Әжемді де «Халық жауының әйелі» деген жаламен 5 жылға бас бостандығынан айырды - Зияда Базарбаева

Автор: Azattyq Rýhy

Қуғын-сүргін құрбанының жиенімен сұхбат

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Өткен ғасырдың 1920-1950 жылдары аралығында сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 25 мыңнан астам көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымы жазықсыз атылды. 100 мыңнан астам адам қамалып, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты салдарынан отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін саналы азаматтарының барлығы да қуғынға ұшырады. «Халық жауы» деген қара таңба танылған жандардың бірі – Солтүстік Қазақстан тумасы Мәдина (Дина) Айсарина еді. Ол - өңірге белгілі тұлға Әбдірахман Айсариннің жары. Azattyq Rýhy тілшісі қуғын-сүргін құрбанының жиені Зияда Базарбаевамен сұхбаттасқан еді.

- Нағашы әжеңіз туралы айтып берсеңіз?

- Мәдина Айсарина 1910 жылы бұрынғы Преснов ауданында дүниеге келген. Әкесі өңірге танылған би-шешен болған. Сол кездері елде халықтың мәселелері мен дауларын шешуге билер алқасына қатысатын. Сондай жиындарға арғы атамның қызы- менің әжем де жиі барып жүрген екен. Отбасында ерке қыз болған соң, Мәдина апамыз ауылдың өзге бұрымдылары сияқты көйлек кимеген, басына ешқашан орамал тақпаған деседі. Есейе келе ол сұлулығымен ерекшеленеді. Әсіресе, толқындай бұйра қара шаштары ерекше көз тартатын болған. Аққұба, бойы ұзын, жүріс-тұрысы да өзгелерден ерек. Жанынан өткен жігіттер таңдай қақпай қоймайды екен. Қартайған шағында да көркі көз сүйсіндірді. Әлі күнге туған-туыстарымыздың жеке мұрағаттарында Әбдірахман Айсаринмен қоян-қолтық жұмыс істеген Мағжан Жұмабаевтың Мәдинаға сыйға тартқан суреті мен сыртына жазған 4 жолдық өлеңі сақтаулы.

 «Жастық дәурен гүл болады,

Жайнап тұрған нұр болады.

Гүл – күнімнің, нұр – күнімнің

Ескерткіші бұл болады!» –

деген  шағын өлеңнен-ақ әжемнің сұлу болғанын байқауға болады. 

Әжем 18 жасында Айсариндер әулетіне келін болып түседі. Жан жары 28-де еді. Екеуі шаңырақ көтеріп Петропавлда тұрды. Ол атама 3 қыз бен 1 ұл сыйлады. Балаларының есімдері: Айна, Аян, Айман және Әзия.

- Мәдина Айсарина не үшін «халық жауы» деп айыпталды?

- Ерлі-зайыптылардың бақытты өмірі ұзаққа бармапты. Әбдірахман Көшерұлы лауазымды қызметтерді атқарған, «Алаш орда» партиясының мүшесі болған. Ол осы қозғалысты ұйымдастырушы ретінде 1937 жылдың тамыз айында абақтыға қамалды. Үйден НКВД-ның қызметкерлері әкетіп бара жатқан уақытында әжеме: «Балаларымызбен бірге Балуанға бар, мені түрмеге не себептен отырғызғаны туралы тіс жарма. Сұраған адамдарға оқымағанмын, әріп танымаймын деп айт», деген екен. Сонда Мәдина Қостангелдіқызы (өзінің айтуы бойынша әкесінің есімі Жантас) күйеуінің айтқанын істеп, елдімекенге қоныс аударады. Ол жерде не себептен қайта ауылға оралғанын ешкімге айтпаған. Десе де, бәз біреулердің жоғарыға жеткізуімен оның ізіне де НКВД түседі. Айта кету керек, «АЛЖИР»-ге қамалған уақытта әжемнің балаларының жастары 1-8 жас аралығында болды. Ең үлкені Айна 8-де болса, ортаншы қызы – менің анам Айман 4-те еді. Көпейі Әзия небәрі 1 жаста болатын. Әрине, Мәдина бәрібір күйеуінің соңынан кететінін білді. Сондықтан балғындарын туған-туыстарына жіберген.  

Бір жылдан соң Кеңес Одағының ішкі істер халықтық комиссариты әжемді де «Халық жауының келіншегі» деген жазамен 5 жылға дейін бас бостандығынан айырып, еңбек-түзету жұмыстарына тартады. Осы уақыт аралығында әжемнің көрмеген қиындығы болмады. Ерлердің жұмысын атқарып, түн демей тергеушілер оятып, сұрақтың астына алатын. «Әлі күнге дейін тергеу бөлмесінің төбесінде салбырап, теңселіп тұрған шамдары есімде...» деп НКВД қызметкерлерінің тергеу тәсілдерін айтып беретін кездері болды. Мұндай әңгімелерін тыңдаған уақытта денем тітіркеніп, бойымды қорқыныш сезімі билейтін.

- Әжеңіздің одан кейінгі тағдыры не болды?

- Әрине, сол кездегі тоталитарлық режим бір минутқа да әлсіреген жоқ. «АЛЖИР» лагерінен жас келіншектерді Соликамск қаласы мен  Сібірге қара жұмысқа жіберетінін білеміз. Ол жерлерде орман ағаштарын құлату және тұз қазу сынды ауыр еңбекке тартылған. Айлап сол аймақтарда қызмет етіп, кейін қайта «АЛЖИР»-ге жөнелтілетін. Әйел адамға деген ерекше көзқарас, аяушылық болған емес.

Әжем белгіленген 5 жылдық мерзімді өткеріп, бостандыққа шығады. Туған елге оралмас бұрын олар «АЛЖИР»-де болды, «халық жауының әйелі» деген анықтама берген. «Жазаларын» өтеп шыққан әйелдер бұл құжаттың салдарынан көп жылдар бойы қызметке орналаса алмаған. Осылайша, талай мекеменің табалдырығын тоздырады.

- Уақыт тарихтың талай ақтаңдақ беттерін ашты. Сол кезде әділетсіз жазаланғандар анықталды. Мадина Айсарина ақталды ма?

- Лагерьден шыққандарға өзге облыстарға баруға да тыйым салынды. Тіпті, әжеме Петропавлға айына бір рет қана, құжатына «белгі» қою мақсатында ғана рұқсат берілген. Балалары да тоталитарлық режімнің құрбаны болып, оқуға біраз жыл қабылданбай, екі қолға бір күрек таба алмай жүрді. Тек 1957 жылы Кеңес Одағының Жоғарғы соты әскери коллегиясының шешімімен бірінші күйеуі Әбдірахман Айсаринге тағылған жаза алынды. Ал әжем 1959 жылы толыққанды ақталды. Содан соң ғана еркін жүріп, терең тыныстай алды.

- 31 мамыр Сіз үшін қандай дата? Бұл күнді қалай қарсы аласыз?

- 1997 жылы Мемлекет басшысының Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды. Игі дәстүр бойынша біз де қаралы датада озбырлықтың салдарынан дүниеден озғандарға құран бағыштаймыз.

2005 жылдан бері өңірімізге белгілі қоғам қайраткері Болат Сағындықовтың бастамасымен құрылған саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған ескерткiшке келіп, зиярат ете бастадық. Сол кісінің арқасында ел қамын ойлаған азаматтардың есімдері ұмыт қалмады. Бүгіндері ескерткіш тақтаға қашалған 8 мыңнан астам солтүстікқазақстандық боздақтың аты-жөнін кездестіруге болады. Олардың арасында нағашы ата-әжем Әбдірахман мен Мәдина да бар.

Кейінгі ұрпаққа зобалаң жылдар тарихын үнемі айтып, халық зиялыларының ерен еңбегін жадымыздан бір сәтке де шығармау – баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық парызымыз.     

Эльмира Мәмбетқы, СҚО