$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.01.2022, 18:09
Сұхбат

«Nur Otan» хатшысы Президент тапсырмалары, Үкімет құрамы және партия жұмысы туралы айтты

Партия толықтай Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға кіріскен

«Nur Otan» хатшысы Президент тапсырмалары, Үкімет құрамы және партия жұмысы туралы айтты

Өткен сейсенбіде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте жаңа Премьер-Министрді таныстырып, мемлекет іс-қимылының жаңа бағдарламасын жария етті. Мәжілісте кандидаттарды келіскеннен кейін Мемлекет басшысы өз жарлығымен Үкімет мүшелерінің жаңа құрамын бекітті.

Үкіметтің жаңа құрамының алдында әлеуметтік-экономикалық саладағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттер тұр. Осындай ауқымды міндеттерді шешу үшін еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін жұмылдыру маңызды.

Бүгін Azattyq Rýhy «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденеймен партиялықтардың қазіргі таңдағы қызметі және ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыс барысы туралы әңгімелесті.

– Әлібек Үсенұлы, Президенттің Парламенттегі сөйлеген сөзінің ең маңызды тұстарына, оларды іске асыру мәселелеріне тоқталып өтсеңіз?

– Ең алдымен, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қабылдаған шешімдерді халық қолдап, жоғары бағалағанын атап өткім келеді. Көпшілік Президенттің сөзі бағдарламалық сипатта екенін айтты. Осы ретте мен болашақ дамудың негізгі бағыттарын айқындайтын бірқатар тармақтарға назар аударғым келеді.

Біріншіден, бастапқыда наразылықтар тек қана әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты болды. Мемлекет басшысы ел дамуының өзекті проблемалары мен шұғыл шешуді талап ететін күрделі мәселелердің қатарын нақты және ауқымды түрде атап өтті. Бұл әлеуметтік жіктелу, сыбайлас жемқорлық, аймақтардың дамуындағы теңгерімсіздік және олигополия.

Өзектілік дәрежесіне қарай дамудың негізгі басымдықтары нақты тұжырымдалып, нақты тапсырмалар берілді. Әлеуметтік-экономикалық саланы реформалау бойынша жүйелі шаралар да айтылды. Азаматтардың табысын арттыру, халықтың әлжуаз топтарын қорғау, білім беру сапасы басты басымдық болып табылады.

Үлкен саяси ерік-жігерді талап ететін мәселелер бойынша Президенттің нақты және қоғам мүддесіне сай келетін шешімдер қабылдағаны өте маңызды болды.

Екіншіден, барлық тапсырмаларды бірден нақты іске асыруға кірісу. Яғни, Президент тапсырмаларын іске асыруға биліктің барлық тармақтары мен институттарының кірісуі, билік тұтастығының жарқын көрінісі болды.

Парламент жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Үкімет мүшелерінің құрамын бекітті. Үкімет өз кезегінде президенттік тапсырмаларды жүзеге асыруға жедел кірісіп кетті. Осылайша, ақшаны шетелге заңсыз шығаруға бақылау күшейтілді, «Қазақстан халқына» қоры қызметінің бағыттары анықталды,  эпидемиологиялық және макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылданды.

Өз кезегінде партия Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға толықтай кірісіп кетті. Жағдай тұрақтана бастаған осы кезеңде халыққа басу айту, барлық бастамаларды сарапшылар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылау, олардың маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізу маңызды. Ең бастысы, азаматтар Мемлекет басшысының саясатына тек қолдау білдіріп қана қоймай, оны іске асыруға тікелей атсалысуы керек. Ол  үшін  «Nur Otan» партиясында барлық мүмкіндіктер бар.

Өздеріңіз білетіндей, партияның барлық 216 әкімшілік бірліктерде – еліміздің облыстары, қалалары мен аудандарын қамтитын кең филиалдар желісі бар. Бұл тұтас бірыңғай жүйе. Біздің партияластар жергілікті жерлердегі жағдайды жақсы біледі, тұрғындарды таниды және әр үйге - әр отбасына дейін жете алады.

Жалпы, Президенттің бағдарламалық сөзі қаңтардағы қайғылы оқиғаларға жауап қана емес, бұл біздің мемлекеттілігімізді нығайтуға бағытталған кесімді, жедел және ең бастысы, қоғам қолдайтын шаралардың тұтас жүйесі.

– Дегенмен, кейбір бақылаушылар жаңа үкіметке күмәнмен қарады ғой...

– Ең алдымен, Үкімет өз саласын білетін, мемлекеттік басқару жүйесінде тәжірибесі бар және ағымдағы жағдайды түсінетін мамандардан құрылған. Әсіресе мұнда соңғысы өте маңызды. Президент меритократия қағидатын нақты сақтап отыр – Үкімет мүшелері басқарудың барлық сатыларынан өткен өз саласының мамандары. Ең бастысы, Премьер-Министрде Президенттің сенім мандаты және Мәжілістің толықтай қолдауы бар.

Қазір Үкіметке мемлекеттік саясаттың барлық бағыттарын қайта жаңғыртуды көздейтін Президент тапсырмаларын іске асырумен қатар елдегі жағдайдың нашарлай түсуіне жол бермеу маңызды. Мемлекет басшысы инфляция мен теңге бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге назар аударғаны бекер емес. Алматыны қалпына келтіру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, инвесторлармен жұмыс, халықты қайта вакцинациялау, жылыту маусымын жалғастыру, егіс науқанына дайындықты бастау қажет.

Осының бәрін коронавирус пандемиясының жаңа толқыны, әлемнің жетекші экономикаларындағы жоғары инфляция, азық-түлік бағасының өсуі және т.б. жалпы әлемдік келеңсіз үрдістер жағдайында іске асыру міндеті тұр.

Қазір халық белгіленген шаралардың тиімді және мүмкіндігінше тез арада іске асырылуын күтуде. Сондықтан барлығы да, соның ішінде скептиктерге де үкіметті қолдау маңызды. Біздің барлығымыздың міндетіміз – әркім өз деңгейінде, соның ішінде қатардағы азаматтарға да Президент берген тапсырмаларды іске асыруға белсенді қатысу.

– Бүгінде қоғамның кейбір өкілдері қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде партия қайда болды деген сауал қойып жатыр. Осы күндерде партия қызметі туралы ақпараттың болмауының себебі неде?

– Біз бұл сұраққа жауап берген болатынбыз. Сол қайғылы күндерде партия мүшелері халықтың арасында болды және бүгінгі күнге дейін алдыңғылардың қатарында.

Сол күндері мыңдаған нұротандықтар өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан өз жұмыстарын жанқиярлықпен орындады. Наразылық білдірушілердің алдына алғашқы болып шығып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырғандар біздің партия мүшелері екенін менің әріптесім бірнеше телеарна эфирінде айтқан болатын. Бұл - өңірлердің әкімдері, Мәжіліс және мәслихат депутаттары, біздің қоғамдық кеңестердің мүшелері және басқалар. Біз Орталық аппараттан филиалдарымыздың жұмысын интернетті өшіргенге дейін алғашқы екі күнде онлайн режимде, ал содан кейін телефон арқылы үйлестіріп отырдық. Бұл факт.

Қатардағы партия мүшелеріне келетін болсақ, бұл бүлікшілік кезінде және одан кейінгі кезде жараланғандарға көмек көрсетіп жүрген дәрігерлер, біздің үйлерімізге үздіксіз жылу, су мен газ беруді қамтамасыз еткен коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, халық сайлаған ауыл әкімдері, өңірлердегі біздің партия аппараттарының қызметкерлері – барлығы оқиға ортасында болды және әрқайсысы өз жұмысын атқарды.

Бүкіл ел бойынша партиямыздың 248 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. 2-9 қаңтар аралығында бізге 944 қазақстандық жүгінді – әрқайсысы өз мәселесімен немесе ұсынысымен келді. Біз 148 қабылдау өткізіп, 315 адамды қабылдадық. Жұмыс барлық жерде жүрді. Мысалы, Қызылордада бүлік өткеннен кейін келесі күні азаматтар осы партия филиалдарына көмек сұрап келе бастады.

«Nur Otan» партиясы қайда болды деген сұрақтың жауабы міне осы.

Сонымен қатар, сол қайғылы күндері құзыретті органдар жұмысына кедергі келтірмеу, халықтың назарын қажетті баспасөз хабарламалары мен мәлімдемелерден басқа мәселеге аудартпау, керісінше сенімді ақпаратты таратуда ресми дереккөздерге қолдау білдіру өте маңызды болды. Партияның медиа-ресурстары міне осы жұмыстармен айналысты. Төтенше жағдайдағы күн тәртібін «көрініп қалу»  үшін қолдану, ең кемі, жауапсыздық болар еді.

Хайп және радикалды үндеулер тұрақтандыруға ешқандай ықпал жасай алмайды. Қазірдің өзінде, кейбір сыншысымақтар үйінде отырып «бос әңгіме» соғып жатқанда, «Nur Otan» партиясы барлық күш-қуатын зардап шеккендерге көмек көрсету мен қалаларды қалыпты өмірге келтіруге жұмылдыра отырып дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру үшін белсенді жұмыс атқаруда.

Мәселен, кәсіпкерлер, меценаттар, мәслихат депутаттары қатарынан партияның 100-ден астам белсенді мүшесі әскери адамдарға, полиция қызметкерлеріне, Алматы қаласының коммуналдық қызметтері жұмысшыларына қазірдің өзінде жалпы сомасы 125 млн.теңгені құрайтын гуманитарлық көмек көрсетті. Алматы облысында «Халық сақшысы» қоғамдық жасағы қатарына енген 1000-нан астам партия мүшесі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысуда. Шымкентте біздің фракция мүшелері нысандарды күнделікті күзетуді қамтамасыз ететін әскери қызметшілер мен волонтерлерге азық-түлік жеткізуде. Жалпы барлық өңірлерде партиялықтар Алматыда зардап шеккендерге қан тапсыруды ұйымдастырды.

Естеріңізге сала кетсем, қашанда осылай болған және 2020 жылы пандемия кезінде де партия мүшелері мен жақтастары «Birgemiz» науқаны аясында 2,2 млн-нан астам қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсеткен болатын. Арыста да, Мақтаралдағы жағдайда да нұротандықтар тұрғындарға көмектесіп, қаланы қалпына келтіруге жұмыла қатысты.

Қазіргі уақытта партия бүкіл инфрақұрылымын іске қосып, барлық өңірлерде сенбіліктер өткізуден бастап, зардап шеккендерге атаулы көмек көрсетуге дейінгі жұмыстарды бастап кетті. Партия әрқашан, әсіресе ел өмірінің қиын сәттерінде халықпен бірге болды және бола бермек.

– Бірқатар қалаларда партия кеңселері қирады. Қалай ойлайсыз, бұл алдын-ала жоспарланған әрекеттер ма?

– Ең алдымен, партия мақсатты шабуылдардың нысаны болмағанын атап өткім келеді. Өздеріңіз білетіндей, негізгі шабуылдар әкімшілік ғимараттар маңында болған. Ал Шымкент, Тараз, Қызылорда және Талдықорған қалаларында партия филиалдары әкімдіктердің жанында орналасқандықтан немесе деструктивті ағымдардың жүру бағытында болғандықтан зардап шекті. Мысалы, ең көп зардап шеккен Алматыда қалалық партия филиалына шабуыл жасалған жоқ.

Қазір барлық филиалдар штаттық режимде жұмысқа кірісті. Бұзылған нысандар бойынша демонтаждау және қалпына келтіру жұмыстары басталды.

– Қазіргі уақытта бірқатар тұлғалар тарапынан Парламентті тарату талабымен партияға сын айтылуда. Мұндай сындарға партияның өзі қалай қарайды?

– Ең алдымен, «Nur Otan» партиясы өткен жылы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында бәсекелі күресте жеңіске жетіп, ауыл әкімдерін тікелей сайлау кезінде де өзінің көшбасшылық мәртебесін растады.

Ал Парламентті тарату, азаматтық қоғамның қолданыстағы саяси институттарын жою жөніндегі үндеулердің барлығын біздің мемлекеттілігіміздің негіздеріне қарсы жасалып жатқан диверсияның жалғасы деп бағалауға болады. Мұндай мәлімдеме жасау біздің қалаларымыздың көшелерінде террорлық әрекет пен шабуылдарды ұйымдастырған экстремистер мен бүлікшілерге үн қосу.

Мұны айтатындар Президент ұсынған реформаларды іске асыру барысын тоқтатқысы келетіндер. Егер осындай жағдай орын алса, онда бұл қажетті заңдардың қабылдануын кем дегенде бір жылға кешіктіреді, яғни мемлекеттік аппаратты қауқарсыз етеді. Біз қайта қалпына келтірумен емес, қайтадан сайлау өткізумен уақыт жоғалтамыз. Сондай-ақ, кез-келген сайлау айтарлықтай қаржылық шығындарды талап ететінін ұмытпауымыз керек. Барлық қаражат пен ресурстарды қираған қалаларды қалпына келтіру мен азаматтардың қалыпты өмірін қамтамасыз етуге бағыттау маңызды болған тұста, мұндай талаптар ақылға қонымсыз және экономикалық тұрғыдан бекерлік іс.

Қазір, менің ойымша, еліміздің барлық сындарлы және прогрессивті күштерінің ерік-жігері Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға бағытталуы тиіс. Мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыру маңызды. Бұл үдерісте, «Nur Otan» партиясының рөлі талқыланбайды: ол Президент белгілеген реформаларды тиімді және жедел іске асыру үшін басты қоғамдық-саяси тіректердің бірі.

Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы Мемлекет басшысы ұсынған сайлауалды бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз етеді. Ол праймериз кезіндегі қоғамдық талқылаулар негізінде және кандидаттардың сайлаушылармен көптеген кездесулерінде жинақталған халықтың нақты талап-тілегі ескеріле отырып әзірленген. Сондықтан, бұл шын мәніндегі халықтық құжат.

Президент өз сөзінде азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру басты міндет екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының реформалары «Nur Otan»-ның бүкіл Сайлауалды бағдарламасының негізінде жатқан әлеуметтік әділеттілік идеологиясына негізделген.

Ал егер, біздің айтқандарымызға қарсы болып, партия сайлауға дайын емес дейтіндер болса, онда қатты қателеседі. Біз тек қазіргі таңда  елімізде одан да маңызды міндеттер бар екенін айтып отырмыз.

– Бірақ онда неге партия сынға қалып жатыр?

– Бұған дейін де атап өткенімдей, партия жұмысының бағасын сайлау кезінде қоғам береді және 70%-тен астам қолдау көрсеткен бір жыл бұрынғы нәтижелер өз алдына сайрап тұр. Ал бірқатар «диван сарапшыларының» партиялық-саяси жүйе туралы «пайымдаулары» – бұл жай ғана дилетанттық.

Біз билеуші партиямыз. Әрине, көбінесе бізге сын айтылуы да заңдылық. Атқарылып жатқан жұмыстың барлығы, ал бұл мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру, жолдар, әлеуметтік объектілерді салу, демократияландыру жөніндегі заңдарды қабылдау, яғни кез келген прогрессивті өзгерістер – бұл «Nur Otan» партиясы жұмысының нәтижесі. Алайда, кез-келген проблемалық мәселелерді де әрқашан бізбен байланыстырады.

Дегенмен, партия мұндай мәселелердің бар екендігін ешқашан жасырған емес. Бірнеше мысал келтірейін. Тек өткен жылы Партиялық бақылау бағыты бойынша жергілікті жерлерде 220-дан астам мәселе қаралды. Олардың қатарында: жолдарды салу және жөндеу, тұрғын үйлер мен іргелес аумақтарды абаттандыру, тұрғын үй коммуналды шаруашылығы мен көлік инфрақұрылымы, сумен, газбен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету және өзге де мәселелер бар. Және олардың бір бөлігі тек партиялықтар көтергеннен кейін ғана шешілді.

Менің ойымша, қазір не болса соны жырлап, демагогияға бет бұратын уақыт емес. Мәселелерді тез арада шешуді бастау маңызды.

Еліміз жаңа жағдайдағы кезеңге қадам басқаны анық. Бұл жерде біздің мемлекеттілігіміздің институционалдық негізін қамтамасыз ететін партиялық-саяси жүйе саласында жасалып, құрылғанның бәрін сақтап, елдің эволюциялық дамуын қамтамасыз ете отырып, одан әрі қарай ілгері қадам жасау маңызды.

Серіктес жаңалықтары