Олимпиадаға бірінші рет жолдама алған жеңіл атлеттер: «Бұл - біз үшін тарих»

Автор: Azattyq Rýhy

Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова үлкен дода алдында пікір білдірді

Надежда Дубовицкая, Кристина Овчинникова

Токио олимпиадасы әлемдік БАҚ беттерінде пандемиядан кейінгі екінші маңызды тақырыптың біріне айналды. Жуырда ғана отандық спортшылардың бірінші легі Жапонияға аттанды. Еліміздің Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры аталған бағытта бірқатар демеушілік жұмыстарын атқарды.

«Ең алдымен біздің қорға олимпиадалық спорт түрлері бар федерациялар, сондай-ақ Ұлттық Олимпиада комитеті демеушілік қаржы алуға байланысты өтініш білдірді. Біз олардың жіберген өтінішін қанағаттандырып, қажетті қаражатты бөлдік. Ол қаржы спортшылардың олимпиадаға дайындықтарына, оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жабдықтарына, медициналық тексерісіне, т.б. қажеттіліктеріне жұмсалды. Біз жекелей спортшыларға емес, олар қарайтын федерацияларға көмек қолын создық», - Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының бас директоры Асхат Сейсембек.

Токиодағы Олимпиада ойындарына Спорт қоры қызметкерлері бармайды. Оған қоса биыл короновирус індетіне байланысты Олимпиада ойындарына жол тартатын делегация құрамының саны қысқарды. Десе де, Қордың бас директоры Асхат Сейсембек «Азия жеңіл атлетика қауымдастығының жарыстарды өткізу жөніндегі комиссия мүшесі» ретінде Олимпиада ойындарына баруы мүмкін.

«Олимпиада төрт жылдықтың ең басты додасы. Елімізді әлемдік аренада танымал ететін бірден бір дода. Өкінішке қарай, 2020 жылы өту керек болған жарыс күллі әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты бір жылға шегерілді. Бұл осы жылғы Олимпиаданың ең басты ерекшелігі деуге болады. Ең бастысы ұйымдастырушы тарап, қатерлі індеттің ушығып тұрғанына қарамастан, барлық жауапкершілікті өз мойына алып, барлық сақтық шараларын қарастырып, Олимпиаданы өткізуге шешім қабылдады. Осы тұрғыда алғанда, бұл Олимпиада спортшылардың, бапкерлер құрамының, БАҚ өкілдерінің, ұйымдастырушылардың т.б., Олимпиада айналасындағы барлық қызметкерлердің есінде қалатыны сөзсіз. Сонымен қатар, Жапония астанасында өтетін дода бұрын-соңды болмаған инновациялық Олимпиада ретінде көпшіліктің есінде қалатыны ұйымдастырушылар тарапынан жиі айтылуда. Өз басым, біздің спортшылар Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең көп жүлде жиынтығын иеленіп, ел намысын абыройлы қорғап, биік белесті бағындырса екен деймін. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тамаша сый болар еді», - дейді Асхат Сейсембек.

Azattyq Rýhy тілшісі Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан сайысқа түсетін жеңіл атлеттермен сөйлесті. Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова биіктікке секіру бойынша бақ сынайды. Спортшылар Токиоға 28 шілде күні жол тартып, 5 тамызда іріктеу кезеңіне қатысады. Бәрі сәтімен болса, 7 тамыз күні аталған спорт түрі бойынша финалдық кезеңге өтеді.

Надежда Дубовицкая Семей қаласында туып өскен. Алғашқы спорттық қадамы каратэден басталған екен. 

«Бірінші сыныпта мен каратэге жазылып, онымен төрт жыл айналыстым. Ал жеңіл атлетика туралы алғаш рет жетінші сыныпта оқып жүргенімде білдім. Осылайша, 13 жасымнан бастап осы спорт түрімен айналыса бастадым», - дейді спортшы.

Надежда жеңіл атлетикадан бөлек баскетболда да бақ сынап, түрлі жарыстарда мектептің құрамасында ойнаған. Алайда өзінің кәсіби спорттық жолын 17 жасында жеңіл атлетикамен ұштастыруды жөн көрген.  

«Алғаш рет Азия чемпионатына барғанда бұл жай қызығушылық емес, бұл одан да керемет сезім екенін түсіндім. Яғни, менің әлемдік жарыстарға, басқа елдердегі додаларға бара алатыныма көзім жетті. Мұндай сәттер адамды баурап алады. Міне, сол кезден бастап бұл менің өмірлік бағытым екенін ұқтым», - дейді спортшы.

Надежда Дубовицкая қазақстандық спортшы, олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жерлесі. Жеңіл атлеттер былтыр жазғы дайындықтарын бір алаңда өткізген екен.

«Шын мәнінде осындай олимпиада чемпионымен бірге жаттығу жасау - біз үшін абырой. Біз соларға қарап бой түзейміз. Біздің дисциплинамыз әртүрлі болғанымен, мен оны спортшы ретінде өзіме үлгі тұтамын. Ол талай жарыстардың жүлдегері атанып, әлемді мойындатқанымен, адами тұрғыда өте байсалды, сабырлы, ашық күйінде қалды. Мен одан спортта және күнделікті тұрмыстық өмірде жеңіл атлетші өзін қалай ұстау керектігін үйрендім», - дейді ол.

Спортшы соңғы дайындығын Алматы қаласында өткізді. Пандемияға байланысты олимпиадаға қатысушылардың барлығы бір қонақ үйде орналасқан. 

«Бұл жерде қалаға шығуға тыйым салынған. Тек стадионға жаттығу жасауға ғана жібереді. Қалған уақыттың барлығын қонақ үйде өткіземіз. Мұндай тәртіппен өмір сүрген сәл қолайсыз, десе де тәртіпке бас иген құл болмайды. Күнделікті тұтынатын тағамдары мен қажетті жабдықтардың барлығы бар. Тіпті спортшыларға арнайы мамандар да қарастырылған. Олардың қатарында дәрігерлер, массажистер бар. Сондай-ақ, Токиоға бармайтын жаттықтырушыларымыз де осында бізбен бірге тұрып жатыр», - дейді Надежда.

Олимпиаданың 2021 жылға ауыстырылғаны спортшыға тиімді болып отыр. Өйткені былтыр ол өз нормативін орындай алатынына күмәнмен қараған. Алайда биыл қыста өткен Қазақстан чемпионатында Надежда 1,92 метр биіктікті еңсеріп, жеке және Азия рекордын орнатқан. Ендігі кезекте спортшы олимпиада ойындарында да жеңісін қайталауға тырысады.

«Олимпиада ауылына әлі бармасам да, күнделікті ақпарат құралдарынан жаңалықтарды оқып, онда не болып жатқанына үлкен қызығушылық танытып жатырмын. Бұл менің бірінші олимпиадам болғандықтан, ол мен үшін ерекше оқиға ретінде есте қалары сөзсіз.

Арнайы диета жоқ, тек жарысқа бірнеше ай қалған кезде рационнан газдалған сусын, фаст-фуд, тәттілер, ұн өнімдері сынды зиянды тағамның бәрін ысырып тастаймын. Үш мезгіл тамақтану тәртібін ұстанамын. Сондай-ақ, дұрыс ұйықтауға тырысамын, бұл кез келген спортшы үшін өте маңызды», - деді жеңіл атлет.

Жас спортшы олимпиадада қандай орын бұйырса да қаймықпайтынын айтады. Дегенмен, намысты қолдан бермеу үшін бар күш-жігерін салмақ.

«Ең бірінші жанкүйерім - ол менің сүйіктім. Мен жеңілсем де, жеңсем де әрдайым жанымнан табылады. Одан кейін отбасым және барша қазақстандықтар», - дейді спортшы. 

Жеңіл атлетикадан сайысқа түсетін тағы бір спортшы - Кристина Овчинникова. Алматылық ару аталған спорт түрімен 11 жасынан айналысады.

«Спортқа денешынықтыру пәнінің мұғалімі Елена Витальевнаның кеңесі бойынша келдім, ол анама мені осы күнге дейін жаттықтырып жүрген жаттықтырушыларым - Лошкарева Ирина Николаевна мен Михаил Васильевичке апаруға кеңес берді. Жеңіл атлетика көп қырлы спорт түрі, өйткені оның 47 дисциплинасы бар. Балалық шақта түрлі дисциплинада өзіңді сынап көріп, нәтижесінде қолайлысын таңдауға мүмкіндік бар», - дейді спортшы.

Кристина өз дисциплинасында олимпиадаға лицензияны ұтып алатынына сенімді болғанын айтады.

«Қыстан кейінгі жаттығу кезінде норматив үшін алаңдаған жоқпын. Сондықтан да лицензияны ұтып алуға күшімнің жететініне сенімді болдым. Әрине, талаптың өте жоғары екенін түсіндім, осы мақсатқа жету үшін көп күш салдым. Ал, лицензияға қол жеткізген кезде менен бақытты адам болмағандай көрінді», - дейді Кристина.

Әдетте спортшылар жарыс алаңына шықпас бұрын қарсыластары туралы толық ақпаратты біліп алғанды жөн көреді. Алайда Кристина керісінше, білмегенді қалайды екен.

«Қазір Мен өзімнің туған қаламда - Алматыда дайындықтамын. Менің дайындығымды объективті бағалау маған қиындау, бірақ жаттықтырушы «бәрі ойдағыдай» деп сендірді. Мен жеңіл атлетиканы өте жақсы көремін және көптеген спортшыларды мейлі ол басқа дисциплинаның спортшысы болса да, олар туралы ақпараттарды оқып отырамын. Бірақ осы Олимпиада алдында әдейі олар туралы ештеңе іздемедім», - дейді спортшы.

Биыл Олимпиада өз тарихында тұңғыш рет тақ сан жылы және көрерменсіз өтеді. Спортшыға стадионнан естілетін кез келген жанкүйердің дауысы әрдайым үлкен қолдау екені белгілі.

«Өкінішке қарай бұл Олимпиадада стадионда көрермендер болмайды. Бұл моральдық түрғыда қиындау. Менің Токиодағы олимпиадаға қатысуым ол жерде көрермендер болмайтыны белгілі болған кезде расталды. Сондықтан да жақындарымның ол жаққа бара алмайтыны айдан анық еді», - дейді жеңіл атлет.

Жуырда ғана Forbes басылымы қазақстандық спортшылардың олипиадалық формасы үздіктердің қатарына кіргендігін жариялады. Кристина Овчинникова да спорттық киімдердің көңілден шыққандығын айтады.

«Мен әлі жарыс формасын көрмедім, бірақ салтанатты шараға киетін нұсқасы маған өте қатты ұнады. Ол ыңғайлы және әдемі деп ойламын, жаттығу және жарыс костюмдері де дәл сондай деген сенімдемін», - деді спортшы.

Олимпиада кез келген спортшы үшін оның кәсіби жолындағы ең маңызды шара. Сондықтан да төрткүл дүние көз тігетін әлемдік додада отандық спортшылар тек жеңістен үмітті.

«Менің ойымша қазір барлық спортшылар үлкен толқу үстінде жүр. Біз бұл сайысқа көп жылдар бойы дайындалдық, қазір біз мәре сызығында тұрмыз және өз мықтылығымызды көрсетуге бел будық», - дейді Кристина Овчинникова.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан