«Қазаққа генетикалық жағынан ең жақын ұлт - қарақалпақтар». Тарихшымен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Ғалым генетикалық зерттеулер кейбір тарихтағы біз дұрыс деген көзқарастардың миф екенін көрсетіп отырғанын айтты

Жақсылық Сәбитов, ғалым

Жуырда Ұлттық биотехнология орталығы мамандары Нұр-Сұлтанда тұратын керей руының өкілдерін тегін генетикалық зерттеуге қан өткізуге шақырды. Azattyq Rýhy тілшісі аталған зерттеудің мақсаты қандай, керей руынан басқа қазақтың қай рулары генетикалық жағынан зерттелді, бұл жоба бізге не береді деген сұрақтар төңірегінде 2007 жылдан бері генетикалық зерттеумен айналысып жүрген белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитовпен сұхбаттасты.

РУЛАРДЫ ГЕНЕТИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

- Керей ғана емес, басқа да қазақ руларына қатысты зерттеулер жүргіземіз. Керей, қоңырат руларына қатысты бізге мини-грант тағайындалды. Арғын руына, сондай-ақ, ұлы және кіші жүзге қатысты қатысты жарияланымдар болды. Қыпшақтар мен қалған руларға қатысты зерттеулер әлі жүргізіліп жатыр. Керей мен қоңырат руларының өкілдеріне анализ сараптамасын мемлекеттік грант аясында бөлінген қаражатқа тегін жасаймыз.

Біздің жобамыз о баста қарапайым адамдар қаржыландыратын азаматтық жоба ретінде басталды. Өзін тестен өткізген әрбір адам жеке басына қатысты ақпараттарды ғана біліп қоймай, жалпы мәліметтер базасын кеңейтуге өз үлесін қосты. Бізде азаматтық белсенділер мен азаматтық ғылым есебінен қалыптасқан қазақтардың жалпы базалық мәліметтері бар. Бұл краунфандинг азаматтық ғылым үшін 300-400 мың долларды құрайды, себебі, өзінің тегін білгісі келген адамдар осынша қаражат жұмсады. Бұл 2007 жылдан бері жиналып келе жатқан сома. Ал, мемлекеттік бағадарламаларға келсек, өкінішке қарай, бізге мемлекет тарапынан грант берілмеді. Бұрындары грант иелену өте қиын болатын, көптеген ғылыми емес факторлар адамның грантты алып алмауына әсер ететін. Ал ғылыми зерттеулер басталғанда, бізді мәскеуліктер қаржыландырды. Яғни, мәскеуліктер 1500-ге жуық қазақты жинап, оларды зерттеді және менің әріптесім Мақсат Жабағин осы ғылыми үлгі негізінде диссертациялық жұмысын қорғады. Қазір генетиктермен бірге жүздер мен руларға қатысты ғылыми мақалалар жазуға қатысты жұмыстарды бірлесе атқарып жатырмыз.

Генетикалық зерттеулердің басты мақсаты - қазақ халқының этногенезін, шежіресін, белгілі бір рулардың шығу тегін  ғылым тұрғысынан тереңінен зерттеу.

ГЕНЕТИКАНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

- Генетикада популяцияны сипаттайтын туыстықтың үш жүйесі бар. 1) Митохондриальді ДНҚ – бұл тікелей әйел ұрпағы. 2) Хромосоманың полиморфизмі - (46 хромосоманың біреуі, ол жынысты анықтайды және атадан балаға өзгеріссіз түрде беріледі) - бұл тікелей ерлер ұрпағы. 3) Аутосомалар - бұл барлық хромосомаларға негізделген жалпы генетикалық портрет.

Генетиканың мүмкіндігіне келсек, ең алдымен ол тарихи мүмкіндік. Соңғы 5 жылда палеогенетика туралы мәліметтер көп. Егер бұрын біз сүйектерді қазып алып, оның қандай адам болғанын, қай тілде сөйлейтінін, қандай этникалық топтан шыққанын, ата-бабасы қай жерде, ұрпағы қайда тұратынын біле алмасақ, қазір палеогенетика арқылы адамның  ата-бабаларының географиялық шығу тегі қай жерден, оның ұрпақтары қай жерден екенін және жалпы кімге жақын болғанын анықтауға мүмкіндік бар. Генетикалық зерттеулер кейбір тарихтағы біз дұрыс деген көзқарастардың миф екенін көрсетуде. Ал миф дегеніміз – күрделі шындықтың жеңілдетілген көрінісі. Аңыздар мемлекеттік және өздігінен пайда болған халықтық болады.

Соған орай, олар ғылыми негізге негізделген немесе қарсы болуы мүмкін. Осындай маңызды мифтердің бірі – кеңес кезеңіндегі Молдава мен Украинадан Туваға дейін скиф-сақ әлемі бір деп қалыптасқан түсінік.

Ал егер Геродотты алар болсақ, Қазақстан аумағына кірмей, өз алдына бөлек өмір сүрген үш-төрт халықты сақтар (скифтер) деп атаған. Мәселен, сақ -хаумаварга - Тәжікстанда, сақ-тиграхауда - Өзбекстанда, мүмкін Қазақстанның оңтүстік -шығыс бөлігінде, ал сақ-парадарая жалпы Украинада өмір сүрген. Геродотқа қайта оралсақ, онда Қазақстан территориясында аримпасптар, аргипейлер, исседондар, савроматтар (кейін сарматтар), массагеттер өмір сүрді.

Яғни, Геродот бұл түрлі ұлтты сақтар немесе скифтер деп атаған жоқ. Кеңес кезеңінде қалыптасқан жағдай бойынша, жалпы сақ-скиф әлемінің материалдық мәдениеті біртұтас деп айтамыз. Ал генетика аталған тезисті жоққа шығарып отыр. Соңғы жылдардағы жарияланымдарда генетикалық тұрғысынан біртұтас сақ-скиф әлемі болмағаны дәлелденді. Аталған халықтар генетикалық жағынан бір-бірінен мүлдем алшақ болған және мұнда география үлкен рөл ойнады.

Батыс және шығыс скифтері түрлі генетикаға ие болды. Аутосомды шығыс «скифтері» Сібір халықтары, қазақ, қырғыз және қазан татарларының ата-бабасы болып шықты. Батыс «скифтерінің» басқа ұрпақтары болған. Мұның бәрі шындығында академиялық тарих ретінде бізге көрсеткен картинаның бастапқы дереккөздермен (Геродот) сәйкес келмейтінін көрсетіп отыр. Екінші жағынан, генетика қандай да бір біртұтастық нүктесі болғанын жоққа шығарып отыр. Олардың бәрі генетикасы басқа, антропологиясы бөлек әртүрлі ұлттар болды. Осының бәрін есепке алсақ, этникалық жағынан оларды біртұтас деп айта алмаймыз.

ТАЗА ҚАЗАҚ ДЕГЕН ҰЛТ БАР МА?

- Этногенетикалық ұжым ретінде қазақтар ХIII ғасырда пайда болды, ол кезде әлі «қазақ» атауы болмаған. Егер біз жалпы генетикалық портрет туралы айтатын болсақ, онда Баязит Юнусбаевтың аутосомдық маркерлерді талдауға негізделген әдісін шығарған жақсы зерттеуі бар. Осы зерттеулерге сәйкес, қазақтар этногенетикалық ұжым ретінде жергілікті этнорулар мен Шығыс Азиядан осы территорияға келген рулардың қосылысынан XIII ғасырда пайда болды, ол кезде «қазақ» деген атау жоқ. Бұл мәліметтердің барлығы дерлік физикалық антропологиямен расталған.

Біздің бұл салада екі жақсы зерттеуіміз бар. Бірінші – Оразақ Исмағұловтың заманауи зерттеуі қазақтарға тиісті антропологиялық типтің Қазақстан территориясына Шығыс Азия көшпелілерінің миграциясынан кейін пайда болғанын көрсетеді. XIII ғасырға дейін Қазақстан тұрғындары арасындағы моңғолоидтық пен еуропоидтық арақатынас 50\50 құрады. Шығыс Азиядан моңғол, найман, жалайыр және олармен бірге басқа да рулардың келуінен кейін, бұл арақатынас 70/30 болып, моңғолоидтық пайдаға шешілді.

Екінші зерттеу - антрополог Леонид Яблонскидікі. Аталған зерттеуде антропология бойынша қазақтар Алтын орданың көшпелілеріне жақын дейді. Яғни, ол антропология мен заманауи популиацияның палео-үлгілерін алды. Зерттеу нәтижелері қала тұрғындарының антропологиясының басқа екенін, ал, Алтын Орданың көшпелі халқының қазақтарға жақын екенін көрсеткен.

Бұл үш талдауда түрлі мәліметтер бар. Егер митохондриялық ДНҚ-ны алсақ, онда жеке тарих тұрғысынан қызықты нәрсе айту қиын. Бұл тұрғыда қазақтарда митохондриялық ДНҚ-ның алуан түрлілігі бар. Қазақтардағы митохондриялық (әйел линиясы) ДНҚ бойынша олардың әртүрлілігі орыстармен салыстырғанда 3 есе жоғары екенін атап өтуге болады. Бұл қоныс аударудың жиі болғанын көрсетеді. Сонымен қатар, көп әйел алу маңызды рөл атқарды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ҚАЗАҚҚА ЖАҚЫН ҰЛТ ТУРАЛЫ

- Аутосомаларда ДНҚ-сы бірдей үш халық бар. Солардың ішінде қазаққа ең жақыны – қарақалпақтар, екінші қазақтарға жақын өмір сүретін - ноғайлар. Ол Ставропольдағылар және Дағыстанда өмір сүретіндер болуы мүмкін. Үшінші – қырғыздар. 

Қазақтардан бөлек, қырғыздардың зерттеулерін бөліп көрсету қажет. Ол зерттеулерде палео-ДНҚ, сондай-ақ, генетика тұрғысынан олардың рулық құрылымы бойынша ашылулар бар. Деректер жарияланғанға дейін жаңалығымызды бөлісе алмаймын. Қарақалпақ, түрікмен, өзбек, пуштундық хелей (тайпа), хазарлықтардың зерттеулері перспективалы болуы мүмкін. Бұл халықтар туралы мәліметтер генетикалық және генеалогиялық, популяцияалы генетика тұрғысынан терең зерттелмеген.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ САРАПТАМАҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

- Белгілі бір адамдар санатында генетикалық зерттеулерге қызығушылық танытатындар бар. Тіпті ДНҚ зерттеулерін бір-біріне сыйлық ретінде тарту еткендер де болды. ДНҚ тестінен өтудің құны кемі $70, ал тереңірек зерттеуге $700 тұрады.

Генетикалық анализ Қазақстанда жасалады. Коммерциялық тестілеудің бағасы АҚШ-пен салыстырғанда екі-үш есеге жоғары, себебі, Америкада көптеген жеңілдіктер бар. Біздің Қазақстанда ДНҚ тестіне арналған материалдар құны Америкамен салыстырғанда екі-үш есеге қымбат, себебі, кедендік төлемдер, логистика және т.б шығындар есепке алынады. Одан бөлек, 2013 жылы Марат Тәжин үш тапсырмадан тұратын зертхана құруға бастама көтерді.

Онда Қазақстанның қазіргі тұрғындарын зерттеу, палеогенетиканы және жануарлардың ежелгі тұқымдарын зерттеу кіреді. Жалпы алғанда, аталған жобаға 300 миллион теңге бөлінді. Зертхана ашылғанымен, кадр құрамы әлсіз, жарияланымдар аз, жіберген қателіктер көп болды. Қазір олар бірдеңе жасауға тырысып жатыр, бірақ сол кезде біраз ақша қисынсыз жұмсалды.  

Жазып алған: Айжан Қалиев, Нұр-Сұлтан