«19 жыл масадай ызыңдадық»: Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі неліктен мемлекет меншігіне өтпеген?

Автор: Azattyq Rýhy

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі «Тіл – құрал» ОӘҒЗО директоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Райхан Сахыбекқызы Имаханбетпен сұхбат

Фотолардың авторы Марат Қалдыбаев

Биыл 13 қазанда Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі 28 жылдан соң қала меншігіне қайтарылды.

Мемлекет қарауынсыз, жекешелеп алған тұлға атындағы қоғамдық қордың көмегінсіз жұмыс істеп келген Байтұрсынұлы музей-үйін 1993 жылдан бері көзінің қарашығындай күтіп, музей-үйді мемлекеттің меншігіне өткізу үшін талай күресіннен өткен ахметтанушы ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызымен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасты.

ТІЛШІЛІКТЕН ТӨРЕЛІККЕ ДЕЙІНГІ ТАБАН ТОЗҒАН ТӨЗІМ

Тілші болып жүрген Райхан Сахыбекқызының Ұлт ұстазының зерттеу еңбектерімен танысып, музей-үйге келуі Шолпан Ахметқызынан сұхбат алуынан бастау алған.

«Мен оңтүстік өңірдің тумасымын, Алматыға арман қуып, жазушы боламын деп оқуға түсуге алғаш 1986 жылы келгенмін. Бірақ, ол бөлек әңгіме. Негізгі тақырыпқа ойыссақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің филология факультетінде оқып жүрген кезімде жазушы Сайын Мұратбеков бас редакторлық еткен «Халық конгрессі» газетінде тілші болып жұмыс істедім. Бір күні Сайын Мұратбеков мені шақырып алып: «Райхан, айналайын, жарты ғасырды ортаға салып әкесімен табысқан Алматыда тұратын Шолпан Ахметқызына бар. Дидарлас, өмірдің қатаң сынағынан өткен апаңнан сұхбат алып кел» деп, қолыма мекенжай жазылған қағазды ұстатты. Солай мен Шолпан апайдың үйіне бардым.

Апай тұратын көпқабатты үйдің баспалдағынан көтерілгенде, үш жыл бұрын дәл осы үйге Әрсен Ибатов деген профессорды жеткізіп салғаным ойыма оралды. Гоголь мен Пушкин көшелері тоғысындағы жүргіншілер өтетін жолда кібіртіктеген ағайды қолтығынан демеп, келесі бетке өтуіне көмектескен едім. Университет ұстазын танып, амандасып, ізет көрсеткеніме көңілденген ағай: «Қалқам, өзің қоңыр мінезді бала екенсің. Мені танисың ба? - деп, қойған сауалына жауап алмастан, сөзін жалғап, Ахмет аталарыңның қызы Шолпанның үйіне бара жатырмын» деді. Әрсен ағайдың әңгімесімен «Алматы ақшамы» газетінің редакциясы бірінші қабатында орналасқан көпқабатты ғимараттың ішкі аула жағына кіріп, подъезд алдына жеттік. Ол кезде қазіргідей домофон жоқ. Ағайдың ілбіп жүргенін көргендіктен, екінші қабаттағы пәтер алдына дейін жеткізіп салдым.

Міне ғажап, араға жылдар салып сол пәтерге тағы келдім. Есік дәл сол кездегідей ішінен құлыптанбаған, ақырын ғана итеріп ішке ендім. Бір бөлмелі пәтердің кірген беттегі оң қапталынан Шолпан апайдың: «Иә, кімсің, кім жұмсады?» деген қарлығыңқы дауысы шықты. Содан осылай да, осылай деп келген себебімді айтып едім, «Жусан иісі, Сайын ба?» деп, өзінің хабардар екенін аңғартты. Ол кісі әңгімесін бастамас бұрын: «Диктофоныңды қоспай-ақ, айтқанымды мұқият тыңдап, жазып ал, сосын қайта оқып бересің» деді.

Осылайша Шолпан апайдың арпалысқан өмірін ұғу үшін жанына жалау болуға тырысып, айналсоқтап екі-үш айдай жүрдім. Шолпан апа «ақын Олжасты танисың ба» деп сұрады. Тағы бірде «Жазушы Төлен Әбдікке барып, ұйымдастырылуы тиіс музейдің жұмыстары неге кешуілдеп жатқанының мән-жайын біліп келуімді тапсырды. Апай жиған-тергенін сұрыптап, «мыналарға ие бол» деді. Мен «неге» деп сұрауға батпадым ба... әлде Шолпан апаның сеніміне селкеу түсіргім келмеді ме, әйтеуір не айтса да бас шұлғып келісе беретінмін. Кейін аңдасам, Шолпан апаның маңайының бәрі орыстілді екен. Ал, олар қазақша дұрыс сөйлемесе, әкесі Ахметтің төте жазуын қайдан ұқсын?! Көп ұзамай, 1994 жылдың 27 қарашасы күні Шолпан апай қайтыс болды.

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МУЗЕЙ-ҮЙІН КІМДЕР АШТЫ?

Мен қараша айында іссапарға шығар алдында Шолпан апайға келдім, сол кезде үйге інісі Самыраттың ұлы Сергей жанында бірер жолдасымен келді. Шолпан апай: «Сережка бері кел, бұл Райхан, газет тілшісі, жанымда болып, біраз жұмыс істеді. Сен бұл қызды музейге жұмысқа ал» деді. Осылайша апайдың туғандарымен таныстым. Шолпан апаның қызы Айман апаймен музейге келсек, ішінде түк жоқ, қаңырап бос тұрған үй. Ахметке қатысты материал жариялаған газеттер жағалай ілінген. Бұл енді өткен күннің еншісінде қалған жүрек ауыртар кезеңдер. Ескі жараның аузын тырнағым келмейді...

2006 жылы ғана ата атындағы қорды қоғамдық қор жасадық, оған дейін жекеменшіктегі Ахмет Байтұрсынов атындағы қор болатын. Қорды Кәкішев Самырат Мәшенұлы 1994 жылы құрған екен. Мәшен – Байтұрсынның кенже баласы, Самырат Кәкішев – Ахметке немерелес іні болады. Самырат ағай 1997 жылы ақпан айында қайтыс болды да, қордың төрағалығы ұлы Сергей – Серікке көшті. Серік Самыратұлы – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры еді. Қордың қаржысы болмады ма... музей-үй бұл жылдары тұрақты жұмыс жасамады. 1996 жылы Серік басқаратын осы мектеп-интернаттың орыстілді аудиториясына қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім болып жұмысқа орналастым. Әу бастағы марқұм Шолпан апамен келісілген уәде бойынша Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне материалдар жинау үшін көп уақытымды іздену жұмыстарына арнадым. Осылайша музей мен мектептің ортасында жүріп Ахметтің өміріне қатысты архив материалдарын жинақтадым. Тікелей туыстары, алыс-жақын ағайын-туыстарынан ауызша алынған деректерді қағазға түсіріп, зерттеп-зерделей бастадым.

1998 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығы салтанатты аталып өтті. Ол кезде Білім-ғылым, денсаулық, мәдениет министрліктері бірге еді. Осы министрлік тарапынан Ахметтің 125 жылдығына музей-үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазақ қоғамында тарихи тұлғалардың мерейтойлық жиынын науқандық үрдіспен жасайтын «жаман» дағды бар. Мерекелеу салтанатын өткізерде «бар жағдай жасалғандай» көзбояушылықпен қойылым қарбалас өткізіледі. Артынан «той бітті, қу кетті» дегеннің кебін киіп жатамыз. Мәселен, сол 125 жылдыққа бөлінген қаржыны тиімді жұмсай білетін нағыз іскер шенеуніктер болғанда күрделі жөндеу жұмыстары жоғары деңгейде өтер ме еді. Өз ісінің шеберіне айналмаған шенеуніктердің шала ісінің салдарынан күрделі жөндеу өтсе-дағы... музей-үйдің не ауыз суы, не жылуы іске қосылмады. Ол енді ұзақ әңгіме.

Музейдің мүшкіл ахуалын айтып, қалалық, аудандық әкімшілігіне талай хаттар жазылды. Бірақ құзырлы мекеме өкілдері: «ғимарат Ахмет Байтұрсынов атындағы қорға қарайды, сұрап отырған қажеттіліктермен қор қамтамасыз етуге міндетті. Музей қала меншігіне жатпайтындықтан, қаржы қарастырылмаған» деген ресми жауаптан жаңылмайтын. Өкініштісі, музейді жекешелеп алған қор тарапы да жағдай жасауға қауқарсыз болып шықты.

ЖЕКЕМЕНШІК ӘЛДЕ МЕМЛЕКЕТТІК?

Мәдени мұраларды жекешелендіріп алғандар оны қаржыландыруға мүдделі. Бірақ, тұлға атынан ашылған бұл қордың әлеуеті оған жетпеді. Мәселен, Алматы қаласы әкімінің 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі №360 шешімде нақты ресми атауы көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар құжат бойынша музей маңдайшасына мекеме атауын жаздыртып ілдіртуге, ал құзырлы органдарға заңды тіркетіп алуға әбден болатын еді. Өкініштісі, қор тарапынан мұндай игілікті іске ықылас болмаған. Қордың жарғысында қарастырылған міндеті болып табылатын А.Байтұрсынұлының еңбектерін басып шығару, шығармаларын насихаттау және тарату, сонымен қатар, музей-үйі ұқыпты ұстау және экспонаттармен толықтыру тағы-тағы осы сынды мақсат-міндеттер сөз жүзінде межеленгенмен, іс жүзіне асыруға қажетті деңгейде ден қойылмады. Осының салдарынан 1999-2005 жылдар аралығында музей-үйдің ахуалы сын көтермейтін халге жетті. Мұны БАҚ пен жергілікті телеарналарда өзекті мәселе етіп көтерген мені «жау тұтты».

Музейдің сақталуына тікелей мұрындық болған мемлекеттің өзі. Мәселен, 1997-1998 жылдары Үкімет тарапынан ғалымның 125 жылдық меретойына орай, Республикалық бюджеттен ақша бөлініп – күрделі жөндеу жұмыстары жартылай атқарылды. 2006-2007 жылдары Алматы қаласы әкімі И.Н.Тасмағамбетовтың қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы әкімі Б.Қ.Байбектің тарапынан жылу тасымалдайтын құбырлар жаңартылып, іске қосылды. 3 жыл бойы жылусыз отырған едік. Сондай-ақ, ағымдағы жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Осылайша ауық-ауық бөлінген жергілікті бюджеттің арқасында «Ахмет Байтұрсынұлы музейі экспозициясының ғылыми тұжырымдамасы және тақырыптық-экспозициялық жоспары» қайта жасалып, музейде жаңа тіршілік басталды.

Ахметке өзі тұрған үйді қимайтындар табылып, жік шығарып, түрлі қитұрқы іс-әрекеттерге барғандар да болды... Музей-үйіне үйірілген «қара бұлтты» сейілтудің жолын іздеп шырылдағанымда, қаншама адам сырт айналды. Ахаң үйіне араша сұраған тұста өз үнін қосқан басылым – «Ана тілі» апталығы мен «Түркістан» газеті болса, теледидардан ел назарын қаратқан тек «31-канал» еді. Міне, осылайша төртінші биліктің атсалысуымен жоспарланбаған жәрдем болып тұрды.

Осы уақытқа дейін музейде штат болған емес. Айтуға да ұят. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, 26 жасымнан осы музейде негізгі кәсібім оқытушылықпен қатар, қоғамдық негізде «күлімен кіріп, отымен шығып» келемін. Қазір 54 жастамын, осы аралықта қор тарапынан айлық былай тұрсын, алған алғысым жоқ. Қаламымды күрекпен алмастырған күнім көп. Туыстарым, қоғам белсенділері, ҚазҰУ-дегі ұжымым мен студенттеріме рахмет, уақыт тауып көмек қолын созатын.

Енді мемлекет штат береді. Тұрақты айлық береді. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі мемлекеттік мекеме деп айтқанның өзі қандай мәртебе?! Тарихи тұлға жекешелеп алатын зат емес. Ол мемлекет және қоғам қайраткері. Саналы ғұмырын ұлтына арнаған халық адамы. Ендеше, оның мұрасын іздеуші де, жоқтаушы да, насихаттаушы да – халық пен мемлекет! Демек, халқы үшін құрбан болған қайран ердің қамқоршысы да қолдаушысы да мемлекет!

ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАУ

Жоспар көп. Ғалымның төл туындылары, оның ғұмыр жолы мен шығармашылығына арналған кітаптарды қайта шығару керек; ЮНЕСКО көлемінде атап өту үшін арнайы комиссия құрамы жұмыс істеуде, оның нәтижесі алдағы қараша айында белгілі болады деп күтудеміз. Ең бастысы, жылдар бойы шешімін таппай шиеленіскен өзекті мәселенің нүктесін қойып берген қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың музей-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы Қаулысы – ғұламаның 150 жылдығына арналар шараның ең ізгі шашуы болмақ.

Айжан Қалиева, Алматы