Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны неліктен қайта көбейіп жатыр

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Пандемия басталғаннан бері инфекция жұқтырғандар саны – 1 306 471

Фото ашық дереккөзден

Елдегі эпидемиологиялық ахуал алаңдатарлық. Себебі коронавирус инфекциясы бойынша науқастар саны артып келе жатқаны байқалады. Пандемия басталғаннан бері еліміздегі коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны – 1 306 471, ал сауығып шыққандар – 1 292 328 адам.

Биыл маусым айының басында COVID-19 жұқтырғандардың күнделікті тіркелімі 5-6 жағдайдан аспаған болса, соңғы тәулікте 110 дерек анықталып, 20 күндегі көрсеткіш 20 есеге дейін артты. Осы орайда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Azattyq Ruhy тілшісіне елдегі КВИ жағдайына байланысты маңызды сұрақтарға жауап берді.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ ВАКЦИНАНЫҢ ҚОРҒАНЫШ КҮШІ ТУРАЛЫ

Кез келген вакцина бір салғаннан кейін өмір бойына қорғаныш қалыптастыра алмайды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші әлсірей бастайды, сәйкесінше ауруды жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Аурудан сауыққаннан кейін немесе екпе алғаннан кейін 6-9 ай өткеннен соң антиденелер көрсеткіші төмендей бастайды. Бұл туралы біздің мамандар бірнеше рет ескерткен болатын. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері қазіргі таңда коронавирус инфекциясы вирусқа қарсы екпе алмаған және уақытылы ревакциналаудан өтпеген адамар арасында анықталып отырғанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдерінде вакциналау қарқыны бәсеңдеп, соның салдарынан коронавирус қайтадан күш ала бастады.

Анықтама үшін: бүгінгі күні Қазақстанда КВИ-ге қарсы екпенің 1-компонентін 9 523 631 адам (80,2%), 2-компонентін 9 306 077 (78%) адам алды. Ал Pfizer препаратының І дозасымен – 1 220 828, ІІ дозасымен 1 141 780 адам егілді.

Вакцинация және ревакцинация Vero Cell, QazVac, Pfizer препараттарымен жүргізіледі. Pfizer  препаратының нұсқаулығына осы жылдың сәуір айында өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес препараттың жарамдылық мерзімі 9 айдан 1 жылға дейін ұзартылды. Басты талап – сақтау температурасы -90 градустан -60 градусқа дейін сақталуы қажет. Сондықтан елдегі бұл препарат осы жылдың қазан айына дейін өзінің вирустан қорғау қабілетін жоғалтпайды.

Ұжымдық иммунитет төмендеген жағдайда сәйкесінше вирус мутациялануын жалғастыра береді. Бүгінгі күні омикрон штамының бірнеше нұсқасы анықталып отыр. Алдағы уақытта аурудың өсуі популяциядағы омикрон штамының ВА.4/ВА.5 субварианттарының таралуымен байланысты болуы мүмкін. Олардың жұғу жылдамдығы алдыңғы түрлеріне қарағанда бірнеше есеге дейін жоғары және иммунитетті айналып өту қасиетіне ие. Бүгінгі күні елімізде айналымда омикрон штамы басымдықпен таралған. Ғалымдардың болжамы бойынша коронавирустың жаңа нұсқалары постковидті синдромның дамуына әкелуі мүмкін.

КВИ-ДІҢ ҚАЗІРГІ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Негізгі белгілері – бастың, тамақтың қатты ауыруы, шаршау, әлсіздік, мұрынның бітелуі сонымен қатар иіс, дәм сезу қабілеттерінің жоғалуы. Оған қоса бас айналып, тамақтың ісінуі де омикрон жұқтырғаныңыздың белгісі болуы әбден мүмкін. Сол себепті осы белгілердің біреуін байқаған болсаңыз міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

ӘЛЕМ БОЙЫНША КАРАНТИНДІК ШАРАЛАР ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕНМЕН ҚАУІП СЕЙІЛДІ МЕ?

Коронавирус пандемиясы аяқталған жоқ. Циркуляцияда вирус әлі де бар. Иә, карантин талаптары жеңілдетілді. Мұны тұрғындар қауіптің жойылуы деп түсініп, босаңсып кеткені жасырын емес. Әлемнің бірқатар елінде вакциналау қарқыны да бәсеңдеп кетті. Салдарынан ұжымдық иммунитет әлсіреп, КВИ қайта күш алып жатыр.

Коронавирус инфекциясы өршіп тұрған, эпидахуалы қолайсыз елдерге сапар шекпеуге кеңес беріледі. Сонымен қатар шетелге саяхатты жоспарлаған болсаңыз вирусқа қарсы вакцина немесе уақытылы ревакцинадан өткеніңіз аса маңызды. Себебі вакцинамен басқарылатын аурулардан сақтанудың басты әрі тиімді тәсілі ол – екпе алу. Адам көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика шараларын (қашықтықты, маскаларды, дезқұралдарды) пайдалану, қол және тыныс алу ағзаларының гигиенасын сақтаңыз, өзіңізбен бірге қалта антисептиктерін алып жүріңіз.

ҚЫТАЙДА ВИРУСТЫҢ ҚАЙТА ӨРШУІНЕ НЕ СЕБЕП?

Иә, Қытайда коронавирустың эпидахуалы күрт күрделеніп кеткен еді. Бұл вирустың жаңа мутацияларымен байланысты деп болжанады. Миллиондаған адам локдаунға жабылып, қайтадан тесттен өткізу тәртібі енгізілген болатын. Шетелге сапар шегуге шектеулер күшейтіліп, кіру-шығу құжаттарын беру уақытша тоқтатылған болатын. Ал соңғы мәліметтер бойынша Қытай билігі коронавирус жұқтырғандардардың оқшаулану мерзімін екі есеге қысқартып, карантиндік режимді жеңілдетіп жатыр.

МАЙМЫЛ ШЕШЕГІНІҢ БІЗГЕ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ, ОДАН ҮРЕЙЛЕНУГЕ НЕГІЗ БАР МА?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемнің 60-тан астам елінде маймыл шешегінің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталды. Африкадағы ауырған адамдар саны 2016 жылдан бастап жылдам өсуде, ресми деректер бойынша ауру 20 есе көбейген. Аурудың барынша үлкен өршуі Нигерия мен Конгода тіркелуде.

Ғалымдардың мәлімдеуінше, маймыл шешегі болжамдалған мерзімнен бұрын мутацияға ұшырады. Талдау көрсеткендей, вирустың құрамында 2018, 2019 жылдардағы үлгілерде болмаған 50 жаңа мутация бар. Соның салдарынан оның жұқпалылығы артқан. Жаңадан жүргізілген зерттеу аясында ғалымдар шешек вирусының 15 сынамасын жинақтап, олардың генетикалық ақпаратын қалпына келтірді. Нәтижелер мутация жылдамдығы күтілгеннен 6-12 есе жоғары екенін көрсетті. Жақында Францияда балалар арасында маймыл шешегін жұқтырған адам анықталды. ДДҰ Бас директоры маймыл шешегі вирусының қазіргі нұсқасының ерекше екендігін атап, вирусологтардың бұған ерекше назар аудару қажеттігін мәлімдеген болатын.

ДДҰ мәліметі бойынша маймыл шешегімен ауырып, сауыққаннан кейін оны қайта жұқтыру қаупі бар. Себебі иммунитет індетті қайта жұқтырудан 100% қорғай алмайды. Сондықтан сақтық шараларына бей-жай қарауға болмайды.