Ата-анасын ұрып, үйден қуып шығатындар көбейді – дағдарыс орталығының жетекшісі

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО-дағы әйелдерді қолдау орталығының директорымен сұхбат

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда жылына орта есеппен 400-дей әйел отбасылық зорлық-зомбылық құрбанына айналады. Бұл – ресми дерек. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалды сыртқа шығармау мақсатында жасырып жүре беретіндер қаншама. Күйеуінің тепкісіне шыдамаған әйелдер полицияға арызданады. Тәртіп сақшылары ондай қыз-келіншектерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған дағдарыс орталығына орналастырады. Нысанның мекен-жайы құпия сақталады. Azattyq Rýhy тілшісі  СҚО-дағы әйелдерді қолдау ортаылығының  директоры Алина Орловамен сұхбаттасқан еді.  

-    Әйелдерді қолдау орталығында қанша әйел, неше бала бар? Олар орталыққа көбіне қандай жағдайда түседі?

-    Орталықта 30-ға жуық адам бар. Әдетте күйеулері әйел-балаларын ұрады. Соңғы кездері ата-анасына қол жұмсайтын перзент те көбейді. Ішімдік алу үшін ақша талап етіп, қоқан-лоқы көрсетеді, үйден қуып шығады. Мұндай әдет нашақорлар мен маскүнемдерге тән. Көмек сұраған азаматтарға алдымен полиция қызметіне жүгінуге кеңес береміз. Тәртіп бойынша бізге жапа шеккен әйелдерді құқық қорқау мамандары әкелуі тиіс. Адамның полицияға арызданып, мәселе шешілгенше күтуіне мүмкіндік болмаса, әйелдерді өзіміз де барып алып келеміз.  

-    Әйелдер және балалармен қандай мамандар жұмыс істейді?

-    Орталықта әркім күнделікті тұрмыстағы шаруаларын өзі тындырады. Олармен әлеуметтік қызметкер, психолог мамандар, медбикелер, заңгерлер жұмыс істейді. Қазірдің өзінде ажырасу бойынша екі процесс жүріп жатыр. Қатыгез әкелерді ата-ана құқығынан айыру мәселесімен де сол мамандар айналысады. Олардың тәні ғана емес, жаны да жаралы. Сондықтан психологтардың да жұмысы маңызды. Карантинге дейін біз әйелдерді түрлі мамандықтарды меңгеру курстарына жіберетінбіз. Қазір бұл жұмыс тоқтап қалды. Бізден көмек сұрап келетіндердің дені – ешқандай кәсіпті меңгермеген, білімі жоқ қыз-келіншектер. Жоғары білім алмаса да, тырнақ әрлеуші, шаштараз, аспаз, кулинар сынды күнделікті тұрмыста сұранысқа ие қызметтерді көрсете білуге үйренеді. 

-    Балалардың психикасында отбасылық жанжалдың «ізі» байқала ма?

-    Әйелдер орталықта уақытша тұра алады. Одан кейін өздері бұрын өмір сүрген ортаға оралады. Сондықтан олардың жан жарасы толық сауықпайды. Бізге аналарымен бірге келетін балалардың дені күтім көрмеген. Оларға уақытылы сабаққа барып, білім алу түгіл қарнын тойдырып тамақ ішудің өзі мұң. Өйткені ақшаның барлығы әкесінің арақ алып ішуіне кетеді. Физиологиялық тұрғыдан денсаулықтары жоқ, дамуы да тежелген.  

-    Әйелдер орталықта қанша уақыт қалуға құқылы? Егер барар жері болмаса, не істейді?

-    6 ай. Барар жері жоқ әйелдерді әрине қуып шықпаймыз. Адамның хайуаннан айырмашылығы – өзінің жүріс-тұрысын бақылай алатындығында. Кез келген агрессор, зорлықшыл адам өзін-өзі ұстай алады. Мәселен оның жұмысында проблема туындады. Басшылық оған ескерту жасап, дауыс көтерді. Іс нашырға шауып, қызметтен кетуге дейін жетті делік. Қызметкер бастығына қол жұмсап, жұдырықпен қарсы шықпайды. Өзін тізгінде ұстайды. Осындай сәтсіздіктен кейін үйіне келіп, бар ашу-ыза, өшін әйелінен алады. Оның ешқандай кінәсі болмауы да мүмкін. Бірақ жанжал шығарушы кез келген жерден ілік тауып алады. Тіпті сорпаның салқын, тамақтың уақытында дайын болмай жатқаны үшін де әйелін ұрып тастауы мүмкін.  Осындай агрессорлардың тепкісіне шыдамай суицидке бармақ болғандар да бар. Біз оларды өз қамқорлығымызға алып, барлық тұрғыдан сауықтыруға барынша күш саламыз.

-    Күйеулерімен қайта татуласып кететіндер бар ма?

-    Иа, ондай жағдайлар көп. Алдымен бізге келіп, көмек сұрап жалбарынады. Арада бір апта өткен соң, күйеулері хабарласа бастайды. Сөйлесіп жүреді. Бір ай өткен соң киімдерін жинап, күйеулерінің енді ұрмайтынына уәде бергенін айтып, кетіп қалады. Бір рет қол жұмсаған адамның оны қайталамауы сирек кездеседі. Сондықтан оқиға қайта орала береді. Әйелдерді қорғау орталығына ашылған 2017 жылдан бері 6 рет түсіп, 3 жыл өмір сүрген әйел бар.  

-    Бүгінгі әйел өз құқығын қаншалықты қорғай алады?

-    Ол әр әйелдің өз белсенділігіне байланысты. Қаржылық тұрғыдан тұрақтылыққа ие әйелдер өздерін қорғай алады. Ал ақшасы жоқ адам ештеңе істей алмайды. Олар әлеуметтік тұрғыдан да әлжуаз. Сондықтан да оларға білім алып, жұмыс істеу керектігін айтамын. Қоғамда 2-3 бала туғаннан кейін жұмысқа шықпай, үйде отырып қалатын әйелдер көбейді. Білімі, карьерасы күйеуінен қарағанда табысты болса да, үйден шыға алмай қалады. Осыдан күйеуіне материалдық, психологиялық, әлеуметік тәуелділік туындайды. Сондықтан адам өзі тәуелді болып тұрған адамның үстінен полицияға арыздана алмайды. Сот арқылы моральдық шығын да талап етпейді. Осыны сезінген ер адамдар аузына келгенді айтып, қол жұмсайды. Дегенмен, білімі жоқ әйелдер ғана отбасылық зорлық көреді деуге болмайды. Жұмыс істейтін адамның ақшасы болады. Ол күйеуінің агрессиясы басылғанша қонақүй жалдаса да, тығырықтан өздері шыға алады. Сосын үйіне қайтып келесі агрессия толқынын күтеді. Ал ақшасы жоқ адамның басқалардан көмек сұрағаннан басқа амалы аз. Барар жері жоқтар орталыққа келеді. Ғылым кандидатының келген кезі де болды. Жалдамалы пәтер тапқанша 2-3 күн күнелтті де кетіп қалды. 

-    Әйелдердің күйеуінен таяқ жеп, отбасындағы жанжалға ұзақ уақыт бойы көніп жүре беруіне не себеп?

-    Әйел заты шыдамды келеді. Ол шынайы махаббатқа, күйеуінің өз ісіне өкінгеніне сеніп, кешіреді. АҚШ-та әйелдер 1920 жылдары ғана сайлауда дауыс беру құқығына ие болды. Жапония қыз-келіншектері әлі күнге дейін мүлікке мұрагер бола алмайды. Бұл әділдік емес. Сол американдықтардың зерттеуінен мысал келтірсем. Отбасылық зорлық-зомбылық бойынша ажырасатын әйелдер күйеуімен біржола қоштасқанға дейін полицияға орта есеппен 13 рет шағымданады екен. 

-    Отбасында зәбір көретін, бірақ соған шыдап жүретін әйелдерге не айтар едіңіз?

-    Жағдайды жасырмау керек. Құқық қорғау органдарынан көмек сұраған абзал. Бізге хабарлассын. Әйелдер өздері ғана емес, балалары жапа шегеді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы қажет емес. 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң бар. Онда барлық нормалар жазылған. Соған өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттің қаражатын жаңа заң жазуға шашудың қажеті жоқ. 

-    Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО