«Мұнай өндіру саласын ұлттандыру қажет»: Рашид Жақсылықовпен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Тәуелсіздікке 30 жыл: Қазақстан экономикасындағы жетістіктер мен жіберілген қателіктер жайлы

Рашид Жақсылықов, фото: kursiv.kz

Мұнай өндірісі - Қазақстан экономикасының негізгі діңгегі. Дегенмен, қара алтынның өндірісі әлі де инвесторларға тәуелді. Дегенмен, алдағы уақытта бұл сала ұлттандырылатын болады. Мұндай пікірді  Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Рашид Хасенұлы еліміз егемендік алғаннан кейін Тәуелсіз Қазақстанның мұнай-газ секторы алғашқыда өз жұмысын қалай бастады?

- Мұнай - бұл Тәуелсіздік тарихының біз жасаған үлкен сыйы. Жалпы тәуелсіздікті сақтап қалудың ең қысқа, төте жолы ол – экономикалық дербес мықты мемлекет болып қалыптасу. Бұл орайда жер қойнаулары біздің экономикалық тұрақты дамуымызға және Кеңес одағының құрамында болған елдердің арасында алдыңғы қатарға ілінуге үлкен мүмкіндік берді. Тәуелсіздік алған жылдары біздің еліміз жылына 25 млн тонна мұнай өндіретін. Бірақ Кеңес үкіметінің жоспарымен қалыптасқан жүйе болатын. Сондай-ақ, бұл сала тәуелсіздік алғанға дейін Мәскеуден басқарылды. Сондықтан, тәуелсіздік алғаннан кейін біз үшін бұл жаңа экономикалық бағыт болды. Оны зерттеп, оның  үйренетін тетіктері көп болды.

- Бұл орайда өндірісті аяққа тұрғызуға инвесторлардың күші керек болғаны белгілі. Бүгінде біз олардан нендей дүниелерді үйрендік?

- 30 жыл нарықтық экономикада түрлі ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істегендіктен біздің бір дүниеге нақты көзіміз жетті. Кез келген экономикалық жоба инвестордың қаражатының арқасында дамитынын түсіндік. 90-шы жылы елдің хал-ахуалы қандай болғанын көпшілігі біледі. Сондықтан экономикамыздың тұралап қалған жерінен ілгерілеуі үшін инвесторлар қажет болды.  Инвесторлардың да алғашқы легі осы мұнай-газ саласына келді. 93-жылы алғашқылардың бірі болып Шеврон компаниясы елімізге қаражатын құйды. Оның артынша басқа да инвесторлар тартыла бастады. Сол кезде Тұңғыш президентіміздің ұстанымы жергілікті өнімді ұлғайту және жергілікті негізді нығайту болды.

- 90-шы жылдардың басында елімізде білікті мамандар аз болды. Барлығы сол шетелдік жұмысшылардың күшімен атқарылды. 30 жылдың ішінде бұл бағытта отандық кәсіби мамандар саны қаншылақты артты?

- Расымен, бізде ол кезде мамандар болған жоқ. Тіпті мұнайды қалай өңдеуді де білмедік. Өзіміз өңдейміз деген күннің өзінде бізде қаражат болмады. Жалпы, сол жылдары халықтың зейнетақысы мен жалақысын да төлей алмай отырдық. Ал келген инвесторлар үш бағытта жұмыс істеді. Бірінші - өндірісті ұлғайту, екінші – өндіріс шығынын азайту, үшінші - жергілікті мамандардың үлкен тобын дайындау. Бүгінде «Теңіз» жобасында 45 мың адам жұмыс істеп жатыр. Осы 30 жылдың ішінде алғашқы инвесторлар біздің елге кәсіпкерлік мәдениеті енгізді деуге болады. Бүгінде  инвесторлардың төңірегінде 10 мыңға жуық кәсіпорындар жұмыс істеуде. Бұл үлкен жетістік. Сондықтан да инвесторларды тарту әлеуметтік маңызы бар ауқымды жоба болды.

- Инвесторлардың арқасында кәсіпкерлік мәдениеті қалыптасты деп қалдыңыз... Бұл бағыт мұнай-газ саласында қазір қалай дамып жатыр?

- Кәсіпкерлердің үш тобы бар. Бірінші тобы мемлекеттік жобалардың төңірегінде дамығандар. Яғни, бүгінде ел үкіметі кәсібін бастаймын деушілерге жақсы қолдау көрсетіп отыр. Екінші тобы - тума таланаттар. Олардың бойында осы бизнеске деген бейімділік басым. Бір қызығы, инвесторлар дәл осы санаттағы кәсіпкерлермен жұмыс істегенге ынтық. Өйткені, олар авторитарлық экономиканы мойындамайды. Олардың түсінігінде экономика саясаттан бөлек, экономика бәсекелік ортада дамуы тиіс. Бізде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында мемлекеттік жоба аясында құрылған кәсіпкерлік нысандар көп. Ал еліміздің батыс аймағында бәсекелестік формуласын мойындаған және жемқорлыққа қарсы, өз күштерімен құрылған компаниялар қарқынды дамып жатыр.

- Бүгінде мұнай-газ өндірісі саласы экспорт табысының қанша пайызын иеленіп отыр?

- Жетістікпен бірге өкініш те жүреді. Бұл тұрғыда орындалмай қалған мақсаттар мен межелер бар. 30 жыл ішінде экономикамызды мұнай-газ саласынан толыққанды дербестендіріп алдық деп айта алмаймыз. Алғашқы жылдары сыртқы табыстың 80 пайызы мұнай-газ өндірісінен келіп отырса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайды. Яғни, әлі күнге дейін экспорттағы табыстың жартысын мұнай саласы жауып отыр. Біз оны әлемдік мұнай бағасының төмендеген кезінде доллар бағасының құбылуынан байқап отырмыз. Яғни мұнай арзандаған сайын біздің инфляциямыз жоғарылайды. Өндірісте Қазақстан мұнай өніміне қомақты салық құятын мемлекеттердің арасындағы бірінші бестікте. Сондықтан біздің басқа бағыттағы экономикамызды жандандыру үшін қадамдар жасауымыз керек болды.

- Десе де бұл саланың басында әлі де отандық мамандар жоқ, тіпті әлі күнге дейін қазақ құрылтайшы тағайындалған жоқ. Неге?

- Мамандарды үш түрлі градацияға бөлетін болсақ: бірінші - қара жұмысшылар, одан кейін ортақолды мамандар және жоғары деңгейлі менеджерлер. Қарапайым жұмысты толығымен қазақстандықтар атқарып жатыр. Ортақолды деңгейде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген мамандар көп. Бірақ ең жоғарғы топ менеджерлерінің қызметі әлі де шетелдік мамандардың күшімен атқарылып жатыр. Міне, бізге осы бағыт бойынша жұмыс істеу керек. Инвесторлар бұл мәселені әлі зерттеп жатқан жоқ. Дегенмен, біз соңғы екі жылдың ішінде бұл мәселені жиі көтеріп жүрміз.

- Нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Қазір біз Ұлттық негізді 50 пайыздың үстіне шығардық. Жалпы, Ұлттық негізді үш түрлі көрініспен атап өтуге болады. Біріншісі, мамандар 100 пайыз Қазақстан азаматтары болуы керек, екіншісі, бүкіл келісім-шарт қазақстандық кәсіпорындармен жасалуы шарт, үшіншісі мұнай компаниялары тұтынып отырған дүниенің барлығы елімізде өндірілген болуға тиіс. Біз 50 пайыздан енді ғана астық. Бұның 1 пайызының өзі 70 млрд теңгені құрайды. Инвесторлар неліктен ұлттық негізді 100 пайызға жеткізбей отыр. Өйткені бізде жеңіл және ауыр өнеркәсіптер әлі де жақсы дамымаған. Мұнай-газ өндірісі бізді Орта Азияда да көшбасшы ретінде танытты. Тек әттеген-ай дейтін бір дүние бар. Бізде химия өнеркәсібі кешеуілдеп қалды. Сондықтан да бізге терең өңдеу кәсібін дамытуымыз керек. Әйтпесе, біз шикізат қоры мемлекеті ретінде қала береміз. Мұны инвесторлар емес, өзіміздің мемлекет атқаруға тиіс.

- Қазір осы саланың білікті сарапшылары Үкіметке және инвесторларға еліміздің пайдасына жарайтын қандай ұсыныстарын айтуда?

- Былтыр пандемия кезінде мен үш үлкен мәселені көтердім. Бірінші - мұнай-газ өндірісіндегі мамандарды ұлттандыру жұмысын толығымен аяқтау. Көптеген ірі компаниялар 900-800 шетелдік мамандардың орнын босатып, олардың орнына 200-300 отандық жұмысшыларды алды. Екіншісі - келісім-шарттың бәрін ұлттандыру керек. Үшіншісі - егер кәсіпорын құрылтайшысының 50 пайыз акциясы Қазақстан азаматына тиесілі болса және ол кәсіпорынның мұнай-газ өндірісінде кемінде 12-15 жылдық аса тәжірибесі болса, ол тек қана Қазақстанның кәсіпорыны болып саналсын деген ұсыныс. Бұл жерде 50 пайыз деп отырғаныңыз 7 трлн теңгені құрайды. Бұл біздің бюджеттің 3/1 бөлігі.

- Мұнай өндірісінің бүгінгі жай-күйі қандай? Болашақтағы қарқын қандай болмақ?

- Қазір біздегі мұнай өндірісінің көлемі 90 млн тоннаға жетті. Бұл дүниежүзілік нарықтағы күнделікті тұтыныстың бір ғана пайызын құрайды. Алда өндіріс көлемін 125 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы мұнай өндірісі мейрам мен демалыс дегенді білмейтін сала. Жеңіл және ауыр мұнай өндірісі деген ұғым бар. Жылдан жылға жеңіл мұнай өндірісі азайып, ауыр түріне ауысып жатырмыз. Бұл көп қаражатты, ғылымды және технологияны талап етеді. Қазір мұнай саласынан 5,7 млрд доллар тауып отырмыз. Былайша айтқанда Ұлттық қордың 80 пайызын мұнай өндірісі толтырып отыр. Алдағы уақытта Қашаған кен орнындағы зауыттардың құрылысы аяқталған соң біздегі мұнай өндірісі 100 млн тоннаның үстіне шығады. Сондай-ақ, 50 млрд долларға жуық инвестициялық қаражат келеді. Үшіншіден, біз тек құрғақтай емес, судан да мұнай алу тәсілін үйренеміз. Сондықтан да қалай болғанда да ол бізге пайдалы. Сондай-ақ, өндріс аймағының әлеуметтік жағдайы да жақсара түседі. Бұл жобаның аяқталуын біз асыға күтіп отырмыз. 

Сұхбаттасқан: Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан