Жүктілік жоспарлануы тиіс - маман пікірі

Автор: Azattyq Rýhy

5 мыңдай баланың кіндігін кескен акушер-гинекологпен сұхбат

Фото: ашық дереккөзден

Бибігүл Көжекбаева – Петропавл қалалық 1-ші емхананың күндізгі стационар бөлімшесінің акушер-гинекологы. 30 жылдан бері акушерлік және гинекология саласында талмай еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында дүние есігін ашқан мыңдаған сәбиді қарсы алып, кіндігін кесті. Дәрігер, сирек кездесетін құбылыс – төртемнің дүниеге келуіне көмектескен. Білікті маманмен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Дәрігер болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Осы мамандықты қалай және неліктен таңдадыңыз?

- Ес білгелі дәрігер болуды армандадым. Кішкентай кезімнен мені басқа мамандықтар тіпті   қызықтырмады. Үйде қаз-үйректі көп ұстайтынымыз есімде. Оны жаз бойы бағамыз. Күзде құстар өсіп-жетілген кезде бәрін сойып, тазалаудың өзі бір науқан еді. Үнемі анама көмектесетінмін. Ол кісі құстың сыртын тазалап, ішкі құрылысын алып тастауды маған жүктейтін. Шамамен 3-4 сынып оқып жүрген кезім. Құстардың ішіндегі қай мүшесі қай жерде, қалай орналасқанына үңіліп, қызықтап қарайтынмын. Соның барлығы маған ерекше қызық болатын. Кейде балалар ата-анасына, туыстарына немесе белгілі адамдарға еліктеп, мамандық таңдап жатады. Біздің әулетте ақ халаттылар болған жоқ. Тек нағашым – хирург, нағашы жеңгем – акушер-гинеколог болды. Олар бізден алыста тұрды. Сондықтан менің мамандық таңдауымда олардың ықпалы болды дей алмаймын. Дәрігер болу - балалық арманым болатын.

- Дәрігердің бойында болуы тиіс үш қасиетті атасаңыз?

- Бірінші кезекте дәрігер өз ісін шексіз сүюі тиіс. Өйткені адам өзіне ұнамайтын шаруамен айналысса, ісі алға баспайды. Ал екіншісі білімге құштарлық, ізденіс. Медицина саласы бір орында тұрмайды. Ағымына ілесу үшін үздіксіз оқу керек.  Үшіншісі – адамды жақсы көру. Бойында бұл қасиет болмайынша, ешкім де жақсы дәрігер бола алмайды. Себебі біздің жұмысымыз үнемі адамдардың ауруымен, қиналуымен байланысты. Күн сайын осындай жағдайларды көру – адамның жүрегін суытып жіберуі де мүмкін. Өзге адамдарды жақсы көрмесең – бұл мамандықтан жиіркеніп кетесің және осындай жағдайлардың болғанын көрдім.   

- Сіздің көп жылдар бойы облыстық перинаталдық орталықта қызмет етіп, мыңдаған сәбидің дүние есігін ашуына көмектескеніңізді білеміз. Күн сайын өмірге келген жаңа адамдарды қарсы алғанда қандай сезімде боласыз?

- Бұл Алланың берген сыйы деп ойлаймын. Жаңа адамның, бейкүнә нәрестенің өмірге келгенін көргенде бойыңды қуаныш сезімі билейді. Босану залында болып, оның алғашқы шырылын естіген кезде кез-келген адам ерекше күй кешеді. Басқа салада қызмет етіп жүрген әріптестерім қалжыңдап «әрине сендер қартаймайсыңдар, өйткені күнде өмірге келген нәрестеден энергия аласыңдар» деп қалжыңдайтыны да бар. Шынында бұл сөзбен айтып жеткізуге болмайтын керемет сезім, толғаныс.

- Неше әйелді босандырып, қанша нәрестенің дүниеге келген сәтінің куәсі болғаныңыз туралы есеп жүргіздіңіз бе?

- Соңғы кездері осы сұрақ мені де мазалады. Өйткені кезінде есеп жүргізбеппін. Қанша уақыт перзентханада, оның ішінде босану блогында еңбек еткен мерзімді санап, орта есеппен 5 мың баланың кіндігін кескен шығармын деп ойлаймын.  

- Сіз жас маман болып жұмысқа кіріскен уақыт пен бүгінгі күнді алсақ – медицина саласында қандай өзгерістер бар?

- Еңбек жолым 1991 жылы басталды. Бұл кез еліміздің тәуелсіздік алған шағымен тұспа-тұс келді. Бүгінгі күн мен сол сәтті салыстырсақ – айырмашылық жер мен көктей. Ол кезде ауруханалардың материалдық-техникалық база деңгейі өте төмен болды. Қазіргідей стандарттар, хаттамалар болған жоқ. Мариновский, Чернуха сынды акушер-ғалымдардың еңбегіне сүйеніп жұмыс істейтінбіз. Кей сәттерде сол шақты армандаймын. Себебі ол кезде дәрігерлік шеберлік – нағыз өнермен пара-пар еді. Қазіргідей хаттама, стандарттар болғаны жақсы әрине. Бірақ кей жағдайда медицина қызметкерлерінің іс-әрекетіне шектеу қоятындай көрінеді. Ол кезде біз дәрігер едік. Қазір медициналық қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан кей жағдайда халықтың көзқарасы басқаша болады.

- Коронавирус барлық салаға әсер етті. Пандемия Сіздердің жұмыстарыңызға қандай өзгеріс әкелді?  

- Қай кез болса да акушер-гинекологтың қоғам, ана мен бала алдындағы жауапкершілігі өте зор. Қазір де салмақ сондай. Біз бір емес, екі адамның өміріне жауаптымыз. Пандемияға байланысты жұмысымыз күрделенгені рас. Себебі коронавирус ананың денсаулығына кері әсерін тигізетінін байқап жүрміз. Өйткені жүкті әйелдердің арасында пневмонияның ауыр түрімен ауырғандар болды. Жұмыс қанша ауыр болса да, дәрігерлер бар жанын салып, қаншама ана мен баланың өмірін сақтап қалып жатыр. Пандемияның психологиялық әсері де ауыр. Карантиндік жағдайда кейбір жұмысты онлайн форматта атқаруды да үйрендік.

- Болашақ аналарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Болашақ ата-анаға ең бірінші және ең негізгі берер кеңесім – дүниеге бала әкелуді жоспарлау керек. Бұл - «солай болып қалды» деп жүрдім-бардым қарайтын шаруа емес. Себебі қазіргі кезде адамдардың денсаулығын бұрынғымен салыстыруға келмейді. Біз басқа жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі жейтін тағамымыздың құрамы да басқа. Неше түрлі консерванттарды тұтынып жүрміз. Жасанды тамақтарға ауысып кеттік. Сонымен қатар, стресс өте көп. Жұмыс та, жеке өмір де күйзеліске толы. Сондықтан қазір ауру болып туатын балалар жиі кездеседі. Мәселен, аутизм, гиперқозу, күнінен бұрын туатын балалар бар. Сондықтан ата-ана бұл іске өте жауапты қарауы керек. Ерлі-зайыптылар бұл өмірге қанша бала әкелетіні, оны қай кезде әкелетініне дейін ойлануы шарт. Кейде ауырамыз, материалдық жағдайымыз төмен болады немесе басқа проблемалар болады. Оның барлығы болашақ балаға әсер етуі мүмкін. Сондықтан сәбилі болғысы келген ата-ана осының барлығын ескеруі тиіс. Міндетті түрде өз денсаулығын 6 ай бұрын анықтап, емделуі керек. Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін толтыру керек. Тіпті осының барлығы орындалған жағдайда білгілі мерзім бойы фолий қышқылын қабылдау керек. Ол – ұрықтың туа бітті кемістіктерінің алдын-алудың бірден-бір жолы.  

- Жұмыс барысында ерекше есте қалған оқиға туралы айтып берсеңіз?  

- Ондай оқиғалар көп. Бірде жексенбі күні кезекшілік атқардым. Толғатып жатқан әйелдерді қарап жүр едім, жүктілік паталогиясы бөліміне шақыртты. Үшем күтіп жүрген келіншектің суы кетіп жатыр екен. Әдетте біз үш баланы операциямен аламыз. Себебі олардың қалай жатқанын анықтау қиын. Кіндіктіктері де бір-бірімен шиеленісіп қалуы мүмкін. Әйелді тез арада операция залына жеткіздік. Барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Бірінші баланы алып шықтық, кіндігін кесіп, акушерканың қолына бердім, екінші-үшіншісін де солай. Әрқайсысы 2 келіден болса да, кіп-кішкентай болып көрінді. Барлығы жылап туды. Соған қуанып, жұмысымызды жалғастыра бердік. Қан кетуді уақытша тоқтату үшін жатырдың кесілген жерінің ернеулеріне тігіс салып жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Бір кезде қолымды іштен итергендей болды. Анықтап қарасам, тағы бір баланың аяғы шығып тұр. Үшем емес – төртем екен. Ультра дыбыстық зерттеу кезінде дұрыс көрінбепті. Сәбилердің барлығы жақсы болып туды. Қазір қыздар шамамен 9-ға келіп қалған шығар.

- Екінші рет мамандық таңдау мүмкіндігі берілгенін елестетіп көрсек, қандай кәсіпті таңдар едіңіз және неліктен?

- Дәрігер болар ем, оның ішінде акушер-гинеколог. Бұл - менің жүрегімнің қалауы. Өзімді басқа салада елестете алмаймын.

- Сіз үшін өмірдегі ең басты құндылық?

- Бірінші кезекте - адамгершілік. Басқаның барлығы өз ретімен келе береді. Бойыңда адами қасиет болмаса – қалғанының барлығы бос дүние.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО