$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.08.2021, 12:22
Сұхбат

СҚО-да патрульдік полицейлер отқа оранған үйден зейнеткерді алып шықты

Өзгені ажалдан аман алып қалған тәртіп сақшыларымен сұхбат 

СҚО-да патрульдік полицейлер отқа оранған үйден зейнеткерді алып шықты

Солтүстік Қазақстанда потурльдік полицейлер өртеніп жатқан үйден 80 жастағы кейуананы алып шықты. Өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгені ажалдан аман алып қалған тәртіп сақшыларымен Azattyq Rýhy тілшісі  сұхбаттасқан еді.

«ПОЛИЦЕЙ КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫН БОЛУЫ ШАРТ...»

7 тамыз таңғы сағат 5 шамасы. Қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында түні бойы кезекшілік атқарып жүрген полицияның аға лейтенанттары Азамат Букуев пен Нұрсұлтан Оспанов дабылды шақырту қабылдайды. ПД патрульдік полиция батальонының экипажы Саумалкөл ауылындағы Лермонтов көшесінің бойында өрт болып жатқан жерге жедел жетеді.

«Әріптесіміз екеуміз Көкшетау-Рузаев тас жолында кезекшілік атқарып жүрдік. Таңғы 5-те Айыртау аудандық кезекші бөлімінен шақырту түсті. Барып, ақпаратты анықтау тапсырылды. Біз көп кідірместен қозғалып кеттік. Жалпы полиция қызметкері кез келген сәтте кез келген жағдайға дайын болуы шарт. Алдыңда не тұрғанын болжау мүмкін емес. Тездетіп не болып жатқанын анықтауға тырыстық», - дейді Азамат Букуев.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер тұрғын үйге жапсарлас қоршалған ауладан шыққан жалынды байқаған. Екеуі лезде іште адамның бар-жоғын анықтауға кіріседі.

«Оқиға орнына келген бетте әжейді үйден шығарып алдық. Үйде бірнеше газ баллоны бар екен. Екінші кезекте сол баллонарды сыртқа тасыдық. Жүгіріп жүріп үйдің ішін тексеріп шықтық. Іште басқа ешкімнің жоқ екеніне көзіміз жетті. Әжей өрт болған үйдің ішінен баласын іздеп жүр екен. Таба алмағаннан кейін түтінге булықса да бөлмелерді кезе берген. Ол кісі іште болмай шықты. Дереу үйді электр жарығынан ажыраттық. Қатты қорқып қалған әжейдің қан қысымы көтеріліп кетті. Түтінге тұншығып, әбден есеңгіреп қалған. Оны көлікке отырғыздық та, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Ал үйдегі өрт өршіп барады. Әрбір секунд қымбат еді», - дейді полиция инспекторы.

«Ішке кірсек қызған оттың жалыны бет қаратпайды. Қара түтіннен дем ала алмайсың. Оңай болған жоқ. Әжейді сыртқа шығару үшін ішкі қорқынышты жеңуге тура келді. Біздің қызмет осынысымен де қызық. Егер кейуананы аман алып қала алмасақ арымызға сын болар еді. Өз қызметімді адал атқарғым келеді. Туған-туыстарым мен үшін ұялмай, керісінше мақтан тұтса екен деймін. Полиция қызметінің беделіне нұқсан келтірмеуге барынша күш саламын», - дейді полицияның аға лейтенанты Нұрсұлтан Оспанов.

«ОЙЛАНАТЫН УАҚЫТ БОЛҒАН ЖОҚ...»

Офицерлер әжейдің сыртқа шығуына көмектескеннен кейін өтініші бойынша үйден дәрісін де алып береді. Әйелді патрульдік көлікке отырғызып, үйдің қалған бөлмелерін тексеріп шыққан және көмекке келген көршілермен бірге шелектермен су тасып, лапылдап тұрған жалынды өшіре бастайды. Өрт сөндірушілер келіп, оттың ошағын толықтай жояды.

«Бойда қорқыныш болғаны рас. Бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын. Жанып жатқан үйге кіру –  адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті. Кез келген уақытта төбе оттың кесірінен опырылып түсуі мүмкін. Бірақ ол жайында ойлап жатуға уақыт болған жоқ. Адам өмірін құтқарып, өртті сөндіру керек болды. Бәрі қысқа ғана уақытта, қас-қағым сәтте өте шықты. Жағдайды саралайтын мүмкіндік болған жоқ. Тек қана эмоция – өзгенің өмірін құтқарып қалуға асығу. Полиция қызметі маған қатты ұнайды. Әкем де өмір бойы осы салада еңбек еткен. Сол кісінің ісін жалғап жүрмін. 6 жыл болды. Бірінші кезекте халықты қорғаймыз. Қызмет сатысымен жоғарылауға да мүмкіндік мол. Осындай өз қызметіңді абыроймен атқарған сәттерде жұмысыма деген қызығушылығым тіпті арта түседі. Адамдардың алғысына бөленген кезде ол сезім тіпті арта түсетіндей», - дейді Азамат. 

ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ ТУЫСТАРЫ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Қос полицей кейуананы ұлының үйіне апарып, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметін жалғастырып кете барады. Өрт оқиғасынан кейін келесі күні зейнеткердің туыстары патрульдік полицейлерге өз ризашылығын білдірді. Көкшетау қаласынан арнайы келген әжейдің інісі Александр Маймескулов аудандық полиция бөліміне барып, әпкесін аман алып қалған қызметкерлерге алғысын айтады.

«Екеуі жайында да тек оң пікір айта аламын. Қызмет атқарған мерзімде екеуі де өздерін тек жақсы жағынан – сауатты, талапшыл, білікті маман ретінде көрсетті. Жұмыс барысында нормативтік құжаттарды зерделеп, талаптарын негізге алады. Іскерлікпен ерекшеленеді. Қарапайымдылық, байсалдылық, сыпайылық – екеуіне де ортақ қасиеттер. Физикалық дайындықтарын да ерекше атап өтуге болады. Өйткені бұл полицейлер үшін маңызды факторлардың бірі. Шыныққан, шымыр жігіттер», - дейді СҚО ПД Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сабыржан Оспанов.

Бұл - Азамат Букуевтың алғашқы ерлігі емес. Ол 2019 жылдың желтоқсанында сол Саумалкөл ауылында өзінің әріптесімен бірге өрт құшағынан екі әйел мен төрт кәмелетке толмаған баланы аман алып шыққан.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары