$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.07.2021, 11:31
Сұхбат

Вирус, вакцина туралы мифтер мен шындық: Сан-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілімен сұхбат

Балалар мен жүкті әйелдер пандемия жағдайында өзін қалай сақтауы тиіс? 

Вирус, вакцина туралы мифтер мен шындық: Сан-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілімен сұхбат
Коллаж

ДДСҰ әлемде коронавирустың үшінші толқыны басталды деп ресми мәлімдеді. Ал Қазақстан билігі бұл індетпен күресудің жалғыз жолы вакцинация екенін еске салып отыр. Ал, антиваксерлер болса, КВИ-ге қарсы екпелер жайлы сан алуан «аңыз» айтып, онсыз да екіұдай күйде жүрген халықты шатастырып келеді.

Azattyq Rýhy тілшісі осы ретте, вакцинацияға қатысты мифтер мен шындықты ажыратып алу үшін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қоғаммен байланыс жөніндегі сарапшысы Ауғанбек Манарбек мырзадан сұхбат алды.

- Вакциналар жүкті әйелдерге қауіпті. Бедеулікке әкелуі мүмкін. Рас па?

- Жүктілік – COVID-19 вакцинациясына қарсы көрсетілімдердің бірі. Ал жүктілікті жоспарлау кезінде вакцина алу керек екенін хабарлаймыз. Бұл аурудың ауыр түрлері мен өлімнің алдын алады. Вакцинацияның бедеулікке ұшыратуы мүмкін емес. Бұл – жалған хабарлама.

- Еуропалық Pfizer вакцинасы басқаларға қарағанда ең сенімді және тиімді. Қаншалықты рас?

- Pfizer вакцинасын америкалық және қытай мамандармен бірлесе отырып, неміс биотехнологиялық компаниясы әзірледі. Әлемде бұл вакцина 2020 жылдың тамызынан бастап қолданылады. Екінші дозадан кейін жеті күн ішінде инфекцияны болдырмауда 90%-дан астам әлеуетті тиімділік байқалды. Қазір балаларға, жүкті әйелдерге немесе иммунитеті төмен адамдарға қатысты осы вакцинаның тиімділігі туралы алғашқы ғылыми деректер бар. Бірақ бұл вакцина ең сенімді немесе тиімді дегенді білдірмейді. Мысалы, «Спутник V» екпесімен салыстырар болсақ, The Lancet журналында осы вакцинаның III фазасын зерттеудің аралық нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес «Спутник V» вакцинасының тиімділігі - 91,6 %. Ал коронавирустың орташа немесе ауыр дәрежесіне қарсы бұл вакцинаның тиімділігі 100% құрады. Сол себепті біз клиникалық сынақтан өткен барлық вакциналар тиімді екенін айта аламыз.

- Pfizer вирустың жаңа штамдарына қарсы әрекет етеді. АИТВ жұқтырғандарға да тиімді. Сенімді ақпарат па?

- Pfizer аурудың жоғары қаупі бар әртүрлі патологиялары бар адамдар үшін қауіпсіз және тиімді деп танылды. Олардың ішінде АИТВ анықталған адамдар да бар. Қазір АИТВ жұқтырған адамдарға арналған вакцинаның қауіпсіздігі және аурудың ағымы сәтті бақыланатын клиникалық зерттеулердің алғашқы нәтижелері туралы мәліметтер бар. Бірақ бұл деректер шектеулі, ғылыми зерттеулер әлі де жалғасуда.

- QazVaс пен «Спутник V» тиімсіз, тіпті, қауіпті. Қаншалықты рас?

- Бұл – негізсіз жалған хабарлама. Керісінше, QazVaс пен «Спутник V» аса тиімді вакциналар қатарында. Қайталап айтамын, The Lancet журналының мәліметі бойынша, «Спутник V» вакцинасының тиімділігі 91,6 %, ал орташа немесе ауыр COVID-19 үшін вакцина тиімділігі 100% құрады.

- Вакцинация – қарудың жаңа түрі. Оның көмегімен сіз адам ағзасына молекулалық деңгейде спутник арқылы әсер ете аласыз, әртүрлі тәжірибе жасай аласыз? Бұл да миф пе?

- Бұл – вакцинацияның бастапқы кезеңінде тараған тағы бір жалған хабарлама. Қазір халықтың басым көпшілігі бұл фейктің қисынсыз екенін анық түсінеді.

- Иммунитеттің табиғи қалыптасуы вакцинация арқылы иммунитет қалыптастырғаннан қауіпсіз. Алаңдауға негіз бар ма?

- Ауырған адамның бойында COVID-19 антиденелері әртүрлі уақытта қалыптасады. Зерттеулер көрсеткендей, иммунитет қысқа мерзімге ғана қарсы тұрады. Вакцинация арқылы иммунитетті қалыптастыру оның табиғи қалыптасуына қарағанда қауіпті емес. Өйткені COVID-19 жұқтырған жағдайда белгілердің ауырлығын болжау мүмкін емес.

- Вакцинациядан болған өлім саны жасырын қалып отыр. Бұл туралы не айтасыз?

- Бұл да жалған ақпарат. Шындығында, жағдай керісінше. Халықты вакцинациялау адам өліміне жол бермеу үшін жүргізіледі. Кез келген вакцинация ауруға қарағанда жүздеген есе қауіпсіз. Бірақ вакцинация туралы әрдайым пікірталас болды. Кез келген елде «вакцина зиян, сондықтан онсыз өмір сүрген дұрыс» деген ақпарат тарайтыны заңды құбылыс. Бірақ, адамзат тарихына көз жүгіртсеңіз, медицина бұл пікірдің кереғар екенін дәлелдеп келеді.

- Вакцина салдырғаннан кейін болатын ағзаның реакциясы аурудың белгілерімен бірдей. Бұған не дейсіз?

- Адам ағзасының вакцинацияға реакциясы аурудың белгілерінен түбегейлі ерекшеленеді. Екеуін салыстыруға келмейді.

- Вакцинациядан кейін COVID-19 қайта жұқтыру жағдайлары бар. Мұндай жағдай көп пе?

- 23 шілдедегі мәлімет бойынша, вакцинаның екі компонентін алған 4 765 адам коронавирус инфекциясын қайта жұқтырған. Вакциналаудың толық курсынан өткендердің жалпы саны 3 075 907 адамды құрайды.

- Көбі өзіне де, балаларына да вакцина салдырмайды. Екпеден бас тартқанымен, ауырып та жатқан жоқ. Бұл туралы не айтасыз?

- Профилактикалық егу (вакцинация) балалар үшін де, ересектер үшін де өте маңызды. Бұл шарадан тек аса ауыр диагноздары бар (вирустық гепатит В, дифтерия, сіреспе, көкжөтел және т.б.) адамдар босатылады. Профилактикалық егу, әсіресе, балалар үшін маңызды. Өйткені, әлі толық жетілмеген ағза әртүрлі инфекцияларға төтеп беруі қиын. Егер анасы уақытылы екпе алса, немесе қандай да бір аурумен ауырса, онда баланың өмірінің алғашқы айларында аналық антиденелер әлі де қорғай алады. Алайда, уақыт өте қорғаныс әлсірейді және мұндай жағдайда профилактикалық егусіз сау жүру мүмкін емес. Сондықтан егу күнтізбесіне сәйкес вакцинацияны ерте жастан бастау керек.

Жазып алған: Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары