«Біз ата-бабамыз ұстанған тақуалыққа әлі жете алмай жатырмыз» - тарихшы

Автор: Azattyq Rýhy

Ғылыми-стратегиялық зерттеу орталығының директоры, тарихшы Жарас Аханмен сұхбат

Фотоколлаж

Тарих пен діннің сабақтастығы жөнінде нені білуіміз керек? Қазақ тарихында ислам дінінің рөлі қандай? Еліміздегі бүгінгі діни мәселелер мен оның тарихпен сабақтастығы жөнінде Azattyq Ruhy тілшісі Ғылыми-стратегиялық зерттеу орталығының директоры, тарихшы Жарас Аханмен сұхбаттасты.


Фотода Жарас Ахан

РУХАНИ ТАРИХТЫ ЗЕРТТЕУДІҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ ДІННІҢ РӨЛІ

Адамгершілік тұрғысынан тарихтың адамзат баласына екі бағытта қажеті бар. Ол – өнеге мен тәжірибе. Біз тарихтағы қателіктерімізді қайталамау үшін үлгілі істерден тәлім-тәрбие аламыз. Себебі, адамға өткен шақтың біз ойлағаннан да ықпалы зор. Философтар «адамның ақылы мен рухы (жаны) метофизикалық құбылыс» деп айтады. Логотерапия ілімінің атақты ғалымы Виктор Фарнкл «Адам тарихи тізбекте өмір сүретін жалғыз жаратылыс» дейді. Адамнан басқа өткенінен өнеге іздеп жүрген жаратылыс иесін таппайсың. Уақыт ұғымының мәнін ешбір ғалым толық ашқан жоқ. Өткен шақ, бүгінгі шақ, болашақ ұғымдары байланысының адам санасына ықпалы ақылды адамға белгілі құбылыс. Яғни, ақыл мен рух тек осы дүниелік емес. Тек қана физикалық дүниеге (болып жатқан кезеңге) сыймайды. Немістің философы Хайдегтер «Адам өткен шақтан қуат алып, болашаққа ұмтылады да, бүгінін солай өткізеді» дейді. Халық, мемлекет, жекелеген адам неге өткенді жиі тілге тиек етеді. Неліктен өткен оқиғалар мен өнегелерді жиі қайталайды. Мұнда үлкен сыр бар.

Философ Кенжетай Досай «Адам - осы уақыттың қысымынан қашып құтылғысы келеді. Бірақ адам - сол уақыттың құлы (ибн уақыт). Мәселен, адам уақыттан құтыла алмаса, онда қай кеңістігінің шарттарымен қозғалады» дейді. Бұдан түйетініміз адам баласы - әр кезеңде уақыттың қысымынан қашып жүретін жаратылыс. Бірақ одан қашып қайда барасың? Кеңістік пен уақытқа тәуелдісің. Міне, осы кезде адам баласының жанына тыныштық сыйлайтын танымдардың қажеттілігі туындайды. Ол: тарих, яғни өткен шаққа қарап тыныстау, екінші, пәлсапалық таным (ойлау), мәдени таным (музыкасы, сөздің қуатымен рухтың демалуы), ғылыми танымға құштарлана қызықтау (ғылыми жаңалықтарға таңқалу). Қарап отырсақ, әр танымның адам болмысына тигізер пайдасы бар. Адам болмысы танымдардың бәрін қажет етіп тұрады. Сократ айтпақшы «адам - құбылыс».

ТАРИХИ ЕҢБЕКТЕРДІҢ КӨБІ СОВЕТТІК ШАБЛОНМЕН ЖАЗЫЛҒАН

Осы танымдардың арасында тарихтың қуатын жоғарыда айттық. Алайда біздің тарихшыларымыздың тарихи еңбектерінің басым бөлігі советтік шаблонмен жазылған. Рух жоқ. Әлі сол сүрлеумен келе жатырмыз. Тарихтың негізі адамға, халыққа рух беруі керек. Тарихымыздың басым бөлігі - редукционистік көзқараспен, яғни заттанған тарих. Бұл құбылысты Шәкәрім «ғылым деп уды жегізді, тапқызбай қойды негізді» деп сипаттайды. Және де «затшылдық көзді байлады, адастырып айдады, жан билемей – тән билеп, ақылдың соры қайнады» дейді. Адамның жанына, рухына қажет танымдарды қызылдар алып тастағасын, халықтың зарлауын сипаттағаны ғой ойшылдың.

Бұл құбылысты тарихты тереңнен зерттеп жүрген ғалым ағаларымыз жақсы ұғады. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының «тарихты ұлттық бағытта қайта жазу қажет» деп мәлімдеме жасағаны сол. Біз тарихи киноларымызды әлі күнге көршілерімізге жалтақтап, дұрыстап түсіре алмаймыз. Бұл - халықтың рухына жасалған обал. Себебі мемлекет адамдардан тұрады. Бұл енді жаңалық емес. Ал адам өзіне деген сенімі жоқ кезде, ол сенімді өткеннен қуат алып қайтарады.

ҚАЗАҚСТАНДА ТАРИХ ФИЛОСОФИЯСЫ ДАМЫМАҒАН

Мемлекет мемлекеттілік санадан қуат алады. Міне, бұл - тарихтың екінші қуаты. Тарих философиясы деген ілім бар. Бұл - Қазақстанда дамымаған сала. Бұл салаға кезінде Кеңес үкіметі тыйым салған. Себебі тарих философиясы өткен шақтан тек қана цифрлар мен оқиғаларды сипаттамайды, өткеннің әр кезеңінің сырынан мән іздейді. Бұл дінсіз заттанған Кеңес үкіметіне қажет пе? Жоқ, әрине. Бәрін Қазан төңкерісінен бастайтын шолақ идеология оған мүмкіндік бермеді, құрамындағы халықтардың оянуынан қорықты. Алайда тарихи сана бәрібір жеңіп, халықтар тәуелсіздік алды.

ЦИФРЛАР МЕН ОҚИҒАЛАР, СОҒЫСТАР ТАРИХТЫҢ МӘНІ ЕМЕС

Ол - тарихтың сыртқы қалыбы. Азаматтық тарих. Рухани тарих – тарихтың ішкі мазмұны. Айтып отырған тарихың халықтың бүгінгі шағымен үндесіп, Отанға қуат бітіре алмаса, ол заттанған тарих деп аталады. Бүгінгі шаққа қуат пен қанат бітіріп, халықты болашаққа ұмтылдыра алмаса, адамның рухына таным нәрін құймаса, ол тарихтың мәні де жоқ. Адам тарихтан өнеге мен тәжірибе ғана алады.

Ал, сол тарихи танымда діннің рөлі қандай дейтін болсаңыз, біз мұсылманбыз. Ислам 13 ғасырдан бері мәдениетімізбен, тарихымызбен, философиялық ойлау қабатымызбен үндесіп, бітесіп келеді. Сенім (Аллаға деген сенім) мекенмен, өмір сүріп отырған кеңістігіңіз бен тарихи уақытыңызбен ет пен тырнақ құсап бітіспесе, басқа елдің мүддесінің сойылын соғып кетуіңіз бек мүмкін. Осы жерде ойшыл Сократтың «адам- құбылыс» деген ойын тағы да қайталауға мәжбүрміз.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАР

Қазақ пен мұсылманшылық біртұтас. Бұл - үлкен метофизикалық құбылыс.

Халық дінсіз өмір сүре алмайды. Ислам ойшылдары айтады: «діннің орналасатын жері - рух пен ақыл. Шектеуге қарамастан, дін бәрібір адамға жетіп барады» дейді. Ал рух пен ақыл - метофизикалық құбылыс. Яғни тек қана мына әлемге сыймайды. Оның үстіне ақыл мен рухтың азығы - білім мен таным, рухтың азығы - дін мен барлық танымдар. Бұл шындықтар тұрғанда дін бәрібір адамға ықпалын жүргізе береді. Ол құбылыстан қашып құтыла алмайсың. Демек біртұтастықты сақтағымыз келсе, барлық танымдар Фарабише айтсақ: «үйленіп, бірақ бөлек тұратын жанұя болмай», бірге үндесулері шарт. Халқыңның мызғымас біртұтастығын сақтағымыз келсе, осы шартты орындауға мәжбүрміз. Ал, бізде өкінішке қарай, халықтың санасында танымдарымызды үйлестіріп бере алмай жатырмыз. Бұл - біздің басты кемшілігіміз. Яғни, діни саланы дұрыс басқара алмай отырмыз деген сөз.

«БІЗ АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ ҰСТАНҒАН ТАҚУАЛЫҚҚА ӘЛІ ЖЕТЕ АЛМАЙ ЖАТЫРМЫЗ»

Тарихымызға көз салсақ, әрине патша үкіметі келіп, бірімізді-бірімізге айдап салып, діни құндылығымызға шабуыл жасағанша, жаңағы айтқан танымдарымыз санамызда жаңғырып тұрған еді. Қазақ сөзге, уәдеге берік еді. Бізде келісімшарттар болмайтын, түрме болмаған. Барлығын уәде мен ар-намыспен шештік. Діннің мәні - ар мен уәде. Уәде - Құдай сөзі. Ар - адамшылығыңның сипаты. Қазақ не шешсе де арына салып шешті. Ал қазір ше? Алланы тілге тиек етіп тұрып, былай шыға бере сөзімізде тұрмаймыз. Имандылық бес уақыт намаз, зекет, оразамен шектелмейді. Ислам ішкі мәнге түскен. Ар түзелсе, сыртқы сипат та түзеледі. Осыны көріп қой Шәкәрімнің «сырт тазасы не керек, тазарт әуелі ішіңді» деуі..

ДІНИ ТАНЫМ. ДІНИ САНА. ДІНИ ТӘЖІРИБЕ ТҰТАСТЫҒЫ

Қазақ тәуелсіздігін алғанда таза дін деген ұранмен салафизм (уахабизм) келді. Бұлардың діни санасы мен тәжірибесі қазақтың дастаны мен жырларында сипатталған қазақтың исламтану мектебіне сәйкес келмей тұрғанын қазақ тарихы мен мәдениетінен хабары бар адамдар сезді, көрді. Сезе беріп едік, жаңағы таза діни санамыз дегендер террорға айнала бастады. Себебі олардың діни санасы мен тәжірибесі терең мәдениетпен, тарихи таныммен, таза ақылмен (пәлсәпа) байланысы жоқ еді.

Қазақ тарихында бұл танымдар жырлары мен қиссаларында, өлеңдерінде өзара ұштасып жатыр еді. Сондықтан да тұтастық сақталды.

Мысалы тарихи сана мен исламның ұштасатын жерінің бірі – мазар (бейіт). Қазақ бейіттің қасынан өтіп бара жатқанда бетін сипап, ата-бабаларына дұға бағыштап кетеді. Бұл - қазақтың діні мен тарихи санасын тұтастандырып тұр. Ал, уахабилер сол екі дүниеміз бен бүгін мен өткенін байланыстырып тұрған мазарды жермен жексен етіп тастауымыз қажет деп санайды. Бұл тамырыңды үзу деген сөз. Бүгініңмен ғана өмір сүр деген жаһанданудың бір көрінісі.

Ал, қазір біз жас мемлекет ретінде сол танымдарымызды қайта електен өткізіп, озығын сақтап, тозығын қалдырып жатырмыз. Қазіргі қазақтың кезеңі - өте маңызды тарихи кезең. Тұтастану жолында күресудеміз. Себебі халықтың тұтас болмысы болып табылатын жаңағы айтқан танымдардың санамызда тұтастығы, мемлекетіміздің мығымдылығына, тұтастығына қызмет етеді. Адамды, халықты сана болмысы билейді.

Әл-Фараби бабамыз «Әр нәрседе бір шарт бар. Көзге шарт жарық. Жарық болмаса, көз өзінің көру міндетінен ажырайды» дейді. Демек, халықтың басқа танымдарға алданбауы үшін, ол жолда жапа шекпеуі үшін, өзінің тұтас тарихи танымдары болуы шарт.

Сұхбаттасқан Сымбат Ғалымжан