Қазақтың ұмыт болған музыкалық аспаптарын қайта жаңғыртып жүрген шебер - Азамат Бақиямен сұхбат
Сәтбавев қаласында тұратын Азамат – ұлтымыздың ұмыт болған музыкалық аспаптарын зерттеп, қайта жаңғыртып жүрген еліміздегі санаулы шеберлердің бірі. Кәсіби маман олардың тарихын зерделеп қана қоймай, қолданысқа енгізіп жүр. Оның қолынан шыққан бұйымдар Қазақстанның барлық үлкен сахналарында жүр десек, артық айтқандық емес. Шеберлер отбасында дүниеге келген перзент сыбызғы аспабын музыкада кездесетін барлық 24 тональдыққа лайықтап жасап шығарған. Ол қазақтың 100-ге тарта ұлттық аспабын зерттеген. Өз ісінің маманы солардың барлығының тілін біледі. Он саусағынан өнер төгілген азаматпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Ұлттық аспаптарды зерттеуді қашан бастадыңыз?
- Мен Қарағанды облысында, үш жүздің басын қосқан қасиетті Ұлытау топырағында дүниеге келдім. Әкем мен атам кәсіби білімі болмаса да, дәстүрлі өнер шеберлері еді. Мектепте оқып жүргенде домбыра жөндейтінмін, 6 сыныпта сазсырнай жасағаным есімде. Ол әлі күнге сақтаулы. Сәтбаев қаласындағы музыкалық мектепті тәмамдадым. Кейін білімімді Жезқазғанда музыкалық колледжде жалғастырдым. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегімін. Оңтүстік астанада білім алып жүргенде ақырындап музыкалық аспап жасаумен айналыса бастадым. Ең алғаш рет кәсіби деңгейде жасалған музыкалық аспап – сазсырнай. Білімімді толықтыру үшін түрлі шеберлермен кездестім. Музыкант ретінде түсінгенім – ұлтымыздың көптеген аспаптары бүгінгі қолданыста жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2014 жылы Алматы қаласында өз шеберханамды аштым. Ұлттық аспаптарымыздың санын түгендей келе 90-нан астам аспап бар екенін білдім. Бұл - түркі тілдес халықтар ішіндегі рекорд. Бұл – мәдениетіміздің керемет дамығанының көрінісі. Ең көне аспаптар да біздің халыққа тиесілі. Қазір шамамен 8-10 мың күй бар деп жобалаймыз. Оның бізге жетпей қалғаны қаншама. Мес сырнай, саз сырнайдың оншақты түрі, уілдек, тастауық, үскірік, шыңырау, құс, ысқырауық, қоссақ, қосу, лек үшпелек атты түрлерін қайта жаңғырттым. Сыбызғының бүкіл тональността ойналатын түрлерін, қамыстан, қара қамыстан, ағаштан жасалған түрлерін жасадым.
- Қазақ халқында 90-нан астам аспап барын айттыңыз, соның қаншасы бүгінгі күні қолданыста жүр?
- Музыкаға қатысы жоқ адамның білетін аспаптары – домбыра, қылқобыз, шаңқобыз, сазсырнай мен сыбызғының маңайында ғана. Бұрын Абай домбырасы, Жамбыл домбыра сынды атаулар болмаған. Олардың тілімізге қайдан келгені белгісіз. Мүмкін кеңестік кезеңдегі орыс иеологиясы әсер етті ме, ол жағы беймәлім. Қазақстан дүние жүзі бойынша жер көлемі жағынан 9-шы орында тұр. Ұлан-байтақ еліміздің әр өңірінде өзіне тән музыкалық мектеп қалыптасқан, әрқайсысының даму тарихы бар. Оның бәрі дұрыс құбылыс. Соған орай домбыраның сан-алуан түрі бар. Аспаптың пернелерінің орналасуына байланысты атаулары да түрлі болып келеді. Ұрмалы аспаптардың өзінің 17-ден астам түрі бар. Бауырлас өзбек халқында олар кең қолданыста. Бізде де түрі көп. Мәселен, дабыл, даңғыра, кепшік, дулыға, шың, шыңдауыл, қорғауыл, жорықдабыл т.б. Соның барлығын шеберханада қайта жаңғыртып жатырмыз. Әр аспапты жасап, денін ансамбль, солистерге тегін береміз. Бұл – ұлттық өнерді, құндылықтарымызды ел арасында насихаттаудың жолы. Демеушім – ата-анам. Әкем барлық жағдайымды жасап қойды. Шеберхана ашып, қажетті қондырғылардың барлығын алып берді. Ағам мен інім де қолдау білдіреді. Барлығын болашақта басқа шеберлер де көрсін, үйренсін деген ниетпен жасалу жолын таспаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратамын. Қазақстанда шеберлер көп. Сондықтан мен өз нұсқамды, дыбыс шығару ерекшелігін көрсетуге тырысамын. Бұл аспаптардың халық арасында кең таралуы үшін жаңа музыкалық туындылар жазылуы керек.
- Музыкалық аспап жасау үшін адам кемінде қолөнер шебері және музыкант болуы шарт. Бұл қасиеттер Сіздің бойыңызға қайдан дарыды деп ойлайсыз?
- Бұл ойыңызбен толықтай келісемін. Шебер – аспаптың барлық қыр-сырын түсінуі керек. Әкем домбыра тартады, атам сыбызғыда ойнаған. Өзім музыка саласында еңбек етіп жүргеніме 14 жыл болды. Әлі де білімімді толықтырып, шеберлік шыңдап жүрмін.
- Бойыңызда тағы қандай өнер бар, сүйікті ісіңіз не?
- Колледжді тәмәмдаған соң «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен ауылға кеткім келді. Бала кезімнен мал шаруашылығымен айналысу – арманым. Ата-анам консерваторияға оқуға түсіп, бағымды сынап көруді ұсынды. Осылайша білім алуды жалғастырдым. Бірақ мал өсіру жайындағы ойымнан айныған емеспін. Қазірдің өзінде бөдене ұстап, асыл тұқымды ешкі бағамын. Тазыларым бар. Аңға шыққанды жаным сүйеді. Музыка саласында өмір бойы жүремін деп ойламаймын. Ұлттық аспаптарымыздың барлығын зерттеп болғаннан кейін қайтадан ауылға кеткім келеді, ол – жанымның қалауы. Беймәлім күш елге тартып тұрады. Мақсатым – мал шаруашылығымен айналысу.
- Ұлттық аспаптарды жаңғыртуда қандай да бір зерттеулерге, көне жазбаларға сүйенесіз бе?
- Негізінен Болат Сарыбаевтың еңбектеріне сүйенемін. Соңғы жинағы 1970 жылдары жарыққа шыққан. Оған дейінгі әдебиеттерді де оқып шықтым. Атап айтар болсақ, әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, қазақ жерін зерттеген шетелдік этнографтардың жазбаларын, Ақселеу Сейдімбековтің еңбектерін оқимын. Жыр-дастандарда көптеген музыкалық аспаптардың атаулары кездеседі. Соның барлығын санама түйдім. Әсіресе Болат Сарыбаевтың кітабы ерекше серпіліс сыйлады. Ол кезде колледж студентімін. Шолпен Сейілова есімді ұстазым сол кісінің кітабын ұсынды. 2012 жыл болатын. Ол әлі күнге қолымда. Алғашқы бетіне «Жезқазған қаласындағы бірінші кәсіби шеберхананың ашылуымен құттықтаймын!» деп жазба қалдырыпты. Достарыма көрсетіп, оқыттым, қалжың деп ойладым. Сол кезде оның жазғаны – маған берген батасы болуы керек. Қазір кітап шеберханамда басқа әдебиеттермен бірге сақтаулы.
- Жеке тапсырыс бойынша аспаптар жасайсыз ба? Бұйымдарыңыздың бағасы қандай?
- Тапсырыс өте көп. Қазір әсіресе, сазсырнай танымалдыққа ие. Сондықтан сұраныс артты. Екі шәкіртім бар. Олар бөлек жұмыс істейді. Қазақстан бойынша аспапты кәсіби деңгейде біз ғана жасаймыз. Бейнежазбаларымызды көріп, ісімізді жалғайтын адам табылып жатса, нұр үстіне нұр. Сұрағандарға білгенімді үйретуге дайынмын. Басқа ұлт өкілдерінен де тапсырыстар түседі. Әсіресе көне бұйымдарға. Бағасы кеткен шикізат пен уақыт шығынына байланысты есептеледі.
- Ұлттық өнерге мемлекет тарапынан қолдау сезіле ме, әлде барлығы әдемі жазылған бағдарламалар аясында қалып жатыр ма?
- Өзім барып билікке ештеңе ұсынған жоқпын. Жігіттер тарапынан министрге хат жазайық деген идеялар түсіп жатыр. Ата-анама рахмет. Әкем – электрик. Анам үй шаруасында. Мемлекет тарапынан қолдау күтпеймін. Бірақ болып жатса бас тартпаймын. Қол еңбегін жеңілдететін сан-алуан аппараттар бар. Олар өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қолыма түссе қуанар едім. Өзім барып ұсынбағаннан кейін, өкпем жоқ. Шамам келгенше осылай елге қызмет көрсете бермекпін. Қолымнан шыққан бұйымды сахнадан көру – маған шабыт сыйлайды.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО