$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.04.2021, 09:42
Сұхбат

Кімдерге вакцина салдыруға болмайды: екпенің пайдасы мен әсері жайлы

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы өкілімен сұхбат

Кімдерге вакцина салдыруға болмайды: екпенің пайдасы мен әсері жайлы
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Елімізде жыл соңына дейін 10 миллион адамға коронавирус вакцинасын салу жоспарланған. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вакцина салдырып, жұртшылықты екпе салдыруға үндеген еді. Десе де, екпеге қатысты қазақстандықтар тарапынан түрлі сұрақтар туындауда. Олардың көбі вакцинаның денсаулыққа қауіп төндірмейтініне күмәнмен қарайды.

Осы ретте Azattyq Ruhy тілшісі Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігі және екпеден кейін болатын белгілер жайында ҚР ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директоры Манар Смағұлмен сұхбаттасқан еді.

- Манар Асырқызы жалпы, вакцинация не үшін керек?

- Вакцинация замануи медицинаның ең үлкен жетістігі. Бұл миллиондаған адамның өмірін, балаларды түрлі аурулар мен мүгедектіктен сақтайды. Мәселен, вакцинация арқасында әлемде шешек ауруы жойылды. «Полиомиелит» деп аталатын ауру қазір жойылу сатысында тұр, қызылша сияқты аурулардың саны азайды. Вакцина арқасында әлемде инфекциялық аурумен ауыратындардың саны бірнеше пайызға қысқарды. Сондықтан вакцинаның қауіпті инфекциялық аулардың алдын алуда әсері өте зор.

- Коронавирусқа қарсы салынып жатқан отандық вакцинаның тиімділігі қандай?

- Қазір елімізде қолданылып жүрген вакцинаның барлығы 90 пайызғы жоғарғы тиімділікті көрсетеді. Вакцина тиімділігінің негізгі көрсеткіші вакцина арқылы басқарылатын инфекциялардың халық арасында төмендеуі болып табылады. Мысалы, Қазақстанда 1996 жылдан бері Дефтерия деп аталатын жедел инфекциялық ауру, 2009 жылдан бері қарай  Полиомиелит сырқаты және соңғы үш жылда сіреспе ауруы мүлде тіркелмеген. 1998 жылы «Вирустық Гепатит В» ауруына қатысты вакцинация енгізілді. Екпеден кейін аталған аурумен ауырғандар саны 300 есеге қысқарған және 2020 жылмен салыстырғанда қазір қызылша ауруы 4,2 есеге төмендеді.

Ал, коронавирус инфекциясына қарсы қолданып отырған «Спутник V» вакцинасына келер болсақ, ресми деректер бойынша бүгінгі күнде вакцина тиімділігі - 91,6 пайыз.  Вакцинаның толық тиімділігін бағалау үшін ұжымдық иммунитет 60 пайыздан кем болмауы тиіс.

- Вакцинацияның кері әсері бірнеше жылдан кейін шығуы мүмкін бе?

- «Спутник V» вакцинасын қолдану нұсқаулығына орай екпе ағзаға енгеннен кейін алғашқы үш күнде әсер беруі қалыпты жағдай болып саналады. Егілгеннен кейін болуы мүмкін негізгі белгілер: вакцина салған орынның ісінуі және қызаруы, дене қызуының жоғарылауы, буындардың ауруы, әлсіздік, тұмауға ұқсас белгілер болуы мүмкін. Ал, бірнеше жылдан кейін болатын әсерге келсек, бүгінгі күнге дейін ондай дерек тіркелмеген, нақты дәлелдемелер жоқ.

- Вакцинаны кімдерге алуға болмайды?

- Коронавирусқа қарсы екпені жүкті әрі емізуілі баласы бар әйелдерге, соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шыққан адамдарға және коронавирустың ешбір симптомы байқалмаған науқастарға вакцина салудың қажеті жоқ. Коронавирус инфекциясымен ауырған адамдармен тікелей байланыста болғандар толық карантин уақытынан шыққанға дейін екпе алуына болмайды. Бұдан бөлек, кәмелет жасқа толмаған балаларға вакцина алуға тыйым салынады.

Жалпы, вакцинация қабылдау алдында дәрігерлер міндетті түрде медициналық тексеру жүргізеді. Вакцина салдырмас бұрын дене қызуын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау (науқасты субективті тексеру әдісі), жүрек соғысы жылдамдығын, қан қысымын өлшеу, тыныс алу және жүрек қан-тамырлары жүйелерін, тамақты тексеру сияқты медициналық тексеріс жүргізіледі. Егер тексеру барысында адам денсаулығынан кінәрат табылса, вакцина жүргізілмейді. Бір айта кететіні, тексеріс кезінде вакцинаға қарсы тұрақты және уақытша қарсылықтар болуы мүмкін. Егер уақытша қарсылықтар тіркелген болса, адам жазылғаннан кейін қайта келіп екпе салдыра алады.

 - Вакцинациядан кейін 3 күн демалыс қажет дейді. Бұған қандай да бір ғылыми негіз бар ма?

- Үш күндік демалыс жайында ешқандай ғылыми негіз жоқ. Ешқандай ресми дереккөздерде мұндай ақпарат айтылмаған. Бұл пікір вакцинациядан кейін қандайда бір әсерлер алғашқы үш күнде пайда болады деген әңгімеге қатысты шыққан сөз деп ойлаймын.

Халқымыздың қалыпты өмірге оралуы үшін, яғни, вирустың өршуін төмендету немесе мүлде жою және эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру үшін әрбір қазақстандық вакцинацияға белсенді атсалысса деймін. Себебі, қалыпты күндерге оралу үшін тұрғындардың кем дегенде 60 пайызында вирусқа қарсы иммунитет қалыптасуы керек. Ұжымның иммундық деңгейі жоғарлаған кезде ғана жаңа жағдайлардың тіркелуі азаяды. Сондықтан вакцинаға бей-жай қарауға болмайды.

P.S. Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Үкімет басшысы Асқар Мамин 2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына екпе жүргізу жұмыстары толық аяқталатынын айтты.

Бүгінде коронавирус вакцинасының бірінші компонентін қабылдағандар саны - 217 070, екі компонентін қабылдағандар – 79 541 азамат.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Алматы

Серіктес жаңалықтары