Ирак түрмесінен оралған балалардың бірі 6 тіл біледі – психолог

Автор: Azattyq Rýhy

Ирактан Қазақстанға қайтарылған 14 баланы ортаға бейімдеу жұмыстарымен айналысып жатқан психолог мамандармен сұхбат

Фотода: Ирактан қайтарылған балалар

27 қарашада гуманитарлық акция аясында Ирак түрмесінде аналарымен бірге жатқан 14  бала Қазақстанға қайтарылған еді. Олардың аналары терроризм үшін сотталып, қазір Ирак түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Ал кәмелет жасқа толмаған балалары Елордадағы «Шанс» психологиялық қолдау орталығында тәрбиелененіп жатыр. Олардың бәрімен арнайы психолог, педагог мамандар айналысып, қоғамға, ортаға бейімдеу жұмыстарын аяқтаған соң туыстарының қолына беріледі. «Azattyq Ruhy» тілшісі Абай Сейфулла балалардың бүгінгі жағдайын, даму ерекшеліктерін білу үшін Айбек Қылышбек және Сәния Жаманқұлова сияқты орталық психологтарымен әңгімелесіп қайтты.

А.Сейфулла: Біздің білуімізше, «Шанс» орталығы бұған дейін Сириядан келген балалармен де жұмыс істеді. Ирактан қайтқандардың олардан қандай айырмашылығы бар?

А.Қылышбек: Сириядан балалар аналарымен бірге қайтты ғой. Сондықтан оларға психологиялық тұрғыдан жеңілдеу болды. Жұмыс жасау да оңайырақ еді. Ал Ирактан балалар алғаш келгенде өте тұйық, жабық болды. Бір-бірінен ажырамай, топтасып жүретін. Бірге жүрген кезде ғана өздерін жақсы сезінді. Себебі, түрмеде бұл балалардың біразы бір камерада өмір сүрген. Сондықтан осы жерге келгенде де айырылыспай, қол ұстасып жүріп алды. Біреуі ойын бөлмесіне барса, қалғандары да артынан еріп барады. Алғашында жас ерекшеліктеріне байланысты топ-топқа бөлмек болғанбыз. Бірақ, осындай эмоционалдық жақындықтың әсерінен бөле алмадық. Қазір кішкене үйренгеннен кейін ғана жеке қарайтын болдық. Байқағанымыз, бастапқыда өздерін қауіпсіз сезінген жоқ. Түрмеден үреймен келді, сол үрейді жою оңай болмады. Қатігездікті көп көрген балалар ғой...

А.Сейфулла: Бала бойындағы үрей қандай әрекеттерден көрінеді?

А.Қылышбек: Мысалы, біз сізбен қазір 1,5 метр қашықтықта отырмыз. Сіз өзіңізді жақсы сезінесіз.  Ал бұдан қаттырақ жақындасам дискомфорт пайда болады. Бұл балалар болса, екі метр қашықтықтың өзінен дискомфорт сезінеді. Оны түрінен-ақ байқайсыз. Қазір қайта кішкене үйреніп қалды, бізбен бірге ойнайтын болды. Басты мақсатымыз – балалардың бойында айналасына деген сенімді қалыптастыру.

А.Сейфулла: Бала есейген сайын ортаға бейімделуі қиындай бермей ме?

А.Қылышбек: Ирактан келген ең үлкен бала 13 жаста. Есімі – Ысқақ. Қазақстанда туған. Қателеспесем, 6 жасында Сирияға барып, одан кейін Иракқа кеткен. «Өз үйің есіңде ме?» деп сұрасам, тұрған үйін, әжесін есіне түсіре алады. Таниды. Бұрынғы Орал қаласындағы үйінің жайлы болғанын айтады. Әрине,  Иракта қиын тигені анық. Бастапқыда әкесі жанында болды. Кейін шешесімен бірге түрмеге кетті.

С.Жаманқұлова: Ысқақтың 6 жасар інісі Иса да басқа балалардан ерекшеленеді. Қазақстанда туғандықтан қазақша да, орысша да біраз сөздерді біледі. Басқа балалар екі тілде ұққанымен, ойларын ашық жеткізе алмайды. Әзірбайжан, өзбек, араб тілдерінде сөйлейді. Үш жастағы Халил деген бір бала бар. Тілі арабша шыққан. Сәбіздің суретін көрсетсең, арабша атайды. Себебі анасы қайтыс болып, сол жақтың балабақшасында тәрбиеленген. Осында келгенде өзін қалыпты ұстады, жыламады. Себебі, орта көрген. Басқалар секілді емес, еркін жүріп-тұрады, ойнайды.

А.Қылышбек: Ысқақ пен Иса есеп шығаруды біледі екен. Оны түрмеде аналары топыраққа жазып, сызып үйретіпті. Әріптерді де таниды. Бірақ экспертизадан кейін балалардың бәрінде психологиялық жарақат, дамудың тежелуі бар екенін анықтадық. Яғни, өз жастарына сай жетілмеген. Түрменің тәртібі қатал болғандықтан, балалар бойында да сол қаталдық бар.

А.Сейфулла: Балалар  мектептерге барған соң қалай болар екен?

А.Қылышбек: Әрине, біз балаларды мектепке орналастырар кезде олардың басқа ортадан келгенін ескертеміз. Сыныптастарымен сөйлескенде, қайдан келгендерін өзге балалар міндетті түрде естиді. Содан кейін оны әке-шешелеріне айтады. Кей ата-аналар мұны дұрыс түсінбейді. Өйткені, соғыс ошақтарын, Сирия, Ирактағы жағдайды олар теледидардан көріп жүр. «Неге менің балам сондай жерден келгендермен оқуы керек?» деген сұрақ тууы заңды. Сол себепті, ең біріншіден ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстарын өткізген дұрыс деп ойлаймын. Ирактан, Сириядан келген балалар медициналық, психологиялық тексерулерден кейін ғана, басқа балалардан айырмашылығы жоқ екеніне көз жеткеннен кейін ғана мектепке жіберіледі ғой. Өкінішке қарай, кей адамдар оны ұға бермейді.

А.Сейфулла: Балалар алғаш келгенде шатыры жоқ үйлер салғандығы туралы ақпарат оқыдым. Тағы қандай оғаштықтар байқалды?

С.Жаманқұлова: Менің қарауымда қазір 9 жастан төмен балалар. Олар алғаш келгенде суретті дұрыс сала алмайтын. Салса да, қара түсті қолданатын. Салған үйлерінің төрт қабырғасы бірдей емес болды. Қазір түрлі-түсті қаламдарды қолдана бастады.

А.Сейфулла: Суреттің түсі қандай да бір белгіні білдіре ме?

С.Жаманқұлова: Қараңыз. Балалар Иракта жүргенде түрлі-түсті киімдер кие алған жоқ. Әйелдердің хиджабы, орамалы қара. Отырған камераларының іші де күңгірт болды. Бала көргенін ғана қайталайды ғой.

А.Қылышбек: Сосын психологияда мынадай түсінік бар: егер сурет қағаздың сол жағына салынса өткен шақты білдіреді. Сәйкесінше, ортасы – қазіргі шақ, оң жақ – болашақ. Ирактан қайтқан балалар көбінесе, суретті парақтың сол жағына, төменгі тұсқа салды. Содан кейін, бәрінің қазір «самооценкасы», яғни өзін-өзі бағалауы төмен. Оны суретке кішкентай фигураларды салуынан байқауға болады. Тест алған кезде де өздерінің денсаулықтарын, сұлулықтарын, ақылын 50%-ға бағалады. Ал кәдімгі мектептегі балалар 80%-ды таңдайды. Баланың сенімділігі қолынан бірнәрсе келетінін түсінгенде, сырттан қошемет көргенде өседі.

А.Сейфулла: Айтпақшы, балалардың әкелерінің ұлты кім?

А.Қылышбек: Біз олардың туыстарын толық білмейміз. Бәрінің анасы қазақ. Жаңа айтқан Ысқақ пен Исаның әкелері де қазақ. «Әкемнің аты Дархан» деп өзі айтқан. Кәриевтер отбасының балаларының әкелері өзбек. Әзірбайжан балалар да бар. Байқағанымыз, балалардың әкелерінің ұлты кім, сол тілде сөйлейді. Қызығы, Ысқақ деген жігіт әзірбайжан, араб, түрік, өзбек, қазақ, орыс тілдерін, яғни алты ұлттың тілін біледі. Қазақша, орысша жақсы түсінеді. Өскен ортасы өзбекше болған. Түрмеде әзірбайжандармен араласқан. Қазір өзіне «осы тілдерді ұмытып қалмай, дамыт» деп айтып жүрмін. Ешқандай акцентсіз, жақсы сөйлейді. Сондықтан оған тілді әрі қарай жетілдіру қатты қиындық тудырмайды. Кейде балалар әртүрлі адамдардан сөйлескенде тілден шатасып, ойланып қалады. Жауап берер кезде ана тілден, мына тілден аударады. Сөйтіп қай тілде айтарын білмей, тұтығып қалады. Мұндай кезде мида «замыкание» болады. Мұны біз басында бұрын болған жарақаттан шығар деп ойлағанбыз, олай емес екен.

А.Сейфулла: Бізде далада қар ғой. Қыс көрмеген балалар оны қалай қабылдады?

А.Қылышбек: Негізі қазір оларға далаға шығуға болмайды. Мен бірақ екеуін шығарғанмын. Қарды ары-бері басып, қызық көріп, ойнаған.  

С.Жаманқұлова: Даладан ішке кіргенде қолдарың суық болады ғой. Кей балалар жүгіріп келіп, сол суықты ұстап көріп, таң қалады. Сосын телефонды қолдану қызық болып жүр. Себебі, түрмеде соңғы екі жылда смартфон көрмеген. Хури деген қыз ауырып, ауруханаға жатып қалған еді. Балаларды сол қызбен видеоқоңыраумен сөйлестірдік. Соны шулап әлі айтып жүр.

А.Қылышбек: Балаларда ақпаратқа деген аштық қатты байқалады. Өйткені, барлық жаңалықтан қалып қойған. Бұл – ертең мектеп бағдарламасын тез қабылдауға көмектеседі. Зейіндері бір нәрсеге ауса, басқаға мән бермейтіндері жақсы. Энергиялары тасып тұр. Басында жүгіріп, бір орында тыныш отырмайтын еді. Жаңа ойыншықты тезірек ашып, не екенін тезірек білгілері келіп тұрады. Бірақ, ертең мұның бәрі өтеді. Қызығушылық та аздап басылады. Айналаға көз үйренгеннен кейін, аналарын іздей бастайды. Сол – проблема.

С.Жаманқұлова: Кей балалар қазірдің өзінде түнде жатарда аналарын сұрайды. «Мен кеткім келеді, анама барғым келеді» деп жылайды. Ал үлкен балалар аналарының қандай жағдайда екенін, Қазақстанға өздерінің не үшін келгендерін біледі. Аналары қоштасқан кезде қандай ақыл айтқандарын да естерінде сақтаған. Мысалы, жаңағы Ысқаққа «Сен үйдің үлкенісің, інің мен қарындасыңа қара, сабағыңды оқы, бұзық болма» деген екен. Шынында да ол жігіт 12 жаста болса да, едәуір есейіп қалған. Өзін үлкендерше ұстайды. Одан кейін 6 жасар бір қыз бар. Ол да іні-қарындастарын өзі жуындырып, киіндіреді. Аяғында тербетіп, ұйықтатады.  Жасына қарамастан жауапкершілікті сезінеді.

А.Сейфулла: Балалар намаз оқи ма?

С.Жаманқұлова: Ысқақ, Иса деген ағайынды жігіттер, сосын Асна атты қыз бес уақыт намаз оқиды. Құлшылық уақыттарын біледі. Біз сол уақытты шатастырмағандарына таң қалдық. Аснамен бастапқы кезде жұмыс істеу қиын болды. Себебі, әуежайдан Қазақстанға түскенде киімін ауыстырсақ та, басындағы қара орамалын шешпей қойды. Кейін бір орамалды тастамай тағып жүре бермей, арасында тазалап тұру керектігін түсіндіріп, басқа орамал бердік. Бірақ ойнауға, тамақ ішуге кедергі жасап, шешіліп қала берді. Сосын біз «қазір өзіңе қиындық тудырса тақпай-ақ қойсаң болады. Кейін өзің қаласаң, қайта тағасың» деп, ортақ мәмілеге келдік. Енді бұл мәселемен әрі қарай теологтар айналысады. Біз «намаз оқы, оқыма» деп олардың жеке құқықтарына қол сұға алмаймыз.

А.Сейфулла: Уақыт бөліп, сұхбат бергендеріңізге рақмет.

Сұхбаттасқан - Абай Сейфулла