты беделі бар, шыңдалған, бүгінгі Президентке бәсекелес бола алатындай тұлғалар үміткер болуы тиіс. Ал қазіргі мына үміткерлерге мемлекеттің, елдің тізгінін қалай сеніп тапсырамыз?
- Сонда Дайрабаев, Әуесбаевтар өзінің атын шығару үшін мүмкіндікті пайдаланып отыр деуге келе ме?
- Баяғыда өткен сайлауда Уәлихан Қайсаров деген азамат та өзін атын ұсынған. Халықтың есінде уақытша болады да, кейін елдің есінен шығып қалады. Бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, Жигули Дайрабаевты да, өзгелері де атын шығару үшін әдейі істеді деп санамаймын.
- Сіздің ойыңызша кандидаттар саны қаншаға дейін жетіп қалуы мүмкін?
-Үміткерлер саны әлі көбейіп, 6-7 адамға барып қалуы мүмкін. Кандидаттардың білімі, жеке басына тән харизмалары жоғары болса, сайлауға дауыс беретін халықтың саны да артады.
Қазақстанда саяси демокартиялық процестерді жандандыру керек және ол өте қажет. «Ура, алға Қазақстан» деп ұрандата берудің мәні жоқ. Бізге саяси шешімдерді қабылдай алатын, кез келген жағдайды арыдан, тереңнен ойлайтын тұлғалардың үміткер болғаны дұрыс. Бұл халықтың билікке деген сенімін арттырады, белсенді түрде дауыс беретін адамдардың санын арттырады.
Тоқсаныншы жылдары болған президенттік сайлауға халық белсенді қатысқан еді, сайлаудан көп үміт күтті. Өзгеріс қалады. Бірақ ол үміт ақталған жоқ. Халықтың көңілі әбден қалды. Енді қазір жаңа Президент, жаңа үміткерлер. Үміт қайта оянды. Енді халықтың үмітімен ойнауға болмайды.
Бұрын оппозицияда болғандардың да осы саяси науқанға араласқаны бәсекелестікті күшейтер еді. Бұрын топтасқан оппозиция бүгінде басын біріктіре алмай отыр. Топтасып, каолиция құрып, араларынан мықты деген біреуін үміткер қылса деп ойлаған едік, ондай жағдай әзірге болмады.
Жалпы, осы сайлау арқылы халықтың да саяси сауаты артады. Сондықтан ел бұл науқанға белсене араласуы тиіс.
- Сұхбатыңызға рахмет!