Халықтың тұрмысы түзелмей, спортқа деген қызығушылығы да болмайды - сарапшылар

Автор: Azattyq Rýhy

Сарапшылар бұқаралық спортты тежейтін негізгі факторларды атады

фотосуретте: Әзиз Жұмаділ, Асхат Сейсембек, Валерий Жұмаділов

Былтыр қыркүйек айында Үкімет бұқаралық спортты дамыту мәселесін дөңгелек үстел басында талқыға салды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сол кезде айтқан сөзіне сенсек, ел тұрғындарының 30,6%-ы спортпен және дене шынықтырумен айналысады екен. Алайда физикалық жаттығу өзкізуге арналған алаңдардың жай-күйі қандай? Батыс елдерінің тәжірибесі отандық бұқаралық спорт саласында бар ма? Azattyq Rýhy тілшісі осы сұрақтардың жауабын мамандардан сұрап білді.

Белгілі спорт журналисі Әзиз Жұмаділ спорт саласында қордаланып қалған үш мәселені қозғады. Ол – спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен сапасының сын көтермеуі, бұқаралық спортқа көңілдің бөлінбеуі және спортқа бағытталған есіл ақшаның легионерлердің қалтасына кетуі.

«Әрқайсын жіліктеп шағуға болады. Өзге аймақтарды айтпай-ақ қояйық, елордамыздың өзінде көпшілікке қолжетімді спорттық кешендер өте аз. Ал футбол алаңдары тіптен саусақпен санарлықтай. Әлбетте, әр ауланың өз ойын алаңы бар. Бірақ мұның барлығы бастауыш сынып жастарындағы балаларға арналған. Ал, ересектер жаппай айналысатын спорттық алаңдар өте аз. Рас, соңғы жылдары street workout сәнге айналды. Бірақ бұл жоба жыл 12 ай бойы халықтың спортпен айналысуына мүмкіндік беріп отыр ма? Үлкен сұрақ. Осылайша инфрақұрылым мәселесінен бұқаралық спорт мәселесі туындайды», - дейді Әзиз Жұмаділ.

Расымен де еліміздегі ауладағы спорттық алаңдардың сын көтере бермейтіні рас. Сәуір айының басында Алматыда шағын аудандардың бірінде футбол алаңының қақпасы 5 жасар баланың үстіне құлап, салдарынан бүлдіршін жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Бұқаралық спортты дамытуда мұндай спорттық нысандардың көптеп салынатыны сөзсіз. Алайда оның сапасына жауаптыларды қайдан таппақпыз?

Өткен жылдың екінші жартысында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған қаражаттың қалай және қайда жұмсалатынын қадағалайтын арнайы қор құрылды. Бірыңғай оператор ретінде бекітілген мекеме басшысы мұндай олқылықты болдырмаудың түрлі тетіктерін қарастыратынын айтты.

«Меніңше спорттық нысандар сол бағыттағы федерацияның келісімімен салынуы керек. Өйткені, кез келген федерация өз бағытындағы спорт алаңының қандай болуы керектігін бүге-шүгесіне дейін жақсы біледі. Қажет жағдайда халықаралық ассоцияциямен сертификатталған құрал-жабдықтар тізімін де көрсете алады. Ал жуырда ғана Алматыда болған жағдай бәрімізге сабақ болуы тиіс. Сондықтан, жоғарыда атап өткен дүниелерді ескеру керек», - деді Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының бас директоры Асхат Сейсембек.

СПОРТТЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙ БАҒЫТҚА ЖҰМСАМАҚ?

Асхат Сейсембектің сөзіне сенсек, қордың алға қойған жоспары көп, қолға алған жобасы ауқымды. Әсіресе, ауыл-аймақтардағы спорт алаңдарының санын арттыру көзделген.

«Қазір кәсіби, бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорты арасында қаражатты тиімді бөлуге бағытталған өзгерістер жүріп жатыр. Бұл орайда Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі осыған байланысты қаржылық лимиттерін айқындады. Ал біз бірыңғай оператор ретінде ақпан айының басында тұжырымдаманы бекіттік. Сондай-ақ бөлінген қаражаттың белгілі бір бөлігі балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортына бағытталуын қамтамасыз етеміз. Жақында ауыл-аймақтарда спорттық жазық және шағын футбол алаңдарын саламыз. Бұл тиімді жоба деген ойдамын», - деді Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының бас директоры.

Аталған жобалар дер кезінде іске асып, сапасы көңілден шықса, халықтың спортқа деген құштарлығы біршама артуы мүмкін. Дегенмен, Әзиз Жұмаділ спортпен шұғылданудың кейбір заманауи тетіктері халықтың қалтасына едәуір салмақ салатынын айтты.

«Салауатты ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, онда халықтың ес білетін бөлігінің бәрі спортпен шұғылдануы керек. Осы орайда, бізде корпоративтік спорт кенже қалып қойған. Корпоративтік спорт ұжымның бірлігін арттырып, рухын көтереді. Сонымен қатар, қалалық жерлерге салынатын әрбір бизнес орталықтың ішінде спортпен шұғылданатын арнайы залдар болуы тиіс. Ол жерде фитнес, бассейн және шағын футбол залы болу қажет деп стандарттау керек. Ал осы бизнес орталықтың қызметкерлері мұнда үлкен жеңілдікпен жаттығу жасай алуы қажет», - деді спорт журналисі.

«СПОРТПЕН АЙНАЛЫСАТЫН ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ ДА ЖАҚСЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

Белгілі марафоншы Валерий Жұмаділов бұқаралық спорттың дамуы тек спорттық нысандардың салынуымен шектелмейтінін айтады. Бұл мәселеде халықтың тұрмыстық жағдайы да ескерілуі керек.

«Жалпы бұқаралық спортқа келер болсақ, бұл бағыт халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайына тікелей байланысты. Адамдардың әлеуметтік жағдайы қаншалықты жақсы болса, олардың білімі де соншалықты жоғары болады. Тиісінше спорт та сол қарқымен дамитыны сөзсіз. Тұрмыстық ауыртпашылық халықтың спортқа көңіл бөлуіне кедергі келтіреді», - деді Валерий Жұмаділов.

Спортшы бүгінде Эстонияның Таллин қаласында тұрады. Айтуынша, Еуропа билігі бұқаралық спорт сайыстарын өткізуде Қазақстанға қарағанда көп шығындалмайды.

«Қазақстанның территориясы үлкен, алайда халқы аз болғандықтан, ондай жерде спортты дамыту әдетте қиынға соғады. Мәселен, жуырда ғана Польшада өткен чемпионатта болдым. Ол жақта халық саны 40 млн адам. Спортшылардың бір қаладан екіншісіне келуіне бар болғаны 10-15 еуро ғана кетеді. Ал бізде мұндай шараларды ұйымдастыру көп шығынды қажет етеді. Себебі жарысқа қатысушылар Еуропадағыдай пойызбен жолға 3 сағат емес, 1 тәулік уақытын жұмсайды. Билет бағасы да қымбатырақ», - дейді марафоншы.

Валерий Жұмаділов Батыс Еуропада өткен талай марафонға қатысқан. Сөзіне сенсек, дамыған елдерде әсіресе ардагерлер спорты мықтап қолға алынған.

«Еуропада бұқаралық спорт бізге қарағанда жақсы дамыған. Өйткені, олардың кәсіби спортта да жетістігі көп. Сондықтан, халықтың да қызығушылығы басым. Мәселен, Стокгольмде жексенбі күні тұрғындардың көбі жүгіруге шығады. Грекияда мұндай үрдіс көзге көп түсе бермейді. Лондон, Скандинавия тұрғындары шаһардың қақ ортасында спортпен айналысып жатады. Сондай-ақ, Еуропа елдерінде ардагерлер спорты жақсы дамыған. Жалпы, бұл әуесқой спорт болғандықтан, оның шығынын әркім өз қалтасынан төлейтіні анық. Бұл бұқаралық спорттың қаншалықты дамығанының көрсеткіші. Ондай жарыстарға көшеде көлденең жүрген адам қатыса алмайды. Ол үшін белгілі клубтардың арнайы лицензиясын сатып алуы керек. Ол лицензияға барлық жабдық кіреді. Ал, халықаралық додаларда делегация құрамында тіпті физиологтар да бірге жүреді. Яғни, барлық жағдай жасалған. Өкінішке қарай, бізде ардегерлер спорты мұндай деңгейде емес. Бізге жергілікті клубтардың мүмкіндіктерін арттыру керек», - дейді Валерий Жұмаділов.

«ТҰРЛЫХАНОВТАН БАСҚАСЫ СПОРТТЫ ДАМЫТА АЛМАДЫ»

Қазақстандық марафоншы отандық спорт саласындағы бір артықшылықты атап өтті.

«Қазір спорт саласында жетекшілік орындарға жас кадрларды тағайындау қарқыны жақсы. Бұл өте жақсы бастама. Себебі олар әлеуметтік желінің не екенін, оны тиімді пайдалануды біледі және нақты, артық қағазбастылықсыз шешімдер қабылдауға ынтық. Мұны мен жақсы саяси тәсіл деп бағалаймын», - деді спортшы.

Қазір спортта талай жетістікке жетіп, тұғырдан көрінген спортшылар басшылық қызметке бет бұруда.

«Спортшының ғұмыры қысқа екенін ұмытпаған жөн. Ары кетсе 40 жасқа дейін спортпен кәсіби деңгейде айналысасың. Ары қарай ше? Осы орайда көп спортшылардың екінші мамандығы бар. Егер екінші мамандығы бойынша өз саласын жақсы біліп жатса, онда неге сонымен айналыспасқа? Менің ойымша, саясатқа араласқан спортшы спорттың мұңын жоқтауы керек. Спортты олардан асып түсінетін адам аз. Әлемдік аренада мұндай мысалдар көп. Джордж Веа Либерияның президенті болды, Мэнни Пакьяо Филиппинде өз партиясын құрып, елінің қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Әйгілі футболшы Ромарио Бразилия парламентінде сенаторлықты абыроймен атқарды. Қазақстанда да спорттан саясатқа сәтті аттаған азаматтар бар. Дегенмен, есімізге әзірге Дәулет Тұрлыхановтан басқа ешкім түспей тұр. Дәулет Болатұлы саясатта жүріп, бірінші кезекте спортқа көңіл бөлді, күрес түрлерін дамытты. Басқаларынан әзірге нақты бір қадам байқау қиын. Мәселен, Ольга Шишигина, Юрий Мельниченко, Серік Сәпиев... Бәрі де лауазымды қызметте жүр. Бірақ, пәрмені жетпей ме, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір спорттың дамытып жатқаны байқалмайды. Әлі де үміт бар. Бақтияр Артаев, Илья Ильин, Самат Смақов сынды саясатқа араласа бастаған саңлақтарымызға сенім зор», - деді спорт журналисі Әзиз Жұмаділ.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан