Еділ Жаңбыршин: Халық 100 мың теңге жалақыға тамақ іше ме, киім кие ме?

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Маңғыстау халқы жұмыссыздықтан, жемқорлықтан, кедейшіліктен,  құрғақшылықтан әбден шаршады – депутат Жаңбыршинмен сұхбат

Фото ашық дереккөзден

Қаңтар айының басында Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасы тағы қымбаттап, халық наразылыққа шыққаны белгілі. Бейбіт митингтің арқасында Үкімет газ бағасын екі есе арзандатты. Azattyq Rýhy тілшісі алаңға шыққан халықтың алдына барып, олармен сөйлескен депутат Еділ Жаңбыршинмен аймақтағы өзге де проблемалар туралы, сол сияқты үкімет мұндай жағдайда қалай жұмыс істеу керектігі туралы сөйлесті.

– Еділ Терекбайұлы, маңғыстаулықтар алдымен газ бағасын төмендетуді талап етті, бірақ, артынан экономикалық-әлеуметтік мәселелердің ұшы шығып, талап көбейе түсті. Мысалы, жалақыны арттыру, зейнет жасын төмендету, тағысын тағы. Осылардың арасында сіздің ойыңызша, орынды, яғни, орындалатын талаптар қайсы? Жалақыны арттырып, сол мекеннің халқының әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға облыс басшылығының әлеуеті жете ме?  Олардың осы жуырдағы проблемаларынан қайсысы және қалай шешіліп жатыр?

– Сұйытылған мұнай газ бағасының бір литрінің 120 теңгеге шарықтап кетуі, жылдар бойы Маңғыстау өңірінде шешімін таппай, «бықсып» жатқан әлеуметтік-экономикалық мәселелердің үстіне түскен «ұшқын» болды. Халық жұмыссыздықтан, жемқорлықтан, кедейшіліктен, соңғы кездегі құрғақшылықтан және басқа да проблемалардан әбден шаршады. Оның үстіне соңғы екі жылдағы пандемияның адамдарға психологиялық әсері де болған сияқты. Сонымен қатар халық пен биліктің арасындағы коммуникацияда нашарлап кеткен. Орындалмайтын уәде, бюрократия, нақты шешімдердің қабылданбауы, биліктің жеке бір топтардың мүддесіне жұмыс істеуі және т.с.с. іс-әрекеттер елдің ашу-ызасын туғызды.

Митинг барысында газ бағасынан басқа саяси, әлеуметтік, экономикалық көптеген талаптар қойылды. Тез арада не істеу керек? Меніңше ең бірінші жұмыссыздықты жойып, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Екінші азаматтардың алатын жалақысын өсіру өте маңызды. Қазір 100 мың теңге ештеңеге жетпейді. Тамақ іше ме, киім кие ме, баласының оқуын төлей ме, коммуналдық шығындарын өтей ме? Көп адам несие алып алған, төлеуге де жағдайы жоқ. Жалақыны өсіре алмаса азық-түлік, коммуналдық тарифтер бағасын түсіруді қарастырған жөн. Үшінші шағын және орта бизнеске шын жағдай жасау керек. Оларға 5% дейін арзан несие беріп, инфрақұрылым қажет болған жағдайда мемлекет көмектессе, олар өздері-ақ жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, әл-ауқаты жақсы орташа таптың санын көбейтеді. Оларға кедергі жасамау қажет!

Халықтың жағдайын жақсартуға облыс басшылығының әлеуеті жетпейді. Өйткені Маңғыстаудағы мұнай компаниялары не «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мен «ҚазМұнайГаз» АҚ бағынады, не шетел компанияларының қолында. Арзан несие беру де жергілікті жерде шешілмейді. Сондықтан өңір басшылығы ұсыныс берер, бірақ шешім орталықта қабылданады. Кеше Президент Парламент Мәжілісі депутаттарына Үкімет басшысының кандидатурасын алып келгенде, оңтүстік пен батыс өңірлерінің мәселелерін шешу енді өңірлік емес, ұлттық басымдық болады деді. Осының өзі жағдайдың қаншалықты қиын екенін көрсетіп тұр. Қазір шешілген мәселе тек газ бағасы 1 литрге 50-55 теңге болып түсті. Қалған сұрақтар алдағы уақытта шешіледі деп үміттеніп отырмыз.

Анн Робер Жак Тюрго деген француз экономисі «Маған жақсы саясатты бер, мен сендерге жақсы қаржы беремін» деп айтқан екен. Мемлекет, Үкімет басшыларына әділ шешімдер жасау үшін дұрыс саяси өзгерістер жасайтын жігер керек.

– Ал сол Маңғыстаудағы бейбіт шеру кезінде Үкімет мүшелері халықпен конструктивті диалог орната алды деп ойлайсыз ба? Үкімет пен облыс басшылығында халықпен дұрыс сөйлесе алған «дипломат» өкілдер болды ма? Кімдер? Мәселен, вице-премьер Скяларды сіз керісінше, халық алдына шықпайтын шенеунік дедіңіз, яғни, сонда барған үкімет мүшелерінің бәрі сондай ма?

– Бейбіт митинг кезінде облыс басшылығы, Үкімет комиссиясының мүшелері халық алдына шығып диалогқа барды. Бірақ халық оларды жақсы қабылдады деп айта алмаймын. Қоғамда оларға деген сенбестік басым. Олармен жақсы коммуникация болған жоқ. Халық қатты толқып, ызаланып тұрғанда диалог жасау өте қиын. Сондықтан елдің белсенді азаматтары қоғамдық штаб құрып, билік пен халық арасында дәнекер болуға ат салысты. Осы модель көп мәселені шешуге мұрындық болды. Ең бастысы азаматтық қоғамның саяси санасы өсіп, арандатушылардың артынан ермеді. Митингіге қатысушылар өте қатаң тәртіппен өздерін басқарып тұрды.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Естуші мемлекет» қағидатын іске асыр деп тапсырма береді, бірақ не жергілікті билік, не орталық билік бұл қағидатты өз деңгейінде орындамайды! Болған жағдай осыны нақты көрсетті. Мәжілістің бірнеше депутаты бұрынғы Премьер-Министр А. Маминнің атына қоғаммен байланысты Президент тапсырмасына сәйкес қалай іске асыру қажет екенін көрсетіп, нақты ұсыныстармен шыққанбыз. Ал сол кездегі министр А.Балаева ханымнан жалпылама жауап келді. Шешім қабылданған жоқ.

– Маңғыстауда болсын, еліміздің қай өңірінде болсын, осындай бейбіт митингтердің алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар ең бірінші қандай принципті ұстанып жұмыс істеуі керек деп ойлайсыз?

– Осындай жағдайлар жергілікті жерлерде орын алмас үшін билік халықпен тығыз байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын естіп, нақты шешімдер қабылдауы қажет. Елдегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтармен, мамандармен тақыланған, өңірді дамытатын жоспарды жасақтаған дұрыс. Жемқорлыққа жол бермесін, бюджеттің қаржысын үнемді пайдалансын. Облыста шешетін сұрақты шешіп тастап, республика деңгейінде шешетін сұрақты Үкімет басшысының, болмаса Президенттің алдына қорықпай, дәлелдермен қойған жөн. Осындай принциптер керек.

Жалпы Қазақстанның барлық проблемасын шешуге болады. Бар болғаны 19 млн халқымыз бар, бір Мәскеудің тұрғындарының шамасында. Елімізге Құдай байлықты берген: мұнай, газ, уран, көмір, темір, хром, мыс және басқалар. Ұлан-ғайыр жеріміз бар. Ауыл шаруашылығын дамытып тек Қазақстанды ғана емес, көршілерімізді де тауармен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Байлықтың «қара қазанын» азғантай топқа беріп қойып, қалған халықты одан қақпайламау керек. Конфуциидің айтқаны бар «Ұрыс-керіс кедейшіліктен емес, әділетсіздіктен» деп. Сондықтан Конституциямызда жазылған билік те, байлық та халықтікі болса, онда ол сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асырылсын. Оны жасауға болады, тек байлықты халықпен бөліссін, өз қаржыларымызды елге инвестиция жасап, алып келсін. Қазақ интеллект жағынан да, мәдениет жағынан да, білім жағынан да, спорт жағынан да, іскерлік жағынан да еш ұлттан кем емес!

Халқымыз қазіргі таңда Президенттен, жаңа Үкіметтен, Парламенттен, жергілікт биліктен осындай жұмыстарды күтіп отыр. 

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!