Ауыл әкімдері қоғамдастықтың жиынын толық түсінбейді – аудандық мәслихат хатшысы

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Елімізде аудан, қала әкімдерін сайлау арқылы тағайындау жүйесі енгізілмек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында негізінен саяси реформалар жарияланды. Сондай-ақ, өңірлердің ахуалын жақсартуға қатысты да Үкіметке тапсырмалар берілген болатын.

Президенттің саяси реформаларының ішінде депутаттарды сайлау жүйесін өзгерту (мажортарлық жүйеге көшу – авт.), аудан және қала әкімдерін сайлау арқылы тағайындау секілді маңызды қадамдар бар. Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбілова Президенттің жолдауында көтерілген саяси мәселелерді жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

- Роза Михаиловна, Іле ауданы халық өте тығыз орналасқан, салықтық түсім бойынша облыстың негізі драйвері саналатын аудан. Президент жергілікті басқаруға басымдық беру, әкімдерді сайлау туралы айтқанын білесіз. Бұл аудан мен ауыл тұрғындары үшін қандай оң өзгерістерге әкеледі?

- Жолдаудағы өзін өзі басқару туралы берілген тапсырмалар өте дұрыс шешім. Себебі, біріншіден, сайлауда осы елді мекеннің жағдайын, экономикалық дамуын, тұрғындарын жақсы білетін, нақты стратегиясы бар, сол жерде тұратын, сол ауамен демалатын, сол жердің коммуналдық қызметін пайдаланатын адам жеңіп шығады.

Екіншіден, әкімді өздері таңдағандықтан, халықтың атқарушы органға деген сенімі артады.

Үшіншіден, егер халық өзінің әкімін сайласа, ол жерде жергілікті өзін-өзі басқару тиісті деңгейде дамиды деп ойлаймын.

- Аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру тақырыбы да көтерілді. Осыны Іле ауданын мысалға ала отырып, қалай түсіндіріп бере аласыз? Аралас сайлау жүйесіне көшу туралы ұсыныс белсенді азаматтарға қандай мүмкіндік береді?

- Осыған дейін сайлауға тек қана партиялардың өкілдері ғана қатыса алатын. Ал аралас сайлау жүйесіне көшу жайындағы ұсыныс сайлауға қатысушылардың шеңберін кеңейтіп отыр. Атап айтқанда, ешқандай партияға жатпайтын, алайда мемлекетіміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқысы келетін азаматтар сайлауға қатысуға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта бір партия ғана белсенді жұмыс істеп жатқаны бәрімізге белгілі. Бұл «Аmanat» бұрынғы «Nur Otan» партиясы. Басқа партиялар бәйшешек сияқты сайлау алдында ғана пайда болады. Іс жүзінде олардың жұмысы көрінбейді. Сайлауға, көбінесе «Nur Otan» партиясының мүшелері ғана қатысатын. Алайда, біздің қоғамда қандай да бір партияға кіруді қажет етпейтін, өзінің нақты көз-қарасы, пікірі бар азаматтар да жеткілікті. Бұл өте білімді, білікті азаматтар. Бұл мажоритарлық жүйе, еліміздің осы азаматтарға, жалпы әрбір азаматқа сайлауға қатысуға мүмкіндік туғызады.

Екіншіден, бұл үлкен жауапкершілік. Партияның шымылдығының артына ешкім тығылмайды. Нақты бағдарламамен шыққан адам, сол бағдарлама бойынша халықтың алдында есеп беретін болады.

Депутаттыққа кандидат азамат қандай жұмыстарды жасайтынын, оны қалай жүзеге асыратынын және нәтижесінің қандай болатынын, сондай-ақ сайлаушылардың алдында қалай есеп беретінін нақты білу керек. Сонда ғана дұрыс жұмыс болады.

- «Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру» жұмыстары Іле ауданында қандай іс-шаралар жоспарланған?

- Қазіргі уақытта Іле аудандық мәслихатының бастамасымен «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базис» ҚБ бірлесіп, аудандағы ауылдық округтерде «Іле ауданындағы жергілікті қоғамдастықтың әлеуетін арттыру» атты семинарлар жүргізіліп жатыр. Аталған семинарларды Zertteu Research Institute директор Ш.Айтенова мен осы институттың сарапшысы Ғ.Оразымбет жүргізіп, жергілікті қоғамдастық жиналысының өкілдерін, округ әкімдерін оқытуда.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін, заңда жазылғандай, жергілікті мәселелерді шешуде жергілікті қоғамдастық жиналысын тарту өте маңызды. Қазіргі уақытта, округ әкімдері жергілікті қоғамдастық жиналысының тиімділігін толық түсініп отырған жоқ. Сол себептен, мәслихат тарапынан жоғарыда аталған семинарлар ұйымдастырылып отыр.

- Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы елге қандай пайда әкеледі, бұдан қандай нәтиже күтуге болады?

- Бұл жергілікті жерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеретін білімді де, білікті азаматтардың басшылыққа келуіне өз септігін тигізеді. Сонымен бірге, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі нығаюы үшін еліміздің әрбір азаматы өз өмірін жақсартуға талпыну керек.

Өзі-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын ратификациялаудың падасына тоқталсақ, бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамыту, масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Іле аудандық мәслихатының 24 депутаты Президенттің Жолдауын еңбек ұжымдарында, көшелерде, базарларда, жалпы айтқанда халықпен кездескен жерлерде түсіндіріп, бұл бағытта белсенді жұмыстарын бастап кетті. Бұдан басқа, әр депутаттың әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар. Сол парақшаларда да түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.