Ұлттық өнерді шетелдіктер ғана емес, қазақ бағаласа деймін – шебер

Автор: Azattyq Rýhy

Ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосып жүрген шебер Гүлмира Уәлиханмен сұхбат

Гүлмира Уәлихан – ұлттық қолөнерді дамытып қана қоймай, оны заман талабына сай бейімдеп жүрген шебер. 3 жоғары оқу орнын ерекше үлгідегі дипломмен аяқтап, өзі еңбек еткен мекемедегі бас бухгалтерлік қызметін тастап, тігіншілікке ден қойған. Қазақстанда өз бизнесіңді ашу қаншалықты қиын, қандай мәселелерге баса мән беру керек?  Azattyq Rýhy тілшісі осы және басқа да сауалдар төңірегінде табысты кәсіп иесімен сұхбаттасқан еді.

- Өзіңіз және отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Шеберлікпен айналысқанға дейін қай салада еңбек еттіңіз?

 - Біз көпбалалы отбасымыз. Қолөнермен айналысқанға дейін банк саласында еңбек еттім. Жоғары білімді қаржыгермін. 23 жасымда бас бухгалтер болдым. 3 ерекше үлгідегі диплом иесі ретінде мансабымның көтерілуіне барлық мүмкіндіктер болды. Көптеген ірі компаниялардан шақырту түсіп жатты. Олар қалаған жалақымды төлеуге де дайын еді. 4 маманның міндетін қатар алып жүрдім. Бірақ жұмыс барысында стрестік жағдай көп болды. Соның кесірінен 2 баламнан айрылып қалдым. Қазақстанда көптеген әйелдер солай жұмыс істейді. Дұрыс таңдау жасай алмайды. Ақша табуға көбірек мән береді. Сондықтан балалы бола алмай жүргендер де бар. Бұны айтып отырғаным, өзімді мысал ретінде келтіргім келді.

- Өз бизнесіңізді ашу қаншалықты қиын болды?

- Жұмыстан кеткен кезде қай салаға бет бұратынымды білдім. Өзіме ұнайтын іспен шұғылданғым келді. Интернет беттерін парақтай отырып, Ресейде, шет елдерде қазақтың құрағы жоғары бағаланатын білдім. Суреттердің сапасы нашар болса да, қолөнердің күшті энергетикасы сезіліп тұрды. Ол көп уақытты талап ететін қиын жұмыс. Сондықтан құрақты бағалы маталардан тігіп, тиісті бағаға сату қажет екенін ұғындым. Мен әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қараймын. Бұл істі әбден меңгеру мақсатында тігін машинкаларын сата бастадым. 1,5 жыл бойы жұмыс істеп көп мағлұмат алдым. Одан кейін 2,5 жыл бойы қымбат мата мен тігін қондырғыларын сататын дүкенде жұмыс істедім. Көп көлемде тауар сатып алатын тұынушылар іздеп, шағын ғана кәсіпті дөңгелетіп әкеттім. Бұл саланы жіті меңгергендігім соншалық, жұмыс беруші қыс мезгіліне қарамастан менімен еңбек келісімшартын бұзды. Бұл қадам шағын ғана кабинетте студия ашуыма себеп болды. 

- Тігіншілік – кез келген адамның бойынан табыла бермейтін өнер. Бұл қасиет Сізге қайдан дарыды?

- Қазақта «ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар» деген керемет нақыл бар. Бала көріп өскенін бойына сіңіреді. Анам ауыл балаларын жинап алып, тігу, тоқу сынды тағы басқа қолөнер түрлерін үйрететін. Ер жеткенде осының бәрінің пайдасы тиді. Іс тігуді меңгеру маған қиын болған жоқ. Құрақ – қасиетті қолөнер. Онымен жаны таза, кеңпейілді адам ғана айналыса алады. Шебердің бойынша қазақ халқына тән ізгі қасиеттер болуы шарт. Бұл жұмыс көп энергияны талап етеді. Математикалық тұрғыдан ойлай білу шарт. Құрақ – тіл мен көзден сақтайтын тұмар іспетті.

- Қандай бұйымдар жасайсыздар?

 - Үйге арналған кез келген бұйымдарды тіге береміз: панно, төр көрпе, жастық, сөмке, шапан, белдік. Жұмсақ жиһаз да жасауға болады.

-  Елімізде ұлттық бұйымдарға деген сұраныс қандай деңгейде?

- Біздің жұмыста бағалы шикізат пен көп еңбек талап етілетіндіктен бағасы да арзан емес. Сапалы матаны қана пайдаланамын, себебі маңдай термен жасалған бұйым кемінде 20-30 жыл сақталуы керек. 10 жыл бұрын өз ісімді бастаған кезде қолымнан шыққан сөмкелерді 5 мыңнан саудаладым. Ал базардағы баламасы 400 теңге маңайында болды. «Сата алмайсың» дегендер де болды. Мен оған өз энергетикамды жұмсаймын. Кейін қолөнер бағаланатын болды. Қазір біздің бұйымдарды алу үшін қазан айына дейін кезекке жазылып қойғандар бар.

 - Шет елдерден тапсырыс түсе ме?

- Кәсіпті бастаған кезде шетелдіктермен жұмыс істеуге тырыстым. Олар қолөнерді жоғары бағалайды. Ойым жүзеге асты. Тапсырыстың негізгі бөлігі басқа мемлекеттерден түсетін. Тіпті олардан жалыққан кезім болды. Қазақтың өнерін қазақ бағалау керек. Біртіндеп сол күнге жеттік.

- Қандай ірі көрмелерге қатыстыңыз?

- АҚШ-тың Вашингтон штатында жыл сайын көрме болады. Мен де алдыңғы жылы соған шақырту алған едім. Қазақстанық делегация құрамымен бардым. БАӘ, Мәскеуде өткен көрмелерге қатыстым.

- Сапалы бұйым жасап шығару үшін сапалы шикізат керек. Шикізатты қайдан аласыздар?

- Қытай, Еуропа, Корея сынды тағы басқа шет мемлекеттерден аламыз. Біз қалдықсыз жұмыс істейміз. Әсіресе төр көрпелерге үйкелгенде бүлініп қалмайтын мата пайдалану керек. Ал панно қабырғаға ілініп тұратын зат. Оған басқа мата таңдалады.

- Қолөнерді түсінетін адам ғана оның жоғары бағаланатынын біледі. Инстаграм парақшаңызда «бұйымдарыңыз қымбат» деген пікірлерді оқыдым. Оларға қалай жауап берер едіңіз?

- «Алтын инемен тіктіңіз бе» дейтіндер де бар. Сапа да бірнеше сатыға бөлінеді. Егер ақша жетпесе, базардан арзанырақ алуға болады. Қолөнер менің балам сынды. Айналадағы адамдар оны біледі, түсінеді, сыйластықпен қарайды.

 - Білгеніңізбен қыз-келіншектермен бөлісіп, ұлттық бұйымдарды тігуге баулып жүрсіз. Қызығушылық көп пе? Курстан өткен адамдардың орта есеппен неше пайызы қолөнермен айналысып кетеді?

- Бастапқыда менің сабақтарыма кәріс, орыс сынды өзге ұлт өңілдері жиі келетін. Қазақ қыздары аз болды. Өйткені қаракөздеріміз көбіне бала күтімімен үйде отырып қалады. Жеке бас күтіміне де аса мән бермейді. Қоғамдағы жаңалықтардан қалыс қалып жатады. Оларға мәдени орта керек. Қазір курстарда көпбалалы ана, судья, дәрігерлер де бар. Бәрі бас қосқанда тек тігін өнерін үйреніп қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да көп стрестен арылып жатады. Көпшіліктің сұрауы бойынша онлайн жұмыс істей бастадық. Шәкірттерімнің арасында 60-70 жастағы әжейлер де бар.

- Қазақстанда ұлттық қолөнер саласын дамытуда, насихаттауда мемлекет тарапынан қолдау бар ма?

- Қолдау жоқ. Бірнеше рет мемлекеттік грант алмақ болдым. Бірақ берілмеді. Жекеменшік мекемелер ойнатқан грантты екі рет ұтып алдым. Айтарлықтай көмек болды. Тігін қондырғыларын сатып алдым. Қалғанын өз күшіммен дамытып келемін. Бір қуантатыны елімізде бизнес ашып, оны дамытуға жағдай бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы