Кинотеатрлар коронавирустың құрбанына айналды - Бауыржан Шүкенов

Автор: Azattyq Rýhy

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі еліміздегі кинотеатр саласының қазіргі жағдайын айтты  

Коллаж

Кино нарығы қатысушыларының кезекті локдаунды отандық прокаттың жойылуына алып келетін жағдай деп атауы орынды. Мұнда 2020 жылдың 1 тоқсаны мен 2021 жылдың 1 тоқсаны жағдайында дайындалған салыстырмалы талдауда келтірілген кейбір шығындарды ұсынамыз (ақпарат RENTRAK мәліметтері бойынша берілген). 

2020 жылғы 1 қаңтардан 14 наурызға дейінгі аралықта елімізде 368 кинозалы бар 102 кинотеатр қызмет еткен. 2021 жылғы 1 қаңтарда тек 89 кинотеатр өз жұмысын бастай алды, қалғандары «қызыл» аймақта болған. Бүгінгі таңда Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы еліміздің кинокөрсетілім нарығының ең ірі сегменттерінде тағы 31 кинотеатр жабылды. Семей қаласындағы «Еңлік-Кебек», Алматы қаласындағы «Silkway» және «Номад» кинотеатры, банроттықты болдырмау мақсатында, кино көрсетілім бойынша өз қызметтерін қайта бастамайтын болды. 

2020 жылғы 1 қаңтардан 14 наурызға дейінгі аралықта 117 фильм көрсетілген, оның ішінде: 
қазақстандық - 17 (фильмдердің жалпы санының 14,5%), ресейлік - 20 (17%), шетелдік - 80 (68%). 2021 жылдың 1 тоқсанында 112 фильм көрсетілген, оның ішінде: қазақстандық - 9 (8%), ресейлік - 26 (23%), шетелдік - 77 (68%). Голливудтың ірі компанияларының релиздері шығарылмады,  Қазақстанның жетекші продюсерлік компаниялары да орын алған жағдайларға байланысты кинотеатрларда өз өнімдерін көрсеткісі келмейді. Отандық фильмдердің үлесі прокатта да, кассалық алымы бойынша да екі есеге төмендесе, сол уақытта ресейлік және шетелдік киноның кассалық алымы сәйкесінше 3,4% және 19,1 % өскен.

2020 жылғы 1 қаңтардан 14 наурызға дейінгі аралықта жалпы табыс 6 435 946 097 теңгені құраған. Оның ішіндегі табыс үлесінің көрсеткіштері: қазақстандық – 1 802 097 096 тг. (28%), ресейлік – 659 838 772 тг. (10,2%), шетелдік – 3 974 010 229 тг. (61,7%). 2021 жылғы 1 тоқсан үшін жалпы табыс  3 357 692 636 теңгені құраған. Оның ішіндегі табыс үлесінің көрсеткіштері: қазақстандық – 191 212 822 тг. (5,6%), ресейлік – 453 016 080 тг. (13,4%), шетелдік – 2 713 463 734 тг. (80,8%). Осылайша, ел бойынша табыс үлесі 52,1% құрады.

Қазіргі уақытта залдың орташа толтырылуы әрең дегенде 10%-ға жақындап келеді, бірақ ең төменгі жоспарлы толтыру көрсеткіші 30% болуы тиіс. Бұл жағдайдың орын алғанына бесінші айдың жүзі болды және бірқатар себептерге байланысты индустрия қажетті қарқынға жете алмай жатыр. Ірі кинокөрсетілім нарықтарын қайта жабу жағдайды тек ушықтырады.

Кинокөрсетілім нарығының жалпы шығындары қазіргі уақытта 15 миллиард теңгеден астам қаражатты құрайды. Қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде 2-3 жыл қажет. 

Бауыржан Шүкеновтің айтуынша, кинотеатрлар – короновирустың құрбанына айналды, бірақ оны құтқаруға ешкім асығып отырған жоқ...   

Фотода: Бауыржан Шүкенов

- Бауыржан Камалұлы, кинотеатрлар үшін бұл жағдайлардың салдары шынымен қиын болып отыр ғой? 

- Егер салыстырмалы талдау жасайтын болсақ, нарық өзінің көлемі бойынша  50 пайыздан астам мөлшерге азайды.  Бұл тым көп.  Егер өткен жылдың бірінші тоқсанын осы жылмен салыстырсақ, яғни біз жаңа жылдан емес, сәл ертерек, қараша-желтоқсан айларынан бастап жұмыс істей бастағанымызға қарамастан, кинотеатрлар ашылғаннан кейінгі 5 ай ішінде біз өткен жылы болған көлемнің тіпті жартысына да жете алмадық. Бұл өте маңызды және ауыр жағдай. Бұл дегеніміз, кинотеатрлардың өз міндеттемелерін, ең алдымен банктердің, коммуналдық қызметтердің, жалға берушілердің алдындағы міндеттемелерін және өз қызметкерлеріне еңбекақы төлеу бойынша шарттарды орындай алмай отырғанының көрсеткіші. 

- Кинотеатрлардың банктердің алдында әрдайым елеулі қарызы болатыны рас па? 

- Иә. Бізде барлық ірі кинотеатр желілері кредиттелген. Банктік қарыз барлығында бар. Және бұл бір немесе екі миллиард емес. Яғни, жыл бойы біз кредиттерімізді жаба алмаймыз. Біреулерге акционерлер көмектесіп жатқан, немесе банктер жеңілдік жасайтын жағдайлар кездеседі, бірақ бұл да ұзаққа созылуы мүмкін емес. Жағдай өте алаңдатарлық. Жүйені құрайтын ірі кинотеатр желілері соққыға төтеп бере алады, бірақ көптеген өңірлік бір залды, екі залды  кинотеатрлар  міндеттемелерін жүзеге асыра алмайды. Қазіргі жағдайда өз қызметкерлеріне еңбекақыны толық көлемде төлеп отырған кішігірім кинотеатрлар мен орташа желіні ұстайтын ешкімді білмеймін. Әрине, мұндай жағдай мамандардың көп санының саладан кетуіне алып келеді, бұл бірінші мәселе. Екіншісі – біз көрермендерге жақсы деңгейде қызмет көрсете алмаймыз.  Ал ең қиыны дистрибьюторлар, контенттің құқылы иелері кинотеатр экрандарына қандай фильмдерді шығару керектігін толықтай жоспарлай алмайтындығында.  Бұл ең қиын мәселе екенін тағы да атап өтемін. Және, ең алдымен, бұл біздің қазақстандық киноөндірушілерімізге, шығарылуы аяқталған, көрермен өткен жылы асыға күткен, бірақ биыл экранға шықпай қалған фильмдерге қатысты. Қазақстандық контенттің азаюы ресейлік және шетелдік контенттің көбеюіне алып келе жатыр. Ұлттық прокатта ұлттық кино үлесінің азаюы бұл өте жаман үрдіс. 

- Яғни, біз көрермендерді жоғалтамыз? 

- Әрине. Қазақстандық кино өз көрермендерін жоғалтуда.  Халықты отандық фильмдерді тамашалауға, көруге, тұсаукесерлерін асыға күтуге үйреті үшін онсыз да біраз күш пен уақыт кетті, түсінесіз бе? Және қалыпты деңгейді қашан қайтаратынымызды болжау қиын. Қазір екінші локдаун басталды – Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ірі нарықтарды кинотеатрлар тағы да жабылды. Мұның бәрі кино нарығы индустриясына ауыр соққы берді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген екі питчингтің жобалары әлдеқашан прокатқа шығуы керек, бірақ оны көрсететін жер жоқ. Кинотеатрлар қиын жағдайда, бұл киноны қалай, қай жерде көрсетеміз? Барлығы нарық көлемінің азаюына әкеп соғады. Салдары ауыр – кинотеатрлардың, залдардың саны азаюда.  

Меніңше, Үкімен пен салалық министрлік кино индустриясының негізі болып табылатын кинотеатрлық бизнеске бір реттік қолдау көрсету мәселесін баса назар аударғаны жөн. Кино – қоғамға әсер етудің ең мықты идеологиялық құралы екенін білеміз,  егер біз нарықтың осы маңызды сегментін, ең ірі мәдениет пен идеология құралын жоғалтып алар болсақ, кері қайтару қиынға түспек.  Бұл бизнестің дамуындағы кез-келген кідіріс кинотеатрлық технологиялардың нарықты бірнеше жылға кейінге шегеруіне әкеледі. Бұған көрермендердің кинотеатр сияқты маңызды демалыс түрін қолдануды тоқтатуы, бос уақытын кинотеатрда өткізуді тастап, интернет арқылы үйде фильмдерді көруі қосылады. Бұл ретте көрермендердің 95% пираттық сайттардан көреді. Киноны тұтыну мәдениеті төмендейді. 

- Сонда не істей аламыз? Бір жағынан біз кинотеатрлық прокатты жоғалтып жатырмыз, иә, бұл өте ауыр тиеді, әсіресе оның дамуына қанша күш-жігер мен уақыттың бөлінгенін ескерсек. Бірақ, екінші жағынан, аурухана палаталарынан жиналатын ақпарат қорқыныш ұялатады. Бұл жерде дұрыс шешімді қалай табамыз?  

- Залдарды 30 пайызға дейін ғана толтыру туралы бұған дейінгі шешімді қабылдау жеңіл болған жоқ. Дегенмен, жағдайдан шығудың бір амалы осы болды. Мұндай сценариймен көрермендерді қалай да ұстап қалуға болар еді. Адамдар кинотеатр қауіпсіз орын екенін көруі және түсінуі керек. Қазіргі бас уақытты өткізу түрлерінің ең қауіпсізі – кинотеатрлар, онда арнайы оқыған қызметкерлер жұмыс істейді, бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алгоритмдер, технологиялық жабдықтар, біз орындайтын санитарлық-эпидемиялық қызметтердің ережелері бар. Кинотеатрларды жабудың мағынасы жоқ. Мұны шешім қабылдап отырған тұлғалар түсінулері қажет.  Бірақ егер, жұмыс істеуге рұқсат бермесе, онда бұл ұйымдарға белгілі бір льготтар немесе көмек қарастыру керек. Бірақ бізде жұмыс істеуге тыйым салғанымен, не кинотеатрларға, не жұмыссыз қалған қызметкерлерге көмек көрсетілмейді. 

- Бауыржан Камалұлы, Сіз басқа елдерде орын алып жатқан осындай жағдайларды бақылап отырған шығарсыз. Өзге кинотеатрлық нарықтар, мәселен Ресейде, жағдайдан қалай шығуда?

- Еуропада қатаң локдаун өтті. Бірақ, Германия, менің білуімше кинотеатрларды жапқан жоқ, ол жерде залдарды толтыру санын азайтты, бірінші 30%, сосын 20%, кейін 50% болды. Яғни, олар кинотеатрларды жаппауға тырысты. Ресей бұл мәселеге өте тиянақты  келе жатыр – кинотеатрларды ашқаннан кейін, олар бірден залды толтыру мөлшерін 50% деп бекітті. Және сол қарқынды ұстап тұр. Ресей нарығы іс жүзінде пандемияға дейінгі деңгейді қамтыды,  оларда тұсаукесерлер, дәлірек айтқанда ресейлік фильмдердің тұсаукесерлері өткізілуде. Ия қатаң бақылау бар. Кинотеатрлар қауымдастығы, сол бизнесте жұмыс істейтін адамдар өз істеріне өте жауапты. Бірақ, әрине, бұл кинотеатрлардың санитарлық қызметтердің ережелерін бұлжытпай орындағанына байланысты емес. Бұл Covid-19 күресуге деген жалпы мемлекеттік көзқарас. Мұнда жалпылама вакцинация да, ауруларды бақылау да, жалпылама бақылау да бар.  Кәсіпорынның қызметін толық тоқтату мәселенің шешімі еместігін Ресейде түсінетіндіктері маңызды. Ол істі қайта қалпына келтірмейді. Ол жағдайды оңалтуға септігін тигізбейді. Ортасын табу керек.  

Барлық Еуропа елдерінде дерлік, киноны қолдау орталықтары кинотеатрларға қолдау көрсетуде. Ресейде де нақты қаржылық қолдау көрсетілді. Резевтік қордан 2 миллиард рубльден астам қаражат бөлінді, ьұған дейін шамамен дәл осындай сома продюсерлік компанияларға берілген еді. Бұл - мемлекет басшылығының кинотеатр дейтін нарық сегментіне қаншалықты үлкен мән беретінін  көрсетеді. Ресейліктер қазір кинотеатрларға екінші рет қолдау көрсетуде, ол түрлі субсидиялар беру, жеңілдіктер және т.б. жүзінде көрсетіледі.  

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев жақында осы тақырыпқа арналған жиналысқа қатысып, қолдау көрсету үшін 2,1 млрд. теңге қаражат қажет екенін атап өтті. Менің ойымша, бұл мәселені тұрақты түрде көтеру керек, себебі, кинотеатр саласының дамуына жұмсалуы қажет болған алынбаған табыс пен шығындар  15-тен 18 миллиард теңгеге дейін жетеді, және бұл әдетте кинотеатрлар алатын жанама кірісті есептемегенде. Кинотеатр бизнесінің қалпына келуі, яғни оны қалай тез арада іске асыруы, мемлекет қандай көмек көрсете алатындығына және оның ниетіне байланысты. Мен бар күш-жігерімізді салу керекпіз деген пікірдемін. Механизм бар. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, бірыңғай оператор бар. Қолдауға керемет көп қаражат кетіретіндей кинотеатрлық желілер саны көп деп ойламаймын. Бірақ аз болса да кинотеатрлық бизнеске қатысты жасалған бірінші ықпалдар осы салада жұмыс істейтін барлық адамдарға үлкен қолдау көрсете алады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Жазып алған: Ришат Асқарбекұлы, Алматы