«Маман тапшылығының басты себебі – жалақының аздығы»: қорық директоры

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Еліміздегі ең тәжірибелі қорықшылардың бірі Николай Гусельниковпен сұхбат

Солтүстік Қазақстандағы Есіл ауданына қарасты «Красный бор» жануарларды қорғау аймағындағы маралдардың саны көбейіп келеді. 40 жыл бұрын әкелінген 20 лақ бүгінде бірнеше үйірге айналған. Қазір мұнда 1500-ге жуық марал, 1800 елік пен 400-ге тарта қабан мекендейді. Мемлекеттік мекемеде 6 инспектор қызмет етіп жүр. Ұжым директорының айтуынша, басты проблема – маман тапшылығы. Жалақысы мардымсыз болғандықтан бір айда бірнеше инспектор ауысып жатады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ИНСПЕКТОРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 90 МЫҢ ТЕҢГЕ

«Красный бор»  – ақ қайың мен мәңгі жасыл қарағай көмкерген орман алқабында орналасқан. Жабайы жануарлар бұл жерді қысы-жазы мекендейді. 

Николай Гусельников – еліміздегі ең тәжірибелі қорықшылардың бірі. Ол өмірінің 40 жылын осы салаға арнаған. Табиғат жанашыры 1980-ші жылдары Ақмола облысынан «Красный бор» қорығына 10 бас қабан, 20  марал әкелген. Қазір оның саны едәуір көбейген. Жабайы жануарларды 6 инспектор күтіп бағады. Маралдың әрқайсысына күніне орта есеппен 600 грамм жем беріледі. Жабайы жануарлар қайың жапырақтарын да қорек қылады. Олар адамға әбден үйренісіп кеткен. Тіпті қолдан да жем жей береді.

«Өткен жылғы қыста қар қалың түсті. Жануарларға оңай тиген жоқ. Өз беттерінше тебінге мүлде шыға алмай қалды. Мұндай кезде оларды қорықшылар қоректендіреді. Биыл қыс айтарлықтай жайлы болып тұр. Тіпті желтоқсан, қаңтар айларында қар аз, күн райы осыншалықты жылы болғаны есімде жоқ. Жем-шөптің барлығын өзіміз дайындаймыз. Қажетті техника бар. Өткен жылы бірнеше қарда жүретін көлік сатып алдық. 

Инспекторлар жаздық шөпті өздері шауып, өздері жинайды. Жемді сатып аламыз. Мәселен биыл жануарларды күтіп-бағуға 38,5 млн теңге бөлінді. Біздің басты проблема – инспектор-орманшылардың жалақысының аздығы. Көтерілгендегісі небәрі 90 мың теңге. Бұған дейін 74 мың болған. Мұндай қаржыға ер азамат отбасын асырай алмасы анық. Сондықтан жұмысшылар жиі ауысады. Әрі инспектор 5 күн бойы осында тұрып, 2 күнге ғана үйіне барады», - дейді Николай Гусельников.

БАСТЫ ҚИЫНДЫҚ - БРАКОНЬЕРЛЕРМЕН КҮРЕС

«Красный бор» қызметкерлерінің айтуынша, жұмыстағы басты қиындық – браконьерлермен күрес. Қызық үшін мемлекет қорғауына алынған жануарларды атып алуға дайын тұратындар жетерлік. Тек өткен жылдың өзінде ғана мыңнан астам браконьер ұсталған.

«Жуырда ғана әріптесім екеуміз Явленка ауылынан келген браконьерлерді ұстап алдық. Ештеңе атып үлгермепті. 2 қару табылды. Дереу полиция қызметкерлерін шақырттық. Қазақстанда аңды заңсыз атушылар айыппұл төлеумен құтылады. Сондықтан бұл қылмыс саны азаймай тұр», - дейді Николай Гусельников.

Руслан Құсайыновтың инспектор-орманшы қызметін атқарып жүргеніне 20 жыл. Осы уақыт аралығында 3 рет жұмыстан кетіп, қайта оралған. Өйткені, жалақысы мардымсыз. Табиғатты, жануарларды жаны жақсы көретіндіктен осы қызмет өзін магниттей тартып тұратынын айтады. Атасы мен әкесі де өмір бойы осында еңбек еткен.

«Маралдарға біз жазда 3 мың центнер шөп дайындаймыз. Жұмыстың нағыз қарбалас шағы сол кез. Ал ең қызығы – жаздың басы. Өйткені, маралдар маусым айының басында төлдей бастайды, 1-2 лақтан әкеледі. Өзім жұмысымды қатты жақсы көремін. Сондықтан басқа қызметке ауыса алмадым. Қысы-жазы әдемі табиғат аясында жүресің. Таза ауа жанға дауа. Денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан ауырғаным да есімде жоқ. 8 оттық бар. Ат шанамен күніне 2-3 рет жем-шөп тасып келеміз. Марал, қабан, еліктер - таза жануарлар. Сонысымен де ұнайды», - дейді Руслан Құсайынов. 

Мамандар күн сайын 60 гектар аумақты арнайы көлікпен шарлап шығады. Өйткені браконьерлер барда босаңсуға болмайды.

«Полиция қызметкерлерімен бірлесіп жоспарлы түрде рейдке шығып тұрамыз. Қолға түскен кезде браконьерлер түрлі сылтау айтады. Салоннан қару-жарақ табылса – олардың мақсаты белгілі. Тіпті «серуенге шықтық» деп ақталатындар бар. Бұл жақта серуендейтіндей жол да жоқ. Қыста жануарлар алысқа кетпейді. Өйткені, қолдан жем-шөп жейді. Ал жазда еркін жайылымға кетеді. Ол кезде адамға қазіргідей жақындай бермейді. Сондықтан оларды қорғау да қиындай түседі», - дейді Руслан Құсайынов. 

Қорықта 400-ге тарта қабан бар. Олар негізінен көлдің маңайын мекендейді. Марал сынды адамға жақын емес. Жыртқыштарға көктем мезгілінде жақындау қауіпті. Адамға шабуыл жасауы әбден мүмкін.

«Жануарлар санын көбейту мақсатында мекемеге тағы да маралдар әкелмекпіз. Бұл қадам селекция жасап, сапаны арттыруға да септігін тигізбек. Биыл жануарлардың нақты санын анықтау үшін есеп жүргізу де жоспарда бар», - дейді Николай Гусельников.

Солтүстік Қазақстан табиғаты жабайы жануарларға өте бай. Өткен жылдың есептік деректері бойынша өңірде 500-ден астам бұлан, 1660 марал, 51 аскания бұғысы, 18 мың сібір елігі, 2 мыңнан астам қабан мекендейді.