Қазақ тіліндегі уикипедия әкімшісі Қайыр Рысбаевпен сұхбат
Қайыр Рысбаев 2008 жылдан бері уикипедияның (әлемдік интернет-энциклопедия) Қазақстандағы белсенді авторы. Ол он үш жыл ішінде уикипедияға орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде Қазақстанға қатысты түрлі тақырыптарда 3000-нан аса мақала жазып, жариялаған. Бұл жұмысы үшін Қайырға ешкім қаражат төлемейді. Оның мақсаты - интернеттегі қазақ тілінің аясын кеңітіп, өз елі туралы сауатты контент жасау.
Azattyq Rýhy тілшісі Қайырмен кездесіп, қазақ тіліндегі уикипедияның контентінің сапасы қандай, ол жерден қазақтілді аудитория қандай материалдарды жиі іздейді және уикипедияға материал жазғысы келетіндерге қажетті кеңесін сұрап білді.
ҚАЗАҚША КОНТЕНТ САНЫ 200 МЫҢНАН АСАДЫ
- Бізде ауылда интернет болған жоқ. Өз басым 2008 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінде жүгенде алғаш рет интернетке қол жеткіздім. Университет қабырғасында әртүрлі мәлімет іздегенде уикипедияға сілтеме шыға береді, содан «бұл не әлем екен?» деп, ішіне кіріп ақтардым. Біраз ақтарғаннан кейін, туған ауылым - Ақсу-Аюлы (Шет ауданы) ауылы туралы мәліметтер іздеп көрдім, бірақ ештеңе таба алмадым. Басқа адамдардың өз ауылы туралы жазғанын көріп, өз ауылым, оқып жатқан университетім туралы мәліметтерді жүктедім. Материал жазуды алдымен орыс тілінен бастадым, кейін қазақ тілінде де ақпараттар жазатын болдым. Осылайша хоббиіме айналған уикипедияға бір жылға жуық ресми тіркеусіз, ережелерімен таныспай мәліметтер салып жүрдім. Кейіннен авторлық құқық, уикилендіру, шаблон, санат қоюды үйрендім. Университетті бітіргеннен кейін де үзбей жазып отырдым. Көп материалдарым қазақ тілінде болды, өзім қызығатын Американың байырғы тұрғындары үндістер туралы қазақ және орыс тілінде мәліметтер жаздым.
Өзім барған жерлерден не жазуға болатынын іздейтін болдым, тіпті, бір өзенге түссем, ол жерді фотоға түсіріп, сол туралы материал жазуды әдетке айналдырдым. 2011 жылы орыстілді уикипедияның Мәскеуде тұратын әкімшісі Andreykor-мен бірге Қазақстандағы 7 мыңдай елді-мекен туралы мәліметтер базасынан ақпарат алып, шаблон жасап, бес-алты қатысушымен бірге 7 мыңдай материал жазып шықтық. Өзімнің руым, елді-мекендер туралы, Қазақстан ұлттық энциклопедиясын еркін лицензия бойынша алып, орыс және қазақ тілінде бәрін салдық. Бастапқыда қазақ тілінде материал да, оны жазатын адам да аз еді. Қазір қазақ тіліндегі контент саны 200 мыңнан асты. Бірақ олардың сапасы қанағаттанарлықтай емес.
ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ және ЕСЕП ҮШІН ЖАЗЫЛҒАН КОНТЕНТТЕР
- Қазақтілді укипедияның белсенді қатысушылар саны 150-200 адам. Олардың кейбірі басқа материалды түзетіп кеткен немесе кездейсоқ кіріп кеткен болуы мүмкін. Жалпы уикипедияда қазақша материалдар аз. Фейсбукте отыратын қазақтар «қазақ тілін дамытайық, қазақша сөйлейік» деп ұрандатып жатады, бірақ нақты іске келгенде көпшілігі жалқау. Уикипедия қазір 300 тілде жазылады және қай ұлт өз тілін қалай қолданатынын сондағы ақпараттарға қарап білуге болады. Иврит тілінде сапалы мақалалар саны өте көп, өйткені, еврейлер өздерінің тілдерін интернет желісінде дамыту үшін түрлі қызықты материалдар жазады. Бұрын тіл ауызша болды, одан кейін жазбаша болды, қазір енді тіл интернетке көшуі керек. Қазақ тіліне жаны ашитын әрбір қазақ уикипедияға кіріп, өз қаласы, руы, оқу орны, мамандығы, көлдер мен өзендер туралы жазса болады.
Қазақстанда аумағы 1 шаршы шақырымнан асатын 3 мың көл бар, олардың базасын салып, солар туралы жазуға болады.
Жазамын деген адамға тақырып көп. Басқа елдерде уикипедияға жақсы көңіл бөлінеді. Мәселен, Польшада салық төлегенде кез-келген адам оның 1% мемлекеттік емес коммерциялық емес ұйымға бере алады, сондағы тұрғындардың көбі 1% Польша уикипедиясына береді екен. Мемлекеттен қолдау 2011 жылы түрік конференциясын өткізгенде және біраз кітаптарды еркін лицензияға алып, уикипедияға көшіргенде ғана болды. Одан басқа Үкіметтен қолдау болған емес. 2020 жылы тәуелсіздіктің 20 жылдығына ботпен уикипедияға 100 мың мақала жариялады. Бізде көрсеткіш үшін, есеп үшін сан қуып кеткен, ботпен жазған кішкентай материалдар статистиканы көтеріп тұрады. Бірақ оның көпшілігі шала-пұла жазылған, тіпті, кейбір материалдар бірнеше рет қайталанады. Израильдіктер өз тілін дамытып, сақтауы үшін ерінбейді. Ал біздің елде ондай азаматтық белсенділер аз.
ҚАЗАҚТІЛДІ АУДИТОРИЯНЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ
- Қазақтілді уикипедияға келетіндер өздерінің соғысқа қатысқан атасы туралы немесе өзінің руы туралы жаза бастайды. Бір қатысушы Едігені де, Жиренше шешен мен Алдаркөсені де найман етіп, тарихты бұрмалап жіберген кездер де бар. Одан бөлек, саясаткерлер мен оппозиционерлерге вандализм көп жасалады. Біреу қандай да бір материалға түзету енгізетін болса, ол басқаларға бірден көрініп тұрады. Яғни алдын-ала модерация жоқ. Өзгеріс енгізілгеннен кейін ғана, әкімші кіріп редакциялай алады. Уикипедияда вандализммен күресу маңызды, себебі, Тоқаев сынды ірі саясаткерлерге қатысты ғана ақпараттардың «тұрақты нұсқасы» тұрады және анонимді түзетулерді әкімші ғана көре алады. Ресейдегі бүкіл облыс губернаторларын да сондай «тұрақты нұсқаға» қойып қойған. Себебі халық келіп, неше түрліні жазып кетеді. Біздің елде де қолданушылар саясаткерлер, саясат, өздерінің руларына келгенде белсенді. Бірақ табиғат, биология туралы ешкім жазбайды. Мысалы, Қазақстандағы сүтқоректілер туралы орысша уикипедияда 22 мақала жетіспейді. Елімізде «кожанок бобровского» деген Қызыл кітапқа енген жарқанат туралы қазақша, орысша еш мәлімет жоқ. Ол жарқанатты біреу көрсе, байқамай өлтіріп алуы да мүмкін. Осы сынды Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, жан-жануарлар туралы ақпарат, олардың фотолары мүлдем жоқтың қасы.
Уикипедиядағы ақпараттың көбі ағылшын тілінде - 5 миллионнан асады. Ал сапа жағынан неміс және француз тіліндегі уикипедия, одан кейін орыс тілі. Арабтар мен испандардың саны көп болғанымен, олардың тілінде ақпарат көп емес. Уикипедияда цензура жоқ болған соң, Қытайда уикипедия жиі бұғатталады. Қазақтілді уикипедияның жағдайын жоғарыда айтып өттім.
Жақында алтай тіліндегі уикипедия басталды. Әлемде 7 мың тіл болса, олардың көбінде уикипедия жоқ. Оған интернеттің жоқтығы, жастардың белсенділігінің болмауы әсер етеді. Мысалы, қазақ уикипедиясының қаралымы жазғы демалыста 10 есеге түсіп кетеді. Ал сабақ кезіндегі қаралым өте жоғары және олар іздейтін ақпараттардың барлығы мектеп бағдарламасы. Дауысты дыбыстар, Абайдың өлеңдері, Абылайхан, Қазақстан тарихы деген сияқты материалдарды жиі қарайды. Осы көрсеткіштер арқылы қазақтілді уикипедияның қолданушылары мектеп оқушылары екенін аңғаруға болады. Қазақстандықтадың 60-70% орыс уикипедиясын қарайды, бірақ халықтың сол 70% қазақтілділер. Демек, қазақ уикипедиясында қатысушы жоқтын қасы.
Белсенді уикипедияшылардың кездесуі, Мәскеу
ҚАЗАҚТІЛДІ УИКИПЕДИЯНЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҚОС МИНИСТРЛІККЕ ҰСЫНЫС
- Әр адам өзінің туған ауданы, ауылы туралы ақпараттарды енгізуден бастауына болады. Ол елді-мекенде қанша тұрғын бар, қандай таулар мен өзендер, көлдер, мектептер, мектеп оқушыларының саны, ауданды басқарған әкімдер тізімі, ол аймақтағы ерекшеліктер, тарихы, қандай рулар мекендейтінін, ол өңірден шыққан танымал тұлғалар туралы жазуға болады. Статистика сайтында әр аудан бойынша ерлердің табысы қанша, әйелдердің табысы қанша деген ақпараттар аудан бойынша бар. Тіпті қой мен ешкі саны, ауыл шаруашылығы жайлы, қорықшалар саны сынды базалық ақпараттар тұр. Осындай базалық ақпараттарды енгізуге болады. Келешекте бәрі интернетке көшеді. Билл Гейтс «Интернетте жоқ бизнес - бизнес емес» дейді. Былтыр сәуір-мамыр айындағы локдаунда орыс уикипедиясына кірушілердің саны күрт өсті. Бізде университет, мектептерде курстық жұмыс, реферат жазуға тапсырма беріледі, бірақ ол орындалған соң шаң басып жатады. Сол рефераттарды әр студент, оқушы түрлі қызықты тақырыпта жазып, уикипедияға енгізіп қоятын болса, қанша база жинақтала беретін еді. Ресейдің кейбір оқу орындарында лингвистер курстық жұмыстарын солай жазып, енгізіп жүр. Бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолға алып, жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс шығар. Мектеп оқушыларының ынтасы жоғары болғанымен, олардың ғылыми машығы жоқ. Сілтемелерді, дереккөздерді көрсететін студенттерді пайдалану керек деп ойлаймын. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларын «Уикипедияға көп материал салғандарыңа саяхат немесе бағалы сыйлықтар беріледі» деп ынталандырып жатады. Олар бала болған соң, авторлық құқықты бұзып, шала ақпараттарды салып тастайды. Мұндай жұмыстың бәрін адамдар өз энтузиазмімен жасаса қызықтырақ шығады.
Уикипедияға Қазақстан туралы орыс тілінде көп ақпарат салып жүрген Mheidegger бар, ол кісі көп материал салып тастаған. Мавзолейге барды ма, бірден фотоға түсіріп, сол туралы ақпарат жүктейді. Бір шетінен Қазақстан туризміне үлкен үлес қосып жүр.
Испанияда зерттеу жүргізілген екен, сонда бір елді-мекен туралы фотоларымен ақпарат салынса, ол жерге келушілердің саны артатыны дәлелденген. Уикипедия дүниежүзі бойынша Facebook пен YouTube-тан кейін үшінші орында тұр және ол тегін тұрған үлкен нарық. Қазақстандағы көрікті жерлер туралы ағылшынша жазып қойса, шетелден келетін туристер саны артатын еді. Cондықтан қазақ тілін дамытуды, Қазақстанды шетелге танытуды қалайтын әрбір азамат уикипедияға бірнеше тілде сауатты контент жазып, жүктеумен айналысуды қолға алса, біраз жұмыс атқарылар еді.
Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан