«Ұмытшақпын», «Шашым түсе бастады»: COVID-19 салдары бірқатар ауруды асқындыруы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда Альцгеймерге шалдыққандардың саны – 300-350 мың адам

фото: Жібек Жолдасова, психотерапевт

Коронавирус инфекциясы болашақта альцгеймер қаупіне шалдыққандар қатарын арттырады. Себебі, КВИ инфекциясы тікелей миға әсер етіп, адамды ұмытшақтыққа жетелейді. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Невроз және Альцгеймер ауруын емдеу клиникасының бас директоры, психотерапевт Жібек Жолдасова толығырақ айтып берді.

Әлеуметтік желіде КВИ-мен ауырып-жазылған тұрғындар арасында денсаулығының бұрынғы қалпына келмеуіне байланысты шағым жазатындар саны көбейді.

Мәселен, жасы 52-ге келген елордалық тұрғын Бақытгүл Бекжанқызы есте сақтау қабілетінің нашарлағанын айтты.

«2020 жылы шілдеде қатты ауырдым. Екі өкпем 60 пайыз зақымданған болып шықты. Ауруханада жатып емделгеніме қарамастан, коронавирустың салдары әлі күнге дейін сезіледі. Тамыз, қыркүйек айында 2 ай дәрігерлерге қаралып, ем-дом алдым. Дәрумендер ішіп, қымыз бен саумалға қанықтым. Бірақ, әлсіздік, ұйқысырап тұру бойымнан әлі кетпеді. Мойнымда, бетімде қара дақтар қаптап кетті. Әлі күнге дейін демігіп қаламын. Қолымдағы тамырларым да шығып кетті. Тромб түзіліп қала ма деп уайымдаймын. Бірнеше жылға қартайып кеткен сияқтымын, себебі, қазір ғана жоспарлап тұрған ойымды ұмытып кете беремін. Шынымды айтсам, қатты қорқамын», - деді ол.

Ал Әсел есімді 29 жастағы тұрғын шашының түсе бастағанын айтады.

«Уыстап-уыстап шашым түскен соң, дәрумендер ішіп, ем алып, қалпыма әрең келіп жатырмын. Негізі КВИ-дің зардабы аз-аздан байқалады дер едім, бірақ кетпей қояды. Яғни, ауыр халдегі науқас емессің, бірақ, толық сау да емессің. Қатты ашулансам, не уайымдасам, сол жақ аяқ-қолым ұйып қалатын болды. Ал есте сақтау қабілетім нашарлағанын орнына келтіру үшін неше түрлі интеллектуалды жаттығулар жасауға мәжбүрмін», - дейді Әсел.

COVID-19 ҰМЫТШАҚТЫҚҚА СЕБЕП ПЕ?

КВИ-мен ауырып шыққан азаматтардың әрқайсында әртүрлі аурудың салдары, орны, белгілері қалған. Жасы 50-ден асқан тұрғындар сүйектің ауыруы, денедегі бұлшық еттердің әлсіздігі сияқты шағым айтқанымен, көпшілігінде анық байқалған бір белгі – есте сақтау қабілетінің нашарлауы. Және бұл кездейсоқ емес.

«Расымен де КВИ жұқтырып, жазылған адамдарда ұмытшақтық ауруы пайда болуы мүмкін. Яғни, мидағы өзгерістермен ми бұрын өзі күресе алатын болса, инфекция (COVID-19) ағзада пайда болған соң, есте сақтау қабілеті нашарлайды.

Бірақ, ол әр түрлі себептерге байланысты. Ең көп тараған себеп – депрессия жағдайына түсу. Яғни, бастағы мидың қабынуы тіркелмесе де, адам уайым-қайғыдан ұмытшақтыққа ұрынады. Адамның зейін қою қабілеті нашарлап, концентрациясы бұзылады. Осылайша, ақпаратты есіне сақтай алмайды.  

Екінші себеп – адамның бас миының қабынуы. КВИ инфекциясы микро және макротромбтардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Сосын мидың қан тамырлары осы тромбтармен бітеліп, осы тамырлар арқылы қоректенетін жүйке жасушалары да өледі. Мұндай жағдайда невропотолог көмегіне жүгінген жөн. Жалпы, коронавирус жұқтырғандар шаршау, әлсіздік, ұйқысыздық сияқты салдармен 2 ай күреседі деп саналады. Алайда, аурудың салдары 1-2 жылға дейін адам ағзасында қалып қояды дер едім», - дейді психотерапевт Жібек Жолдасова.

ВАКЦИНА КОМПОНЕНТТЕРІ АЛЬЦГЕЙМЕРГЕ СОҚТЫРА МА?

Microbiology & Infectious Diseases журналында иммунолог Барт Классеннің мақаласы жарық көрді. Ғалым коронавирусқа қарсы Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарының компоненттері ақуыздардың дұрыс ұйымауына себеп болады. Соның салдарынан Альцгеймер және Лу Гериг аурулары немесе бүйірлік амиотрофиялық склероз туады деді. Психотерапевт Жібек Жолдасова бұл пікірмен келісе ме?  

«Өкінішке қарай, әлемде ғалымдар, тіпті, дәрігерлер осы сынды антиғылыми, фактісіз мақалалар жазып жатыр. Олардың мақсаты – антивакционалды насихат жасап, танымал болу. Бұл дұрыс емес, себебі, одан кейін жоққа шығару мазмұнындағы қаншама ақпарат шықса да, адамдардың ойында бұрыс, дәлелсіз ой қалып қояды.

Вакцинаға келер болсам, қандай компания немесе мемлекет өндіргеніне қарамастан, олардың барлығының ортақ мақсаты – адамның миын инфекциядан сақтау. Коронавирус жүрек-тамыр жүйесін, миды зақымдайды. Егер адам вакцина қабылдамаса, әртүрлі жағдайға дайын болуға тиіс. Тәуекел тобына жататын науқастар, тіптен, алғашқылардың бірі болып вакцина салдыруы керек. КВИ-мен ауырып, тәуекелге барғанша, екпеден кейінгі 1-2 күнге созылатын жеңіл температура сияқты әсеріне шыдай салған артық.  

COVID-19 өзімен өзі жазылып кетпейді. Көптеген ғалымдар «пандемия өтеді, бірақ алдағы бірнеше онжылдықта жүрек-тамыр жүйесі зақымданған, қант диабеті, мүгедектік санатындағы науқастар саны осы инфекция салдарынан көбейеді» деп болжап отыр. Сондықтан вакцина салдыру өте маңызды», - дейді маман.   

ҚАЗАҚСТАНДА АЛЬЦГЕЙМЕР ДЕРТІНЕ ҚАНША АДАМ ШАЛДЫҚҚАН?

Альцгеймер ауруы көбінесе 65 жастан асқан азаматтарда кездеседі. Психотерапевттің айтуынша, 65-тен асқан қарттарда оның таралуы 3% болса, 80-85 жастағы жандарда әрбір екінші жан шалдығады. 100 жасқа жеткен қарттарда аурудың таралуы – 99%.  

«Елімізде Альцгеймерге шалдыққандардың саны – 300-350 мың адам. Оның ішінде, Алматыда 25 мың адам бар. Өкінішке қарай, диагностика қиындатылған. 2017 жылы невропотолог есебіне Альцгеймер диагнозымен 180 адам ғана тіркелді. Дәрігерлер аурудың белгілерін нақты анықтап, порталға енгізуді және спецификалық антидементті терапия жасауды үйренуі керек деп ойлаймын» , - дейді 10 жылдық тәжірибесі бар Жібек Жолдасова.

ҰМЫТШАҚТЫҚҚА ШАЛДЫҚПАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Ұлыбританиялық The Daily Telegraph коронавируспен ауырған науқастар өмір бойы инфекцияның әсерінен зардап шегуі мүмкін деп жазды. COVID-19 қалпына келтіру орталығының жетекшісі, доктор Хилари Флойд КВИ жұқтырып, жазылғандар өмір бойы созылмалы шаршау және ұмытшақтық белгілерімен өмір сүреді деді. 

«Ұмытшақтыққа КВИ-ден басқа әсер ететін факторлар көп. Мәселен, ЖРВИ сияқты «қарапайым» аурумен ауыр формада ауырған науқас жоғары температурадан кейін де есте сақтау қабілетінен жайлап айырыла бастайды», - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Коронавирус вакцинасы Альцгеймер ауруын тудыруы мүмкін бе?

Ғалымның айтуынша, ұмытшақтыққа әсер ететін факторлардың кеңінен тарағаны мыналар:

Депрессия, қалқанша безінің аурулары, анемия, ағзаға В12 дәруменінің жеткіліксіздігі, бүйрек, жыныс жүйесіндегі инфекциялық аурулардан;

  • Уақытылы ұйықтамау, физикалық белсенділіктің төмендігі;
  • Артық салмақ;
  • Инфекциялық емес аурулар: гипертония, диабет, жүрек ритмінің нашарлауы;
  • Интоксикация – темекі шегу, алкоголь ішу және наркомания

Егер осы факторлардың бірде біреуі жоқ болса, адам бас миын МРТ немесе КТ-ге тексертіп жасатып, ем алуы қажет.

«Ұмытшақтықтың алдын алу үшін осы аталған фактілерді жою керек. Сондай-ақ адамдар жоғары білімді болған сайын, қауіпті аурудан аман қалады дер едім. Сөздік қоры мол, әртүрлі саладан хабардар адам ұмытшақтыққа шалдықпайды. Белсенді өмір салты да Альцгеймерден немесе оның қандай да бір белгісінен сақтайды», - деді Жібек Жолдасова. 

Айта кетерлігі, Альцгеймердің алғашқы белгілері науқаста 40 жастан асқан соң байқалады. Ерлерге қарағанда әйелдер көп шалдығады және бұл аурудан жазып шығатын дәрі әлі ойлап табылған жоқ.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан