Қазақстанда жыл сайын мың адам хабар-ошарсыз жоғалады - волонтермен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

LIDER.KZ қозғалысының СҚО бойынша үйлестірушісі қай санаттағы адамдардың жиі жоғалатынын айтты

LIDER.KZ қозғалысының мүшелері

Ресми деректерге жүгінсек, елімізде жыл сайын орта есеппен мыңнан астам адам хабар-ошарсыз жоғалады. 2016 жылдан бері республика көлемінде 17 мың адамға іздеу жарияланыпты. Айдың аман күнінде ғайып болып кеткен 6 мың қазақстандықтың тағдыры әлі күнге белгісіз. Құзырлы органдар іздестіру шараларын тоқтатпайды. Себебі, заңмен бекітілген нақты мерзім жоқ. Соңғы кездері іздестіру жұмыстарына еріктілер де елеулі үлес қосып жүр. Солардың бірі LIDER.KZ қозғалысы. Қазақстанның барлық қалаларында ұйым өкілдері жұмыс істейді. Сонымен қатар, еріктілер Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия мен Оңтүстік Кореяда тұратын әріптестерімен байланыс орнатқан. Azattyq Rýhy тілшісі LIDER.KZ қозғалысының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Кристина Ашпековапен сұхбаттасқан еді.

- LIDER.KZ қозғалысы қашан құрылды? Ұйымға кімдер мүшелік етеді?

- 2016 жылдың мамырында із-түссіз жоғалған адамдарды іздеу үшін бастамашыл топ құрылды. Бастапқыда ол Қазақстанның түкпір-түкпірінен бас қосқан бірнеше адамнан тұратын команда еді. Кейін бізге басқа шаһарлардан белсенділер қосылып, өңірлерде арнайы топтар құрылды, олардың басында үйлестіруші тұрды. Бірте-бірте қоғамдық ұйым мүшелерінің қатары көбейе берді. 2019 жылы қозғалысқа LIDER.KZ деген атау берілді. Жарғы шығарылып, логотип бекітілді. Сонымен қатар волонтерлар кітабы шығарылып, бейдждер жасалды.

- Ұйымның жұмыс бағыты жайында айтып берсеңіз?

- Бүгінде адамдардың жоғалып жататынын жаңалықтан жиі естиміз. Бұл жақынынан айрылғандар үшін өте ауыр қайғы. Бұл проблема ешкімнің жасына және әлеуметтік мәртебесіне тәуелді емес. Балалар, қарттар, тіпті ересектер де жоғалады. Өкінішке қарай, біздің жоба мәселенің түптамырын шеше алмайды. Адамдардың жоғалып кетпеуін қадағалау мүмкін емес. Біздің жұмысымыз адамдарды іздеуге бағытталған. Туыстарынан жоғалған адам туралы ақпарат аламыз, оны барынша таратамыз. Көшелердегі жарнама тақтайшаларына жабыстырып шығамыз. Қазір әлеуметтік желілердің пайдасы көп тиеді. Түрлі топтар мен парақшаларда ақпаратты кеңінен таратуға басымдық жасаймыз. Туыстық байланысты жоғалтып, көмек сұрағандарға да қол ұшын береміз.

- Бұл жұмыстардың барлығы қаржыны талап ететіні анық. Мемлекет немесе демеуші тарапынан материалдық қолдау бар ма?

- Қозғалыс мемлекет балансында емес. Сондықтан ешқандай қаржылық қолдау жоқ. Барлығы еріктілер есебінен жүзеге асырылады. Біз мемлекеттік құрылымдармен, мәселен полиция органдары, ауруханалар, білім беру мекемелері сынды тағы басқа ұйымдармен бірлесе қызмет атқарамыз. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыстамыз. Жоғалатын адамдардың қатарында қарттар мен балалар көбірек. Өйткені, олар өз үйінен тысқары жерде осал келеді. Жоғалған адамдардың осы санатын іздеуге біздің еріктілер уақыт оздырмай шығуға тырысады.

- Ақпарат таратудан бөлек, адамдарды іздестіру жұмыстарына қатысасыздар ма?  

- Әрине. Жоғалған адам туралы ақпарат жинау, оны тарату – бұл үнемі қайталанатын процесс. Іздестіріліп жатқандар жайында қандай да бір мәлімет пайда болғанда, оны тездетіп тауып алуға асығасың. Жұмысты барынша жеделдеткің келеді. Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттың барлығына мониторинг жүргізіп отырамыз. Өйткені, құнды мәлімет пайда болуы мүмкін. Жақында жоғалып кеткен әжейді іздедік. Түнгі екіге дейін барлық көшені кезіп шықтық. Кейуана табылған жоқ. Еріктілердің барлығы нәтиже болмаған соң үйлеріне тарасты. Екінші күні әріптестеріміздің бірі көшеде кетіп бара жатып, сол кісіге ұқсас адамды көріп, бізге хабарлады. Біз ақпаратты полицияға жеткіздік. Ол шын мәнінде біз іздестірген адам болып шықты. Қатты қуандық. Мұндай сәттерде жоғалған адамдардың жақын, туған-туыстарының қуанышы тіпті ерекше. Оларға хабарласқанда алғысын жаудырып, әлеуметтік желілерде жазба қалдырып жатады. Мерекелер кезінде де ұмытпай, хабарласып, құттықтап тұрады. Мұндайда еңбегіңнің еленгеніне қуанасың да, жұмысқа жаңа шабытпен кірісесің.   

- Сіздің тәжірибеңізге сүйеніп талдасақ, адамдардың жоғалуына әсер ететін басты факторлар не?

- Себебі әртүрлі. Егер жасөспірімдерді алсақ, ересектерге мінез көрсеткісі келеді, реніш-өкінішін үйден қашып кету арқылы білдіргісі келеді. Немесе ата-анасының назарын өзіне аудартқысы келеді. Ал қариялар жағы адасып кетеді. Тәжірибеме сүйеніп, тағы бір мысал келтірейін. Былтыр петропавлдық әжейді көп уақыт бойы ізеуге тура келді. Жай ғана үйінен серуендеп келу үшін сыртқа шығып кетіп, хабарсыз кеткен. Табылғаннан кейін анықталғанындай, Ойқала кентінің тұрғыны өзінің қайда тұратынын ұмытып қалып, бұрынғы үйі орналасқан ауданға кетіп қалып, адасып жүрген. Статистиканы сөйлетсек, 2018-2019 жылдары өңірде 33 адам жоғалған, оның 14-і табылды. Жетеуі қайтыс болды. 12 тұрғын әлі із-түзсіз. Ал 2019-2020 жылдары 72 адам іздестірілді. 57-сі тірі, төртеуі бақилық болды. Тоғызы сол қалпы табылмады. Жоғалу фактілері бір-біріне ұқсамайды. Олардың табылу жолы да әртүрлі. Кейбірі тез, кейбірі араға уақыт салып табылып жатады.

- Мұндай қоғамдық жұмыс көп уақытты талап етеді. Не үшін істейсіздер?

- Бұл сауалды жиі естимін. Мұндай жұмысқа қанша ақша төленетінін де сұрайтындар бар. Біз тегін жұмыс істейміз. Адамдарды іздестіруден бөлек, түрлі акцияларға қатысамыз. Мәселен, мамырдың басында «Дегдар» қоры азық-түлік себеттерін таратты. Салмағы 120 келіден асады. Мереке, демалыс күндері материалдық жағдайы төмен азаматтар мен қарттардың үйлерін аралап, сәлемдемелерді жеткіздік. Облыс аудандарында да топтар бар. Олар көбіне ақпарат таратумен айналысады. Ал Петропавл қаласындағы LIDER.KZ қозғалысының құрамында 40 ерікті бар. Олар кәдімгі іздестіру жұмыстарының бел ортасында жүреді. Өзгелерге қол ұшын бере жүріп, өсіміз де дос болып кеттік. Тіпті, бір үйдің баласындай болып кеттік деуге болады. Отбасы болып қарым-қатынас жасаймыз. Бір-бірімізге қонаққа барып, қиын жағдайда сүйеніш болып, қуанышты бірге бөлісеміз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Эльмира Мәбетқызы, СҚО