ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 870 мыңнан асты

КВН ойнаған, көптің назарында жүргенді ұнатпайды - Паралимпиада чемпионымен сұхбат

Қазақстан паралимпиадашылары Токиодағы жарыстан олжалы оралды

Паралимпиададан ұлттық құрама мүшелері Токиода бас-аяғы 5 медаль еншіледі: бір алтын, үш күміс, бір қола. Осылайша, жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар 51-ші орын алды. Бұл – ұлттық құраманың Паралимпиада ойындарында көрсеткен ең үздік нәтижесі.

Ел қоржынына алғашқы және жалғыз алтын жүлдені Давид Дегтярев салды. Ол жарыстың алғашқы күнінде (54 келі) пауэрлифтинг бойынша алтын медаль жеңіп алған болатын.

Azattyq Rýhy тілшісі Паралимпида чемпионына хабарласып, жеңіске дейінгі және одан кейінгі өзгерістер мен алдағы жоспары жайында сұхбаттасты.

Спортшы бәрінен бұрын Паралимпиада ойындарынан кейінгі шамадан тыс назарға үйрене алмай жүргенін жеткізді. Давид бес жыл ішінде жас спортшыдан Паралимпиада ойындарының жеңімпазына дейінгі жолдан өтті. Ол Токиоға арнайы алтын алу үшін барғанын айтты.

«Токиодан кейін қатты шаршадым. Жарыстан емес, кейін басталған қарбаластан. Күн сайынғы қоңыраулар, бір жерге барып сұхбат беру, сөйлесу - мұның бәрі маған жат дүние. Мүлде ұнамайды. Мүмкін, шектен тыс жұрттың назарына үйренбегендіктен болар. Қазір телефонымды өшіріп, демалуды ойлап жүрмін. Алда өтетін жарыстарға дейін бабыма келуім керек.

Жаттықтырушым екеуміздің басты мақсатымыз алтын жүлде алу болды. Күрделі жаттығулар мен еңбектің арқасында өте жақсы көрсеткішке қол жеткіздім. Әрине, оңай болды деп айта алмаймын. Қарсыластар шынымен де мықты. Бұған дейінгі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген тәжірибелі спортшылар. Бәсекелестік сезілді. Димитриос Бакохристос – тәжірибелі спортшы. Оны жоғары орынға өтетін шығар деп ойлағанмын. Нәтижесінде қоламен қалды.  Десе де, мен үшін аса қиынға соққан жоқ. Паралимпиада ойындары орташа деңгейде өтті десем болады», - дейді Давид Дегтяров.

Паралимпиада жеңімпазы Токиодағы әсерімен бөлісті.

«Шынымда айтсам, чемпион атанған кездегі сезім есімде қалмапты. Чемпион атанғанымды сезінетіндей уақыт болмады. Мені анда-мында шақырып, ұсақ-түйек мәселелер бойынша сүйреп жүрді. Оның үстіне карантиндік шаралар Токионың бар сұлулыңые сезінуге мүмкіндік бермеді. Аралайтын, сүйсінеттін сәттер көп болғанымен, бар ойым жарыста дайындығымды пысықтаумен өтті», - дейді пара спортшы.

Пауэрлифтинг Қазақстан үшін Паралимпиададағы негізгі спорт түріне айналады. Бұған дейін Рио Олимпиадасында Раушан Қойшыбаева күміс алса, биыл дәл осы спорт түрінен ел қоржынына алтын түсті. Давид пауэрлифтингке 20 жасында келген. Оның спортқа келуіне досы Дмитрий Харанжук пен  Ксения Полукарова себепкер болған екен.

«Менің спортқа келуіме досым Дмитрий Харанжуктың ықпалы көп болы. Біз онымен колледжде оқыдық, КВН ойнадық. Сол жерде біздің достығымыз басталды. Кейін ол мені залға апарып, шамаменен алты ай айналыстым. Сол залда Ксения Павловна Полукарова ауыр атлетшілерді жаттықтыратын. Өзі де пауэрлифтингте өнер көрсетіп жүрді. Керемет адам. Ақылды, өте жауапты.

Ол менің қабілетімді байқап, барлығын үйретті және нәтижем өсе бастаған кезде мені қазіргі бапкерім - Юрий Николаевич Колесниковпен таныстырды. Юрий Николаевич қоңырау шалып, жарысқа шығуға ұсыныс жасады. Бұл менің алғашқы өнер көрсетуімнен бір ай бұрын Көкшетауда өткен облыстық «Үміт» жарысы болатын. Мен үшін спорттық ғұмырымдағы ең маңызды жайт», - деп еске алды спортшы.

Одан кейін Давид Дегтяровты қатарынан бірнеше турнирге, чемпионатқа қатысқан.  

«Қарқын күшейді, жаттығуды тоқтатпадым. Облыстық турнир уақыты келді. Басында жарысқа барғым келмеді. Бұған дейін Колесников мені Қазақстан чемпионатына шақырған болатын. Бірақ өзі қоңырау шалып, келуімді сұрады. Себебі, біз әртүрлі қалада жүрдік. Ол мені мүлдем көрмеген, тек телефонмен сөйлесетінбіз. Облыстық жарыста бірінші орын алдым. Кейін бір айдан кейін Қазақстан чемпионатында да бірінші орынға ие болдым. Бұл 2016 жылы болды. Ал 2017 жылы Әлем кубогына бардым, бірақ ондағы көрсеткішім мәз емес - 6-шы орын. Осылайша, Дмитрий Харанжук пен Ксения Полукарова - менің жолымдағы маңызды адамға айналды», - дейді Давид.

Спортшы өзі айналысатын пауэрлифтингтің ерекшелігіне тоқталды.

«Жаттығуды енді бастаған кезде тек базалық жаттығулар жасап жүрдім. Бірақ олар маған аса ұнамайтын. Алайда, парапауэрлифтингте үшсайыс жоқ, тек пресс. Маған ұнағаны да осы. Сондықтан, жарыста мен өзіме ұнайтын нәрсемен айналысамын. Пауэрлифтингтен басқа да таңдаулар көп болды. Мені найза, өзек және диск лақтыратын жаттықтырушы байқады. Барып көрдім, бірақ көңілімнен шықпады. Жаныма жақыны штанга көтеру деп шештім», - дейді ол.

Жеке өмірі туралы мүлде айтқысы келмейтін спортшы Атбасар қаласында тұрады. Қаладағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттығады. Пара-спортшы өзі жаттығатын залдың жағдайы туралы айтты.

«Токиодан оралғалы әлі залға барған жоқпын. Бізде ауыратлеттер бар. Олармен бірге бір залда жаттығамын. Залдың жағдайына көңілім толады деп айта алмаймын. Ондағы жағдайдың одан әрі жақсарғанын қалаймын. Бірінші кезекте спортшыларды тарту үшін. Спортшылар көп болса, чемпиондар да көп болады. Сондай-ақ жарыстарды қаржыландыру жағынан қиындықтар туады. Әкімдік тарапынан назар аз», - дейді Давид Дегтяров.

Ол өзіне берілген жүлде қорына тоқталды. Жақында ғана спортшыға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 3 бөлмелі жаңа пәтер мен көліктің кілтін табыстаған болатын.

«Өзіме берілген қаржылай сыйлықты қайда жұмсарымды әлі ойланбадым. Кезінде 20 мың тапсам да өзімді бақытты санайтынмын. Қазір одан да көп ақша табамын. Жағдайыма көңілім толады. Сондықтан берілген ақшалай сыйлық маған, менің мінез-құлқыма әсер етпейді, өзгертпейді деп ойлаймын. Не болса да, жақсы нәрсе үшін жұмсаймын деп үміттенемін», - дейді спортшы.

Давид алдағы уақытта да Атбасар қаласында қалатынын, сол жерде жаттыға беретінін айтып, жоспарымен бөлісті. 

«Қараша айында әлем чемпионаты өтеді. Соған дайындықты бастаймыз. Одан әрі Пара-Азия ойындары мен Әлем кубоктары бар. Содан кейін 2024 жылғы Париж олимпиадасы күтіп тұр», - деді чемпион.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан